«МӘН» БӘРІНЕН ҚЫМБАТ
28.12.2021
1588
0

Біздің бүгінгі кейіпкер – танымал жас әнші, актер Әлихан Байсұлтан. Төрт жасынан бастап сахнадан түспеген оның әндері тыңдарман жүрегін жаулап үлгерді. Экрандағы, сахнадағы образдары халықтың көңілінен шығып, ыстық ықыластарына бөленіп жүр. Біз оны әртүрлі тақырыпта сөйлетуге тырыстық. «Өнер дәрежесінде орындалған шығармалардың барлығы – менің ұстазым», – дейді ол.

 Әлихан, бала жастан-ақ танымал болдың. Республикалық «Әнші балапан», «Айгөлек» сынды ауқымды жобаларда халықтың көзайымына айналып үлгердің. Кішкентай баланың танымал болуы оның болашағына, психологиясына қалай әсер етеді?

– Шүкір, ешқандай кері әсері болмады. Әйткенмен мектеп бағдарламаларындағы сабақтарға үлгермей қалып жүргенім бар. Десе де, таңдаған бағытым өнер жолы болғандықтан өкінбеймін, өз сферама қатысты көп пайдасын тигізді. Психологиялық жағынан келсек, қиындықтар болды. Әсіресе балалардың, достардың тарапынан көре алмаушылықты, аздаған шеттетуді көргенде көңі-күйің түседі. «Неге?» деген сұрақтың қоясың өзіңе.

– Одан кейін сені актер ретінде таныдық. «Базарбаевтар отбасы», «Әке» сериялдарынан, «Өнер қырандары» әзіл-оспақ театрынан да байқадық. Бірақ кейінгі жылдары шығармашылығыңда ұзақ үзіліс болған секілді?

– Бала кезде өнерге шексіз ғашық едім. Әлі де солай. Егер жылт етіп көрінсем, жылтыраққұмарлығымнан емес, бала арманымды орындауға тырысып жүргенімнен. Ал екі жылғы үзілістің мәні мынада. Адам өмірге келген соң оның атқаратын миссиясы болады. Ол әркімде әр түрлі. Эксизтенциялистік вакум аранын ашып, алдыма «мұның мәні не?» деген сұрақты тастады. Солай, 150 мың оқырманы бар инстаграмм-парақшамды өшірдім де, бар күшімді ізденіске арнадым. Бұл әрине өнерге деген махаббатты білдіреді. Бала кезден осы нәрсеге қызықтым. Өзімнің миссиямды айқындауға тырыстым. Танымалдылық жақсы ғой, бірақ «мән» бәрінен қымбат. Оны тапқан болуым да, керісінше болуы да мүмкін. Әйтеуір қазіргі таңда шығармашылықпен айналысып жүрмін.

– Иә, қазір әлем желідегі парақшаңда оқырман бұрынғыдан гөрі аз. Алайда көп оқитынын байқалады. Жалпы қай авторларды жақсы көріп оқисың? Олар саған несімен ұнайды?

– Әр кітапты оқыған сайын дүниені, жалпы өмірді басқа қырынан тани түсемін. Жаңаша пікір қалыптасады, көзқарасым өзгереді. Маған әсіресе жапон әдебиеті ұнайды. Агутагава, Кобо Абэ, Кававата, Мисима, Кендзабуро Ое, т.б. Олар өте көп, мен – жалғызбын. Әр кейіпкерлерінен өзімді көремін. Тіпті, жапондарды емес, өзімді оқып отырғандай рахат аламын. Оқыған сайын кеудемнің қаншалықты қуыс екенін түсінемін және бұған дейінгі қуысты жамап жатқаныма да пендеуи разылығың оянады дейсің (күлді). Қуанатыным, кітаптар маған білімді, сауатты достар тауып берді. Олармен оқыған шығармаларың туралы әңгімелесудің өзі жаныңа жай таптырады.

– Соңғы уақыттары авторлық әндеріңді тыңдап жүрмін. «Аспан», «Ана» секілді туындыларың стилдік тұрғыдан ерекше. Шабыт қайдан келеді немесе не нәрседен шабыт аласың? Қандай стильді ұстанасың?

–  Маған көптеген стильдер ұнайды. Соның ішінде «кантри»-ді бөлек атар едім. Бірақ адамның талғамы әр уақытта өзгеріп тұрады екен. Және мұны дамудың белгісі деп білемін. Өйткені, сұрақтарың жаңарып отырмаса немесе тумаса, демек бір орында тұралап қалғаның, талғамыңның өспегені. Сондықтан санасаң саусақ жетпейтін стильдер мен музыкалық бағыттарды айтып уақыттарыңызды алғым келмейді. Өнер дәрежесінде орындалған шығармалардың барлығы менің ұстазым, мен соларға еліктеймін.

Меніңше, «шабыт» деген жоқ сияқты. Егер көңілдің кейбір кездерін солай атауға келсе, «шабытты» табиғаттан аламын. Айналаны бақылап отырғаныңда, оған тамсанғаныңда керемет сезім кеудені кеулейді ғой. Содан соң оқыған әдеби туындыларым да, көрген фильмдерім де қиялымды қиянға жетелейді. Мысалы, «Аспан» – табиғатқа ынтызарлықтан және адамзат тарапынан оған жасалып жатқан тікелей қастандыққа қарсылықтан туған  ән. Қадыр Мырза Әлидің сөзіне жазылған «Ана» әні бұлар белгілі бір күйден туған. «Ана»-ның тағдыры тіпті басқаша. Бірде Еркеш (Хасен (жас әнші) – ред.) досымның үйінде болған кезімде ол бүлдіршіндерді ойнатып жүрген. Гитара тартып отырған басым қарап қалыппын. Әуені сонда туды. Кейін сүйікті ақыным Қадыр Мырза Әлінің «Ана» өлеңін оқыдым, үйлесе кетті. Ол тұрыпты, бейсаналы түрде осы өлеңге арнап жазғандай күй кештім. Міне.

– Келесі сұрақтарды саған өзің оқыған авторлар қойғаны дұрыс шығар. Жан Поль Сартрдың сұрағы: «Адам бостандығы дегеніміз не?».

– Қызық сұрақ. Бұған жауап беру оңай әрі қиын. Адам қайтсе бостан болады? Меніңше, өзінің сүйікті ісімен айналысқанда ғана. Кез келген адам өзіне не ұнайды, соны істей алса, әуелі өзіне өзі рұқсат берсе, содан соң қоғамның тыйымына, әлдебір моральдың шектеуіне ұшырамаса, оны азат адам деп атауға болатын шығар. Еркі ұрланбаса, таңдауы жоғалмаса – осылай жалғаса береді. Дей тұрғанмен, бұл – ойыңа не келсе соны жасау деген сөз емес.

– Альбер Камюдың сұрағы: «Өнер шындықсыз не істей алады немесе өнер шындықты қалай өзіне бағынышты ете алады?».

– Өнердің мақсаты – адамды азат ету. Шындықсыз адам анық азат бола ма? Екінші сұрақтың жауабын өзімде іздеп жүрмін, тапқан кезімде сізге тағы да бір сұхбат беруге уәде беремін (жымиды).

– Шәкәрімнің сұрағы:

«Құрсақтағы балаға осы өмірді

Ұқтыр десе, айтар ең қандай кеңес?».

– «Өмір деген – махаббат» деп айтар едім. – Құдайдың ең үлкен сыйы – өмір. Ал сен оны жақсы  сүруге лайықсың.

– Уақыт бөлгеніңе рахмет!

Әңгімелескен Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір