Бірлікте болуға шақырамыз!
17.01.2022
327
0

Қазақстан Жазушылар одағы «қасыретті қаңтардың» алғашқы күндерінде-ақ халыққа үндеу жасап, Тәуелсіздігімізді сақтап, мемлекеттік тұтастығымызды қорғап қалу үшін елді береке – бірлікке шақырған болатын. Үндеуге әдебиет, өнер, ғылым саласының қайраткерлері қол қойған.

Қадірлі бауырлар!
Біз – әдебиет және өнер қайраткерлері, елдегі ауыр жағдайға үлкен алаңдаушылық білдіріп, келесіні мәлімдейміз.
Елімізде қалыптасып отырған қоғамдық-саяси жағдай өте күрделі.
Іштен шыққан жау мен сырттан соққан жаудың құйтырқы әрекеттерінің салдарынан, ел іші бүлініп, қалаларымыз қирап, стратегиялық нысандарымыз отқа оранып, бейбіт тұрғындарымыз зардап шегіп жатыр.
Ірі сауда орталықтары тоналып, банкттер мен қоғамдық орындар талқандалып, жарамсыз боп қалды.
Сұлу Алматымыз әлі күнге дейін қара түтінге тұншығып тұр. Қала тұрғындарының көзінде – үрей, жүрегінде – алаң.
Сырттан мұздай қаруланған экстремисттік топтар бейбіт шеруге шыққан жұртты арамза пиғылмен арандатып, ел ішін ала тайдай бүлдіріп, тыныш өмірімізге ойран салып, бассыздықпен, қаныпезерлікпен жазықсыз жандардың қанын төкті.
Мұндай сұмдық оқиғаларды Қазақ елі бұрын-соңды көрген емес.
Өздерінің пасық мүдделері үшін халық пен қалаларды құрбандыққа шалған зымиян пиғылды адамдардың мұндай жауыздық, қаскүнемдік әрекеттерін зиялы, көзі ашық азаматтар көріп отыр және қатаң айыптауда.
Сондықтан, осындай алағай да бұлағай шақта, еліміз үшін тарихи сын сағатта біз заңды түрде сайланған, барлық құзыретті қолына алған Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қасына топтасып, бірлесе қимылдап, елдегі жағдайды тұрақтандыруға тиіспіз.
Біз күллі Алаш жұртын бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлікте болуға шақырамыз!
Қолымыздағы ең қасиетті, ең киелі деп саналатын ардақты Тәуелсіздігімізді сақтап қалайық! Ел аман болсын!

6 қаңтар 2022 жыл

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір