ЖАЗАЛАУШЫ ЖҮЙЕНІҢ ОҢҒАНЫ ЖОҚ
Қорғансыз халықты кім қорғайды?
Қаңтар басындағы бұлғақ күндердің елесі жұрт ішін әлі кезіп жүр. Ел алаң. Алматыны әлдебір үрей тұмшалап тұрғандай сезіледі. Ұйқы – тыныш, күлкі – мұңсыз күндер қайта оралар деген сенім болса да, оқиғадан кейінгі кейбір істерге көңіл күпті.
Шеру, митинг әр елде, әлемнің әр түкпірінде болып жатады. Бұл – дағдылы құбылыс. Заңы әділ, халқының құқы мен хақы қорғалған елдер митингіге түрткі болған әлеуметтік-саяси мәселелердің түпкі себебін тез түсініп, оң шешім табуға тырысады. Әскері халқынан, халқы әскері мен полициясынан қорықпайды. Әскері халықтың мәдениетіне, орынсыз бұлау-талау жасамайтынына, ал халқы өз әскері мен полициясының ұсталғандарды жосықсыз қинамайтынына, ұрып-соқпайтынына, бейбіт шерушілерге оқ атпайтынына сенеді. Таяу жылдары Америкада, Францияда, Испанияда, т.б. елдерде қаншама шеру өтті. Нақты қылмыскерлер ұсталып, тиісті жазаларын алды. Бірнеше машина өртеліп, аздаған әлеуметтік нысандар бүлінгенімен, бәрі бұрынғы қалпына тез келді. Себебі, халықтың митингке шығу мәдениеті мен занның әділдігіне сенімі қалыптасқан. Бәрі сенімсіздіктен туады. 30 жыл бойы сөз бостандығы мен ой бостандығын шектеп, тойымсыз команданың кесірінен байлығы талауға түскен, халқын құл көріп келген авторитарлық жүйенің қысымы халықтың билікке, әскерге, полицияға сенімін күл-талқан еткенін осы жолғы бүлік анық дәлелдеді.
Қысым – кері әсер етуші күш. Қарсылық тек қарсылық тудырады. Ішке жиналған мың күндік ашу-ыза бір күнде бұрқ етеді. Бұрын шетелдердегі түрлі-түсті оқиғаларды телеарналар мен сайттардан хабардар болатынбыз, ондай оқиғаның үйіміздің іргесінде, еліміздің әр түкпірінде болғанын күні кеше көзімізбен көрдік. Өртелген, қираған ғимараттар мен көліктер, тоналған сауда орындары, шағылған терезе, күл-қоқыс басқан көше… қалпына келер, бірақ өз Отанының оғы тиіп, ажал құшқан бейбіт тұрғындардың обалы кімнің мойнында?! Алда тағы 30 жыл өтсе де, алдымыздан әлі талай шығатын ең негізгі сұрақ осы болмақ.
Бір режимнің кейіпкерлерінің портреті ауысқанымен, негізгі мазмұны өзгермесе, авторитарлық жүйенің басты жүлгелерін сол күйі сақтаса, онда олардың бұрынғы режимнен қандай артықшылығы болғаны?.. Жемқорлармен күрес ұраны арқылы тағы бір жемқорларды байытқаннан, талан-таражға түскен байлық, тоналған миллиард қаржы келесі бір топтасқан клептократтардың қолына ауысқаннан мемлекет оңала ма? Жоқ! Сондықтан, Жаңа Қазақстанды құруға үміттілер терең толғанғандары жөн. Әйтпесе, осынша жыл зая кеткен уақыт қайталануы мүмкін. Бір басқан жолды екі басатын халық болудан сақтасын. Осыған дейін авторитарлық режимнің қолынан опат болған, қуғынға ұшыраған, маңдай терімен тапқан бар мүкәмалынан «күштілердің тепкісімен» бір күнде айырылған, ең бастысы ертеңге сенімін жоғалтқан мыңдаған тұрғындардың көз жасы жібермейді… Оны жоғарғы билік бізден гөрі жақсы сезінулері керек.
Қазір 6-7 қаңтар күндері Алматыда оққа ұшқан бейбіт шерушілердің, бүлікке еш қатысы жоқ тұрғындардың есім-сойлары анықталып жатыр. Интернетті ашып қалсаң – боздаған аналарды, зарлаған балаларды көресіз. Төбе құйқаңыз шымырлайды. «Адамды өлтіруге болады, бірақ рухын жеңе алмайсың» деген сөз еске түскенімен, бәрібір ажал құшқандардың алдында ол сөз де ақталуға жеткіліксіз… Сол кінәсіз тұрғындардың рухтарын жеңдік деп ойлайтындар да, рухы жеңілген жоқ деп санайтындар да қателеседі… Ең басты құндылық – Адам, Адам, тағы да Адам. Заманның алдында бәріміз «виноватпыз», десе де, бейбіт тұрғындар, қарапайым қарашы, әділдік сұраған жұртшылық содыр-сотанақ, террористердің есебінде кетпесе екен дейміз…
Дәл осы шақта террорситерді, бұлап-тонағандар мен қиратқандарды, қару асынып, оқ атқандарды іздестіру, ұстау шарасы жүріп жатыр. Осы науқан кезінде қолға түскендердің ішінде бейбіт шеруге шыққандар, тіпті митингке қатыспағандар да көп. Кейбір мәліметтерге, куәгерлердің сөзіне сүйенсек, оларды тергеген полицейлер орынсыз жендеттікпен қинап, ұрып-соғып, істемегендерін «істедім» деп, мойындатуға барын салып жатқаны байқалады. Кейбір оқ тиген жаралыларды ес жимастан аурухана төсегінен тергеушілер алып кеткен. Бұл – оспадарлық, жүгенсіздік. Полицейлердің күні кешегі оқиғадан сабақ алмағаны. Өздерінің ел алдындағы сенімін тіктеудің орнына, жазалаушы отряд екендерін дәлелдеуі. Нақты дәлелсіз күш көрсету, қысым жасау – ежелгі дағдыларын қайта қолдану. Ескі режимнің «тәлім-тәрбиесін» Жаңа Қазақстанда қолданса, оның несі Жаңа Қазақстан?! Сонда олардың арандатушылар мен террористерден айырмашылығы қайсы?.. Сонда олардың бүлікшілер мен қылмыскерлерден парқы не? Сонда біздің мемлекет елді үреймен билеуді жөн санайтын диктаторлық жолды жөн көре ме?.. Бұл – адамға адам деп қарамау. Оның бостандығы мен еркіндігін, заңды құқығын аяққа таптау. Бұл – мемлекетті құрдымға апарар жол. Жазалаушы (полицейский) жүйенің оңғаны жоқ.
Осы жолы оншақты жас қаламгер полицейлерден қысым көргенін, олардан кінәсіз таяқ жегендерін мәлімдеді. Ұсталған, тергелген журналистер де көп. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистранты Өркен Ерзат есміді жас ақын 5 қаңтар күні шерушілер жиналған маңда жараланған. 13 қаңтарда емделіп жатқан жерінен полицейлер алып кеткен. Содан бері әпкесі інісінің қайда екенін біле алмай жүр. Оның қандай күйде екені беймәлім. Мұндай мысалдар жетерлік.
Біз қаланы өртеген, полицейлерге оқ атқан, талан-таржыға салып, тонғанадарды айыптаймыз! Олардың тиісті жазасын алуын талап етеміз! Сондай-ақ, біз бейкүнә адамдарды атқан (Талдықорған, Алматы қалаларында оншақты бейбіт тұрғын әскерлер атқан оқтан қаза болған) әскерилерді, күштік құрылымның өкілдерін де айыптаймыз! Оларды да сотқа тарту керек! Әділдік әділетсіз жүйемен, әділетсіз жазалаумен орнамайды. Көзден аққан нақақ жастың обалы жібермейді.
Біз тергеудің әділ, шынайы, ашық жүргенін қалаймыз! Тек шынайы әділдік, халқын жазалаушы емес, қорғаушы жүйе, сөз бостандығы мен ой еркіндігі салтанат құрған, әлеуметтік теңдік қалыптасқан мемлекет қана өрге басары даусыз. Бізге авторритарлық жүйе емес, демократиялық мемлекет керек. Біздің елді бұл тығырықтан шығарар басқа жол жоқ.
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ