Айым Алтайқызы. Заманауи ертегілер
28.12.2021
4352
0

Айым Алтайқызы

Биыл Қазақстанда «Балалар әдебиеті» жылы деп жарияланды. Соған орай бірнеше Республикалық байқаулар өткізіліп, кітаптар жарық көрді. Әрине, қазақ балалар әдебиетіне үлкен буын, аға буын зор үлес қосты. Дегенмен бұл тақырыпта қалам тербеп жүрген жастар да жоқ емес. Соның бірі – Айым Алтайқызы. Ертегі жанрына құлаш ұрған оның шығармалары балаларға арналғанымен, үлкендерге де ой салары анық.

 

ҚОС ҚУЫРШАҚ

Ертеде бір шебер екі бірдей әдемі қуыршақ жасап шығарады. Сүйіспеншілікпен жасалған қуыршақтардың екеуі бірінен-бірі өткен сұлу  еді. Шебер өз туындысына қызығушылар табылар деген ниетпен қуыршақтарды шағын дүкеніне апарып қояды.  Қараңғы шеберханадан шығып, жарық терезенің алдындағы сөреге орналасқан екі қуыршаққа сол сәтте жан біткен екен.  

Ақ көйлекті қуыршақ айналасындағы қайнаған тіршілікке қарап мәз болады. Ал күлгін көйлекті қуыршақ әйнектегі өз сұлбасына сүйсінеді. Дүкенге келген адамдардың бәрі қуыршақтардың сән-салтанатына қызықпай өтпейтін. Адамдардың өзіне ауған назарын ұнатқан күлгін көйлекті қуыршақ осы дүкенде мәңгі қалып, бәрін таң қалдыра беруді тіледі. Ал ақ көйлекті қуыршақтың аңсары терезенің сыртындағы әлемге ауып тұратын. Оның тілегі – әйнектің арғы жағындағы әлемге апаратын бір адамның қуыршағы болу еді.

Екі қуыршақ та іштей өз тілектерін қайталаудан тынған жоқ. Күлгін көйлектісі адамдар қызыққан сайын мәңгі осылай сұлу қалпында сөреде тұруды мақсат тұтты. Ақ көйлектісі адамдар өмірінің бір бөлшегі болуды қалады. Арада көп уақыт өтпестен дүкенге үш-төрт жасар қызын ерткен әйел келді. Ол тоқыма  жіптер сатып алып тұрғанда кішкентай қыз екі қуыршақты айналшықтап жүреді. Өзіне адам баласының жақындағанын жақтырмаған күлгін көйлекті қуыршақ «ажарымды бұзады, маған тиіспесін» деп қабағын түйіп алады. Сүйкімді қыздың қылығына сүйсінген ақ көйлекті қуыршақ оған күлімсірей қарайды.

Кішкентай қыз жүзі жылы қуыршаққа ұмтылды. Сол күні анасы мен қызы күлімдеген қуыршақты сатып алып үйге қайтты. Бұл оқиға күлгін көйлекті қуыршақты қатты қуантса керек. «Адамдардың қолында қор болғанша, сыр-сымбатымды бұзбай осында тұра бергенім жақсы» – деп ойлады ол. Күні бойы кербез қалпымен келушілерді тәнті еткен қуыршақ қасына адам жоласа қабағын түйіп алатын. Сондықтан оны ешкім сатып ала қойған жоқ.

Бір күні күлгін көйлекті қуыршақ терезеден бұрынғы ақ көйлекті құрбысын көріп қалады. Әлгінде дүкенге келген қыз оны себетке салып қыдыртып жүр екен. Қуыршақ бұрынғысынан да құлпырып кеткен. Иесі оның шашын өріп ұшына бантик тағып қойыпты. Қанша қызықса да ол өзіне қарап қолын бұлғап амандасқан ақ көйлекті досын байқамағандай болып безеріп тұра берді. «Кішкентай қыз қызығы басылғанда қуыршақты тастай салады. Ал мен мәңгі сұлу қалпымда қалам» – деп, өзін-өзі жұбатты ол.

Арада біраз уақыт өтті. Терезенің алдында жылдар бойы тұрған күлгін түсті қуыршақтың кейпі адам танымастай өзгерді. Күн көзінен бояуы өшіп, сүйсінер сұрқы қалмапты.

Жыл артынан жыл жылжыды. Қуыршақтарды жасаған шебер де қартайып, өмірден озған екен. Ескі дүкен жабылып, керексіз дүниенің бәрі қоқысқа тасталды. Қанша қаламағанымен күлгін түсті қуыршақ та қоқыс алаңына аттаныпты. Лас заттардың арасында өзінің мәнсіз өткен өміріне налып жатып ол өзіне таныс бейнені байқап қалады. Байыптап қараса, баяғы ақ көйлекті қуыршақ. Құрбысын көріп қуанған ол одан өткен өмірі жайлы сұрай бастайды. «Мен ғұмыр бойы дүкен сөресінде тұрдым. Адамдар маған басында қызығып қарайтын. Кейін ешкім менің көркіме таңқалмайтын болды. Ал сен адамдармен өмір сүрдің. Өміріміз әртүрлі болса да, түбінде қоқыста жатырмыз ғой…», – деді күлгін көйлекті қуыршақ осы сөздерден медеу тапқандай.

– Білесің бе құрбым!? Мен өз өмірімнің осылай өткеніне, қазір қоқыста жатқаныма еш налымаймын. Маған керемет отбасының мейірімді қызының ойыншығы болу бақыты бұйырды. Мен өз қожайынымның әр қуынышында қасында болдым. Ол қорыққан кезде мені құшақтап жататын. Екеуміз көшеде бірге серуендейтінбіз. Құрбылары да маған қамқор еді. Мен ол қыздың қалай бойжеткеніне куә болдым. Есейгенде ол менімен сирек ойнайтын болды. Бірақ ешкімге айта алмайтын сырларын маған ақтаратын. Кейін қожайын қыз өсіп отбасын құрды. Сосын дүниеге келген қызына мені тарту етті. Ол балақай да маған жаман қараған жоқ. Мен сол отбасының бір мүшесіне айналып кеттім. Бір ғұмырымда қанша нәрсе басымнан өтті. Қоқысқа да кездейсоқ тап болдым. Бірақ кешкен сезімдерім мен әдемі сәттер үшін осы күніме де ризамын», – деп тіл қатты ақ көйлекті қуыршақ.

Қуыршақтар өз тілектеріне сай өмір сүрді. Тек күлгін түсті қуыршақ дүкен сөресі мен терезеден басқа ештеңе көрмей өткеніне өкініп жатты. Адамның да тілегінің орындалуы қиын емес. Тек «таңдаудан» жаңылмасақ болғаны…

 

ТРЕНИНГ ӨТКІЗЕТІН ТАСБАҚА

Ертеде өзен жағасында жасы 300-ден асқан кәрі тасбақа өмір сүріпті. Тұла бойын әжім басқан қарияға көпті көрген деп барлық жануар құрмет көрсетеді екен. Сый-құрметке бөленудің рахатын сезінген тасекең бір күні мынандай «қулыққа» көшеді: «Онсыз да бұрынғыдай ширақ емеспін, мен неге ақыл сатып күн көрмеймін?». Осылайша тренинг өткізетін тасбақа жайлы хабар жан-жаққа тарап кетеді.

Тасбақа көп жасады деген аты болмаса, өмірден түйгені аздау болатын. Бірақ келген жанның ешбірін кеңессіз қалдырған жоқ. Аз ғана уақытта тасбақадан ақыл сұрауға қасқыр келіпті.

– Уа, ақсақал көмек бер. Мен түнімен ұйықтай алмай жүрмін. Айдың жарығы бетіме түссе болды, аспанға қарап ұлып шығамын. Осы әдетімді қалай қойсам болады? – дейді.

Тасбақа ойланбастан «Түнде көзіңе шүберек байлап ал. Сонда ай жарығын көрмейсің. Көрмесең, ұлымайсың. Ұйқың тыныш болады» – деп кеңес береді. Қасқыр тасбақаның ақылына риза болып қайтады. Осылайша қасқырдың өзін тыңдата алған кемеңгер тасбақаға табынатындар көбейді.

«Қазаншының өз еркі – қайдан құлақ шығарса» демекші тасбақа да келушілерге ойына келгенді айта салатын болды.

Мойнының ұзындығынан ұялып келген керікке «бұдан бұлай еңкейіп жүр» десе, қорқақ қоянға «әр дыбыстан үркіп жүргенше, екі ұзын құлағыңды бір-біріне байлап ал, сонда ештеңе естімей тыныш өмір сүресің» – деп ақыл айтыпты. Айналасына жан жуытпайтын кірпіге инелерін жұлып тастауды ұсынса, ауыр жұмыстан шаршаған есекті «бәрін тастап арғымақтармен бәйгеге қатыс» деп жігердендіріп жіберген екен.

Тасбақаның ақылын тыңдаған жан-жануарлар оған сый-сияпаты мен сүйген асын әкеп беретін. Әбден тойынған тасбақа ойына келгенін айтып, арам тамаққа еті үйреніп алды. Шақырған жерден кешігіп жүретін ұлуға «арқаңдағы сауытыңды алып таста, жеңілдеп қаласың» деп, таңертең жұмысына ұйықтап қалып жүрген әтешті «таң атпай азан шақыруды қой.  Әтеш деген атың бар. Ана қарамағыңдағы тауықтарды жұмса да, жата бер» деп «үкім оқыған» да осы тасбақа.

Күндердің күнінде  кемеңгерден кеңесін алуға бір балық келіпті.

– Уа, ақсақал. Дүниеде бізден гөрі көрген білгеніңіз көп. Сізден ақыл сұрай келдім. Айтыңызшы, суда жүзіп бара жатсам ылғи да төбемнен салбырап тамақ түсіп тұрады. Кейде шұбалшын, кейде тәтті нан сияқты әр түрлі азық көрем. Айналасына ешкім бармайды. Өздері сондай дәмді көрінеді. Соларды алып жесем бола ма?

– Айналайын балықжан! Сүйген асың аспаннан салбырап алдыңнан шықса, одан неге қашасың?! Төбеден саған арнап түскен ғой. Несібеңнен қағылып жүресің бе? Қорықпай барып жей бер», – депті.  Осыны естіп алып балық суға күмп береді. Жағалауда бейқам жатқан тасбақа сол жерде қала беріпті.

Ертесі күні өзен жағасына бір топ адам келіп сейіл құрады. Сәлден соң жайғасып, қармақтарын шығарып, суға салып қояды. Көп ұзамай қармақтың ұшына бір балық ілінеді. Сол сәт кәнігі балықшы қармағын тартып қалып, олжасын шелекке тастап үлгеріпті. 

Өзінің емес, өзгенің ақылына сеніп оңай олжаға құныққан балық осылайша біреудің азығына айналған екен. Осының бәрін сырттан бақылап тұрған тасбақа «обалың жоқ!» депті де күншуақтап отыра беріпті.

 

АЙ МЕН БҰЛТ

 Ерте, ерте, ертеде бұлттар да аспандағы ай-жұлдызбен қатарлас аспан денесі болған деседі. Сондай ескі заманда түнгі аспанды сәулесіне бөлеп, жүзінен нұр шашып тұратын айға бір шөкім бұлт ғашық болыпты. Сансыз жұлдыздың ішінен дараланып тұрған жарық ай  алғашында будақ бұлтқа мән бермейтін. Бірақ үлпілдеген аппақ бұлт Ай-аруға ұнау үшін түрлі пішін жасап, оның көңілін табуға тырысып бақты.

Бір аспанды мекендеп, жиі жолыға бергесін бе, әлде бұлттың балауса сезімі айды баурап алды ма белгісіз, көп ұзамай бұлт пен ай ажырамас жұпқа айналды. Желсіз тынық күндері бұлт айды көруге асығып жететін. Ай да өзінің серігін сарылып күтетінді шығарды. Осылайша бұлт пен айдың махаббаты аспан жүзіне мәлім болды. Екеуінің бір-біріне деген сүйіспеншілігі күн санап арта түсті. Күміс сәулелі ай мен мақтадай ақ бұлт қатар тұрғанда сондай сұлу көрінуші еді.

Бір күні аппақ бұлт өзі жоқта да айдың жарқырап тұра беретінін ойлап қатты қынжылады. «Мен оның жанында ұзақ тұра алмаймын. Ал күндіз ол менің қасымда болмайды. Бірақ, менсіз де ол күллі көк жүзіне, қала берді жер бетіне сәулесін шашып тұрады. Бұлай болмайды. Ол сұлулығын маған ғана арнау керек!» деген ой оған маза бермейді. Ұзақ уақыт ішіне ашу мен ыза сақтаған ақ мақтадай үлбіреген бұлт қара бұлтқа айналып кетеді. Қара бұлттың қызғанышы махаббатынан асып түсіп, айдың бетін жауып тынады. «Бұдан бұлай сені менен өзге ешкім де көрмеуі керек. Сенің аппақ арайың да, сұлу сәулең де енді тек менікі», – дейді бұлт булығып.

Сөйтіп аспанның ажарына айналған айдың бетін қара бұлт бүркеп тұрды. Адамдарға қараңғыда жол көрсетіп, жұлдыздармен еркін сырласып үйренген ай қанша қиналса да сүйіктісіне қарсы ештеңе істей алмады.  Содан бері, ай сәулесін қытықтап ойнайтын толқындар да көңілсіз. Жарығынан айырылған аспан да қаңырап қалды. Адамдар да түн болса аспаннан айды іздейтін еді.

Қара бұлттың қуанышы ұзаққа барған жоқ. Көлеңке түскен айдың енді мүлдем жарық шаша алмайтынын ұқты. Мұндай қорлыққа төзбей кеткен ай бір күні ағынан жарылады:

– Құлақ салшы қара бұлт, махаббат деген осындай бола ма? Сен мейіріміңнен, мен жарығымнан айырылдым. Аспанның да берекесін қашырдық. Сүю деген бір-бірін тұншықтыру емес, керісінше қолдау емес пе?

Осы сөзді естіген бұлттың жанары жасқа толады. Ішінде жиналған қызғаныш пен өкініш тамшыға айналып, жер бетіне төгілген екен. Сол сәтте астан-кестең болып күн күркіреп, нағыз нөсер басталыпты. Бұлттың оғаш мінезін көрмеген айдың зәре құты қалмады. Біртіндеп жаңбыр тамшысына айналып, ғайыпқа сіңіп бара жатқан бұлт сол сәтте өз бойынан бір ұшқын шығарып оны айға сыйлайды. Бұл күн күркірегенде ғана көрінетін найзағай болатын.

– Мені кешір, ару Ай. Сенің міндетің – жарқырау. Менің оған бөгет болуға хақым жоқ екен. Осы шырақты алып бойыңа дарытсаң, әлі де талай ғасыр сөнбей тұрасың, – деп бұлт ғайып болды.

Қара бұлттың соңғы аманатын қабыл алған ай содан бері жарқырап тұрады екен.  Жерге тамшы болып түсіп, көк жүзіне бу болып қайта барса да, бұлт ешқашан ғарыштағы ғашығына жете алмапты.

Күн күркіреп, найзағай жарқ етіп, аспанды қара бұлт қаптап кетсе – қорықпаңыз. Бұл, айды сағынған бұлттың күрсінгені шығар…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір