РАХМЕТ СІЗГЕ, ӘКЕ!
21.12.2021
1265
0

Қазақстан Тәуелсіздік алған шақтан бастап біздің үйде «көшеміз, елге кетеміз» деген әңгіме үнемі айтылатын. Әсіресе, үлкен ағам Бақсеріктің  әңгімесі тек Қазақстан туралы еді. Қазақстанды титтей жамандыққа қимайтын. Қазақстанда тек бақытты адамдар өмір сүретіндей көретін. Қазақстанның қаламгерлерінің бәрі гений деп түсінетін… Олардың өлеңдерін газет-журналдардан қиып алып, бөлек сақтайтын…

«Алматыдан сөйлеп тұрмыз!» дейтін Қазақ радиосындағы диктордың қоңыр дауысы құлағымызға сіңісті болды. «Азаттық» радиосындағы саяси-әлеуметтік мәселелерді тыңдайтынбыз. Үйде Мақатаев, Аманжолов, Шаханов, Мырзалиевтердің кітаптары тізіліп тұратын.

Қазақстанға көшу процесі ұзаққа созылды. Бұл жақтан шақырту алдыру, қажетті құжатты жасату қиямет-қайым еді ол кезде. Ауылдық әкімдіктен аудандық, облыстық мекемелерге дейін ұзақ жол жүресің. Оның өзінде құжат уақтылы бітпейді. Кейінге қалдырылып жатады…

Сондай бір кезде шай үстінде отбасылық кеңес өтті. «Алдымен Бақсерікті – жас отауды жіберсек. Ол барып ел-жерді көрсе, орнықса, содан кейін үлкен әулет көшсек…» дегендей пікір ортаға тасталды. Негізі бұл ойланарлық ұсыныс еді. Қазақстанда бірде-бір туысы жоқ, отбасы мүшелерінің ешқайсы мүшесі аяқ басып көрмеген әулет үшін ақылды шешім де болар еді…

Бірақ әкем үзілді-кесілді қарсы болды.

– Дүние қалай өзгерерін кім білсін?.. – деді аз үнсіздіктен соң маңдай терін сүрткен әкем. – Саясатқа сенім жоқ. Екі елдің ортасына күні ертең суық жел тұрса, екі жақта қалып қоймасымызға кім кепіл?! Шекара дегенің – тас құрсау. Екі жақта қалар жайымыз жоқ. Бір жола, түп қотарыла көшеміз!

Осы бекім бізді қанаттандырды. Армандаған Қазақстанға 2000 жылдың 27 қарашасында табанымыз тиді. Бір күнде 15 отбасы дәу КамАЗ-ға жүк артып, бір автобуспен шекара сызығын кесіп өттік. Қорғас шекарасына дейін ұзатып салған туыстар жылап-сықтап жат мекенде қалған сәт әлі көз алдымда. Ондай шынайы картинаны миграция, шекараны кесіп өту, отан туралы ешбір фильмнің эпизодынан көрген емеспін. Туыстар демекші, көп өтпей, оншақты жылдың шамасында олар да бізді қара тартып, Атамекенге келді. Еліміздің әр түкпірінде қоңыр тірлігін жалғап өмір сүріп жатыр, шүкір!..

Біз түннің бір уағында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Нұрлы ауылына келіп түстік. Қақаған суық, үскірік жел… Таңертең ерте тұрып, айналаға қараймыз ғой… Үйлерінің тең жартысы бұзылған, халқы жүдеу, мал-жаны аз ауыл екен. Бақсерік ағамыздың бес жасар ұлы Насыр (Әбу-Насыр әл-Фарабидің есімін қойған еді) «Қазақстанға қашан жетеміз?» – дейді аңтарылып. «Осы ғой Қазақстан» десек, «Жоқ, бұл Қазақстан емес» дейді бұртиып… Оның да бала санасында «Қазақстан – жұмақ мекен» деген ұғым мөрленіп қалса керек. Қазір сол Насыр жоғары оқу орнын бітіріп, отбасын құрып, бала сүйді. Атпал азамат болып ержетті.

Ауылға барған сайын әке-шешемнен Қазақстан туралы пікірлерін сұраймын. «Бақыттымыз, – дейді екеуі де. – Ұрпақ үшін келдік. Еш өкініш жоқ! Елмен бірге тірлік кешіп жатырмыз.» Үлкен кісілер Қазақстанды жамандамайды, даттамайды. Назарбаевтың саясатын қолдайды… «Мао-ның саясатын да көрдік қой, оған қарағанда еркіндік бар…», – деп отырады әкем!

Біз де бақыттымыз!

Рахмет Сізге, Әке!

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір