Өліп те көргенмін
Мектепті күміс медальға тәмамдап келіп, ҚазМу-ға құжат тапсырып, алғашқы екі пәннен «бес» те «төрт» алған мені Ұлы Отан соғысынан контузия алып келген қайдағы бір ақшақұмар тарихшы тарих пәнінен «құлатты» да жіберді. Балапанды санайтын мезгілде ауылда бас қосқанымызда сыныптастарымыздың арасында жоғары оқу орнын жағалағандар мол болғанымен, табан тіреп қалғандары бірлі-жарым ғана екен. Ауылымыздың баяғы қара шаңына қамалдық. Сегіз сағаттық жұмыстан кейін кинотеатр мен Мәдениет үйінің айналасында табысамыз. Кім қай қалаға, қандай оқуға барып, қалай «сүрініп» қайтты деп күбірлесіп жүргенімізде күз де өте шығыпты. «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр, мылқау танымас тірі жанды» (Абай) мезгіл келгенде біздің жақта күн 45 градусқа дейін суытып, тентек аяз мұрын мен құлақты «шымшылап ойнайды». Соған да қарамастан өздерімізше серілік құрып селтеңдейміз. Баста түрулі құндыз малақай, үстіде тиін терісінен жасалып, ақ жібек матамен қапталған жағалы, қысқа тон. Борбайда қылтасы тар, балағы далақтаған шалбар, аяқта қой терісінен аудандағы тұрмыстық комбинатқа тапсырыспен тіктірген биік өкшелі, үшкір тұмсықты, қысқа қонышты етік. Мойында үш рет оралған екі шеті шашақты жұмсақ ақ шарф.
Мектеп қабырғасында жүргенде Ұзынтұра, Борсық, Шиборбай атанған біздер қашан да бірге жүреміз. Борсық та, Ұзынтұра да төбелеске жақындау, айналасындағыларды қағып-соғып, пәле іздеңкіреп жүреді. Сондықтан өңгелер біздерден бойларын аулақтау салады.
Күндіз-түні маңынан жұрт арылмайтын кинотеатрдың алдында жолықтық. Кластас қылымкөздер де төбе көрсеткен. Мәдениет үйінде өтетін жергілікті көркемөнерпаздардың концертіне бардық. Жүргізуші әзілкеш домалақ қара жұрттың ішек-сілесін қатырды. Май жағып қойғандай жылтырайтын оның беті ешқашан «күлген» емес. Өзгелер оған дән риза. Қолы жететіндердің той-томалағын да сол басқарады. Жындысу жарысынан да ешкімге есе жібермейді. Көрермендер концерттен көңілді тарасты. Қайсыбіреулер қара домалақтың айтқан анекдоттарын жарыса қайталасып, мәз болысып барады. Біз орталық күрежолға шығып алып, ауылдың кіреберіс жағындағы ауылшаруашылығы мамандарын дайындайтын училищеге қарай тарттық. Ондағы сауық кеші ұзаққа созылады. Келсек, қара домалақ осында жүр. Жиналғандарды аузына қаратып үлгірген. Бірақ кеш тез аяқталды. Жетекшісі ертең жолсапарға шықпақ екен. Таздың басындай жалтыраған көк мұз басқан күре жолға қайта табан іліктіргенімізде Ұзынтұра мен Борсық менің мойнымдағы шарфымның екі жақ ұшына жармаса қатар сырғанауға кірісті.
– Тынысым тарылып барады, қойыңдаршы! – дегенімді құлақтарына қыстырар емес. Сәл жөткіріне қырылдадым. Денем өрт шарпығандай қызып, біреулер қытықтағандай сәл күлімдегенімді білемін… Сілейіп барып құлаппын. Күлегеш артын көрсетеді демекші, екеуі алғашқыда екі қолымнан тарта сүйрелеген ғой. Былқ-сылқ дене ширамаған. Қараңғылау жердегі күртік қар үстіне сұлатып салып шапалақтаған. Жан кірмеген. Ойыннан шыққан от енді өздерін «өртей» бастаған.
– Енді не істейміз? – деп сасқалақтаса сыбырласады. Арлы-берлі өтіп жатқандарға аяқ шалысып ойнап жүрген сыңай танытады. Көтеріп үйге алып барайық десе, әкемнің қаһарынан қорқады. Темірші жездемдікіне апарса, әрине, теуіп-теуіп тезектерін шығарып жібереді. Тетелес ағайым іссапарда екенін өздері біледі. Көшеде қалдырып кетейік десе, үшеуміздің бірге жүргенімізді танитындардың бірі көрген, содан жасқанса керек.
– Ешкім жоқ қараңғыда қалай құтыламыз? – деседі. Ұзынтұраға шолақ ақыл кірсе керек. Күре жолдың ауылға кіреберіс жағында тұрғындардың үй жанындағы бақшалықтарын суаратын арықтың суды арғы бетке өткізетін бетондалған жерасты труба-көпірі бар. Соған апарып жасырайық дейді ғой. Борсық:
– Табылған ақыл болды, – деп қуанады. Содан екеуі «өлі денені» иықтарына салып алып, үй-үйдің қараңғы, қалқа жақтарымен бұқпантайлай жөнеледі. Терлеп-тепшіп, жанұшыра жетсе, осыған дейін соққан қарлы борандар оның екі жағын да тұмшалап, бітеп тастаған екен. Денелілеу Борсыққа мені арқалатып қойып, Ұзынтұра труба-көпірді үңгуге кіріседі ғой. Он саусағының көбелерін жырмалата жүріп, адам бойы сиярдай жерін аршиды. Бұлар арлы-берлі жұлқылап жүргенде жұмсақ шарф босаңсып, мойынның күретамырына қан жүгірсе керек, Борсықтың арқасында тұрып, екі аяғымды қатар серпіппім. Екі аяқ Борсықтың қос тірсегіне тиіп, шалқалай құлапты. «Өлген адам» тепкенінен қорықса керек, орнынан тұра қашпақшы болған оны Ұзынтұра қапсыра құшақтай ұстап, әзер тоқтатыпты. Мен ұйқыдан оянғандай басымды көтерсем, екеуінде де өң-түс жоқ, сұп-сұр. Әрине, «кісі өлтірген» адамдарда не өң қалсын! Денелері қалш-қалш етеді. Мені сілейте құлатқаннан кейін қайта жан кіргенше арада отыз бес, қырық минут өткен…
– Ой-б-бай! Тірісің бе? – деп құшақтайды мені екеуі, көздеріндегі сораларын сығымдап. Труба-көпір аршыған Ұзынтұраның үсті-басы алқам-салқам, су-су, астын былғап та алған ба, кім біліпті.
– Қо-қой, үйіне жеткізейік, – деді Ұзынтұра. Екеуі екі қолтығымнан алып, дедектете жөнелді. Бұрын үйдің қақпасы алдынан қоштасатын достарым, бүгін табалдырықтан аттатып, қол берісті.
Ертеңінде кешкісін болған жайды күлкімен көмкере жыр ғып отырып, сыныптастарға садақаға жеті шелпек орнына жеті «пирожки» таратылып, жеті шампан атылды.
Міне, мен осылай «өліп» те көргенмін…
Еркін ЖАППАСҰЛЫ.