Тамырын тап басатын замананың
25.12.2015
4197
0
10356_886955782_577127_1294026520_______________________10002Жұмабай Шаштайұлы. «Өң мен түс». Әңгіме.
– Нені жазу керек?
– Жазбауға мүмкін емес-ті.
– Қашан жазу керек?
– Жазбау мүмкін емес кезде. Әлдебір ақылды адам жас жазушыға осылай ақыл беріпті. «Өң мен түс» жазбауға мүмкін емес кезде, жазбауға мүмкін еместі жазған десек қателеспейтін шығармыз.
Ежелгі Батыс ойшылдарының ғасырлар бойы  зерттеп  ашты  делінетін диалектика­ның ұлы даму заңын данышпан Абай бір-ақ ауыз сөзге сыйғызған ғой. «Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек». Осы заң әдебиетке де ортақ. Әдебиет те өседі, дамиды, өз­гереді. Бүгінгі ұрпақ әдебиеттен нені оқы­ғысы келеді, кімді көргісі келеді? Бүгінгі талғам қандай? Дәл бүгінгі оқушыға әлі «Шәутеннің шәркейін» немесе «Асан – бай баласы, Үсен – жарлы баласы» деп отырсақ, ол даму ма, қалу ма? Айналдырған төрт-бес би мен бес-алты батырды, ханды қашанғы шиырлай береміз? Бұл Ыбырай атаны немесе би-батырларды ұмыт деген сөз емес. Өткенді құрметтей отыра, ілгері жылжиық дегенім. «Біз надан боп өсірдік, иектегі сақалды. Біз болмасақ, сіз барсыз, сіздерге бердім батамды» деп Ыбырай ата өзі айтты емес пе. Образды тілмен айтсақ, қазақ әдебиеті қатарланған қара нарға қазына артып, қалы кілем жапқан, ғасырдан-ғасырға маңып бара жатқан ұлы көш десек, сол көшке әр ғасыр өз жүгін артады. Қасиет пен құт артылған көштің бұйдасын әр заман өзі жетектеп, келесі ұрпаққа табыстап отырады. Бұл дегеніміз, әр заман «өз мұңын мұң­дап, жырын жырлайтын» өз ақынын, өз жазушысын, өз сыншысын, өз оқырманын өзі тудырады деген сөз. Ал олардың міндеті – өз заманының сипатын жасап, заман кейіпкерінің бейнесін  сомдап, өз қоғамы­ның бүлкілдеген тамырын дөп басып, күл­тіл­деген жарасын жару керек. Бұл қалам­герден батылдық пен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан да не нәрсені дер кезінде жаза алмай, «жау кеткен соң қылышын боққа шабатындар» көп. Сол баяғы ескі жұртты шиырлап, жауыр болған тақырыпты қаузап, тіпті түк таппаса, біреу­дің жазып кеткенін ішіндегі кейіпкерлерінің атын өзгертіп жазып, ұялмай соны оқыр­манға ұсынады. Ұят қайда? Қазіргі заманға қалам тартып жүр­гендер жоқ емес, бірақ көп емес. Сол аздың бірі – Жұмабай Шаштайұлы. Автор біз сөз еткелі отырған «Өң мен түс» әңгімесінде қазіргі заман байының (миллионерінің) бейнесін жасайды. Жұмабай Миллионері – өзі секілді көптеген мультимиллионерлер­дің сипатын өз бойына жинақтаған типтік образ. Ең әуелі байлық, бай сөзінің қазіргі қазақ және ежелгі қазақ ұғымындағы сипа­тын анықтап алайық. Байлық – тектіліктің, асыл сүйек бекзаттықтың, текке, сүйекке біткен қыдыр дарып, бақ қонған құт-берекенің белгісі. Қазақ байлықты, бай адамды дәріптегенде, «Қазанынан қаспақ кетпеген» немесе «Май жемеген қонағы, қан жемеген барағы, он кісіге татиды, бір кісілік табағы» деп дәріптеген. Қандай көне аңыз-әңгімені алмайық, «Ертеде бір бай болыпты, келе-келе түйесі, табын-табын жылқысы, қора-қора қойы болыпты» деп келетін. Жалпы, «біз текті халықпыз» деп сөйлейміз ғой. Сондағы тектілігіміздің бір сипаты – осы байлығымыз. «Бұларға киіну-ішінуді біз үйреттік қой» деп жүрген «аға ұлт» шабата тартып, шабақ жеп, ас атасы-саңырауқұлақ деп жүргенде, өле жатқан қазақтың екі сиыр, он қойы болған. Ал алдында малы бар қазақ аштық дегенді білме­ген. Қазақтың қаңғып көшіп, ұлы ашар­шы­лық­қа ұрынғаны бертіндегі әр алуан сая­сат­тардың тұсында ғой. Болмаса еш  уа­қытта құрт-құмырсқаны, бақа-шаянды, шөп-шаламды ас етпеген. Тіпті, аңды да орынсыз ауламаған. Шығар­маларында мақал-мәтелге бергісіз қанатты сөз (афоризм) тұнып тұратын Ғабиден ақсақал (Мұстафин) «Секіріп ат мінбеген, кекіріп ас ішпеген» қазақ қазақ па деп қалай дәл айтқан. Бірақ ұлы Ресейдің Павлик Морозовы «кулак» деп әкесін атқан соң, одан қалыспай бұл ерлікті қырғыз баласы Қышан қайталаған соң, қырғыз құрлы жоқ па, біздің де «Батыр бала Болатбегіміз» әкесін ұстап берген соң, көптеген жалынды ержү­рек коммунист, комсомол, пионер туған әкелерінен «отказ» берген соң, амал бар ма… Көптеген ұрпақ текті әкелерінен безініп, Шұлғауов, Шоқпытов болып кететіні содан ғой. Енді етінен өтіп, сүйегіне жеткен осы саясаттың салқынынан әлі арыла алмай жүрген қазіргі қазақтың байлыққа көзқарасы қандай?

Неге екенін кім білсін, іштерінен бай болуды армандап-ақ тұрса да, бай адамға деген себепсіз бір ұнатпаушылық бар. Қа­зіргі қазақ үшін кім байыса, сол обыр, арам, жегіш, парақор.
Жұмабайдың Миллионері қазіргі қазақ­тың  байлық  пен байға деген осы көзқара­сын мәнсұқтайды. Сөйтсек байдың бәрі әлдекім­ді ұрлап, тонап, жеп байыған емес екен. Сонау қиын жылдарда әйелін ала сөмке арқалатып қойып, өзі үйде жылап жат­паған, ізденіп, тырбанып, сауданың ебін, кәсіптің көзін тапқандар екен. Бәрін басынан бастап, алдындағы екі қой мен екі сотық жер­ден бастағандар немесе ескі қаңқалардан құрап алған машина болмысын шиқылдатып жүріп «таксоватьтап», байлыққа жетпесе де бақуатқа жеткендер екен. Байлық, кәсіп жөнінде Абай не деп еді? «Апыр-ау, ана сарт, ноғай, орыс, татар­ларға қараңдаршы. Жетпеген өнері, игермеген кәсібі жоқ. Тымғұ­рыса солардан үлгі алсаңдаршы», – деген. Ал Елбасымыз не дейді:
– Қазақ баю керек. Әр қазақ байлыққа, бай болуға ұмтылу керек. Жеке адам байымай, мемлекет байымайды. Кәсіп қыл. Бар қазақ Астана мен Алматыда ғана тұрғысы келсе, әрине, үйсіз-күйсіздер болады. Кім қуды сені атамекеніңнен. Бес қойдан, бақша салудан баста, – деп, Елбасы емес, қамқор әкедей айтып еді. Тура осылай деген. Қоқыс жәшігінің жанына отырып ап, КТК шақырып, қойылым қойып отырған қол-аяғы балғадай, беттері шұжықтай қазақ әйеліне не жорық? Осылай бір-екі көрініп, жарқыраған жаңа үйді ала қойса шіркін. Осы әрекетімен Өкіметтің беделін, Елбасының қадірін кетіретінін ойласашы.
Бір кездері «Байлық – мұрат емес, жоқ­тық – ұят емес» деген мақалдың бүгінде өңі өзгерген. Қазіргі қазақ дамудың «Байлық – мұрат, жоқтық – ұят» дейтін сатысында. Жұма­бай Миллионерінің жолы – қазіргі жаңа заман байының, кәсіпкерінің өсу жолы. Бұл жолда ол не көрмеді, не кешпеді басынан. Жігерін құм еткен қорлық, мазақ­тың неше атасын көрді. Сан рет айтатын жерде айта алмай, тілін тістеп, «сөз атасы ішінде өлді». Жұмабайда Әбіш Кекілбаевпен ғажап ұқсастық бар. Тілі, стилі, бәлкім әдіс-тәсілі мен идеясы. Мұның да кейіпкері әрекеттен гөрі ішкі толғаныс пен күйзеліске, жан азабына бейім. «Қақырығы – қайма алтын, түкірігі – түйме алтын» боп, ертегі­дегідей «Қала сайын үй салып, жұма сайын қатын алып» дейтіндей кезеңге жеткенде де, үнемі ішкі жан дүниесінен азынаған бос кеңістік сезініп, әлденеден жерініп, әлде­неден қорынып, әлденеге зарығып, қу жанын қоярға жер таппайды. Неге? Не жет­пейді? Бақсақ, қарапайым пенде бақыты, отба­сының көңірсіген жылылығы ма екен әлде? Ақан сері айтқанмен «сұлу әйел, жүйрік ат» үнемі ер қайрағы бола алмайды екен-ау. Қазымыр шеше, шайпау әйел, опасыз дос, сенімсіз серіктес – сергелдең етеді. Бар пенде­шіліктен басын алып қашып бір сәт болсын бәрінен баз кешіп, тазарам ба деп барған жері – қасиетті мазар еді. Ондағы мүләйім сопының табаққа салынған долларды көргенде, аятынан жаңылып отырғанын көріп одан да түңілді. Жалғанды жалпағынан баспақ түгілі, «жалғанның жалпысынан» жерінді. Авторда осыдан 50 жыл бұрынғы қазақтың түсіне де кірмеген бірнеше жаңа типтер бар. Олар: Оққағар (телохранитель), жанама әйел (любовница), серіктес (бизнес-портнер). Тағы бір таң­ғаларлық жай – осы күнге дейінгі қазақ әдебиетінде қазақ әйелінің зерттелмей, ашылмай қалған бір сипаты, бір қасиеті қалды ма? Қазақ әйелінің табиғаты қандай, жалпы әйел ретінде ғана емес, нақ қазақ әйелі ретіндегі ерекше бір коды бар ма? Болса ол физиологиялық па, психологиялық па, әлде анатомиялық па, материалдық па? Бұлар – құпия болудан қалды. «Бұл – қазақ әйелінің табиғатына жат» дегенді кім де болса айтады. Ал енді осы қазақ еркегінің табиғаты қандай? Қазақ еркегінің табиға­тына ненің  жат, ненің жақын екені әдебиет­те ашылды ма? Осы сұрақтың да жауабын осы әңгімеден тапқандаймыз. Өзі де бай­қап-байқамай, әлде қалап-қаламай, әйтеу өз жыныстастарының бір құпиясын – ер­кектік эгоизмін ашып отыр автор. Қазақ еркегі жөнінде қазақ әйелдері қандай түсінікте. Тыңдап көрелік. «Олар сұлу, әдемі әйелдерді ұнатады. Ұяң әйелдер оларға ұнамайды. Сондықтан тез жалығады. Олар­ға ұнау үшін өз үйіңде де шарт киініп, боянып жүру керек. Неғұрлым тартыңқы, қысыңқы, ашық-шашық киініп, төсекте де «европалық еркін» болу керек». Бірақ қазақ әйелдері осы жолы қатты қателесіпті. Қазақ әйелінің ерек­шелігі демекші, қазақ ерке­гінің де табиғатында тектік, ұлттық ерек­шелік бар екен. Иә, ол жоғарыда атал­ған­дарға– сұлулыққа, әсіре ашықтыққа – кетары емес, одан бойын тартпайды. Бұл – оның еркектігі. Бірақ сол сәттен соң-ақ өлердей жек көріп, жаңа ғана өзіне керемет көрінген әсіре қылықтан енді жиреніп, өзі әлдеқандай бір лас нәрсеге был­ған­ғандай сезініп, өзінің еркектік сезімін қорланғандай безі­ніп кетеді екен. Бұл – оның қазақтығы. Жерін­гендері сонша – Париждің жезөкше­лерін алдына әкеп тізіп қойсаң да, селт етпейтін сезімсіз күйге түседі екен. Бұл – бір ғана еркектің күйзелісі емес, бұл – керек десеңіз, ғасыр дерті. Ғылыми дерекке жүгінсек, қылшылдаған қырықтағы еркектердің 40%-ы «ер төсектен безінген» дертке ұшыраған. Кім кінәлі? – деген сұрақ­қа тағы да жауапты әңгімеден таба­сың. «Құланды қағынан жеріткен» қазақ әйелінің өз табиғатын, табиғи қалпын жо­ғалтуы. Еркегімді ешқайда бұрғызбаймын деп дарақылануы, «бөтеннен» үйренген «өнері» екен. Бақсақ, қазақ еркегі ежелден әйел затының неғұрлым ұяң, әлсіз, қорған­сыз болғанын, балапан көгершіндей бауырына тығылып, өзінен пана іздеп, өзін ас­қар тауға балап, айбар тұтуын, ол болмаса «өмір сүре алмай» қалуын ұнатады екен. Әйелдің не білім, не ақыл, не табыскерлік жағы­нан өзінен артық түсіп, ол сәт сайын бетіне басыла көрініп тұрса, қазақ еркегіне одан өткен қорлық жоқ екен… Осыншалық үлкен жайды, тіпті қоғам қасіреті деуге болатындай жайды кіп-кішкене әңгімеге арқалатып қойып отырған автордың ше­бер­лі­гіне не дерсің. Жұмабай жазушы бол­ма­ғанда, әлеуметтанушы-психолог ғалым бо­лар ма еді. Жұмабайдың Миллионерінде де әйелге деген осындай көзқарас көптен орын алған. Адаспай таптым-ау деген қарақат көз, аққұба, ұяң да нәзік әйелі, ақ некелі адал жары, жап-жас келіншек нәпсілік мекерлік пен қақсалдықтың түрін көрсеткенде, жігіттің жүрегіне, сезіміне ауыр тигені сондай, ұясынан безінген жаралы құстай безініп кетеді. Тіпті, күллі әйел затында сүйерлік, сүйсінерлік бір адалдық қалмағандай. Керек десеңіз, анасына да мейірлене алмайды. Әр сөзінен астар іздеп кіділене  береді. Осы жан күйзелісінен автор кейіпкерін қалай шығарады? Кульминациясына жеткен шиеленіс шешімін (развязка) қалай табады? Ғабең не деп еді? «Жасырын сұлулық – өлтіре қызықтырады» деген еді ғой. Автор осыған жүгінеді. Әулие мазарына тәу етуге келген Миллионер ақ желеңге оранып, үлбіреген ақ жаулықтан тек аққұба жүзі ғана көрініп, момақан биязы жанарында тақуалық пен иман тұнып, күбірлей дұға етіп отырған жас әйелді көреді. Кенет, жү­регі атқақтай соғып, көптен бері көндей қатып қалған сезімі селдей сетінеп бара жатқанын сезінеді. «Құдай-ау, бұл не, мына қасиетті орында мұндай күйге түсуім – күнә емес пе», – деп, не қуанарын, не қорқарын білмей, әрі-сәрі күй кешеді. Қалай болғанда да, бұл да Жаратушының ісі шығар. Жан азабын тартқан жанға берілген аян, ишара шығар. Бақытың байлықта емес, иман жүзді, қарапайым әйелмен кешер отбасы­лық ғұмырда дегені де. Енді автордың «көр­кем­дік шеберханасына» үңілейік. Несі бар екен.
Біріншіден, характер мен портреттің (мінез бен мүсіннің) ғажап сабақтастығы бар. Бұл кешегі алыптар қолданған әдіс еді ғой. Түр-сипат арқылы мінезді ашу. Мысалы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «бүріскен томай құлақты» Қалауы томырық надандық боп, «тырли арық қара қатын» – сумақай сужұқ­пас­тық боп, Әуезовтің «Кішкене дөңгелек денелі, кішкене түйме мұрын, ін түбінде жылтыраған кішкене тышқан көз». Осы толып жатқан «кішкенеден» соң-ақ Ақан болыс – арамзалық, «ашаң жүзді, ашамай денелі Қатша» – шегіне жеткен жүдеуліктің өзі боп елестеуші еді ғой. Жұмабай да осы әдісті шебер қолданады. Ол еш кейіпке­рі­не мінездік анықтама бермейді. Түр-сипатын ғана береді. Бірақ осы түр-сипатынан-ақ кейіпкердің кім екенін ұға қоясыз.
– Жылылықтан жылт жоқ жап-жалпақ сазарыңқы бетінің шықшыты ойнақшып, жаннан безген қабыланның сертті тәуекелін есіне салады.
– Көздері тұманыта тоят тілеп тұрған арғымақ пішінді әйелдер.
– Шықшыт сүйегінен бері қарай шеке тұсы, мұрнының үсті мен бетінің ұшы түгел ыстық суға шарпылып күйіп қалғандай қызыл шақа.
Екіншіден, символикалық әдіс. Қасқыр терісі. Миллионер әр сәт ішкі «Менімен», пенделік күпірлігімен бетпе-бет келгенде, ерікті-еріксіз қабырғада ілулі тұрған қасқыр терісімен беттеседі. Екі азуы ақсия ыржиып, көздері жіпсие жұмылып кеткен қасқыр терісі бұған кейде мұның пұшаймандығын, пендеуи әрекетін бетіне басып, күліп тұр­ғандай… өз-өзінен қуыстанып жасқанып қалады. Ал кейде мына жалғанның опа­сыздығының куәсіндей. Мына қысқа ғұ­мырда тыраштана берме. Адамдардың қолынан жуынды ішіп, құйрығымды бұлаң­дата алмай, ай астында жалғыз жортқан бөрі менің де бір күні терім сыпырылып, сенің төріңнің сәніне айналды… Ал сен небары екі аяқты пендесің.
Үшіншіден, деталь. Киелі орынға тәу е­туге келгендер табаққа ақша салып жатыр. Әлдебір дөкей доллар тастады. Шырақ­шы бір сәт еркінен тыс жүзіндегі мүләйім тақуа­лығынан айырылып, көзін көгала қағаздан ала алмай қалды. Бұл не? Тіпті ең киелі, Жарату­шымен бетпе-бет келетін орнымыз­дың өзінде доллар үстемдік етіп тұр ма? Біздің діни-имани ұстанымымыз  әлі берік емес екен. Кез келген уақытта көгала қағаз билеп кете беруі мүмкін екен.
Төртіншіден, плеоназмдық әдіс. Көркем­­дік­тің  бұл тәсілі – көркем шығарма­да көп кездесе бермейтін қиындау әдіс. Ал Жұмабай бұл әдісті «ойнап отырып» қол­дана­ды. Тіпті, бұл жерде Кекілбаевтан да асып кетеді десем таңданбаңыз. Және осы плеоназмның өзін ғана емес, оның небір күрделі формаларын жасайды.
1. Жай плеоназм. Босау – боркеміктену, өкініш – наза, қарғау-сілеу, өктеу – басыну, жалыну-жалпаю, ындын-ниет, ерік-жігер, ел-жұрт, береке-баян, жасырып-жабу, әбиір-ұят, ұрыс-керіс, менмен-тәкаппар, еңбек-күш, бағым-күтім, кірбің-күйзеліс.
2. Қос сөздік плеоназм. Апыл-ғұпыл, асығыс-үсігіс.
3. Идиомалық-фразеологиялық плеоназм. Көзіме көрінбе, қараңды батыр, ұсқыны қаша-берекесі ұша, бетке басу – табалау, жаздым-жаңылдым.
4. Антонимдік-контраст әдісі. Қатқыл­дығы – босаң жігерсіз, өршіп-өршеленбей, көңілді-көңілсіз.
Бесіншіден, термин сөздерді қолдану. Заманауи терминдердің аудармасын қолданады. Люстра – шамдал шам, абажур – шатырлы шам, пульт – басқарғыш тетік, тор­моз – тежегіш, простыня – жамылғы, зажигалка – шақпақ жаққыш, телохранитель – қорғаушы, любовница – жанама әйел, служанка– қызметші әйел.
Алтыншыдан, диалект. Диалектіні негі­зі көркем шығармада көп қолдану – көркем­дік­ке не тіл байлығына жатпайды. Ол іші­нара ғана жеке кейіпкер стилі ретінде ғана қолданылса орынды. Жұмабайда диалект көп. Зәндемі, сарабдал, қаузап, дағара, алғазулы, қылуасына, сүдін, құдды, кеспір, нәсте, аусайты, мүттәқым, көрлат, қарақан, ланаттап, ысқаяқ, нойыс, қара­қазандық, құдию, ұшпамұш, қылиып, жалдыратып, төсекараз, сұрепет, жақаттық.
Жетіншіден, автордың жеке стиліне тән сөздер. Шырт қараңғы, тас тыныштық, жүрегі өрге шапшу, шырқы қашу, қазақ ұр­қына келмеу, әйел баласы, көзін оқырайту, өт-кеш, кене-тене, жанама әйел, тұғыр-аяқ, жұғынды (жуынды), шалт басу, таза етті, дүрдиіңкі, домбығыңқы.
Сегізіншіден, ерекше тілдік қолданыс­тары. «Кісі айтпаған сөз бар ма» дейді ғой Абай. Бірақ кей жазушыда бұрын ешкім айтпаған, өзі ғана тудырған сөз де кезде­седі. Көбінесе мұндай қасиет көне тілді, сұңғыла жазушыларда кездеседі. Жұма­байда сондай бір сөз бар. Ол – қарақызыл тұнық деген күрделі сын есім. Бұл жерде автор анар шырынының түсін айтады. Шырын, шарап түстерін ежелден, қанкүрең дегенді білеміз. Расында анар шырынының түсіне қанкүрең келмейді, дөп баспайды. Қанкүрең – тұнық түс емес (мутный). Ал анар шырыны шынында да өзі қара, өзі қызыл, өзі тұнық. Кез келген әдемілікті, реңк пен түсті, оның әсерін, құбылуын қара­пайым адам да көреді, сүйсінеді, қуанады, бірақ тілмен айтып бере алмайды. Жазушы мен ақын құдіреті сонда – ол көрген суретін тілмен сипаттап жеткізе алады. Шебер жазушының кез келген құбылысты көру, қабылдау, есте сақтау, қайта жаңғырту, елестету қабілеті ерекше болады. Қара­қы­зыл тұнық – тіркесі де осындай сирек қабі­леттің жемісі. Екінші, бидай өңді сөзі. Бидай өңді – әйел затына арналған түс-реңдер ішіндегі ең көне, ең қазақы және ең этно­графиялық түс. Сондықтан да бұл түс қазіргі жас жазушыларда кездесе бермейді. Қазіргі жас жазушылардың білетін екі-ақ түсі бар. Ол ақ пен қара. Соңғы кезде сары түске ауып барады. Шын әдемілік баттиған бір түсте болмайды, бір ғажап аралық түс­тер болады. Қазіргі әйелдер осы аралық түсті жасау үшін косметиканың тень деген түрін пайдаланады. Болар-болмас қызғылт нұрды қолмен жасайды, яғни аралық түсті. Косметика мен тень туралы ұғым жоқ кездің өзінде біздің аға жазушыларымыз әйел түстерінің қандай ғажап аралық түрлерін жасаған десеңізші. Мысалы, Әуезов «Тоғжан жүзіндегі сәтте келіп елбі­реп толқып тұрған қызғылт нұр», «ішін тоңазыта діріл қақтырған сезімнен өңі көкшіл қызғылт тартты».
Мүсірепов «Оң миығына таман бармақ баттысы бар торғылт келіншек», Мұқанов «Қан мен сүт ақ жүзіне араласқан», «Таң мен түннің таласқан шағында шығыс жақ – енді рауандап келе жатқан бір қызғылт сұр нұрға боялушы еді. Қыздың реңі тура сондай. Ешбір әйел затында жоқ ерекше түс. Сондықтан да оны «сұрша қыз» деп атап кеткен» («Жаяу Мұса»). Бидай өң – адамзат­тың Жұмақтан еншілеген түсі деген аңыз бар. Адам Атаның түсі деседі. О баста Жа­рату­шының адамға дарытқан түсі осы екен. Ал қалған түстер бертінде табиғатқа, ауа райына, жеген тамаққа қарай пайда болса керек. Сондықтан бидай өң әрі әдемі, әрі сирек, әрі қасиетті екен.
Осы түсті сақтап қолданып жүргендердің бірі және Жұмабай боп шықты.
Тоғызыншыдан, сөздегі сурет пен об­раз­дылық. Тіл шұрайы, тіл бояуының қанық­­тылығы, сөздегі сурет пен бедер, ойдағы өрнек қандай.
– Тым-тырақай қашқан қыбыр-жыбыр быжынаған дүниеден жырылған кішкене бөлік сая таппаған бойы жанарына жанталаса тығылды.
– Бәрінен де  ерлі-байлы етенелікке  жуыспайтын қаймана бөтендіктен шошыды.
– Қиянатшыл дүниеде қалған-құтқан тазалығын осылар былғап бітіретіндей бір ішкі үрей аралас сезімі қу жанын бебеу қақтыра қорындырып өтеді.
– Ішкі дүниесіндегі жыбырлай жөнелген қыл-қыбыр тап осы сәтте қайнай құжынаған құрт ұясына айналып, аузын аша қалса, тырс-тырс етіп, жерге домалана түсіп жататын секілді.
– Көзі боталай алабұртқан әдемі әйел­дің жүзіне ұйи қалған иман тәрізді тақуа тартымдылық…
– Әйелге қараса есі ауысқандай, көзінің қарашықтары әрі-бері аунақшып, ойнап төңкерілген кезде, құмарлыққа толы шоқ­тай жанған сәуле қызыл жалқындана құты­рынған ұшқын шашады.
Оныншыдан, тіл байлығының құрамы. Қай жазушы болмасын, туындысын сарала қамшыдай сәнді етіп көрсететін қазақы қазына – көне сөздер, тұрақты тіркестер, мақал-мәтелдер. Бұл жағынан алғанда осы кіп-кішкене әңгіме романның жүгін көтеріп тұрғандай. Қараңыз:
Этно-сөздер. Шамдал, сұлқ, қапы, діт­теу, түнемел, өңмен, шалт, құт, теперіш, мыс­қал, көкайыл, дегбір, олқы, опа, қын­жылу, дағды, дегбір, тілеуқор, шырақ, шынжуайт, аял, пұшайман, құлшыну, ада, жатбауыр, қияпат, сұлба, кекірелеу, қапер, беймаза, кембағал, обыр, тәрк, тіміскі, емес­рін, сұрп, дөкір, есір­кеу, қарақан, беріш, емексу, сестену, ындын, ұсқын, түңілу, дінбұзар, мейман, мосы, пиғыл, дал болу, домбығу, биязы, дәт, тәуекел, қақсал, етене, қаймана, қасақана, мүсәпір, түз, дауа, нәпсі, жанығу, шікірә, рабайсыз, егде, жұрнақ, марғау, тәжікелесу, сормаңдай, наза, әуселе, әбиір, ноқай, зая, сұқпыт, кінәрат, кірбің, кежір, әзәзіл, күнә­һар, мұнтаздай, сұғанақ, халет, тақсірет, жіпсу, зықы, запы.
Мақал-мәтелдер. Алалы жылқы, ақ­тылы қой. Көн қатса, қалыбына барады. Көз көрмес, құлақ естімес. Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз. Үзеңгі бауы алты қарыс. Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді. Жетілгені жеті-ақ күн. Айт­қа­нына көніп, айдағанына жүру. Біреудің қаңсығы, біреудің таңсығы. Барар жер, басар тау. Көрер таңды көзбен атыру.
Фразеологиялық-идиомалық тіркес­тер. Енеден туғандай, қара жанына сеп болар, қара тұту, жыны қозу, запы болу, бетке шіркеу, бетіне басу, ел аузына іліну, аузын қу шөппен сүрту, тезек теріп кету, шаң беру, тақымы кеппеу, қу қанжыға, терезесі тең, құлақ құрышы қану, ат тергеу, көзі тоймау, көзі таю, шекесінен шерту, майын тамызу, иін қандыру, мірдің оғындай, бес биенің сабасындай, бетінен оты шығу, қол ұшын беру, кендірі кесілу, төбе құйқасы шымырлау, көзтүрткі, жалғанды жалпағынан басу, емшегін көкке сауу, аңысын аңдау, құлағына құю, айызы қану, жаны сірі, қыр көрсету, қара көрсету, құм санау, жібі түзу, аузының салуы жоқ, құлақ тігу, бауыр еті езілу, жүрегі елжіреу, көз тігу, мұрттай ұшу, жүрегі ұшу, запы болу.
Он біріншіден, логикалық-стильдік ауытқулар. Шырт қараңғы түнде қалың ұйқыда керісінше, қалың түн, шырт ұйқыда.Сезігіне қолайсыз түйсік түсіп. Керісінше, түйсігіне қолайсыз сезік түсіп. Тас тыныш­тық. Тастай қараңғы түн десе жарар, тас тыныштық бола ма? Қарағайға қарсы біт­кен иір бұтақтай шарт сынар ма. Қарағайға қарсы біткен бұтақ қалай иір болады? Бір мезетте әрі иір, әрі қарсы болуы мүмкін бе?
Махамбет:
Қарағайға қарсы бұтақ біткенше,
Еменге иір бұтақ бітсейші
Қыранға тұғыр қыларға, –
деген ғой.
Мойын омыртқасы ұзын, таразы әйел қауымы. Егер автор бұл арада мойын, аяғы – жалпы тұрқы ұзын европалық әйелдер жөнінде айтып отырса, онда таразы сөзі орынсыз. Таразы сөзі не нәрсенің өлшеулі, мөлшерлі, тартыңқы түрін білдіреді.
– Табысыңды қақшып алғанда мірдің оғындай. Мірдің оғындай тіркес жылдам­дықты емес, өтімді, өткір деген мағынаны білдіреді.
– Үй қызметшісі итке жұғынды береді. Жұғынды ыдысқа жұғып қалған дақ.
Оған ит тоймайды. Итке берілетін жуынды. Яғни қалған тамақ. Шалт басу. Егер қателесті дегенді айтқысы келсе, шалыс басу. Ежелгі халық өлеңінде:
– Досың түгіл дұшпаның жат болады,
Аяғың бір нәрседен шалыс болса, –
демей ме.
Телохранительді – қорғаушы деп аударады. Оққағар деген дұрыс шығар, қор­ғаушы деп адвокатты айтпай ма. Любовницаны – жанама әйел дегені дұрыс шығар. Қазір теле-көрсетілімдерде жап-жас қыз-жігіттер түйеден түскендей «ойнас» деп соғып отырады. Көңілдес десе де сыпайылау ғой. Қанша сөздің қазақы баламасын тауып отырған автор кәдімгі телевизор, телеканал, руль сөздеріне мән бермейді. Бұл – тап-таза аңқаулық.
Сатыбалды Нарымбетов. «Фантом-дерт» «Жамбылдың» тұтастай дерлік нөмірі­не жарияланған бұл туынды біресе «Баян», біресе «Хикаят» делініпті. Сатыбалдының сыпайылығы болар. Ал мен осыны роман деуге еш қысылмас едім. Себебі, романға шарт етіп қойылатын үш бірлік (единица) мұнда бар. Уақыт бірлігі, көлем бірлігі, оқиға бірлігі. Көлеміне дау жоқ. Ал уақыт бірлігіне келсек, бұл туындыдан өткен ғасырдың 20-80 жылдар аралығындағы замана сипаты хроникалы түрде беріліп тұр. Толстойдың «Соғыс  және бейбітшілік» романы 7-ақ жылды қамтиды екен. Ендеше аттай жарты ғасырды сипаттап тұрған туындыны неге роман демеске? Ал роман болса қай түрі? Күнделік – роман шығар. (Байқайсыздар ма, роман түрлері қазақта да көбейіп келеді). Күнделік – роман мемуар да, эссе де емес. Оның біз білетін тамаша бір үлгісі – «Робинзон Крузо» еді. Ал қазақ әдебие­тінде  мемуарлық  романдар көп болғаны­мен, күнделік – роман жоқ деуге де болады. Тек Ғабиттің белгісіз жауынгердің хатын негізге алған әңгімесі мен Ж. Жұмахановтың тауып алған күнделік бойынша жазған әңгімесі болмаса. Ал Асанәлі Әшімов өз кіта­бын «Менің жанрым – күнделік» деп атағанмен, ол – эссеге жатады. Сонымен, «Фантомдертті» роман дедік. Мәселе жанрында да емес, мәселе автордың тап­қыр­лығында. Сатыбалдыны киногер ретінде білгеніммен, қаламгерлік қабілетін білген емес едім. «Жамбыл» журналы болмағанда, білмей де өтер ме едім, кім білсін… Сатыбалды жазушы болғанда да «Әриайдай, бойдайталай» емес, шебер, әдіскер, тапқыр жазушы. Сатыбалдыны асыра мақтап, киноға түсейін деп отырғам жоқ. Мақтай­тыным – тапқыр­лығы. Тапқырлығы – күнделік әдісін таңдап алғаны. «Құдай салды – мен көндім» деп ежелгі самаладай сары жолмен «Атам сөйтіпті, атам бүйтіпті» деп 1-3-жақтан баяндай берсе де болар еді ғой. Жоқ, ол өте сирек әдіс – күнделік әдісін таңдады. Себебі неде? Өйткені, осы әдіс арқылы автор 3 түрлі жауапкершіліктен құтылады: 1) нақ­тылықтан, 2) саяси-идео­логиялық, 3) сти­ль­дік. Тарихи – нақ­тылық жауапкершілігі­нен құтылды дегеніміз – сансыз көп даталар, дәлелдер, фактілерден аулақ. «Осындай атаң болды ма өзі, болса қай жылы туып, қай жылы өлді? Милиция боп істемеуші еді ғой, істесе қашан, қай жылы, қай ауданда? Ол кезде ана адам жоқ еді ғой, оның аты олай емес еді?» деген секілді. Автор мұндай сұраққа жауап бер­мейді, себебі – күнделік. Ол тек күнде­лікті тауып алушы, оны оқушы ғана адам. Ал ескі күнделіктің пәлен бетінің түсіп қалуы да, «су тиіп бүлініп» кетуі де әб­ден мүмкін ғой. Екіншіден, саяси көзқарасқа да, идео­логияға да автор алаңдамайды. Себебі – идея да автордікі емес, өткен ғасырда өмір сүрген атасынікі. Ал сөйлеу стилінде қанша ала-құлалық, қате-кемшілік дегенге тіпті қыңқ демейді. Себебі – ол сол заман тілі. Сол заманның адамы сол заманның тілінде сөйлемегенде қайтушы еді? Сөйтіп автор заманға да, қоғамға да, саясат пен билікке де сипаттама біреуден аулақ. Тек әр заманның өз кейіпкерін сөйлетіп қояды да, тыңдайды. Ешкімді мақтамайды да, даттамайды да. Кез келген әзіл-сықақ театры осы туындыны «Атамның күнделігі» деген атпен сахнадан оқысыншы, көрермен күлкіге көмілері хақ. Сөз жоқ, күлесің, күлесің-ау… Әлдебір кинодан «Күлкі терапиясы» деген емдеу тәсілін көргем. Тәні де, жаны да дертті адамдар тізіліп отыр. Емші екі қолын көкке көтереді де, «ха-ха-ха» деп күледі. Адамдар да қосыла күлуі керек. Бәрі амалсыз күлген болады. Сөйте-сөйте шын күле бастайды. Тіпті бір түрлі есірік халге түсіп тоқтай алмай күледі. Сонан соң ая­ғында күлкілері еңіреп жылауға ұласты. Иә, күлкінің де қасіретке бергісіз түрі болады екен. «Фантом-дерт» те қасіретті күлкіге құрылған. Шекспир трагедияларының бір кейіпкерлері жындының сөзін сөйлеп тұрса да, ар жағынан удай ащы шындық төгіліп тұрушы еді-ау. Шекспирлік шеберлік десем, Сатыбалдыны Шекспирге теңеді деп ренжір біреулер… «Пәленбайыншы жылдың пәлен­бай күнінде» демейді. Бір ғана деталь ар­қылы бір заманның сипатын аша кетеді. Жол шетінде галифелі, тік жаға ақ китель, ақ кепкалы қара шал тұр. Жоқ, шал тұрған жоқ. Өткен ғасырдың 40-50 жылдарының сипаты тұр. Тірі куә, сол ғасырдан ұмытылып қалып қойып, әлі де сенделектеп жүрген сұлба секілді. Тағы да зулап келе жатқан КамАЗ бір қаңғыбас итті қаңқ еткізіп турап өте шықты. Енді бір жалбыраған кекілі көзін жапқан кішкене канден зәресі ұша жол жиегіндегі келіншектің етегіне оратылды. Көшеде иесіз ит пен мысық жыртылып айырылып, әр жерде ішегі шұбалып жатса, радиоқабылдағыштан Алябьев, Монкалло Марио дель Монако немесе «Мария чип, чип» шырқалып жатса, жүргізуші хохол жігіт қазақша сөйлеп, оған байғұс қазақ шалы әкесі тірілгендей «әй, мәләдес» деп қуанып отырса, «қазақша сөйлей беріңіз» дегенге де болмай «здірәстіби, дәбези» деп отырса, бұл қай ғасыр деп ойлайсыз? Әрине, біздің ғасыр. Автор қоғамның қай дертіне де, қай сипатына да, тіпті датасына да бір ауыз анықтама беріп, басын бәйгеге тікпейді. Тек деталь деген жауынгер әдісті сұмдық ырқына көндіреді. Галифе, китель, ақ кепка – күні өтсе де, ажалсыз Кащейдей тарамысына ілініп, ата ұрпақтың бойында, тамырында әлі жасап келе жатқан кеңестік идеология, қатып қалған партократтық. Қалбаң қаққан қара шал – ата ұрпақтан аға ұрпаққа беріліп, өзгені зор, өзін қор са­нап үйренген құлдық психология. Зулаған жарқ-жұрқ иномаркалар табанында жапы­рақтай қалтырап, жұтылып кеткен әлсіз тіршілік иесі… Көзіме жаһандануға жұтылып бара жатқан тағдыры беймәлім келесі ұр­пағы­мыз­дай елестейді. Ақ сары кемпірдің 3 бет­тік сөзі мен «даладағы дауыстар» деп берілген полилог ше? Бұл жерде сөйлеп отырғандар Сары апаң да, Уән де, Ақатай да, Яшка да емес. Сөйлеп отырғандар – біздің Ана тіліміз. Әбиірі ашылған тыржа­ла­ңаш жолбикедей бейбақ тіліміз. XXI ға­сыр тілі. Деталь әдісін осынша терең қол­данған автордың синекдохасына да бір қараңыз. Жүргізуші хохол Юра Беланның Қазақстанға келу, орналасу схемасына қараңыз: Тың – Талғар ауданы – Ташкент көшесі – Төлебаев көшесіндегі жарқыраған жаңа пәтер. Бұл бір ғана Беланның схемасы ма? Күллі келімсектің «өрлеу» жолы емес пе. Көркем шығарма атаулыға құпия құ­ді­рет, жұмбақ сұлулық дарытатын әдіс символика десек, ол Сатыбалдыда қалай құл­пырады? Сатыбалды символикасы жанды да уытты. Бұрын да, бүгін де ешкімнің аузы барып айта алмайтын шындықты ашып беріп, сойып салып қарап тұр емес пе.
…Ауыл шетінде бір ескерткіш – аңшы­ның мүсіні тұратын. «Әтес народаның» (Отец народа) қылышынан қан тамып тұрған кезде, аңшы құлатылып, орнына Стекең мүсіні қойылады. Бірақ бұл пәниде мәңгілік не бар? Әсіресе, саясат-сайқалда тұрақтылық бар ма? Оның  да  дәурені өтіп, істен алғы­сыз болып қараланған кезде, әлгі ескерт­кіштің мойнына арқан салынып құлатылады да, орнына «Бүкілодақтық староста» тұр­ғызы­лады. Күндердің күнінде ол құлаты­лып, орнына Буденный тұрады. Тағы бір өтіп бара жатқан қараса, тұғыр бос тұр. Үстінде таз­қара күшіген қонақтап отыр екен. Келесі кім тұрады? – деген сұрақ ата ұрпақтың көкейінде жұмбақ боп кеткен шығар. Бүгінде қазақы тұғырға әлдеқайдан жем аңдып келген құзғындар мен күшігендер емес, Алатаудың ақиық бүркіті қонғанын, енді ол өз ұясы мен ұрпағын құзғынның жемі етпейтінін білсе, есіл бабалар әруағы бір аунап жатқан болар. Символиканың көкесі – «Фантом-дерт» деген атауда жатыр. Фантом дерті дегеніміз – денеңде жоқ мүшенің (мысалы, үсіп түсіп қалған саусақ, кесілген қол-аяқ секілді) әлі бар секілді өмірі сыздап, қақсап тұруы. Қазақтың тарихын­дағы өткен ғасырдың 16-50 жыл­дар аралығы – қазақтың «фантом дерті». Кел­меске кетсе де, салған жарасы, тартқыз­ған тақсіреті өмірі сыздап ауырады да тұрады.
Жып-жылы шуақ шашып, риясыз, кінә­ратсыз  жымитатын юморы да бар. Мысалы, ауыл шетінде мылтығын, әлде садағын кезенген аңшы мүсініне қарап бір кейуана: «Жарықтық өстіп тұрғанына талай жыл болды. Не атпайды, не қоймайды» дейді. Күлмейсіз бе… Содан соң ауданнан, жоға­рыдан келген басшы ма, өкіл ме – бәрінің түсетін жалғыз үйі – депутат әйелдің үйі. Міндетті түрде бір ауданда бір «Мақта терген сұлу Гүлсім», не «Қия бетті жарып өткен тракторшы қарындас», не «Білегін сыбанып қырманға келетін қалқатайлар», не «Асық­қан балықшы қыздар» шығуы – ол да сол заман саясатының бір сұрқия сипаты. Сол депутат әйел «көтеріп» қалады. Ол заманда көтерсең – туғаннан басқа амал жоқ. Енді ауылдың  әйел біткені әлгі баланың әкесі кім деп басы қатады. Әлдеқалай баланың жауырынында қалы барын көріп қалған әйелдер енді әрқайсысы өз күйеуінің арқасын тексеріп  әлек. Тек аңқау сары апаң ғана бұдан хабарсыз. Өз күйеуін өмірі жа­лаңаш көрмеген қайран қазақ әйелі. Ақыры қартайған шағында бір күні шалы ауырып, больницаға жатады. Сол кезде ғана Сары апаң жылдар бойы іздеген қалдың өз шалының жауырынында екенін көріп аң-таң. Сөйтсе шалының өзі де жауырынында қалы барын білмеген екен… Енді осы жай­машуақ юморлар ары қарай удай ащы сатираға ұласады. Кітаптың тұрған бойы сатира десе де болар. «Фантом-дерт» қасі­ретті күлкіге құрылған дедік. Қуанғаннан күлмейсің. Күлмегенде қайтесің. «Бүкіл елдердің пролетарлары қашан бірігеді екен» деп түнімен көз жұмбай уайымдап отырған сенің қазақ атаң болса. Ашыну ма, аяу ма, намыстану ма – әйтеу бір қыжылға толы уытты күлкімен күле бересің, күле бересің, аяғы қасіретті өксікке айналады. Өзегіңді өкініш пен аяныш кернеп… қырыл­ған қазақты ма, әлде қырған қазақты ма – қайсысын аярыңды, қайсысын жоқ­тарың­ды білмейсің. Бірақ кектене алмай­сың, жек көре алмайсың. «Әй, бейбақ­та­рым-ай, тағдыры талайсыз ақ көкірек аң­ғал­дарым-ай!» деп қыстыға, күңірене сыбыр­лайсың. Көркемсөз, көркемөнер құдіреті, жазушы шеберлігі деген осы шығар, сірә!
Адамның санасын, ақыл-есін түгел улап, анадан қайта туғандай етіп өзгертетін және өзі дұрыс деп санаған сол жолда өзін де, өзгені де құрбан етуден тайынбайтын екі нәрсе бар: ол дін мен идеология. Бұл екеуі­мен уланған адам өзін ұлы істер атқарып, әділдіктің ақ жолында жүрмін деп санайды. Бір түрлі елірмелі, есірік халге түседі. Сонау 37-нің сойқанды тұсында қазақты қазаққа құртқызған саясаттың бір сипаты – Ақатай милиция мен Уән досы. Бұл екеуінің бейнесі – тұтас бір қоғамдық кезең­нің, саясаттың, сол тұстағы қазақтың, қазақ қара таяғының «шаш ал десе, бас алған» елірмелі сорлы бейнесі. Күнделікке  (Ақатай милиционердің) біраз көз тастап көрелік. Жоғарыға жазған рапорттарында: Кеше қытайға қашқан қазақтарды қуып барып, қарсыласқан соң бәрін бытырлатып атып тастадық. Өздерін әкеле алмай, бастарын кесіп әкелдік. Тіпті 80 жылдары Уән шал біреумен ұрсыса қалса:
– Әтеңе нәлет, ана бір жылдардағы «халық жаулары» секілді басына қап кигізіп, қораға кіргізіп ата салар ма еді, – деп кіжінеді. Милиция Ақатайдың сөзі:
– Кеше түнімен ұйықтай алмай шықтым, барлық елдердің пролетарлары қашан бірігеді екен деп. Біздің қазақ надан ғой. Анау Демьян Бедныйды, Маяковскийді оқымай ма, көп қатын алған Абайды оқығанша. Біздің қазақта оңған жазушы да жоқ. Тек Мұқанның Сәбиті мен Тоқмағам­беттің Асқары болмаса. Әлгі Мұхтар Әуезов деген арам пиғылды «Көксерек» әңгімесі үшін Қызылордада әбден сыналыпты. Кеше көршінің қаршадай баласы «Сижу за решеткой» деп тақылдап тақпақ айтып тұр. Ол неге  баласына Пушкиннің өлеңін жаттат­қан? Бір шикілік бар. Тексеру керек. Кеше ана ауылға жасырын тағайындап қойған «сексотымыз» айтып келді. Екі комсомол мүшесі совет азаматына жат қылық жасап, наурыз көже ішіп отыр дейді. Пәнимәйіш, наурыз көже! Феодолизмнің қалдығы. Жаптыру керек оларды. Тағы да түнімен ұйық­тамай шықтым. Троцкий мен Бухарин деген біреулер біздің «Әтес народаға» қарсы сөй­лепті дейді.
– Ауырып жүргеніме көп болды. Бірақ дәрігерге қаралуға уақыт жоқ. «Жат эле­менттерді» ұстау керек. Мені қойшы Стекем ауырмаса екен.
– Айтпақшы, кеше кешке қарай паркті бір қарап шығайын деп барсам, безә­бірәзиә, бір жігіт пен қыз совет азаматына жат қылық көрсетіп, физикалық әрекет жасап жатқанының үстінен түстім. Екеуін де жаптым апарып.
– Шіркін, сауатым аз. Кеше бір орысты тергеп ем, сөзін ұқпай қиналдым.
Москвадан барып оқып келер ме едім. «Что делать» романын оқу керек. Айтпақшы, өзім де өлең жазатын боп жүрмін. Газетке апарып ем, сіз талант екенсіз, басамыз деді.
– Жалшы, кедей, белің бу.
Ұста қолыңа ту! – дедім. Қатып кетті. Бұл-бұл ма? Сіз Ақатай милиционердің мына қиналғанын қараңыз:
– Мына «Ұлы халықтан» Павлик Морозов деген батыр бала шықты. Өз әкесін «байдың тұқымы» деп атып тастаған. Әй, мәләдес, тусаң ту, сабаз. Шіркін, сондай он шақты бала бізден шықса ғой. Өткенде «жоғарыдан» жасырын укәз келді. Қайтсең­дер де әр ауылдан бір-бірден Павлик Морозов шығарыңдар деп. Жоқ, қанша іздесек те таппадық. «Жоғарыға» не бетімізді айтамыз? Ел деген атымызға ұят қой. Біз түгіл ана қырғыздардан да Қышан деген бала өз әкесін атыпты. Өз әкесін ататын бір бала шығара  алмаған біздің қазаққа позор, позор, ищо раз позор! – деп күйінеді. Осыдан соң Уән белсенді өз әкесінен «әткәз» береді. Ал күлмей көр, ал жыламай көр! Ары қарай:
– Кеше ауданнан Бірінші келді. Әлгі көшеде жүретін жынды жігіт «Я – Ворошилов» деп айғайлап жүр екен. «Убрать вражеский элемент» деді Бірінші. Апарып жаптым. Қазақ қайтіп ел болады? Мына түрімізбен коммунизмге қалай барамыз? Жеріміздің аттарының өзі қандай ұят! Қоңырбайсиген, Жыныс… Тіфу! Феодализм­нің қалдығы. Кеше сәбірәниә шақырып, біреуін «Энгельс», біреуін «Қызыл әскер» деп өзгерттік. Кеше көршінің қатыны ұл тауып, атын Энгельс қояйық десек, ауылда үш Энгельс бар екен, сонан соң Фридрих қой­дық.
– Мына 76 семья тұратын «Тельманнан» 12 халық жауы, он шақты троцкист-дивер­сант, 6 ағылшын шпионы шықты. Бір бақ­ташы әйелі екеуі де Жапон тыңшысы болып шықты. Айтпақшы, кеше газеттен оқыдым. Молотовтың туған күні екен. Қара басып білмей қалғаным. Ұят, ұят, ищо раз ұят.
– Киномеханик Яшканың үйін тінттік. Жалаңаш әйелдің суреті шықты. («Даная» картинасы). Бұзылған әйелдің суретін сақ­тағаны үшін 5 жылға соттадық. Адырбеков деген біреуді Москваға «спец заданиеге» жібереді. «Спецгруз» әкелуге. Егер біреуге айтсаң, ату жазасы дейді. Әлгі байғұс ел-жұртымен жылап қоштасып тұрып: «Если не вернусь, считайте меня коммунистом», – деп айғайлайды. Бұл әлі ештеңе емес. Сталин өлгенде, Ақатай бір апта бас көтермей жылап, Ақтамақ деген жігіт қайғыдан атылып өледі.
Кітапта сол заман стилінің 4 түрі қам­тылған: 1) ауызекі сөйлеу стилі, 2) іс қағаз­дары стилі, 3) көркем әдебиет стилі, 4) ресми стиль.
Сол заманғы интернационалдық, саяси, кәсіби терминдер мен қысқарған сөздер өз алдына бір тарих. Бұдан Сәбит Мұқановтың алдына түскен жазушы жоқ еді. Ол сол заманда сән боп саналып еді. Автордың «атасы» оны да ұмытпаған. Қысқарған сөздер: ВРИО, РАОФАК, ЛИКБЕЗ, ГПУ, НКВД, МВД, ЮНКОР, РАБКОР, ЖЕРХОР, РАПП, ФИНАГЕНТ, ТОЗ, КАЗКРАЙКОМ, СУДМЕДЭКСПЕРТИЗ, ОСОАВАХИМ, ОСО, КРД.
Тұрақты тіркестер: қас қағым, жылмай ағу, қырғидай тию, көз бояу, аузынан түс­кендей, жіп есе алмау, ұйқы қашу, түбі шикі, қыл өтпестей.
Мақалдар: жиен ел болмас, желке ас болмас. Таспен жапалақты ұрсаң да, жапа­лақпен тасты ұрсаң да – жапалақ өледі. Бүркіт қартайса, тышқан аулайды.
Мәтелдер: сау сиырдың тезегі емес, көшке берген тайыңды ал, ит қорыған жерге өш.
Диалект: жұмбаздай, түнкілеген, шипая, рахметлүк, айдамет, дүрдараз, салкөт, усойқы, жуадай солғыр.
Автордың өзі тудырған сөздер: жыртылып мәз болу – тұрақты тіркес. Үрейдің бұты жалаңаш, өзі жүйрік – мәтел. Әзілмен әзәзілді де жеңуге болады, шошқаның аузынан боқ кетпейді – мақал.
Заманға сай туған тіркестер: кейде әр заманның өзінің сипаты мен сұранысынан туған бір қызық тіркестер бар. Мақал-мәтел демесек те, өмірдің өзі тудырған түйіндер десек пе. Мысалы, «қырыпсалдардың» дәурені жүріп тұрған 37 жылда «Үнді-Сайлон шайың болсын, қызыл жағалы байың болсын» деген  және «бұйырса, байыңмын» деген мақалдар шықты.
…Алдыға кешкі ас келеді. Отағасы көңілденіп:
– О, бір тояды екенбіз ғой, – дегенде, әйелі:
– Бұйырса, – дейді.
– Е, табаққа түскен ас бұйырмағанда қайда кетуші еді, – дей бергенде, есік қағы­лып, «үш әріптің» адамдары кіріп келеді. Не керек, отағасы алдындағы астан ауыз тие алмай, кете барады («Үндемес» жылы болса керек). Содан ұзақ  жылдар түрмеде отырып, бір күні босап үйіне келеді. Есік қағады.
– Кімсің? – деген әйеліне:
– Бұйырса, байыңмын, – деген екен отағасы. Сол секілді 41 жылы «Бас-ба­сыңа бай қайда», «Кісі екен десем, тұрдабай ғой». (Ол кезде  трудармияға барғандарға көз­қарас осылай болса керек). Сол секілді Сатыбалдының да «авторлық» мақал-мәтелі бар екен.
Стильдік қателер: сау сиырдың шелпегі емессің. Дұрысы – сау сиырдың тезегі емес­сің. Жарықтық шелпекті (жеті шелпек, етке салатын шелпек) сиырдың жапасына теңеп не көрініпті. Желбауыз – дұрысы – желбуаз. Ішу – жем – дұрысы – ішіп-жем. Ісмер жігіт – дұрысы – іскер жігіт. Ісмер  – әйелге айтылатын сөз. Бала отыр, шаға отыр демейсің. Дұрысы – бала-шаға отыр. Бала-шаға – бір сыңары мағыналы, бір сыңары мағынасыз қос сөз. Шаға-чага – о баста әзірбайжан тілінде «бала» деген мағынаны бергенмен, қазақ тілі қолданысында мағынасыз сыңарға саналады. Жеке тұрып бастауыш болмайды.
Логикалық Қателер: құм ішіндегі құлаш  шыңыраудан су шығарып. Бірін­шіден, тереңдігі бір ғана құлаш болса, ол қайтіп шыңырау болады? Екіншіден, құм жерде бір құлаштан су шықпайды. Әбіш Кекілбаевтің «Шыңырауы» есіңізде ме? Еңсеп шыңырауды қаза-қаза жерасты теңізіне шығып кетпеп пе еді.
Екіншіден, «Өзің ғой бастаған, иә, саған» сөздері өткен ғасырдың (ХХ ғ.) соңғы жылдарында ғана «модаға» енген. Бір ғасыр бұрынғы кейіпкердің стилі емес.
Үшіншіден, бір әйел «Немене, көрінген еркекке құлай кететін мен Сандбаттың Шаһаризадасы деп тұрсың ба?» – деп ұрсысады.
«Мың бір түн» әлемдік әдебиеттің жауһа­ры. Мен білетін «Мың бір түн» тек ертегі емес, ғашықтық ғазалдарға, ежелгі юнан елінің даналығына және тарих, география ғылы­мының  деректеріне толы еді. Ал Ша­һа­ризада ешқандай жезөкше емес, күллі халифат әйелдерін ажалдан құтқарған ақылды да дана әйел еді. Мың бір түн бойы ертек айтып, қаһарлы патшаны райынан қайтарып, жазықсыз жас қыздарды дардан құтқарған. Мың бір түн бойы патшаның жанында болған кезде ол үш баланы өмірге әкеліп үлгереді. Патша осы ертек уақиғала­рынан ғибрат алып, әйелінен кешірім өтініп, өмірінің ақырына  дейін бірге бақытты ғұмыр кешкен. Ал Сандбат – жиһангез жігіт. Оның Шаһари­задаға түк қатысы жоқ. Егер киносында солай түсірілсе, мен білмеймін. Қалайда ғасырлар бойы жағымды кейіпкер болып келген Шаһаризаданың ХХІ ғасыр ұрпағы үшін жезөкше болғаны дұрыс емес.
Ескерту: Несіпбек Дәутайұлының «Құм­нан қашқан құйын», Оралхан Дәуіттің «Үйлену» әңгімелері туралы «Қазақ әдебиеті» (2015. №9) газетінде пікір айтып кеткенбіз. Сол секілді Аягүл Мантаеваның «Меланхолия» әңгімесі жөнінде «Қазақ әдебиетіндегі» «Халың қалай, қарт «Жұлдыз»?!»  (№37) атты мақалада айтылып кеткен.

Әмина Құрманғалиқызы.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір