Ғұсман Жандыбаев. Мақтансақ, жақсымен мақтанайық
22.10.2021
1408
0

 

«Abai» телеарнасынан «Абай жолы» деген деректі сериал көрдім. Көркемсуретті фильм мен деректі киноның элементтері аралас қолданылыпты. Мұндай тәсіл кино өнерінде бұрыннан бар. Өзімізде де болған шығар. Мені қызықтырғаны – туындының формасы (ғана) емес, көркемдік пен деректілікті қиюын тауып, қисынын жауып, шебер байланыстыра, үйлестіре білгендігі.

         Мен киносыншы емеспін. Жай көрермен ретіндегі әсерімді бір ауыз сөзбен айтып отырмын. Қаптап кеткен халтураның ішінен жарық жұлдыздай болып көрінген жаңа шығармаға риза болдым. «Жақсының жақсылығын айт» деген емес пе?.. «Біздің қазақтар да бірнәрсе жасай алады екен» деген үміт пен қуаныш, сенім пайда болды. Бұдан былай керемет дүниелер жасалатын шығар. Лайым солай болсын.

         Фильм бастан-аяқ эпизодтардан тұрады. Көркем бөлігі «Абай жолы» романындағы оқиғалардан желі тартып отырса, деректі сөжеттерге Мұхтар Әуезовтің осы романды жазу барысында бастан кешкен өткелектері негіз болған. Бұлар да – ұлы жазушының өмірбаянынан белгілі жайлар. Фильм авторларының табысы – осы оқиғаларды ауа жайылтып жібермей, көркемдік пен деректіліктің рационын дұрыс қарастыра білгендігінде деп ойлаймын.

         Мен фильмді жасаушы авторлардың да, артистердің де аты-жөнін оқып үлгере алмадым. Түрін шырамытып танығаным – Мұхтар Әуезовтің рөлін ойнаған жігіт қана. Ол – ғажайып дауысымен халық жадында жатталып қалған белгілі әнші Сәкен Қалымов екен. Тіпті гримделмеген, табиғи түрінің өзі Әуезовтен аумайды. Ең бастысы – көбіміз суретінен ғана білетін ұлы жазушының көңіл түкпіріндегі тұлғасын айнытпай келтірген. Бұл жерде режиссердың да талғам-талабы көрініп тұр.

         Осы арада айтқым келеді. Әдетте біз «бас  рөл», «басты рөл» деп, осы екі сөзді бір мағынада қолданып жатамыз. Меніңше, екеуі – екі ұғым. Бас рөл – қалыптасқан түсініктегі негізгі кейіпкердің рөлі де, басты рөл – орындалуы үлкен шеберлікті талап ететін қиын да күрделі кейіпкердің рөлі болса керек-ті. Осы тұрғыдан келгенде, біз қазіргі уақытқа дейін  көріп келген, көріп жүрген фильмдердің басым көпшілігінде бас  рөл бар да, басты рөл жоқ. Өйткені мұндай «бас» рөлдерді кез келген артист ойнап кете алады. Мысалы, ханның рөлін, көптеген батырлардың рөлін де әр артист ойдағыдай сомдай алуы мүмкін.

         Артистерге гонорар (қаламақы емес)  қалай төленетінін білмеймін. Менің қолымда болса, бас рөл де, басты рөл де емес, өзінің рөлін артық та  кетпей, кем де етпей, дәлме-дәл, барынша  нанымды, шебер орындауды – гонорар төлеудің бірден-бір критерийі етіп алар едім. Біз сөз етіп отырған фильмдегі Әуезовтің рөлі осы шартқа лайық жасалған. Сосын кейбір фильмдерде бір абыройсыз (жағымсыз емес) рөлдер болады. Осындай рөлдердің «былығына белшеден батып» шыққан артистерге де лайықты баға бере білген жөн.

         Кино – театр емес. Театр – штатты артистер ойнайтын сахна. Мұнда пафос, риторика, экзотика, сахналық образдау орын алады. Сондықтан театрда арнайы дипломды артистер ойнайды. Бір артистің әртүрлі рөлдерде ойнауы – мін емес. Ал киноэкраннан бір артистің қайта-қайта көріне бергені – көрерменді «аллергияға» ұшырататын, мүлде жараспайтын қылық. Әсіресе, біздің қазақтарда «бас рөлді» меншіктеп алу симптомы синдромға айналып бара жатқанға ұқсайды. Біреулер ана фильмнен де шыға келеді, мына фильмнен де… Ойлы, саналы көрермендердің алдында бұндай әдет – артистің беделін түсіретін әрекет.

         Жалпы, аталмыш фильм – ұлттық кино өнеріміздің бүгінгі таңдағы бірегей табысы деп айта аламын. Кез келген күрделі туындыны артық-кемсіз жасап шығу үшін оның авторы сүйенетін концепция мен критерийді дайындап алу керек. Бұл – өрмектің арқауы секілді нәрсе. Ол болмаған жерде, мысалы, Жамбыл туралы 30 ғалым  30 мақала жазса, солардың бәрі бір кісідей: ақынның Жамбыл тауының бауырында туғанын, Сүйінбайдан бата алғанын, Құлманбетті жеңгенін, Сталиннің қабылдау бөлмесінде намаз оқығанын… тағы осы сияқтылардың ешбірін қалыс қалдырмай, қайталап шығады. Соның  бәрін бір жерге жинаса, академик, профессорлардың ғылыми еңбегі емес, ауыл клубындағы бір мәтінді әркім өзінше «барылдатқан» жабайы хорға ұқсар еді. Мұндай, кейбір фильмдерде де кездесіп қалатын кемшілік «Абай жолында» жоқ. Фильм авторларының тағы  бір ұтысы – осы.

         Кейбір «ыңғайсыз» жағдайлардан бойды аулақ салатын әдет бар-тын. Мәселен, бүгінде біз Сәбит Мұқановтың орнын Әуезовтен төмен қоймаймыз. Алайда Сәбең қайшылықты тұлға болды. Жоғары білімі жоқтығы, содан да  «кедей тап» болғысы келіп, өзі секілді солақай белсенділердің сойылын соғып жіберетіні бар. Оның үстіне, фильмдегі уақыт кезеңінде (1952-жылдар) Қазақстан Жазушылар одағының басшысы болып, бір жағынан – Саясаттың сұмдығы, екінші жағынан – «Абай жолының» шындығы дейтін екі оттың ортасында жүрді. Сәбиттің «Абай жолының» талқылауында олай сөйлеп, Әуезовтің өзіне келіп былай сөйлейтін себебі осыдан деп ұғамыз. Авторлар мұны дұрыс көрсеткен. Өз ойы бар адам түсініп алады.

         КГБ дейтіннің қазбайтын іні жоқ қой. Әуезовтің диктовкасын машинкаға басып отыратын Ғалия дейтін қызды КГБ шпиондыққа тартатын көріністер бар. Сталин қайтыс болып, саясат өзгерген кезде осы қыз көшеде ұлы Мұхаңмен кездесіп қалған сәтінде өзінің «құпия» кінәсіне қатты ыңғайсызданып, абыржып, қиналып тұрғаны байқалады. Бірақ Әуезовтің одан хабары жоқ, жағдай сұрап, жайбарақат тұр. Бәрі дұрыс. Тек, ұлы адамның алдындағы «ұрлық» ісі үшін өзінің арынан ұялған қыз Әуезовпен қоштасып, былай шыға бере-ақ көзінен жасын парлатуы керек еді. Мен соны күткенмін. Бірақ болмады. Қыздың көзіне жаутаңдап қарап қала бердім. Осы тұсы сәл «әттеген-ай» емес пе екен?

         Фильмнің соңында Сталиннің дүниеден өткені туралы  хабарды  Әуезов радиодан сәл еңкейіп отырып, үнсіз тыңдайды. Хабар аяқталған кезде әйеліне: «Ол бізді жеккөрді, – дейді де, іле-шала: – Жақсылап шай ішейік», – дегенді қосады. Алдыңғы айтқаны дұрыс-ақ. Ал «шай ішейік» деген соңғы сөзін мүмкіндік болса, өшіріп тастау керек. Әуезовтей ұлы адамның ішкі эмоциясын кім көрінген секілді сыртқа шығарып, «түсініктеме» берудің керегі бар ма еді?! «…жек көрді» деген сөзінің өзі-ақ жетіп жатқан жоқ па?.. Фильм – өзгертіп, өңдеп, қайта жазатын роман емес. Сондықтан әр деталь мен сөзге мұқият қарамақ ләзім. Бір қуанарлығы – «Абай жолы» фильмінде «өзгертпесе болмайтын» кемшіліктер жоқ. Ең соңында Оразбайдың ауырып жатқан Абайдан үй сыртында тұрып кешірім сұрағаны, ал Абайдың: «Сен  кешірім сұраған болсаң, мен кештім», – дегені – табылған ақыл, жақсы түйін (концовка) болып шыққан. Шағын көрініс, бір ауыз сөзбен бәрін де: Абайдың ұлылығын, Оразбайдың да «тегін сотқар емес» екенін айғақтап тұрғандай. Фильм «Үш күндік жолдың соңғы күніне  бала шәкірт барын салды», – деп басталатын   эпопеяның ең соңғы сөзі – «Абай өмірден өтті» деген автор – Әуезовтің де соңғы диктовкасымен аяқталады. Осылайша көрермен ұлы ақынның да, ұлы жазушының да өмір жолына кино-экскурсия жасап шыққандай әсер алады.

         Биыл Абайдың 175 жылдығына арналған мерейтойдың игі шаралары әлі жалғасып жатыр. Әрі ел  тәуелсіздігіне отыз жыл толды. Алдағы жылы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығын тойламақпыз. «Абай жолы» фильмі осы үш тойдың да үдесінен шығар үлкен тарту дер едім. Мемлекеттің ең жоғарғы сыйлығы мен марапатына лайық туынды. Біреулер мені «сыйлық үлестіруші» деп кекетсе, қисыны келіп-ақ тұр. Бірақ онсыз да болмашы беделіме нұқсан келеді екен деп, шындықты айтпай қалай тұрайын. Біз өзіміздегі  шала сауатты біреулердің мүйізі қарағайдай шетелдік университеттердің  профессоры атанғанын, түкке тұрғысыз фильмдердің халықаралық сыйлыққа ие болғанын мақтан етпеуіміз керек. Ұлттық мүддемізге  мемлекеттік мүдде деңгейінде қарап, өзгелерге де соны мойындата білуіміз керек. Асылымызды алдымен өзіміз бағалайық. Телеэкранға таяуда шыққан «Абай жолы» деректі фильмі бізді осындай ойға жетеледі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір