КӨРКЕМДІГІ ТӨМЕН ӨЛЕҢДЕР ДЕ КӨП…
02.12.2021
3334
0

     Хамит ЕСАМАН, ақын

   Қазақтың қасиетті қара өлеңі әр ақынның қаламынан әртүрлі деңгейде төгіледі. Өткен жылы жарық көрген поэзиялық шығармаларға зер салсақ та осыны көреміз. Софы Сматаевтың көптомдық кітабының 24-томында бірен-саран өлеңдері бар екен. Бірақ, бұл кітапты толықтай поэзиялық жинақ дегеннен гөрі, ой-толғамдар жинағы деген дұрыс шығар. Мұнда өлеңнен гөрі афоризмдер көп. Жазушының өмірден көрген-түйгені айтылады. Ал,  афоризмнің поэзия емес екені белгілі. Дей тұрғанмен, Софы ағамыздың бұл кітабында адамға рух сыйлайтын өлеңдердің де бар екенін айта кеткен жөн. Мәселен, кітаптағы «Бойымнан ойым төгілсе» деген өлеңдер топтамасы автордың өзінің өмірден алған сабақтарын баяндайды.

Хақтың құлы, мұсылманның тегімін,

Ақыреттің жинадым ба егінін?

Ақ-қараны ажыраттым десем де,

Сенер-сенбес қол созады көп інім, – деп, өзіне-өзі сұрақ қояды. Сөйтеді де:

Өзегіме өзектес қып адамды,

Тапқам іздеп көп кеудеден адалды.

Хикметін сезгем Болмыс – пәнидің,

Көктен емес, жерден аулап бағамды, – деп жауап береді. Жалпы алғанда, бұл кітаптағы аз ғана өлеңдерде автордың арман-аңсары, күйініш-сүйініші бейнеленген.

Ғалым Әріптің өткен жылы жарық көрген 6 томдық таңдамалы шығармаларының 3-томына толғаулар мен поэмалар және балладалар енгізілген. Ақын мұнда қастерлі ана тілі мен Жер-Ана тағдырын қозғайды. Барлық шығармалары поэтикалық драманы құрайды. Автор қай шығармасында  болса да ұлт тарихына бойлап, Ұлы Даланың қасиетін жырға қосады. Түбі бір Түркі дүниесінің, исі Қазақ, Алаш жұртының  аңсаған арманы мен елдік мұратын жыр арқауына айналдырады.

Жұмаш Кенебай бірнеше жыр жинағының авторы, белгілі ақын. Ақынның өткен жылы жарық көрген «Аягөз» атты өлеңмен жазылған тарихи романы ХХ ғасыр басындағы еліміздегі тарихи өзгерістер туралы жырлайды. Көлемді шығармада ашаршылық, ақ пен қызылдың айқасы сияқты тарихи оқиғалармен қатар, Садық Кенебайұлы, Ахмет Жұматайұлы сияқты азаматтармен қатар, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек сияқты ұлы тұлғаларымыздың бейнесі асқақтап көрінеді. Бұл романда ұлттың арманы, азаттықты аңсау, болмысты іздеу деген сияқты қат-қабат ойлар ұшырасады. Бір дәуірдің баяны деуге де болады.

Дәуірден – дәуір, кезеңнен – кезең өзгерген,

Барлығын соның өлшейді Уақыт-Безбенмен.

Осынау Ұлы Даланың байтақ төсімен,

Көшкенін соның Тарих атты – Көз көрген, – дегенде де автор кітаптың мазмұнын айтып отыр. Романда елдің қилы тағдырымен қатар, Алаш қайраткерлерінің де қиын тағдыры сөз болады. Мәселен, сол кезеңде өмір сүрген қаншама адамның тағдыры бұл күнде белгісіз. Ал, ақын сондай тұлғаларды тарих қатпарынан аршып алып, оқырманға ұсынған. Елім деген есіл ерлер, шолақбелсенділердің қорлығы, түрме, тайталас, айта берсе бұл баян шиеленісе береді. Оқиға да, тарих та күрделі. Оған сөз жоқ. Бірақ, автор қаламын біраз жерге дейін тоқтата алмай, ұзағырақ кетіп қалған сияқты. Бір Шәкәрім төңірегінде өтетін оқиғаларды, жалпы Шәкәрім туралы айтпақ ойын созып жіберген.

  Маралтай Райымбекұлының «Жұлдыз» журналында жарияланған «Алдияр батыр» дастаны – қазақ өлеңінің құдіретін көрсететін туынды дер едік. Дастан әуелі Алдияр батырдың бозбала күнінде ағасы Тауымбетке сес көрсетуімен басталады. Сол сияқты, Алдияр батыр мен қырғыздың Сару ханының арасындағы әңгіме де сенімді шыққан. Бұл шығарма қазақпен ежелден жасасып келе жатқан эпикалық туындылардың заңды жалғасы іспеттес.

Әбжан Әбілтайдың «Жүрегімнің сүзгісі» атты кітабын да парақтап шықтық. Бұл кітапта түрлі тақырыпта жазылған өлеңдер бар. Жинақтың жартысын Сергей Есенин, Андрей Вознесенский, Евгений Евтушенко және басқа да белгілі ақындардан жасалған аударма құрап тұр. Біз ақынның төл шығармаларына тоқталайық. Бұл жерде негізінен автордың әлеуметтік тақырыптарда жазылған өлеңдері мен табиғаттың тылсым күшін бейнелейтін жырлары бар. Бірақ, ақынның әлеуметтік мәселелерді қозғаған өлеңдері бір қайнауы ішінде болып көрінді. Күнделікті тіршілікте кездесе беретін мәселе көп қой. Бірақ, оның бәрін өлеңге айналдыра беруге бола ма?

Зерікпеудің айт, емін,

Мерс мінген азамат.

Келісті екен қайтейін,

Астыңдағы қазанат.

 

Джип мінген батыр қыз,

Демейсің бе бірдеңе.

Қырық минут отырмыз,

Қамалғандай түрмеге.

Бұл ақынның «Кептеліс» деген өлеңі. Бұл өзіміз күнделікті көріп жүрген көрініс болғанымен, автор мұны «Шөп те өлең, шөңге де өлеңге» айналдырып жіберген. Болмаса «Бүгінгі өлең» деген өлеңді оқиық:

Жақсы болса, кім не дейді?

Құба-құп!

Ұрпағына, руына мұра ғып,

Жатыр қазір жергілікті баспадан

Жұрттың бәрі шатпақтарын шығарып, – деп басталады бұл өлең. Ар жағы бәріне де түсінікті шығар. Поэзия емес, публицитистика деңгейінде жазылған мәселе.

Керісінше, ақын табиғат көріністерін жырлауда көңілге қонымды суретті көз алдымызға келтіреді. Мәселен, «Қысқы көрініс» деген өлеңді алайық:

Айналаң ақ түбіттей,

Ғажап еді қар қандай.

Үлбіреген үміттей,

Ақ кіреуке армандай.

 

Әлпештеген әлемді,

Шуақты еді күн қандай!

Өмір жайлы өлеңді

Төгілтіп бір тұрғандай, – дейді. Әдемі, әсерлі жолдар.

Белгілі ақын Болат Шарахымбайдың «Кісікиік» деген жыр жинағы қолға тиді. Осы уақытқа дейін талай поэзиялық шығармаларды тудырған ақын бұл кітабында оқырманға айшықты бейнелерге, соны теңеулерге, қанық бояуларға толы шығармаларын ұсынған. Кітаптың негізгі ұстыны болып тұрған «Түп ата» деген өлеңді алайық.

Тарихы – аңыз,

Сонан соң мұраты аңыз,

Кісікиік – бұл біздің түп атамыз.

Сол кісіден тараған жер бетіне,

Бір-бір айыр бұтақпыз, сірә да біз, – дейді ақын. «Кісікиік» бұл бір жағынан тарпаң, тәкаппар, ақсүйек болмыстың нақ өзі. Тура қазақ. Одан кейін, мұндай бейнелер ақынның жүрегінде жаздың жұпар жаңбырындай себелеп тұрып, біздің, яғни оқырманның санасында жалғыздық ұғымын тудырады. Сонда бұл бір шумақтың ішінде бір-біріне бәлкім кереғар, бәлкім бір-бірімен астас бірнеше мінез бен болмыс бар.

Баян Бекетованың «Шолпы» жыр жинағына ақынның соңғы жылдары жазған түрлі тақырыптағы жырлары топтастырылған. Ақынның өлеңдері оқырманын таңғы шықтай тазалығымен, бұлақ суындай мөлдірлігімен баурап келеді.

Жаһаннамның қыспағы қақап-ақ тұр!

Бота көзі дәуреннің боталап тұр…

Жастық – базар жаратып оқысын деп,

Жас дәуренге қалдырдым махаббат жыр, – деп оқырманға ғажайып сыр ақтарып, ғажап сезім сыйлап келеді.

Ақын болу бағым ба, азабым ба?

Көріп келем қиынын, ғажабын да.

Теңіз-ойдың тереңін кешіп жүріп,

Өлең өрдім өмірлік ғазалымда, – деп, сөз өнерінің биік құдіретін, терең киесін ұғындырады. Өзі де әрбір шығармасына сол биіктен қарайды. Сондықтан да ақынның өлеңдері жанға жылы, көңілге қонымды. Жинақта ақынның жарық көрген «Әке», «Балабөген», «Балабөген!!!» және өзге де балладалары мен толғаулары өзінің көркем кеңістігімен, әдемі әуенімен де бағалы.

  Болат Үсенбаевтың «Күрең күз» атты кітабындағы өлеңдер де ел мен жердің тағдырын, адам мен қоғамның арасындағы мәселелерді көрсетуімен ерекше. Өлеңде өз үні бар ақын жан сезімін шынайы бейнелейді.

Перзентпін дала аты ұлы анаға,

Сәбимін дала – дана, ғұламаға.

Қияға да, шыңға да шарықтатқан,

Маңдайыма біткен бақ – мына дала.

 

Қарсы алар жылы қабақ, шырайменен,

Жандар бар онда момын, құдай деген.

Даламды теңей алам тұлпарменен,

Даланы салыстырам қыранменен, – дейді «Дала толғауы» өлеңінде. Қазақтың табиғатындағы далалық мінезбен бірге ақынның далалық аңсары қоса өрілген дүние. Жалпы, жалғанның жалғандығын жырламаған ақын жоқ шығар. Көңіл-күйдің толқынысын, жан-жүректің бұлқынысын жырға қоспаған ақынды да табу қиын. Десе де, Болат Үсенбаев белгілі сүрлеуге түскісі келмей, жалғанның жарығында жүрегінің ішінен өзінше жол іздейді. Оны табады.

Ақынның кейбір өлеңдерінен өзіндік мұңы мен сырын көреміз. Сол сияқты, кітаптағы «Тазалық туралы жыр», «Пендешілік», «Тіршілік туралы ой», «Уақыт» атты өлеңдерінде де ойлану ғана емес, ойланту да бар.

Ендігі бірер сөз Бөрібай Оразымбеттің «Саған…» атты кітабы туралы. Бұл жинақтың арман мен аңсардан, өкініш пен үміттен құралғанын байқадық. Өлеңдерінде автор арманын да, аңсарын да екі түрлі тәсілмен оқырманға жеткізеді. Жан-жағына, қоғамға ой көзімен қараған ақынның сөзі. Арман дейміз бе, ой дейміз бе, осы мағыналас өлеңдер бұл кітапта жетіп-артылады. Ал, екінші жағына келсек, бұл мәңгі толастамайтын махаббат тақырыбы. Мұнда да ақынның сұлулыққа, әдемілікке құштарлығы байқалады. Ақынның махаббат туралы өлеңдерінде де көңілсіз күйректік, болмашы пессимизм жоқ.

Ойлайсың ба сен-дағы күнде мені?

Көшкен бұлттай кешкілік үн келеді.

Тал бойыңда жусанның иісі бар,

Ұзатпайтын жаныңнан мүлде мені, – дейтіні де сол. Өз пікірімізше, кітаптағы барлық өлеңдерді сәтті шыққан дей алмаймыз. Бұл ретте тек бір өлеңге ғана тоқталайық. «Мақпал түн» деген өлеңінде автор былай дейді. (Автордың өзі «эротика тілімен» деп қойыпты).

Көк шаншытып жіберсем «құйынымды»,

Аралайды ұлпаң мен ұйығыңды.

Тамшы қанын жанымның қабылдауға,

Жасушаң да оянар ұйығулы, – деп басталуынан-ақ сәтті шықпаған дүние екені көрінеді. Мұндай тәсіл жалпы әдебиетте бар болғанымен, бұл жерде автор өлеңді ойдағыдай жаза алмаған. Қаламын ғана қызықтап, біржақты құмарлық сезімді баяндап қана шыққан. Мұның кітаптағы кейбір жақсы жырлардың сынын бұзып тұрғанын айта кету ләзім.

  Алмас Темірбай екі мыңыншы жылдардың басында қазақ өлеңіне өз өрнегімен келген танымал ақын. Үнемі ізденіс үстінде жүретін, кітаптан кітапқа рухани өсу үстінде болатын ақынның жыр сапарынан жинаған тағы бір мол қазынасы «Жекебатыр» кітабы. Жинақтың алғысөзін Исраил Сапарбай жазыпты. Алмас ақынның бұл кітабында ой, сезім, рух, намыс сияқты көрнекті ұғымдар жетерлік. Мұның барлығы да қазақтың бойында бар қасиет. Ұлттың жанының түкпірінде жасырынған сол киелі кереметтерді ақын өзінің ой кеңістігінде қорытып, талғам дүниесінде таразылап барып қана оқырманға ұсынады.

Жалған-дүние, шынымен, жалған шығар,

Өткен күндер… әй, енді арман шығар?!.

Құдай жайлы атам көп айтушы еді,

Құдайды іздеп, жұмаққа барған шығар.

«Атажұртқа барар жолда…» деген өлеңдегі осы бір шумақта-ақ қазақтың өмір сүру қағидасы, наным-сенімі, тіпті, үміті де бар. Ақын көз алдымыздағы бұл суретті «Гегемония» деген өлеңінде де өзге қырынан түрлендіре түседі.

Туған соң мұсылманның баласынан,

Сезем де бір сұмдықты, аласұрам.

Қанталап Күннің көзі көрінеді

Шайтанның қос мүйізі арасынан.

Міне, бояуы қанық сурет, нысанасын дәл тапқан сөз. Ертедегі сеніміміз десек те, бүгінгі тіршілігіміз десек те болатындай. Жалпы, Алмас Темірбайдың жырларында Алланы іздеу, әлемнің дертін тап басу, адамның құпиясына үңілу сияқты сан-салалы ерекшелік бар. Алланы іздеу дегенде, дінге ғана байланып қалу, оны уағыздау емес, қазақтың танымындағы иман, обал, сауап деген дүниелерді еске салу.

Саят Қамшыгердің «Тебе…Һиңә…Саған…» атты жыр жинағы Уфа қаласынан шыққан. Үш мың таралыммен жарық көрген бұл жинаққа ақынның қазақ тіліндегі 61 өлеңі еніпті. Сондай-ақ, орыс тіліне аударылған 20 өлеңі, башқұр тіліне тәржімаланған 42 өлеңі енген. Алматыда, Мәскеуде, Уфада осы кітаптың биыл тұсауы кесілгенін көпшілік баспасөз беттерінен, әлеуметтік желілерден оқып, біліп отыр.

Нәсіпқали Сейітовтың «Тоқтық пен жоқтық» атты жинағында да түрлі тақырыпты қамтыған шығармалар бар. Лирикалық өлеңдермен қатар, тарихи тақырыптарға жазған дүниелері де баршылық екен. «Сарайшық» циклінде автор қазақ даласындағы осы бір тұғырлы тарихи орынды өз пайымымен жырға қосады.

Өтсе де сан ғасырлар бастан асып

Белгілі ұрпақ ұмыт тастамасы.

Қазақта сен бүгінде киелі орын –

Сарайшық – Ұлттың тұңғыш астанасы; немесе:

Алтын Орда – тегіміз. Мақтанамыз.

Сан алуан тарихы – жатқан аңыз, – деген жолдарында ақын қазақ даласының тарихи тағдырын көрсетеді. Жалпы, кітаптың негізгі мазмұны тарихты тануға, өткенді насихаттауға арналған. Сондай-ақ, жинақта автордың ел тағдырына алаңдаушылық танытып, қоғамға наз айтуы да көбірек. Мәселен:

Ел тыныш, жұрт аманда жұтаңдатып өмірді,

Жадағайлап өрімді, төмендетіп төрімді,

Құнсыз қылып білімді, алаңдатып көңілді

Сауатсыздық бүгінде біздің елде өріп жүр;

немесе:

Үміт емес, күдік боп теңдегені

Заман көші зердені тарықтырды.

Ізгілікке із кескен пенделерін

Шатастырды, шаршатты, жалықтырды, – деген жолдарынан бір қарсылықты көреміз. Әйтсе де, автордың мұндай шығармаларында поэтикалық қуат бар деу қиын.

Мұрат Бекейдің «Қыңырақ» жинағына алуан тақырыптағы бірқатар өлеңдерімен қатар, Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» туындысының желісімен жазылған «Найман Ана» поэмасы енген. Кітапқа Ханбибі Есенқарақызы пікір білдірген екен. Біз де өз тарапымыздан ақын шығармаларын сараптап көрелік. Қазақта көктем туралы өлең көп. Мұрат Бекей өз көзқарасындағы көктемді жырлайды.

Гүлін тағып өскен жер өңіріне,

Діріл дарып желікті жел үніне.

Көкжиектен көштерін жамыратып,

Көктем келді тағы бір өміріме, – дейді. Ақынның бұл көктемінде сағыныш бар, мұң бар. Соңы үмітке ұласады.

Жыл құсының бақыты бұйырмаған,

Қатарымнан көп екен жоғалтқаным, – дейді. Ақын жанын қозғаған мұң:

Шуақта ұзақ қарадым

Әпіл-тәпіл

Қадам басқан өмірге нәрестеге, – деген үмітпен түйінделеді. Ақынның әрбір өлеңіне талғаммен қарайтынын аңғаруға болады. Сөйтіп, кез-келген тақырыпты өзінше қорытып, өзінше жырлайды.

Ақынның «Жазираны жастанып сағым өлді» («Не болмады»), «Жұлдыз біткен аянышпен қарайды» («Пирамидалар»), «Жасын болып жебесі адырнадан, қараулықтың құрсауын қиып кетті» («Экспромт») деген жолдардағы орынды теңеулер де кітаптың шырайын ашып тұр.

Мұхтархан Қалиұлының «Ғажайып әлем – жыр әлем» атты жинағынан байқағанымыз, автор айтпақ ойын оқиға арқылы өрбітуге бейім екен. Бұдан бөлек, ақынның эпикалық жанрда еңбек етіп жүргенін аңғарамыз. Бұл сөзімізге «Алжан ата», «Құлақасқа» сияқты шығармалары дәлел. Мәселен, «Тірлігімнің тұғырысың – туған тіл!» балладасында бір ғұламаның өмірі арқылы айтпақ ойын жеткізеді. Қазынаның кілтін іздеу, ғұламаның шәкіртке ана тілін білу керектігі туралы өсиеті баяндалады. Алайда, мұндағы кейбір жолдарды өлең талабына сай келеді деп айта алмас едік.

Өмір сүрді тіл мен қоғам қамын жеп,

Жандыра алмай сөнген қоламтаны үрлеп.

Ана тілін кеткен жұртқа ұмытып,

Өз тіліне қайтіп оралтамын деп, – деген жолдарда ой дұрыс болғанымен, жеткізу шеберлігі кемшін түсіп тұр.

Енді Суанбай Жантасов пен Меруерт Жартыбаеваның «Жаратқаннан жүреміз тек жыр тілеп» атты жинағы туралы бірер сөз. Суанбай Жантасов өз өлеңдерінде адам мен заман арасындағы байланысты жырлайды. Кейбір құбылыстарды сын тезіне алып отырады. «Ей, жас ұрпақ» өлеңінде:

Келбетінде бақ пен бақыт бес елі,

Кітапқұмар жандар қайда кешегі?

Бүгінгі ұрпақ компьютерге тесіліп,

Бізге кітап керегі жоқ деседі, – деп, өзінің беймаза халін жеткізеді. Әсілі, бұл қоғамда айтылып жүрген мәселе болғанымен, әркімнің өз ойын айтуға, жазуға құқы бар.

Бірақ, автордың «Миымды сатам» деген өлеңі түсініксіз.

Қалың елім, Қазағым,

Намысың қайда, намысың?

Ағайын алар жан болса,

Миымды сатам, миымды.

Осылай кете береді. Алдыңғы өлеңдерден көркемдігі төмен, көмескі. Сондай-ақ, «Күміс келін…», «Өмір-ай, әттең!», «Кейбір күні…» сияқты өлеңдер де поэзия талаптарына жауап бере алмайды.

Енді осы кітаптағы Меруерт Жартыбаеваның өлеңдеріне келейік. Шығармаларынан ізгілікке, жақсылыққа құштарлық аңғарылады.

О, адамдар, тұрыңдар!

Жар салыңдар,

Таң келеді арайлап, қарсы алыңдар.

Тіршілікті оятып маужыраған,

Кәнеки бір көңілді ән салыңдар, – дейді «Таң келеді арайлап…» өлеңінде. Бұл өлең де ақын жанының жақсылыққа ұмтылуынан, айналаға ақ шуақ мейіріммен қарауынан туған болса керек. Сол сияқты, ақынның «Желінді бұлт…», «Табылмайды өмірде…» сияқты өлеңдері де атап өтуге тұрарлық. Дегенмен, «Құдаларым…», «Әй, қазақтың қыздары-ай!» өлеңдері асығыс, үстірт жазылған дүниелер дер едік.

Кейінгі кезде көрініп жүрген жас таланттың бірі Абай Ораз. Ақынның «Бебеу» атты тұңғыш жинағындағы өлеңдер Абайдың жарқын болашағын көрсетеді. Ең бастысы – өлеңдері табиғи. Шығармаларынан індетіп ізденетіні, сол ізденісін өзінше байыптап, өзгенің сорабына түсіп кетпей, өзінше жол табуға талпынатыны көрінеді. Ол «Бесікмола» деген өлеңінде де бұл қалыптан айнымайды.

Өлара келсе өткелді кешер біз едік,

Жылқымен қоса жүз жусап және жүз өріп.

Айғыр қуалап сылтып басатын көк құнан,

Ағып кетіпті, аңғардың қалың мұзы еріп.

Сөйтіп келіп, өлеңнің соңында Сейтен шалдың қайғысын оқырманның таразысына қалдырады. Бұл өлең отызыншы жылдардағы қарашешектен сәбилердің қынадай қырылғаны туралы қасіретті баян.

Қайран қалам!

Атқа шауып, баладай бәйге алмаған.

Сынығы едім тұлпарлар тұяғының,

Құлын едім желіге байланбаған! – деп те өзінің жүрек сөзін жасқанбай айтады. Осы өлеңі арқылы еркіндікті жырға қосады. «Қара кемпір» поэмасында да қазақ халқының басынан өткен қасіретті жылдарды қара өлең тілімен өрнектейді.

Көк трактор гүрілдеп қырда оталып,

Керосині атқақтап күлге тамып.

Өрт қаулады – жұрт дел-сал, ырду-дырду,

Бұл не зауал, о, тоба, бұл не тамұқ?!

Қорқынышты сурет, бірақ бұл кешегі күннің шындығы. Қашып құтыла алмайтын қасірет. Ары қарай тәлкекке түскен түрлі тағдыр, апат, қайғы, нәубет. Жас ақын мұның бәрін жүрек жасын төгіп, тебірене жырлайды.

Сонымен қатар, оқырман қауым Қасымхан Бегманов, Светқали Нұржан, Бауыржан Жақып, Бауыржан Бабажанұлы, Дәурен Берікқажыұлы, Қалқаман Сарин, Танакөз Толқынқызы, Сағыныш Намазшамова және өзге де белгілі ақындардың да мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған жырларын оқып келеді. Әрбір ақынның жаныңа жыл құсындай жылылық сыйлайтын өрісі бөлек өлеңдері әдебиеттің жоғары табысы.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір