Жарқыраған мың күн
17.01.2022
4619
1

Ауғантекті америкалық жазушы Халед Хоссейни Ауғанстандағы террористік жағдайды шынайы әрі көркем мәтінге айналдыру арқылы әлемге танылған, оқырманы ең көп жазушылардың бірі. Оның «Батпырауық қуған жан», «Жарқыраған мың күн» атты бірнеше романы жаһан оқырмандарының сұранысына ие. Біз бүгін ақын Төлеген Меллат аударған «Жарқыраған мың күн» романынан үзінді ұсынып отырмыз. Елімізде болған жағдай әдебиет сүйер қауымды есеңгіреткені шындық. Қантөгістердің соңы елдің тыныштығын, берекетін алады. Қарапайым тұрғындар жапа шегеді. Тәуелсіздікке қатер төндіреді. Осы үзіндіден бұлғақ күндегі қарапайым жұртшылықтың ішкі жан күйзелісін анық байқауға болады. Еліміз хаосқа айналмауы үшін ішкі бірліктің ауадай қажет екенін қаперден шығармайық.

1996 жыл, қыркүйек.
Екі жарым жылдан кейін жиырма жетінші қыркүйекте таң азаңмен от шашулар атылып, жан-жақтан салтанатты музыка әуені жаңғыра бастады. Көшедегі жұрттың қуана шұрқырасқан дауыстарынан оянған Мәриям қонақ бөлмеге жүгіріп кірді. Ләйлә терезенің алдында тұрған. Әзиза оның иығына мініп алған. Ләйлә артына бұрылып, Мәриямға қарап күлімсіреді.
– Талибандар қалаға кіріпті, – деді ол.
Екі жыл бұрын 1994 жылы қазанда Мәриям Талибандар қозғалысы жайында естіген. Ол кезде Рашид Талибандардың Кандахардағы мужахидтерді жеңіп, қаланы басып алған хабарын алып келген еді. Рашидтың айтуынша, Талибандар, партизандар, отбасындағылары Кеңес армиясына қарсы соғыс кезінде Пакистанға қашып кеткен жас пуштұндардан топтасқандар екен. Көбісі Ауғанстан мен Пакистан шекарасы маңындағы босқындар лагерінде есейген, яки сол жерде туған, Пакистандағы медреселерде молдалардан шариғат ілімін оқып-үйренген. Олардың жетекшісі Омар молда шыққан тегі белгісіз, сауатсыз һәм іштар адам көрінеді. Өзін «мүміндердің әмірі» деп атайды екен.
– Олардың еш тамыры, тарихы жоқ екені рас, – деп сабақтаған Рашид сөзін. Оның Ләйләға не Мәриямға қарап сөйлеп отырғанын аңғару қиын еді. Ләйлә мен Мәриямның қашу жоспары сәтсіз болғалы бері, Рашид үшін олар қара ниет, опасыз мақұлыққа, оның жиіркенішінен өзге ештеңеге арзымайтын сыпырындыларға айналған. Кей кездері Рашид өз-өзіне яки көрінбейтін біреуге тіл қатып отырғандай көрінетін.
– Олардың тарихы жоқ шығар, – дейтін ол шылымын төбеге қарай үрлеп, – олар бұл дүние жайлы бұл елдің тарихы хақында мақұрым-дүр. Дұрыс, олармен салыстырғанда Мәриям құдды бір университеттің профессоры дерсің. Десе де, айналаңды бағып көр. Қайда қарасаң парақор, ашкөз мужахид командирлерінің азуларын бірлесіп, героин сатқан ақшаларымен қалталарын қампитып, бір-біріне жиһад жариялап, екі ортада қалғандардың барлығын қынадай қырып жатқанын көресің. Кем дегенде, бұл талибандар таза, шіріктеспеген ақиқи мұсылман жігіттер. Иншалла, олар келіп қалса, бұл жерді шырпы-шалаң қалдырмай тазалап шығады. Мұнда тыныштық пен тәртіп орнатады. Сүт алуға шыққан бейкүнә жан оққа ұшпайды. Әуеде қаңғыған оқ болмайды. Жақсырақ ойланып көр.
Екі жылдан бері талибандар Кабулды бетке ала ұрыс салып, топтар мен тайпалар арасындағы кереғарлыққа соққы беріп, қалалары басып алған. Хазаралардың командирі Абдул Али Мазариді ұстап алып, көзін жойған. Кабулдың іргесіне келгенде қаланың оңтүстігіне ойысып, Ахмад Шах Масудтың күштерімен атысты. 1996 жылы Жалалабад пен Сараби қалаларын иелеп алды.
–Олардың Мужахидтерде жоқ бір қасиеті. Оларда бірлік бар. Мұнда келсе өзім бірінші болып олардың жолына раушан гүлінің желектерін шашамын, – деді Рашид.
Міне сол күн жетіп келгенде, Рашид қалаға тұңғыш қадам басқан ендігі әлемнің жаңа қожайындарын қарсы алу үшін, Ләйлә мен Мәриямды бір автобустың маңынан екінші автобустың қасына бастап барды. Адамдар қабірлікке айналған қыстақ, көшелерден, топырақ-кірпіш үйінділерінің арасынан құмырсқадай өріп шығып, салтанатты топқа қосылып жатты. Ләйлә аузында сынық тісі де қалмаған бір әйелдің қызыл иегін көрсете ыржиып, қолындағы күріш түйірлерін өтіп бара жатқандарға қарай шашып жатқанын көрді. Қабырғалары қаусай құлаған ғимараттың түбінде екі адам тебірене құшақтасып тұрған. Төңіректі ысқырған, шулаған дауыстар, үйлердің шатырларында атылған салюттердің үні жаңғыртқан еді.
Көліктердің сигналымен жарыса магнитофонда мемлекет гимні шырқалып жатты.
– Мәриям, қарашы! – деді Әзиза. Ол Жадехмайвен жақтан қолдарынкөтеріп, жіпке байланған консерва құтыларын сүйрей алақайлап жүгірген бір топ баланы көрсетті. Олар Масуд пен Раббанидің қаладан шегініп шыққанын айтып шұрқырасқан еді. Маңайдағы жұрт «Аллаһуәкбар!» деп жарыса айғайласты. Мәриямның Жадехмайвендағы ғимараттың терезесінен салбырай қалған жұқа жамылғы көрпеге көзі түсті. Оған «Талибандар жасасын!» деген сөз жазылған-тұғын. Жол жағасындағы үйлердің терезелері мен есіктеріне шегеленген тақтайшаларға, көліктердің антенналарына байланған жалауларға да сол сөздер жазылған.

Жұрт қатарлы Мәриям да Пуштұнстан алаңында алғаш рет талибандарды өз көзімен көрді. Алаңға жиналғандар топырласа, кимелесе, мойындарын созысып, субұрқақтардың жиегіне жармасып, алаңның бір шетіндегі Хайбар ресторанының маңына қарасады. Рашид өзінің ірі денесімен төңірегіндегілерді итеріп, ығыстырып өтіп, Ләйлә мен Мәриямды мегафонмен айғайлап тұрған біреуге жақын алып келді.
Әзиза оны көріп, сескенгендей Мәриямның бұрқасына сүңгіп кетті. Басына қап-қара Ауған шапкасын киген, өңі жүдеу, сақалды жігітбір қолына қару ұстап, уақытша жасалған құрылыс тақтайшасының жанында мегафонмен сөйлеп тұрған. Екінші жағындағы бағдаршамның түбінде қанға боялған екі адамның мәйіті асулы тұр. Мәйіттердің киімдері жыртылып, бет-ауыздары көгеріп кеткен.
–Оны бір жерден көргенмін, – деді Мәриям, – сол жақтағысын.
Мәриямның алдында тұрған жас әйел артына бұрылып, оның Нажибулла, екіншісінің Нажибулланың інісі екенін айтты. Кеңес Одағы Ауғанстанды басып алған кезеңдерде, Мәриям Нажибулланың қою мұртты портретін көшедегі тақтайшалардан, дүкендердің терезелеріне жапсырылған суреттерден көргенін есіне алды.
Ол талибандардың Нажибулланы Даруламан ордасының маңына орналасқанБіріккен Ұлттар Ұйымының қызмет кеңсесінде паналаған жерінен алып шығып, сағаттап ұрып-соғып азаптаған соң, аяқтарын байлап, мүрдесін көлікпен сүйретіп, көшелерде келеке қылғанын да естіді.
–Ол сан мыңдаған мұсылмандарды өлтірді! – деп сөз бастады жас талиб. Әуелі пуштұн акцентіде парсыша, кейін қайта пуштұнша сөйледі. Қолындағы қаруымен мәйіттерді нұсқап сөзін сабақтады, – оның қылмысы күллі халыққа аян. Ол коммунист, сатқын. Міне бұл исламға қарсы шыққан сатқындардың көретін күні.
Рашид ыржалақтай күлді, Әзиза жылады.

Ертесі Кабулды «Тойота» маркалы жүк көліктері басып қалды. Кайырханнан – Шернауға, Картепарванадан – Уазир-Акбарханға дейінгі көшелерде қызыл түсті «Тойота» жүк көлігі тізіліп қалды. Көліктерде бастарына қап-қара Ауған шапкаларын киген сақалды еркектер қаруларын құшақтай ұстап отырған. Әр көліктегі мегафондардан, мешіт мұнараларындағы дыбыс зорайтқыштардан, тіпті радиолардан да әуелі парсыша, іле-шала пуштұнша сарнаған хабарландырулар естіліп тұрған. Хабарландыруларды қағазға да бастырып көшелерге шашып жібірген еді. Мәриям артқы ауладан сондай үгіт қағаздарының бірін тауып алды.
Отанымыз бүгіннен бастап «Ауғанстан Ислам Әмірлігі» деп аталады. Бұқара халық мынадай заң-тәртіпке қарсылықсыз бойсынулары керек:
Ел тұрғындары жаппай бес уақыт намаз оқуға міндетті. Кімде-кім намаз уақытында басқа іспен айналысып ұсталса, дүре соғылады.
Еркек атаулы сақал өсірулері шарт. Сақалдың ұзындығы иектен бір қарыс шамасында болуы ләзім. Орындамағандар дүреленеді.
Ұлдардың барлығы бастарына сәлде ораулары, біріншіден алтыншы сыныпқа дейінгілер қара, одан жоғарғылар ақ сәлде ораулары тиіс. Сонымен қарттар ұлдар ислами киінулері, көйлектерінің жағасы түймеленген болуы қажет.
Карта, шахмат, құмар ойнауға, ән салып, би билеуге, батпырауық ұшыруға тыйым салынады. Кітап жазу, фильмдер көру, сурет салуға да рұқсат етілмейді. Үйде тоты құс баққандарға дүре соғылады, тоты құс өлтіріледі. Ұрлық жасағандардың қолы, қайталанса аяғы кесіледі. Өзге діндегілердің мұсылмандарға көрнеу дұға-тілек етуіне болмайды. Бойсынбағандарға дүре соғылады, түрмеге жабылады. Мұсылмандарды жат дінге сенуге азғырғандарға өлім жазасы кесіледі.
Әйелдерге:
Сіздер ауладан аттап шықпауларыңыз керек. Әйелдердің көшеде сандалып жүруі шариғатқа жат. Сыртқа шығуға тура келсе, ер туысқандарыңыз серік болуы шарт. Көшеде жалғыз жүріп ұсталып қалғандар дүреленіп, үйіне қайтарылады. Әйелдер тегіс бұрқа киюге міндетті. Қайшылық жасағандар ауыр деңгейде дүреленеді.
Бояну, сәндік бұйымдар тағу, салтанатты киіну шектеледі. Жұрттан бұрын сөз бастауға, ерлермен көз түйістіруге рұқсат етілмейді.
Қоғамдық орында күлуге болмайды, күлгендер дүреленеді. Тырнақ бояғандардың саусағы кесіледі.
Қыздардың мектепке баруына жол қойылмайды. Қарсы келгендерге дүре соғылады. Қыздар үшін ашылған мектептердің барлығы жабылады. Әйелдердің қызмет атқаруына тыйым салынады. Зина жасағандар таспен ұрып өлтіріледі. Бүкіл халық заң-тәртіпке бойсынулары керек. Аллаһуәкбәр.
Рашид радионы өшірді. Нажибулланың мәйітін асып қоятын күннен бір апта кейін олар қонақ бөлмеде кешкі астарын ішіп отырған.
– Олар халықтың тең жартысын үйінде отыруға мәжбүрлей алмайды деді Ләйлә.
– Неге олай істей алмайды? – деді Рашид.
Мәриям алғаш рет Рашидтың сөзін қостады. Ол Ләйлә мен Мәриямды дәл осылай мәжбүрледі ғой. Мұны Ләйләға айтпаса да түсінікті емес пе?
– Бұл ауыл емес Кабул. Әйелдер мұнда бұрыннан адвокат, дәрігер болып келген. Тіпті, үкімет орындарында да маңызды қызмет атқарған.
Рашид таңдайын қақты.
– Сен өзіңнің университет бітірген, өлең оқитын адамның қызы екеніңді ұмытып қалған көрінесің. Сенің қалалық екенің де, тәжіктігің де менмұндалап тұрмай ма. Мұндай радикалды ұстанымдарды талибандарбүгін ойлап тапты дейсің бе? Мынау сүйікті Кабулыңның сыртына бір адым шығып көріп пе ең, гүлім? Ауғанстанның оңтүстігіне не шығысына, яки Пакистанның шекарасына жақын аймақтардағы ұлыстарға, тайпаларға барып көруді ойлаған ба едің? Міне мен бәрін көргем. Айтар болсам, бұл елдің көптеген өңірлерінде осы жолды ұстанады. Кем дегенде, осыған ұқсас тәртіппен өмір сүреді. Бұларды білу саған мүмкін болмаған.
– Олардың бұлай істейтініне сенбеймін.
– Талибандардың Нажибуллаға жасағандарын көре тұра, оларды әзілкештер деп ойламаймын, – деді Рашид. Олай емес пе сенше?
– Ол дегеніңіз коммунист, құпия полицияның басшысы.
Рашид қарқылдай күлді. Мәриям оның күлкісінен қайтарар жауабын білді. Талибандардың көзімен қарағанда Нажибулланың коммунист, құпия полицияның басшысы болған кінәсі, әйелдердің әйел болып туған кінәсімен пара-пар еді.

Ләйлә талибандардың Ауғанстанға билік жүргізе бастаған осы күндерін әкесінің көрмегеніне қуанды. Әкесі тірі болғанда бұл жағдайларға қатты күйзелер еді.
Еркектер Кабул музейін балталап қиратып, Мужахидтерден асып қалғанын тонап, ислам дініне дейінгі ежелгі мүсіндерді, ескерткіштерді топырақ үйіндіге айналдырды. Университеттер жабылып, студенттер үйлеріне қайтарылды. Қабырғадағы суреттер жұлынып, пышақпен айғыздала тілінді. Теледидарларды жерге ұрып, «Құран Кәрімнен» басқа кітаптарды түгел өртеп, кітап дүкендері мен кітапханаларға құлып салынды. Халили, Пажвак, Ансари, Хаджи Дехкан, Ашрахи, Бейтаб, Хафиз, Жами, Низами, Руми, Хайям, Бедильдердің өлеңдері күлге айналды.
Ләйлә ерлердің көшеде намаз оқудан қаштың деп айыпталып, мешіттерге сүйреп әкетілгенін, Тауық көшесі маңындағы Марко Поло мейрамханасының тергеу үйіне өзгергенін естіді. Кейде мейрамхананың қарамен сырланған терезесінен әлдекімдердің шырқырай жылаған құлын дауысы көз көрім жерден естілетін. Сақал қоймағандардың бетін тіліп, мұрнын қанатуға дайын тұратын сақалды сарбаздарға толған қызыл «Тойота» төңіректің төрт бұрышынан кездесетін.
Олар кинотеатрлерді де жапты. «Кино алаңы», «Ариана» және «Ариуб» кинотеатрлері жабылып, фильм таспалары өртелді. Ләйлә Тарыхпен сол кинотеатрлерде Үнді фильмдерін көрген еді. Сол фильмдердегі ғашықтардың тағдыр таланымен шалғайға кетіскен, сүймесіне сүйреп қосқан көріністері, күлу, жылау, гүл бақтарында ән салу, бір-біріне қосылу жолындағы көрген қорлық, тартқан азаптары бәрі-бәрі де Ләйләнің әлі есінде. Тарых оның кино көріп отырып жылағанын мазақ та қылған.
– Олар әкемнің кинотеатрын не істеді екен? – деді Мәриям бір күні, – кинотеатры өз орнында тұрса әкем әлі де оған иегершілік ететін болса дегенім ғой.
Кабулдың дәстүрлі музыкасыныңтөл бесігі болған ежелгі Харабат жым-жырттыққа шомды. Музыканттар қыспаққа алынып, түрмелерге тоғытылды. Рубаб, тамбур, гармондары табанға тапталып, жұлым-жұлым, парша-паршасы шықты. Талибандар Тарыхтың сүйіп тыңдайтын әншісі Ахмет Захирдің қабіріне оқ атып, топырағын таулақтай қаққан.
– Ол кісінің қайтыс болғанына жиырма жылдан асты. Оның бір рет өлгені аз болған ба?
Рашид талибандарды онша ұната қоймады. Сақалын өсіріп мешітке барса болды әурешіліктен құтылады. Ол дәл солай істеді. Талибандар оған кешіре салуға болатын, жақсы көруге де татитын, өзін қуантарын не жұбатарын біліп болмайтын оспадар, өжет жиендері сияқты еді.
Сәрсенбі күндері Рашид радиодан «Шариғат үні» тыңдап, талибандардың жазасына ұшырайтындардың тізімінен хабардар болатын. Жұма күні Гази алаңына барып, пепси-кола іше отырып, әр түрлі жазаларға, өлім жазасына тартылғандарды тамашалайтын. Кеште төсегіне шалқалай жатып, алаңда кімдердің қалай дүреленгенін, дарға асылғанын, басының қалай шабылғанын ауыз толтыра әңгімелейтін.
– Бүгін біреудің ағасын өлтірген қанпезерді өз қолымен бауыздап тастағанын көрдім, – деді ол шылымын бұрқыратып.
– Жабайылар, – деді Ләйлә.
– Солай ойлайсың ба? – деді Рашид, оларды кімдермен салыстырып айтып отырсың? Кеңестіктер адамды миллиондап қырды ғой? Мужахидтердің төрт жылда қанша адамның басын көрге тыққанын білесің бе? Елу мың! Білесің бе? Елу мың! Оның қасында бірнеше ұрының саусағын кесу деген бит сыққанмен тең. Айтшы қане, егер біреу Әзизаны өлтірсе, сен одан кек алуды ойламайсың ба?
Рашид Ләйләнің өзіне жиіркене қарағанын байқап іркіле қалды.
– Айтайын дегенім, сен де сондайсың.
– Оның қарашығы ғажап, Әзизаны айтам. Сіздікіне де, менікіне де ұқсамайды.
Рашид бір жамбасына аунап түсіп, Ләйләға қарады да, бақайларымен оның жотасын тырналады.
– Саған айтып қояйын, – деді ол. Қаласам күндердің бірінде Әзизаны біреуге бере салам. Сонда қайтер екенсің, қане. Болмаса бір күні талибандарға барып, саған күмәнім барын айтсам, шаруаңның біткені. Сеніңше, олар кімнің сөзіне сенер? Сені қалай бір жақтылы етер?
Ләйлә арқасын тартып алды.
– Мен ғой өйтпеймін, – деді ол сөзін сабақтап. Жоқ… ондайға бара қоймаспын. Мені білесің.
– Жиіркенішті адам екенсіз, – деді Ләйлә.
– Сөздерің түйеден түскендей сенің, соныңды жақтырмаймын, – деді Рашид. Бала күніңде, әлгі жарымжанмен көшеде ойнап жүргеніңде де, кітап оқи аламын, өлең жаза аламын деп өзіңді тым астам санап кетуші ең. Сол ақыл-парасатың қазір саған не істеп бере алды? Көшеде қаңғырып қалсаң кім ес қатады? Білімің бе, мен бе? Айналып келіп алдыңда жиіркенішті адам болдым ба? Бұл қаладағы әйел біткеннің кем дегенде жартысы мендей еркекке қол жеткізу үшін бір-бірін жазым етеді. Білесің бе? Бір-бірін өлтіреді.
Ол қайта шалқалап, шылымын құшырлана сорды.
– Үлкен сөйлегенді ұнатасың ғой? Саған үлкен сөзден біреуін үйретіп қояйын. Келешек. Міне, бұлай дейтінім дәл сенің келешегіңнің, үмітіңнің құрдымға кетуінің алдын алу.
Сол түні Ләйләнің көңілі құлазыды. Рашидтың әр сөзіқұлақ түбінде жаңғырып әбден мазасы кетті.
Ертесі тәңертең, содан кейінгі бірнеше күндерде Ләйләнің құлазыған көңілі тыныштық таппай, асқына берді. Алақызып әр нені бір ойлады.
Ұзақ өтпей, бұлтты һәм салқын бір күні түстен кейін, Ләйлә бөлмесінің еденінде қырындай жамбастап жатқан. Әзиза Мәриямның бөлмесінде онымен қатарласа ұйқыға кеткен.
Ләйлә қолына бірнеше қарыс металл сымды ұстап ойға шомған. Мұны ол жылдар бұрын Тарыхпен сүйіскен тұйық көшеде ескі велосипеттің доңғалағынан тістеуікпен суырып алған. Ол аяқтарын жазып, терең тыныс алды. Әзизаның құрсағына біткенін алғаш сезгенінде іштей ерен сүйінген еді. Ешқашан қазіргідей екілену мен қаймығу сезімі болмаған. Міне енді, ол ана үшін өз перезентіне мейірім, махаббат сыйлай алмауынан күмәнданудың қаншалық қасірет екенін, ана атына лайық сезім еместігін түсінді. Еденде жатып, тер басқан алақанымен металл сымды баяу ысқылап қиял сүруде. Өзінен Рашидтың болашақ перезентін, Тарыхтың баласына еміренгеніндей мейірлене алатын-алмайтынын сұрауда.
Ақыры Ләйлә ниетінен баз кешті.
Қолындағы сымды жерге тастауына мәжбүр еткен, оның қаңсырап өліп кету, яки ойға алған ісінің ауыр күнә екенін танып жетуінен емес. Мужахидтердің «соғыс болған соң бейкүнә адамдар да өлуі керек» дейтінін ол ежелден құптамайтын. Оның соғысы Рашидке қарсы соғыс. Балада не кінә болсын. Бұл соғыстың бодауына жанын бергендер жетерлік. Осы күнге дейін қаныпезерлердің бір-біріне атқан оқтарынан қапыда жер құшқандарды ол көрудей-ақ көрді ғой?

ПІКІРЛЕР1
Аноним 08.04.2024 | 15:32

Аудио нұсқасы жоқ па, қажет болып тұр

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір