Ана – шуақ, ана – күн!
01.04.2024
906
5

Қыстың беті қайтып, күннің райы жақсы адамдардың пейіліндей жайнап тұр.

Міне, көктем келді. Көгілдір көктем. Шуағы жып-жылы. Өзінің келуі де адамға ерекше әсер сыйлайды. Жер- Ана  қардың құрсауынан босанып, тоғыз ай көтерген бәйшешекті босанады.  Талдардағы бүршіктерді,  көгерген көк шалғынды толғатып шетінен босата береді, босана береді.

Құстар да әндерін осы көктемге арнайы сақтап жүргендей, тамылжытып сисфониясын әуендетеді, әуелетеді. Жүрекке жылылық құйылады.

Айнала жаңарып түлеп, жаңаша леп еседі.

Мейлі бұл, қыстың соңғы күні болсын, мейлі бұл көктемнің алғашқы күні болсын, тек ӨМІРІМІЗДІҢ  соңғы күні болмасыншы. Көктемге жайнап, жадырап көрейік. Қандай да бір реніш, өкпеміз болсын осы мұздай суық қарды, сүмбіле мұзды ерітіп жіберетін соңғы қыстың күніне табыстап, ерітіп жіберейікші.  Бұл көктем – ерекше көктем!

Алғыс айтуымен,  әйелдер мерекесімен, Ұлыстың ұлы күнін өзімен ерте келетін көңілді КӨКТЕМ!

Осындай ақ пейіл, жарма тілекпен біздің №32 кітапхана бөлімшесінде «Ана –шуақ, ана–күн!» атты әдемі кездесу кеші өтті.  Кештің мақсаты — мерекелік көңіл-күй сыйлау. Адамгершілік пен сыйластықтың, мейірім мен ізгіліктің үлгісін көрсету. Кеш біз ойлаған деңгейден де жоғары болды. Әуелеген әдемі ән қанатында қалықтап, би де биленді. Тіпті, сол күнгі, тура сол уақыттағы жер сілкінісі де ешкімді үйрендіре қойған жоқ, жапырлап елдер сияқты далаға да тұра жүгірмедік. Қызық! «Жұмақ ананың табанының астында» деген қасиетті ұғым бар емес пе?! Біз бәріміз ақ жаулықты, ақ кимешекті аналардың қасында сол сәтте пейіштің өзін сезінгендей едік. Әрине, бұл – Ана деген құдіретті жаратылыстың күші, шуағы, күні емей немене?!

Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,

Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.

Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,

Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы!

Кешімізді Т. Айбергеновтың өлеңдерімен ашып, М. Мақатаевтың өлеңімен аяқтадық. Ана туралы қалам тербемеген жан бар ма?! Бәрі де оқылды, ана туралы жүрек тебрентерлік әндер де шырқалды, ананың қоғамдық ортадағы ролі де  кең таратылды. Аналарлың әлеуметтік мәселелері де назардан тыс қалмады. Қонақтар балалық шаққа саяхат жасап, аналарына өз қолдарымен қандай сыйлықтар жасап бергендерін де көңілді еске алды. 

Сонау Қарасай ауданы, Әйтей ауылынан «Қазақ аналары дәстүрге жол» қауымдастығының мүшесі, бес баланың анасы – Сидағалиева Үмітханым, Қарасай аудандық филиалы «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, күміс алқа иегері, «Әжелер» ансамблі нің белді мүшесі – Құланшиева Бақыткүл, белгілі жазушы, драматург Зейін Шашкиннің келіні – Шашкина Сәуле Қасенқызы, бір туар ақын Т.Айбергеновтың қызы – Хұсни Айбергенова, қаламгер, «Алтын қалам» республикалық байқауының жүлдегері ( «ең үздік проза» 2019ж) – Изтаева Гүлнар Кемелбайқызы, әнші, Қазақ қоғамының және мәдениет қайраткері – Нұржамал Әшімхан, Мәдени құндылықтарды насихаттаушы, салт-дәстүрлі дәріптеуші, Құрмет иесі төсбелгісінің иегері, қоғам белсендісі – Айшолпан Ахмет,  ‘Дәстүрге жол»РҚБ  Алматы облысы Іле ауданы филиалы төрайымы, қоғам белсендісі Кәмила Сапархайыр  кешіміздің қадірлі қонақтары болып қатысып, өз белсенділіктерін көрсетті. Келген қонақтар бізге көтеріңкі көңіл-күй, жомарттық, ізет, ізгілік сыйласа, бізде қарап қалмай кітапхана ұжымы атынан  Айша Баймаханбетова жерді жаңа жарып шыққан әр алуан түстегі жауқазындарды сыйлады.

Сол кештен кейін әлі де кітапхана іші аналардың нұрымен нұрланып тұрғандай, себебі олардан тараған шуақ, нұр, сәуле кітапханамыздың әр бұрышында жарқырап қалған еді.

Аналарымыз мәңгі жасай берсін!

 Кешті жүргізген: ӘХЖО- ның мүшесі,қаламгер Айжамал Жолдасқызы.

Осылай бетімізді  күнге тосып, жүрегімізді кеңге ашып,  ерекше көктемді аналардың мейірімімен қарсы алдық!

Айжамал ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
№32 кітапхана қызметкері

ПІКІРЛЕР5
Аноним 01.04.2024 | 09:59

Айжамал айналайын я керемет кездесү болды Сол күнгі мейірім шапағат жүздесүлер бәрі әлі көз алдымызда.Алла қолдасын .Үлкен
Шығармашылық табыс тілеймін!

Аноним 01.04.2024 | 10:20

Айжамал ханым , кітапханада жақсы жандармен кездесіп , керемет ойлар мен бөлісіп , пікір алыстық , бізді шақырып. мерекелік көңіл сыйлағаныңа. ризамын . Өзіңе творчествалық табыстар тілеймін , досыңды көрсет — кім екеніңді айтам дегендей мен өздеріңмен. » Марқаямын » . Жұмыстарың. табысты болсын , айналайын !!!

Аноним 01.04.2024 | 11:24

Айжамал сіңілім бізді қонақ етіп шақырып осындай тағылымы мол келелі Іс жасағаныңа Алла Тағалам разы болғай жаным.
Жүрегіңнен шыққан жпқұт жауһарлар алтын қаламыңмен айшықталып «Өлең» деген қазынаға құйыла бергей.

Аноним 02.04.2024 | 03:55

Күшті жишеу ниетіміз пеиілініз қабыл болсын қаламыныз ұштала берсін биіктерден көріне берініз еңбегініздін жемісін көрініз жүз жасаныз бақытты болыныздар

Аноним 04.04.2024 | 11:42

Әрбір бастамаң өте жауапкершілікпен жасайтын қасиетіңе тәнтімін,жаңалық күтеміз👏

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір