САТИРИКТЕР ТҮЙЕ ДЕ, БИЕ ДЕ СҰРАМАЙДЫ
02.12.2021
1294
0

Үміт ЗҰЛХАРОВА, сатирик


 Сатираның бастауы өмірден, қоғамдағы болып жатқан келеңсіз жағдайлардан негіз алады. Әр кезеңде қоғамда көрінетін басты мәселелер сатирада да өз көрінісін, бейнесін тауып жатады. Сондықтан сатира – ескірмейтін жанр.

Мысалы, жалқаулық, пайдакүнемдік, масылдық, сараңдық, жемқорлық бұған дейін де болған, қазір де бар. Ал осындай кемшіліктер бар кезде оны сынайтын сатира да болады. Бұл орайда М.Әуезов: «Сатира әсте өмір шындығынан тыс тұрған жағдайдан тумайды. Қайта өмірдегі мол міннен, сан сорақыдан, көп көргенсіздіктен туады…» – деген пікір айтқан.

Жалпы сатира туралы айтқанда Совет дәуірінде сатирасы күллі елге мәшһүр болған Оспанхан Әубәкіров, Садықбек Адамбеков, Жүсіп Алтайбаев, Қайнекей Жармағанбетов, Шона Смаханұлы, Қалтай Мұхамеджанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Нұрғазы Шәкеев, Сейіт Кенжеахметұлы, Тоқтархан Шәріпжанов, Сайымжан Еркебаев, Бейсебай Кірісбаев, Үмбетбай Уайдин, Ғаббас Қабышұлы, Сақтапберген Әлжік, Мыңбай Рәш, Қажытай Ілияс, т.б. азуы алты қарыс сықақшыларымыз алдымен ауызға ілігеді. Осы кісілердің соңынан ерген сатириктер – Көпен Әмірбек, Толымбек Әлімбек, Қазыхан Әшен, Ермахан Шайхы, Берік Садыр, Еркін Жаппасұлы, Кәдірбек Құныпияұлы, Алпысбай Боранбайұлы, Мұхтар Шерім т.б. ағаларымыз да халыққа кеңінен танымал. Ал есімін бүкіл Қазақстан білмесе де, облысында, ауданында танымал, қаншама кітаптардың авторы болып, жап-жақсы сатираларымен елді күлкіге де қарық қылып, сынап та жүрген Аймұханбет Бейсембеков, Нұрмахан Елтай, Дамир Әбішев, Төрежан Мәндібай, Александр Алхан т.б. сынды қаншама сатириктеріміз бар.

Біреулер заманға өкпе айтады, біреулер Үкіметке ренжиді. «Жағдай жасамады, қаржылай көмек бермеді, қолдамады, көтермеді», – дейді. Ал біздің бір шоғыр ғана сатириктеріміз өкпе-ренішке қойны-қонышын толтырмай, «битке өкпелеп тонын отқа жақпай», қоңыр тіршілігін – сатирасының сорпасын бабымен қайнатып, көпшілікті үздіксіз күлкімен көмкеруін тоқтатқан емес. «Қайтпас қайсар қалайы солдат» деген ертегіні оқып едік бала күнімізде. Сол ертегідегі солдаттар сияқты «қайтпас қайсар қалайы» қаламгерлер деп әлі күнге сатираның ыстық-суығына төзіп, жазуынан жаңылмаған Ғаббас Қабышұлы, Көпен Әмірбек, Толымбек Әлімбек, Ермахан Шайхы, Қазыхан Әшен т.б. ағаларымызды айтса болады. Сатираның осындай қайтпас қайсар солдаттары тұрғанда «сатира жоқ» деу, «ешкім жазбайды» деу артық болар.

Олардың ізін қуған Қанағат Әбілқайыр, Қанат Ескендір сияқты жас буын сатириктеріміз де өзіңдік қолтаңбаларын қалыптастырып үлгерді. Жас сатириктер деп аталып жүрген бұл жазушылардың  өзі ендігі қырықтың қырқасынан асып кетіпті. Ал олардың соңынан ерген сатириктер бар ма? Қазіргі заман сатирасы қандай? Осы сұраққа жауап таппай тосылып қалатынымыз рас.

Бірақ бұл қазақ сатирасын жоққа шығару емес. Бүгінде сатираның тек формасы өзгерді. Бұрынғы фельетон, памфлет, эпиграмма, пародиялар қазір басқаша сипат алғанымен, ел арасында сын да, сатира, юмор да бар.

Бүгінде жазудан гөрі көзбен көріп, құлақпен есту оқырманға қолайлы. Сондықтан әзілдің қойылымдық, телеарналық түрі, әлеуметтік желіде көп таралған қысқа-нұсқа әзіл-сықақ роликтер халыққа өтімді болып тұр. Тек, күлкінің ғана емес, сынға ілетін тақырыптардың да ауқымы үлкейсе, отбасы-ошақ қасынан ұзасақ деген тілек бар. Ал, фейсбук желісінде уытты әзілдерімен оқырманын баурап алатын Ерлан Оспан, Бейбіт Сарыбай сынды қыршаңқы авторларымызды көпшілік іздеп жүріп оқиды.

Сондықтан келмеске кеткен жанрларымызды аңсап, бұрынғы сатира енді жоқ деп еңсені түсіруге болмас. Қазір жылдамдық заманы. Қысқа-нұсқа, жылдам көріп шығатын, жылдам оқылатын әзіл-қалжыңнан кенде емеспіз.

Тілінің тікені бар маңғыстаулық сатирик Нұрлыбек Жұбатқанның күлкіні «құшақтап», шенеуніктерді «пышақтап» келе жатқанына ширек ғасыр болыпты. Бұған дейін «Ауылдағы айтқыштар», «Қатираның құрт зауыты» кітаптарын оқырманға ұсынған автор әзіл-сықақ дүниелерін топтап, «Түйреуіш» деген жаңа туындысын шығарыпты. Тілі жеңіл, оқиғасы әзілмен өрілген жинақ тез оқылады, тілі ойнақы. Ол қаншама жыл сатира деп маңдайының терін бес төгіп жүрген майталманның бірі. Өзі режиссер, өзі сатирик, өзі актер… деп кете береді. Оның жергілікті телеарнада ашқан «Қышқыл мысқыл» бағдарламасы маңғыстаулықтарды әзіл-қалжыңмен сусындатып келе жатқанына біраз болды. «Екі езу» театры қаншама қиындыққа қарамай ширек ғасыр бойы жұмысын тоқтатқан жоқ.

Қаншама жыл қажымай-талмай сатираның сорпасын сапырып жүрген Мұхтар Шерім тек Түркістан облысына емес, бүкіл қазақ оқырманына мәшһүр десек болады. Ол кісінің қаламынан туған әрбір сатиралық әңгіме – қазіргі қоғамдағы келеңсіздіктерге қарсы қару, қоғам дертіне ем боларлық жазбалар. Сынын оқып рахаттанасың. Әзілін оқып еріксіз жымиясың, кейде қынжыласың. Мұхтар ағамыз да тек жазумен шектелмей, заман көшінен қалмай театр ашып, әлеуметтік желіні меңгеріп, интернет арқылы сатираларын көпшілікке танытып жүр. Тіпті өзінің ашып алған «Күлкі» атты сайты да бар. Мұхтар Шерімнің сатиралары өзекті де өткір, тек қана күлдіріп қоймай, қоғамдағы кемшіліктер мен келеңсіздіктерді оңдырмай сынайды. Алған сый-сыяпаттары мен атақтары көп болмағанымен, есімінің өзі жер жарады. Ол кісі үшін атақ деген – оқырманның шынайы бағасы. Осы орайда айта кетерлік бір нәрсе, осындай сатираның тасын өрге домалатып жүрген, әдебиеттің сатира сынды бірегей жанрына қаншама жылдардан бері қалам тербеп келе жатқан талантты ағалар әлі күнге өз бағасын ала алмай жүр. Сыпайылық сақтап, «сатириктер тоқалдан туған сияқты» деп емексіткені ғана болмаса, бұл кісі ешқашан мен бағаланбадым, сый-сыяпат алмадым деп ешкімге базынасын айтпапты. Бүгінде өзінің «Мистер Мұхтар» атты театрын құрған ағамыз кәсіби тұрғыда әзіл-оспақ театрын жолға қоямын деп ақ тер, көк тер болып жүрген жайы бар.

Сатирада әлі күнге жазуынан жаңылмай, қажымай-талмай жүрген сатириктердің бірі – Ермахан Шайхы туралы ерекше тоқталып өткім келеді.  Қаншама жылдан бері республикалық біршама басылымның сатира қосымшасының әрін кіргізіп, бойына қан жүгіртіп, оқырманға газетті алдыңғы бетінен бастап емес, соңғы бетінен бастап «ашқызып» келген Ермахан аға өзі қызмет еткен басылымдардың шырайын кіргізген сықақшы-журналист. Сонау жылдары «Жас Алаштың» «Бір түрлі бетінен» бастау алған Ерекеңнің ізі «Егемен Қазақстанның», «Дала мен Қаланың», «50-де 50»-дің, «Айқап»-тың, «Айқын»-ның беттерінде сайрап жатыр. Қызықты да тартымды «Жатыпатар», «Қисық қоржын», «Қисық қалам», «5-ші жатақхана» сынды әзіл-қалжың беттерін жүргізіп, ел-жұрттың езуін күлкіден айырмады. Ол кісі қолға алған басылымның бір бұрышы қалайда халықты шек-сілесін қатыра күлдіріп, оқырманды өзіне тарта білді. Ермахан ағаның көпшілік сүйсініп оқитын «Бір түрлі кітап», «Жатыпатар», «Ауыз тие отырыңыз», «Қазіргі қазақ сатирасы», «Мынауың жынды екен» атты кітаптары қатарын жақында толықтырған тағы бір туынды – «Атақты айтқыштар». Кітапта қазақтың қабырғалы қаламгерлері Тайыр Жароков, Мұқағали Мақатаев, Мұзафар Әлімбаев сынды, сондай-ақ әріптестерінің, тіпті сонау ауылдағы айтқыштар мен кішкентай айтқыштардың да тауып айтқан, қисынын келтіріп, келістіріп айтқан әзіл-қалжыңдары топтастырылған. Ермахан ағаның өзге қалжыңдары бір төбе де, өзінің айтқыштығы бір төбе. Яғни, «автордың өзі де айтқыш» екені рас.

«Ерінбей Ермаханды оқыңыз. Бастасаңыз болды – бас алмайсыз. Қарлы борандай қалжың, ұйытқып соққан ұтымды да ұтқыр тіркестер шаш етектен. Шашылып жатыр, жинап-теріп оқи біл, көңіліңе тоқи біл», – дейді әріптесі жайында Көпен Әмірбек ағамыз. Рас, қазіргі қазақ сатирасында Ермахан ағаның ойып алар орны бар.

Жалпы, сатириктер қауымы көп сұрамайды. «Түйе сұрасаң, бие берер» деген емексу жоқ. Алдымен сатирасын жазып, өзін шыңдап, халыққа танылып барып, еңбегінің жемісін күтетіні бар.

Сондықтан «Сатира жоқ» деп қызылкеңірдек боп жүргендердің әңгімесіне қарамай, «тоқырады, тоқтады» деген сөздерді де елең қылмай, сүйікті сатирасын сүйсіне жазып, үзбей ізденіп келе жатқан сатириктеріміз қашан да үлкен құрметке лайық деп білемін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір