Нұрболат ЖАҢАБЕКҰЛЫ. «ТӨҢКЕРІЛГЕН ҚАЗАНҒА ҰҚСАП ЖҰТТАҒЫ»
28.12.2021
2513
0

*  *  *

Бітті бәрі…

Күні жетпей босанған келіншектей,

…жел сыпырды аулаңды еріншектеу,

Жаңбыр жауды содан соң…

Бөлмең ауыр күрсінді

Түтініне тұншығып менің шеккен

Шылымымның.

Байқаймысыз?

бір сәуле жарқ етті ғой… жалған бәрі

Беу, бейкүнә сөздер-ай, ойдан да ауыр.

Ең сұрқия ойыңды-ай…

қорқынышты,

Сіз өтесіз өмірден (өкінішті-ақ)

әрі кетсе…

Үй тұрғызып болмаса ұрпаққа артып.

Көзден ұшып кетерде ізгі шағы,

Қою түнді құшаққа ап қыз құшағы.

…күнәңіздің көптігін сезінген күн,

Діннен қате іздерсіз… сіз мысалы.

Дертім-ау менің… білемісіз?

Тәңір бар… Әруақ бар… ауаны бар…

сатқындықты қосыңыз және бұған.

Бәрі бітті…

…күні жетпей босанған көркем қыздың,

Өмір ағып түскендей жанарынан…

 

 

*  *  *

Мысалы,

Сен сенбейсің құдайға анық,

һәм ойың толысардай жыл айналып.

Діннен рахат табардай бір кітапты

жастанасың. Жүрегің жылайды ауық.

 

Иілесің әдеппен қарияға әр,

Қариялар – жырыңдай жар ұялар…

Күн ілгері тасыған дариядай,

тұншықтырар салқыны ойларыңның,

құпияңдай… мысалы

(жасырын жанұяң бар)

 

Мысалы,

Сен сенбейсің барына өзге өмірдің,

Содан, мүмкін, қажыдың. Жазбадың жыр.

Сеніңше, бір сипаты сөз де өлімнің,

Түсі өзгеріп көздеріңнің

сүю жайлы ғаламат аңыз айттың,

Ақыры бөзге орандың.

 

Мысалы,

Жаңбыр жауар толассыз аспаныңда,

Өмір дерсің… өмір де қас қағым сәт.

Түн жаттаған дұғасын таңда ұмытар,

Қош, қарға дос!

Қош, ажал!

Қош, жаным! Қош!

 

Біздің Жеңіс

Талай қыздан бас тартты,

Арманы да басқа-тын.

«Алсам, егер, алам бірден қос қатын»,-

дейтін Жеңіс орда бұзар жаста-тын.

 

…құрдастармен отырмайтын боп алды,

Құрдастары шақырмайтын боп алды.

дәл сол жылы қарындасын ұзатты,

дәл сол түні қамалды.

 

…рушыл ағаң басқаратын баспадай,

Құбылған-ды тас төбеңде көшкен ай.

Қызып қалдың. Онда тұрған түк те жоқ,

Тек сол түні үйіңе де бармапсың,

Тек сол түні көрші қызды зорлапсың…

 

Бүлінеді, байқаймысың неше әлем,

Мың құбылып тас төбеңде көшеді ой.

(Туған қызын жезөкше еткен шешедей)

Беу, дүние-ай…

артын – алды жұтып тұрған жыландай,

сөреңізге сән беретін құрандай,

Осыншалық мәдениетті қоғамға

Ұжмағың не, Дозағың не – ұға алмай

Келем, жалғыз! «Қал» дейсің бе? Жоғал де…

Келем, жалғыз! Өз пікірі жоқ елде.

«Жеңіс қазір қамал алар жаста ғой»

деймін іштей… амал не?

 

АҚЫЛАҚ

Сен келерсің…

Досқа атылған жебедей,

Жат түлікті бауыр басқан енедей,

Мансап сынды қомағай

Ділі тектес қоғам-ай…

Жөргектегі балаға

Дін оқытқан данадай.

Байға қайғы – бақыт та, қараға ас!

Ей, Еркіндік сен секілді бұ жүрек,

ел секілді жалаңаш.

Барым бердім жараса егер кәдеңе,

Сенен өзге уайым да жоқ және де.

Бір ұлыңның шын сөзіне сен-сенбе,

Көз аларттым көрші елге.

Жаным сатып албастыңа,

Сенің жолың өлсем мен,

Сәтке болсын еркін жүріп көрсең деп.

Мен кеткенде…

*  *  *

Қарғам,

байқаймысың, көрікті-ақ қала күзгі

үп еткен жел де жоқ,

адасқан ел де жоқ,

тек діншілдеу қоғам бар сәтті, сәтсіз

тәжірибесі улайтын санамызды.

 

назы сынды сазгердің әр әні ізгі,

байқаймысың, момақан қала күзгі.

түпсіз ойлар…

сонан соң нәрсіз сөздер

бөліп тұрған секілді арамызды.

 

Қарғам,

әзілім де сені аздап еркелетсем,

ақталмаған сенім де өкпелетсе ел.

оқып алар дініңдей неше мыңға,

сұрап алған ұлыңдай ерте кетсем…

 

Жоғалтқандай жолдасың ең сенімді,

ортамызда ай өліп, дем сөгілді.

мен есіңе түсердей көрсең кімді,

түннен қалған шарабың шайқап ішіп

жан жарасын жазарсың…

мен секілді…

 

Қарғам,

Түк те жоқ қой өзгерген. Қала. Күз. Түн.

Сазгер де аман тербеткен әр әні ізгі.

Сен алданған тәп-тәуір қоғам біздің,

бөліп тұрған секілді арамызды.

 

*  *  *

Уа, Әулием, құтпа оқы…

Мұң – жанарым сам сіңірген.

Нұх – хақың.

Бір бесікке үңіледі төрт қара,

Төңкерілген қазанға ұқсап жұттағы.

 

Дүние-ай, шіркін…

Қарға достың қауырсынындай салмағы,

Алагеуім. Түнге ықтияр хәлфә нұр.

Мыжық тауға мыжық бұлттар жантайды,

(Дамылдайды олда ақыр)

 

Мына ұлыста қауыс айы мың қыстау,

Салалайды бұқпа желі құмды ыспа.

Атаукере.

жолда қалған жалғызға.

…Көбесі иман басыр Молла күндіз түн,

жыр құраса қылмыс па?

 

Осыны айтып келесіне кетті ана,

Дәуір көшті. (Ұл жетілді жоқ қарап)

Төңкерілген қазанды ұстап жұттағы,

Бір бесікке үңіледі төрт қара.


АҚЫНДЫҚ – МЫНА ӘЛЕМГЕ ҚҰДАЙ КӨЗІМЕН ҚАРАУ

 Бірден айтайын, Нұрболат Жаңабекұлы – қазақ поэзиясындағы жас буынның ішіндегі жаңаша жазатын ақын. Әрине, жаңаша жазатын ақын көп. Дегенмен Нұрболаттың өзіне тән ерекшелік бар. Оның ерекшелігі – қазіргі уақыт пен бүгінгі заманды түйсігімен дәл сезіне білуінде. Қиналмай, қисаймай, қиындатпай жазады. Сол арқылы оқырманға салмақты ой тастайды. Бұл — өлеңнің міндеті. Осыдан артық ақында мақсат та болмау керек шығар. Сонда ғана біз шынайылықты қалыптастыра аламыз. Ал өлі өлеңдер жасандылықтан шығады. Ондай жерде шындықтың айтылуы мүмкін емес.

Адамзат тағдыр мен ақынды қолдан жасай алмайды. Уақыт екеуін туады. Екеуі өлең туады. Сондықтан «өлең жазылады» деу – қате. Ақын да, оның өлеңі де бірден тумайды. Оларды уақыт қалыптастырады. Нағыз ақынның, нағыз өлеңнің сирек болатыны содан. Ақын – қашанда жасампаз, тудырушы. Жоқтан бар жасаушы. Сондай жанның бірі – Нұрболат Жаңабекұлы. Шынымды айтсам, Нұрболаттың барлық өлеңін оқыдым демеймін. Арасында әлеуметтік желіден оқып тұрамын. Қалыптасып келе жатқан жақсы ақын. Оның қоғамға сын көзбен қарай білуі қуантады. Рас, біз – уақыты жоғалған, бақыты тоналған ұрпақпыз. Әйтсе де, сол «ойдан да ауыр бейкүнә сөздердің» обалы кімге? Сатқындық көргеніміз де рас. Үміттің шырағы секілді «бір сәуле жарқ етті ғой…», бірақ «жалған бәрі…». Неге? Өйткені біз алдамшы нұрға сеніп қалдық. Оның төңірегіндегі жалғаншы жарықтар тіптен көп. Көзімізді әлі қарықтырып тұр. Соқыр болуға шақ қалып тұрмыз…

Ақындық деген – мынау дүниеге ақын көзімен қарау ғана емес, керек десеңіз, Құдай көзімен де қарау. Мысалы, өлең арқылы өмірден мән іздеу – жан арпалысы. «Әркім өз ісінің ақыны болу керек» (Тыныштықбек) деген сөз осы жерде айқындалады. Бірақ өлеңнің бәрі жауһар бола бермейді. Жауһар жыр көп ізденісті талап етеді.

Осынау отыз жылда мәдениетті қоғам құра алмаған елміз. Ату, шабу, қамау, қорлау, зорлау – небір сұмдықты көз көрді. Ең сорақысы, халық пен биліктің алшақтығын көремін. Бәріміз сырттай Жеңіс боп жүреміз, іштей – Жеңіліспіз. Турасын айтқанда, жеңіл жүріспіз. Абайдың «жақсы менен жаманды айырмадың» дегені сондықтан ғой. Нұрболатша айтсақ, «ұжмағың не, дозағың не, ұға алмай» қалдық. «Өз пікірі жоқ ел» қазір орда бұзар жаста. Қамал бұзар жасқа да келер. Бірдеңе өзгерсе…

Бізде тағы бір дерт бар – әсіредіншілдік деген. Санамызды улап жатқаны да шындық. Бұрын дінсіздердің заманы болса, қазір діншілдердің заманы. Баяғы апиын – сол апиын. «Түк те жоқ қой өзгерген…». Бұл жерде әңгіме Шәкәрім айтпақшы таза дін туралы емес, шатақ дін хақында. Ұлтаралық қақтығыс болмасын деп, дінаралық соқтығыс болмасын деп, көзбояушылыққа көп барамыз. Соның кесірін де көп көріп кеттік. Өйткені «тәп-тәуір қоғам» құрып, момын жұртты алдап жатыр ғой. Сол өтірік талай жақынның арасын бөліп тастады. Ал халық жан жарасын немен жазады?

«Ақын анадай болу керек, өлең мынадай болу керек» дейтін кезең емес.  Мәселе – адалдықта, азаматтықта. Нұрболаттың азамат ретінде елге адал қызмет етіп жүргенін білемін. Өлең – оның өз шаруасы. «Ақындықты бастама, бастасаң тастама» деп кей жастарға айтамын. Дарынды бауырыма «қолыңнан қаламың түспесін» деген тілегім бар. Иә, сосын «Тәңір бар… Әруақ бар…», жар болсын!

Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ,

ақын

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір