Өміржан Сейсенқұл. Бейжің күзі
19.11.2021
4063
0

(әңгіме)

Сәуірдің соңы. Бейжің аспанынан жөңкіліп жататын көктемнің көңілшек бұлттарынан мамырдың майда самалы еседі. Кеңседе әлдебір нәрсеге күйбеңдеп жалғыз отыр едім, кенет есік қағылды. Бұл кім болды екен деп ашық тұрған есікке көз тастағаным сол еді, талдырмаш бойлы, аққұба өңді қазақтың қос аруына көзім түсті. Өз көзіме өзім сенбей сілейіп тұрып қалған менің ойымды қос бұрымын бұлғаңдатқан, бота көзді, сұңғақ бойлы қыздың «Сәлеметсіз бе?» деген сыпайы үні бұзды.

– Сәлеметсіздер! – дедім өзге сөзге тілім күрмеліп.

– Ағай, біз Ұлттар баспасын іздеп жүр едік.

– Іздегендерің осы жер. Не бұйымтаймен жүрсіңдер, айта қойыңдар!

Сызыла тіл қатып, сыпайы кейіпке қалай еніп кеткенімді байқамай қалдым. Аққұба, ақ көйлекті арудың жанындағы қос бұрымды қыз өжет мінезді көрінді. Елпек, ақжарқын жан екен. Сұрағым аузымнан шыға бере тақ етіп жауап бере қояды.

– Ағай, біз Орталық ұлттар университетінің студенттеріміз.

– Бәрекелді. Мұндай қонақ күнде келе бермейді. Төрлетіңдер, – дедім елпеңдеп. – Шөлдеген боларсыңдар, күн шыжып кетті ғой, – деп қоямын өзімнің бір ысып, бір суып, әбігерге түскенімді жасырып. Қыздар да сызыла кеп мен нұсқаған орынға жайғасты. Жанарым ақкөйлекті қыздың мойыл көзіне түйіскен сайын не істерімді білмей, бөлме ішінен әлдебір жоғалтқанымды іздегендей тыпырлай бердім. Кенет қос бұрымды қыз:

– Ағай, неге әуре болдыңыз! Біз қарапайым студентпіз ғой. Мұнша ізет көрсеткеніңіз қалай болар екен, – деді қулана. Әупірімде не дерімді білмей сасқалақтап қалдым да:

– Дұрыс айтасың, – деппін «сасқан үйрек артымен жүзедінің» керін қып. Екі қыз сықылықтай күлді. Кірерге тесік таппай қара терге малшындым. Қос бұрымды қу қыз бірдеңе сезетіндей әдейі тисіп, қалжыңмен қағытып барады.

– Ағай, сіз де осында жұмыс істейсіз бе? Біз бұл жерде ыңғай үлкен кісілер қызмет ететін болар деп ойлап едік, – деді жымиып. Ақ көйлекті ару құрбысын бүйірінен түріп, «қойсаңшы» дегендей ым қақты. Оған менің жаным кіріп, аздап сабыр сақтай бастадым. Бір жағы қу қыздардың мені жас деп бойына тоғытпай тұрғанына намыстандым білем:

– Иә, мұнда жас та, жасамыс та, ақсақал да, көксақал да бар. Сізге қайсысы керек? – дедім сөз тапқансып. Қыздар күлімсірей төмен қарады. Арада аз-кем үнсіздік орнады. Бөлме ішін үнсіздік жайлаған сайын жүрегімнің дүрсілі өзіме ғана емес, ақ көйлекті аруға да анық естілетіндей ыңғайсыздандым да үнсіздікті өзім бұздым:

– Қыздар, мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл деген. Аты-жөндеріңді айта отырыңдар!

Таныстықты әзілкеш қыз бастады.

– Менің есімім – Жансая, ал құрбымның аты – Аққаз.

Көзім Аққаздың жанарына түйісе беріп еді, ұлпа қардай ұялшақ қыз көзін тайдырып әкетті.

Арадағы қас-қағым сәттік үнсіздікті тағы өзім бұздым.

– Іздегендерің қай кітап еді? – дедім Жансаяға қарап. Ол күлімсірей:

– Ағай, біздікі сол әдеби кітаптар… Жаңа шыққан романдар болса тіптен жақсы еді, – деді үзіле тіл қатып.

– Романның да романтикасы, детективі, шындыққа құрылғаны, тарихи тақырыптарды қаузайтыны мен мөлдір махабатты майдай балқытатыны бар ғой, қыздар!

– Біз ауылдан жаңа келген қыздармыз, ағай! Жақсы кітаптар қиырдағы алыс ауылға жете бермейді, – деді Жансая әдепкі елгезектігін танытып. Әңгіме салмақты тақырыпқа енді ойыса бастады. Мен де бұл шындықты мойындағандай:

– Иә, дұрыс айтасың. Ауылда жөнді кітапхана да жоқ қой. Біз шығарған кітаптар алыстағы қиыр жайлаған малшы-диқаншы қауымның қолына тие бермейді, – дедім. Осы сөзді айтуын айттым-ақ деп Аққазға көз тастап едім, мойыл көзін мұң торлай қалыпты. Биязы жымиып отырған сәтін сәтке болса да сағынып кеттім білем, сөзді әзілге бұрдым.

– Дегенмен өздеріңдей кітапқұмар қыздар барда неден алаңдаймыз. Өздерің оқыған кітаптарыңды ауылға арқалай кетсеңдер, бір кітапхана жасақталып та қалар, – дедім. Қыздар сәл де болса жымиып, мәз боп қалды.

– Ағай, ойыңыздың тезірек орындалғанын қаласаңыз, онда бізге кітаптарыңызды көрсетіңіз, – деді Жансая әдепкі әзілкештігімен. Сонда ғана бар ойымның Аққазға ауып, басты міндетімді ұмытқанымды сездім. Орнымнан сасқалақтай тұрып, қыздарды кітап қоймасына қарай бастадым.

Баспаға кітап іздеп келетін кісі қарасы көп болғанымен, мынадай уыз жүзінен ауылдың исі аңқитын ару қыздар сирек. Аққазға жанарым түйіскен сайын жүрек құрғыр дүрсіл қағады. Неге екенін қайдам, қолыма алғашқы іліккені Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» атты кітабы болды.

– Міне, қыздар! Кітап деген жетеді. Қараңыздаршы, бұл Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары», – деп, аталған кітапты Аққаздың қолына ұстата қойыппын. Бұл қылығымды сырттай бағып тұрған Жансая:

– Ағай, өзіңіз «Махаббат қызық мол жылдарды» оқып па едіңіз, – деді. Астарлы сұраққа аяқ астынан сөз таппай төменшіктей бердім. Екі бетімнің оты шығып, алаулап барады. Өз қылығымнан өзім ұялып, жүрегімнің дүрсілі тағы да үдей түсті.

– Иә, оқыдық қой, – дедім сөз таба алмай. – Шынайы махаббатты, шын сүюді үйрететін үлкен шығарма ғой.

Шынын айтсам, осы уақытқа дейін шын сүюдің не екенін сезінбеген секілдімін. Онда «Махаббат қызық мол жылдарды» оқығанымнан не пайда? Көзімді Аққазға қададым. Ол аса ыждағатты түрде «Махаббат қызық мол жылдарға» үңіліп кеткен екен. Үнсіздікті Жансая бұзды:

– Аққаз, «Махаббат қызық мол жылдарды» кітапхананың қоймасында бастамайтын боларсың. Керек кітаптарымызды көріп алайық, әуелі, – деді сықылықтай күліп. Аққаздың аққұба жүзіне алқызыл алау от ойнап шыға келді. Ұяла жымиғанда қос бетінің шұқыры көрініп, сұлулана түседі екен. Күлкісін тез жия қойған Аққаз бұртия қалды да:

– Жансая-ау, ағайды әбден ұялтып біттің ғой, – деді нәзік сазды үнмен. Құлағымнан кірген назды үн жүрегімді дүбірге бөлеп барады. Әрі қарай қай кітапты көрсетіп, қай кітапты таныстырғанымды өзім де анық білмеймін. Бір сәт Аққаздың:

– Ағай, мен «Махаббат қызық мол жылдарды» сатып алайын, – деген үні есімді жидырды. Жансая да өзіне қажетті бірнеше кітапты сатып алды.

– Ағай, университетке жолыңыз түссе, хабарласыңыз, – деген Жансаяның көтеріңкі үні ғана олардың кетіп бара жатқанын есіме салды. Жалт қарағаным сол еді, Аққаздың ақсұңқар құстай қайрылып қарағаны естен біржолата тандырып тынды. Сол күннен бастап жүрген жүріс, күлген күлкінің бәрі Аққаз бейнесімен астасып кеткендей болды. Аққазды іздеп Орталық ұлттар университетіне барайын десем, телефон нөмірлерін де алмаппын. «Жүсіп-Зылиқа» дастанында Жүсіптің нұрлы жүзін көрген жан есінен танатыны бар емес пе? Мен Аққаздың ай дидарына мас болған секілдімін. Өзегіме ғашықтықтың бал шарабы құйылып, мең-зең күй кешкендеймін.

Бейжіңде мамырдың соңынан тамызға дейін созылатын дымқыл қапырық басталған шақ. Мұндайда Бейжің халқы өзге өлкелерге, тіпті, шетел асып демалуға ағылады. Студенттер жаздық оқу маусымын аяқтап ауылға қайтуға асығады. Ал «Ұлттар баспасы» қауырт тірліктің қамына кіріседі. Яғни, жыл сайынғы дәстүрлі іс-шара – университеттерге, халық көп жүретін алаңдар мен саябақтарға кітап жәрмеңкелерін ұйымдастырады. «Май тілесең, міне құйрық» дегендей, басшылық маған  Орталық ұлттар университетіне кітап жәрмеңкесін ұйымдастыруды тапсырды. Қуана келісіп, таң бозынан кітаптарымды арқалап Орталық Ұлттар Университетіне жеттім. Келе сала университеттің студенттер жиі жүретін алаңқайына жәрмеңкемді жаюға кірісіп кеттім. Күйбеңдеп, кітаптарды реттеп жатқанымда ту сыртымнан «Сәлеметсіз бе, ағай?» деген таныс дауыс елең еткізді. Жалт бұрылып қарасам, сол баяғы екі қыз күлімсіреп тұр. Қапырық пен қауырт тірлік қосылып, мазам қашып тұр еді, көңілденіп сала бердім.

– Сәлеметсіңдер ме, – дедім қуана жымиып.

– Ағай, көмек керек пе? – деді Жансая елпектік танытып. Мен көп ойланбастан:

– Өздеріңдей көмекшілерім болса, менен бақытты кім бар дейсің, – дедім әзілдеп. Не де болса көмекшіге жаритын болдым деп ойладым іштей. Бір жағы сағынып, сарғайып жүрген Аққазбен жақын танысып, тілдесудің мүмкіндігі туады дегендей. Қыздар ә дегенше кітаптарды реттеп, студенттермен саудаласып, кітаптарымның бір бүйірін орталап үлгерді. Екі көзім Аққазда болса да, кітаптарымның тез өтіп жатқанына қуанып мен тұрмын. Түс ауа жәрмеңкеге әкелген кітаптарымның түбі көріне бастады. Жансая қуланып:

– Ағай, кітаптарыңыз бітуге таяды. Біз бір күн бойы күнге қақталғанда, өтеуі қалай болады? – деді. Мен:

– Қалағандарыңды алыңдар! Сендерге тегін, – дедім мардымсып. Қыздар қуанып, өздеріне қажетті кітаптарды бөлектеу қойып жатты. Аққаздың көбіне махаббат туралы кітаптарды ұстап, ішкі мазмұнына көбірек үңілетіні жанымды жылытып барады. Бір сәт Жансая Аққазға әзілдеп:

– Аққаз-ау, сен әлі де махаббат туралы кітаптарды іздеп жүрсің бе? – деді. Аққаздың алма жүзіне тағы да алқызыл от алаулап шыға келді. – Айтпақшы, ағай, сізден алған «Махаббат қызық мол жылдарды» оқығалы бері Аққаз құрбым өзгеріп жүр. Екі сөзінің бірі махаббат, Меңтай мен Ербол, сізді де аузынан тастамайды, – деді үстемелеп.

– Қойшы, Жансая! Айтпа деп ем ғой, – деп Аққаз нарттай қызарып кетті. Жансаяның сөзі майдай жағып барады. Әсіресе, «аузынан тастамайды» дегені құлақ түбімде жаңғырып тұрып алды. Аққазды көргелі бері менің де жүрегімде жанартау атылып, жан әлемім балқып-еріп жатқанын сезер ме екен десеңші!

Осы бір кітап жәрмеңкесі Аққазды маған жақындата түскендей болды. Көне шаһардың тарихқа тұнған көшелері бізді бітпес сапарға жетелейтіндей. Қарт емендердің селдір тұстарынан ай сәулесі сығалайды. Қарт еменнің жапырағы сыбдыр қағып, бізге бақыт тілейтіндей. Кейде Терістіктің тынбай соғатын сары желі құшағымызға сумаңдай еніп, махаббатымызды суытқысы келетіндей. Бірақ біз одан бетер бір-бірімізді құшырлана құшақтап, қыса түсеміз. Әсіресе, Аққаз өте сезімтал жан. Жапырақтың сыбдырына құлақ түреді, лүп еткен самал желге маңдайын тосады. Алқара көктен айдың сүттей сәулесі жүзімізді өпсе, соған жүрегі елжірейді. Айдын көлдің самалмен тербелген толқынына мейірлене қарайды. Мезгілсіз үзілген жапырақтың өзіне көңілі жабырқап, мойыл көзіне мұң ұялай қалады. Кейде: «тіршілік шіркін, тоқтаусыз болсайшы!» – дейді күрсініп.

– Меңтай мен Ербол қосылыпты ғой, – деді бірде иығыма басын сүйеп.

– Иә, қосылған…

– Шын сүйгендер қосылмайды деуші еді…

– Ол жай айтыла салған сөз ғой, Аққазжан!

– «Ештеңе де себепсіз айтылмайды» дейтін әжем…

Мен үнсіз қалдым. Екеуміз ұзақ үнсіз отырдық. Сол күні біз ештеңе айтпаған секілдіміз. Сол күннің ертесінде Аққаз ауылына аттанды.

Бейжіңдегі бұл жаз тым ұзаққа созылғандай болды. Сағат санап, телефонмен хабарласып тұрсақ та сағынышымыз маздап, жолығуға, жүздесуге асығатынбыз. Бірде «Мен жайлауға келдім. Мұнда телефон дұрыс қабылдамайды. Бірер күннен соң хабарласамын» деп келтехат жолдапты. Уақыт шіркіннің мұндайда сағыздай созылатыны бар ғой. Бірер күннен соң тағатым таусылып, қоңырау шалсам, «хабарласу аясынан тыс жерде» деп телефон операторы сұңқылдайды ар жағынан. Телефон операторының осы бір жайбарақат үні тынышымды қашырды. Тағатым таусылып Жансая құрбысына хабарластым. Ол да біраз күннен бері Аққаздан хабарсыз қалғанын жасырмады.

Бейжің салқын тарта бастады. Жаз желегі сарғайып, жапырақтар күзгі желге шыдас бермей үзіліп түсіп жатты. Көше бойы күйбеңдеген адамдарға тола берді. Әсіресе, студенттердің қарасы мол. Жансая да хабарласып, өзінің университетке келіп орналасып алғанын айтқан. Ал Аққаз…

Бейжің көшелері қашан да ығы-жығы адамдарға толы. Осыншама қара нөпір халықтың ішінде мен жалғыз сияқтымын. Бейжіңде мен ғана қалғандай күй кешіп жүрдім. Жұмыс деген аты болмаса, көбіне Аққаз екеуміз қол ұстасып қыдыратын саябақтарды аралаймын. Оның ізін, бейнесін, күлкісін, мұңайған сәтін осы саябақтардан кездестіріп қалатын секілдімін.

Ақыры мен күткен хабар да жетті. Жансая телефон соғып: – Ағай,  тезірек Ұлттар университетіне келіңізші! – деді де тұтқаны қоя салды. Құстай ұштым. Жол да ұзарып кеткендей, сағат та тоқтап қалғандай…

Жеттім-ау. Университет қақпасының алды. Күздің суық желі сумаңдайды. Қанша өңменнен өтер суық болса да Аққаздың қақпа есігінен жайраң етіп шыға келгені – жан жадыратар жаз ғой, шіркін!

Көп күттірмей Жансая қақпадан шықты. Жансая ғана емес, артынан Аққаз шығар деп елеңдеймін. Ол жақын келді де:

– Мен келдім, ағай, – деді.

– Аққаз қайда? – дедім аман-саулық жоқ.

– Ол жоқ…

– Жоғы несі… Әзілді де әзілдейтін уақытта айтсаңшы, Жансая, – дедім қатуланып.

– Ағай, ол жоқ… келмеді. Енді келмейді де. Ол…

Жансая жылап жіберді де, мені құшақтай алды. Состиып тұрып қалдым.

– Сонда оған бірдеңе болды ма? – дедім жүрегім бір жамандықты сезгендей. Жансая қолындағы ақ шүпірекке оралған кітапты ұстатты. Ашып қарадым. Сол баяғы «Махаббат қызық мол жылдар». Бетінде қызыл қанмен баттитып, қисық-қыңыр жазылған «ӨМІР» деген сөз тұр.

Саябақта үнсіз отырмын. Бейжің уақыты мәңгілікке тоқтап қалған секілді. «ӨМІР» деген жазуға тесіле қараймын. «Бұл не?» деймін күбірлеп. Құлағымда Жансаяның «Мұны Аққаздың анасы сізге беріп жіберіпті. Аққаз көлік апатынан көз жұмар алдында осы кітаптың бетіне жарақатынан аққан қанмен «ӨМІР» деп жазыпты» – деген сөзі ғана еміс-еміс қайталана берді. Жансыз «ӨМІР»-дің бар ма мәні! Өмір-ай! Келте ғұмыр-ай! Мүмкін, «жан» сөзін жазуға үлгергенде тірі қалар ма еді. Қайран Аққаз-ай!

Аққазды келер жазда іздеп бардым. Кішкентай төмпешіктің үстіне боз жусан өсіпті. Қызыл, күлгін түсті гүлдер лүп еткен желге тербеліп, нәзік биге басады. Таудың етегін ала орналасқан мазардың маңайы тұңған шұғынық дерсің. Аққаздың өзі сүйген табиғаты еді ғой бұл. Өзі сүйген тыныштықта мәңгілік тыным тапқан Аққаздың бейтінен бір шымшым топырақты алақаныммен ұзақ уатып, қайта септім. Торқа болсын топырағы!..


ҚАЛАМЫ ҚАРТАЙҒАН ЖАС ЖАЗУШЫ

Қолымызға «Бейжің күзі» деп аталатын әңгіме тиді. Авторы бүркеулі шығарма туралы бір-екі ауыз сөз шығармас бұрын қаламгерге сәт сапар тілейміз. Ал жазбаның өзіне келсек…

«Табиғат суреттері» шығармада бес рет кездеседі. Бесеуінде де кездесетін бірдей фальш: 1) Қаланың атын Бейжің емес, Талғар дей салсаңыз да ештеңе өзгермес еді; 2) суреттер оқиға желісімен астасып, кейіпкер психологиясын, көңіл-күйін беруге, жалпы шығарманың атмосферасын сезіндіруге «жұмыс істемейді», яғни, пейзаж әңгіменің өзімен «біте қайнасып жатқан» жоқ; 3) меніңше, бұл – ең бастысы, «табиғатта» «жан» жоқ. Солай болды екен, онда авторға жақсы сөйлем жазатын алтын уақытын «шығын қылудың», өзін де, оқырманды да шаршатып сөз қуалаудың түкке қажеті жоқ еді. Әуелгі сөз осы болсын.

Екіншіден, жазушының кейіпкерлерді қалай сипаттағанына назар аударалық. «…Бұл кім болды екен деп ашық тұрған есікке көз тастағаным сол еді, талдырмаш бойлы, аққұба өңді қазақтың қос аруына көзім түсті. Өз көзіме өзім сенбей сілейіп тұрып қалған менің ойымды қос бұрымын бұлғаңдатқан, бота көзді, сұңғақ бойлы қыздың…». Егер ғайыптан-тайып жас авторлардың қаламдарына, пернетақталарына жан біте қалса, «бота көз», «сұңғақ бой», аққұба өң», «талдырмаш» т.б. өз миссиясын қалтқысыз орындап біткен сөздерді қырсығып жазбай қоятын еді. Айтпақшы, авторға бір сұрақ қояйын: кейіпкеріңіздің біреуі «талдырмаш бойлы» ма, «сұңғақ бойлы» ма? Сіз оған жауап бергенше, біз әңгімені жалғасты оқи берейік. Оқи берейік те, орта тұстағы мына бір үш сөйлемге кідіре қалайық: «Астарлы сұраққа аяқ астынан сөз таппай төменшіктей бердім. Екі бетімнің оты шығып, алаулап барады. Өз қылығымнан өзім ұялып, жүрегімнің дүрсілі тағы да үдей түсті». Екінші сөйлемнің «тым асқақ» екенін елемегенімізбен, үшіншісінің одан айырмасы жоқ екеніне көз жұмып қарай алмаймыз. Қып-қызыл сөз. Оқырманды төмен санауға болмайды, ол сіздің «сөз таппай төменшіктегеніңізден-ақ» ұялғаныңызды білді. Оған, «ақымақ, мен ұялып тұрмын ғой» деуге хақыңыз жоқ.

Оқиғаның қысқаша мазмұны былай: баспаханада бір жігіт қызмет етеді. Бірде оған екі студент қыз кітап сұрап келеді. Бас кейіпкер біреуіне ғашық болып, ақыры көңіл жарастырады. Жазғы демалысқа кеткен «Мәжнүннің» «Ләйләсі» жол апатынан қайтыс болады. Бас-аяғы осы.  

Оқиғаның қаншалықты деңгейде жазуға тұратынын білмеймін, бірақ қолтаңбасы – ескі. 60 жылдардағы баяндау тәсілінің сәтсіз нұсқасы. Содан соң айта кетерлік жәйт, жазушы дидактикалық сарында жазатын авторлардың «ізімен» нәтижеге асыққаны көрініп тұр. Осыдан-ақ автордың еліктеу кезеңіндегі жас қаламгер екенін байқауға болады. Ал жасқа бәрі жараса бермейді, әсіресе «жасына жетпей қартаю». «Қарттық» диалогтарға өте қатты әсер еткен. Автор кейіпкерлерді студент және жас қызметкер ретінде таныстырғанымен, олар басқаша «сайрайды»: лексиконы, ойлау жүйесі, сөйлеу әдебі «байсал тартқан», жастық албырт сезім аңғарылмайды.

Әрине, көңіл толтыратын жағдай бар, ол – автордың жазуға деген махаббаты және махаббатқа сенімі. Ал мұндай жүректен, еңбектене берсе, болашақта жақсы шығармалар туатыны анық.

Бахаргүл БЕРДІХАН

әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ студенті


ҚАСАҢ ОЙЛЫ СУРЕТКЕРЛЕР КЕРЕК ЕМЕС

 Өзім қатарлы жас жазушыларды жиі оқимын. Себебі жастар шығармашылығында ізденіспен қатар жаңашылдық жарқын көрініс береді. Одан бөлек, қоғаммен етене араласатын олардың туындылары жаңа заман кейіпкерлерінің болмысын тануда, психологиялық портреттерін жасауда алдынғы толқынмен салыстырғанда «бүгінге» әлдеқайда жақын. Авторы белгісіз мына бір әңгіме электронды поштама түскен бетте оқуға асықтым. Тақырыбынан-ақ жаңалық күткенім рас. «Бейжің күзі».

Қателескен екенмін. Жас жазушы бұлай жазбаса керек. Автор – балалық шағы екінші дүниежүзілік соғысқа тұспа-тұс келіп, махаббатқа сусаған жүрек шөлін жазумен қандырып жүрген қатардағы ортаңқол «қаламгер». Солай. Неге олай топшылағанымды жазайын: Адамзат баласы ақпараттар ағынының астында қалып, құндылықтарды екшей алмай, өмірлік ұстынын жоғалтып, өмір сүрудің қай философиясына бас ұрып, нендей жолмен жүрерін анықтай алмай жатқан шақта мұндай тақырыптағы кертартпа әңгіме жазу тек графоманның ғана қолынан келеді. Жәй графоман емес, өз дәуірінде «хит» болған бұқаралық романдарды көп оқып қойған, еліктегіш графоман.

Құрметті оқырман, «бұл – шығарманы емес, автордың жеке басын бағалау» десеңіз, қалт айтқаныңыз. Өйткені біз авторы көрсетілмеген шығарманы оқығаннан кейінгі әсерімізді жазып отырмыз.

Әңгіменің оқиға желісі – «классикалық» үлгі, жазу тілі – ескі, баяндау тәсілі – көне, суреттер – «өлі», көңіл-күйі – адам іші сезбейтін жалған сезімдермен өрілген. Талдауға татымайды. Қатаң үкім шығарды демеңіз, бір ғана мысал келтірейін: «Өз көзіме өзім сенбей сілейіп тұрып қалған менің ойымды қос бұрымын бұлғаңдатқан, бота көзді, сұңғақ бойлы қыздың «Сәлеметсіз бе?» деген сыпайы үні бұзды…». Алғашқы азат жолдың соңғы сөйлемі осы. Құдайшылығын айтыңызшы, кабинетіңізге екі қыз (айдай ару бола қойсын) келді делік, есікті ашқан мезетте үнсіз «сілейіп тұрып қалар» ма едіңіз? Бәрінен бұрын, жазушының «өз көзіне өз сенбегенін» қалай түсінуге болады? Сіз бұл сөйлемге сендіңіз бе?.. Мен де сенбедім. Ары қарай «ауыз талдырудың» қажеті жоқ.

Қазіргі таңдағы өнер түрлері ескілік сарыннан «іргесін аулақ салып» келеді. Әлемге «қаламы қарымды, өзі дарынды, жазғаны жалынды» деп бағаланатын қасаң ойлы суреткерлер емес, адамзатқа, өмірге деген көзқарасы өзгеше, құндылықтарды қайта қараудан жасқанбайтын, қорықпайтын шығармашыл жан керек. Қазақ әдебиетіне де. Олай болмады ма, оның ертеңінен үміт күтпей-ақ қойыңыз.

Автордың жас болуы да мүмкін екенін ескере келе «құрметті автор», – дегім келеді сөз соңында. – «КСРО тарап кетті. Біздің Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды. 2019 жылы 19-наурызда Н.Ә.Назарбаев отставкаға кететін өзі хабарлап, сол жылы Президент болып Қасым-Жомарт Тоқаев сайланды. Жалпы жер шарында жаңалық көп. Жиырма бірінші ғасырға оралыңыз!».

Әлихан ЖАҚСЫЛЫҚ,

жас жазушы

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір