Дуанакөл басындағы дауыл
Нұрша Кәкенов
«Торнадо – тайфун, жойқын қара құйын, қандас үндіс шамандарының табынған пірі. Аракідік қазақ жеріне неге оралып жүр? Қазақта да дұға оқып, керек кезде жаңбыр шақырып жаудыратын, егінді жайпаған қара шегірткелерді қатты жел шақырып ұшырып жіберген қасиет күш иелері болған… Торнадо дос па, әлде қатер апат па? 20.05.13 ж. АҚШ Оклахома штатында қуаты сегіз Хиросимоға пара-пар құйын 1200 ғимаратты қиратып, 24 адам көз жұмды. 1890 жылы бейбіт отырған сиу дакота үндістер қонысын ағылшын басқыншылары қан-жоса қылып, бас терілерін шаштарымен кесіп алып, талқандады. 1866 жылдан бастап батыр сиу көсемі Ташунка-Витко /Асау тұлпар/ сандаған жылдар соғысып, кейін жау қолынан қапыда қаза тапты. Аяусыз қиратқан тарих құйын, дауылдары – ғасырлар құпиясы. Түп тегі хассақ – ат төбеліндей аз қазақ. Атамекен, ата жұрт сенен қымбат бізге не бар!».
Автордан.
Сарыарқа төсінен орын алған Жаңа-арқа ауданында Дуанакөл деген көл шөбі шүйгін, жері құмайт, тұщы сулы ең бір жайлау төрі болыпты. Мамыр айы жол түсіп көлді бір көрмек болып шыққам. Дала жасыл майса, ақ ұлпа шашақты көк селеу шашақтары майда желге тербеліп, кішігірім ақ көбік толқын тулап жатқандай. Төбе етегінде ұсақ ақ гүлдері төгілген аласа қызғылт тобылғы. Сәл ойпаттау жерде сары гүлдеген қараған. Топ қарағанға қарасаң, жуан ортасында биік кәрілері, ал айнала өскен майда, жас қарағандар қандай үйлесімді десеңші!
Дуанакөл жайылып, көктемгі суы толып, толқып жатыр екен. Жағасына көлігіммен келіп тоқтадым.
Асықпай аяқ суытып алмақ болып машинадан кішкентай көрпешік, шәугім-шай жабдықтарын алдым. Шәйнек қоюға ыңғайлы екі қара тас тауып, тас арасын монтировкамен шұңқырлап, ошақ жасап, кепкен тезек, қураған қарағанды жинап, тұтатып шәй қойдым. Қайнаған суға өзбектің көк шайын және сол жерде өскен итмұрынның тамырынан кесіп салғам. Ит-мұрынның тамыры ерте көктемде, күзде қайнатып ішсе, бүйрегіңдегі бар ұсақ тасты айдап, ағзаңды тазалайды. Көлге көз салып отырып, ертеде әкей марқұм айтқан бір әңгіме есіме түсті. 1932 аштық жылы әкей екі інісімен, қарындастарымен, әжемізбен аз малын сақтап қалуы үшін бой тасалап көшкен екен. И.Сталинмен зұлым Голощекин жасаған «кіші революция» ауылдың бар малын етке сойғызып, ондағы қазақтарды қойдай қырып, аш қазақ не болса соны жеп, әлділері барымтаға барып, олай-былай өтетін көштерді шауып, малын талап, адамдарды өлтірген нәубет кезі еді.
Сол қайғылы жылдарды есіне ала отырып әкей:
– Көшіп бара жатып Дуанакөл жанына түнедік. Екі түйені шөгеріп, аттарымызды матап қойып, сырмақ үстіне анамызды, қарындастарымызды жайғастырып, мосыға от жағып, ас-шәй іштік. Барымташылардан қорқып жалғыз пілте ши мылтықты оқтап дайындап, екі інімді кезек күзетке қойдым. Әжең аса діндар адам еді, кішкентай құранын ашып қойып, оң қолына тобылғы қамшысын қатты қысып ұстап алып көз шырымын алмастан дұғасын оқып отыра берді. Анда-санда жанған сексеуіл шоғын бір көсеп қояды. Біздің барымызды мүлде ұмытып та кетті.
Сүрден қайнатқан сорпаға қанған соң түн ортасында көзім сәл ілініп кетіпті. Түсімде көл ортасынан сәл берірек, су бетінде қалқыған ақ шапанды, ақ сәлделі, ықшам ақ сақалды қария маған қарап: «Балам, бұл жерде мылтық атпа, қыстауыңа аман жетесің, жаның да, малың да аман қалады. Анаң қасиетті адам, біздерге құран бағыштап отыр», – деді. Ұйқым ашылып, мойын бұрып қарасам, сырмақ үстіндегі әжем жерден сәл көтеріле қалқып, дұғасын оқып отыр, көл жағасынан әрегірек бір шырақ көрінеді. Бақылдаған көлбақалар даусы түнді жарып, әшейінде үріп, жатпайтын екі арлан төбет аяқтарын тұмсықтарының үстіне салып жайбарақат ұйықтап жатыр. Таңертең ерте, күн шыға тұрып, шай ішерде: «Апа, неге түнімен ұйықтамай, бізді қорқыттың?» – деп едім: «Балам, Дуанакөл диуаналар мекені. Қасиетті де, қатерлі жер. Мылтық атып жібере ме деп, сен үшін қорқып, құран бағыштап отырдым», – дейді әжең. «Кеше киік қарап, Толағайдан асып, Дуанакөлге дейін барамын дегеніңді естігем. Ол бір жұмбағы көп киелі жер, көп барғыштай берме, сырт жүр!», – деген әке сөзін есіме алып, көлге тағы бір қарадым. Ұшып-қонған құсы да, жағада қаулаған қамысы да жоқ, жалаңаш көл. Көңіл толмағандай тосырқай қарап отырғанда өзінен-өзі ұйқым қысып, бөстек үстіне спорт костюмын жамылып жата кеттім. Шым-шытырық түс екен деймін. Тұрып сәл сырттау жердегі жуан қарағандарға келдім. Сәл ойпаттау жерде қызыл шілік өскен. Талдары теректей жуан, шілікке еш ұқсамайды. Таңданып қарап тұрғанымда аспан айрылардай шатырлап найзағай ойнап, қара дауыл құйын көтеріліп, жер астаң-кестең болды. Қорқып, жуан шілікті қос қолдап ұстап алдым. Біреу қатты жұлқылағандай, тістеніп жібермей тұрмын. Сол сәт найзағай отымен қолына от шар ұстап, басы жоқ, шабылған мойны ғана қылтиған қорқынышты адам жаныма келіп:
– Мен үндістің сиу тайпасының құдіретті шаман диуанасы Торнадомын! Сен неге менің қызыл шілігімді ұстап жібермей тұрсың. Кет былай! Бұл жердегі менің түп аталарымнан қалған, қазған ошағын өзіммен бірге ұшырып әкетуге келдім, – деп күркіреді.
– Не, не айтып тұрсың! Қарасам, басың да жоқ, арқаңа қызыл әтештің қауырсындарын жапсырып алып, мені қорықты деп тұрсың ба? Қазақтың жерінде нең бар. Сенсіз де жерімізге көздерін алартып іргемізде жүрген арам ниеттілер жетеді. Кет! – деп айғайладым. Ашу шақырғанымды көріп ол:
– Жігітім, сен аспанға қарашы, көрдің бе? Әне, сиулар көсемі, Қызыл Бұлт сенің нағыз туысың.
– Не, не дейсің? Маған жетпегені жел қуған аспандағы бұлтпен туыс болу еді!..
– Нанбайсың. Тіліміздегі мағынасы бірдей: bagana, kuwu, mool, ine, kan, wakan, katn, kilan, bult, kn, aha, ine.., т.б. сөздер қайдан келген, ә!
– Рас, сөздерімізде ұқсастық көп, бірақ арқаңдағы қауырсындарың…
– Тү-у… не сендерде қыздар бөріктеріне үкі қауырсынын қадамай ма, ұлдарыңа ұзын тұлым, айдар қоймайсыңдар ма? Заман өте түбіміз бір «сақ», одан тіл тотығып бүгінде «хассақ-қазақ» атандың. Біздер осыдан 20 мың жылдар бұрын ұсақ бизондарды айдап, қосымызды артып, жабайы үйреткен аттарымызға мініп, Америка құрлығына аудық. Ол кезде бұл жерде жұмсақ климат жүнді – мүйіз тұмсық, мамонт піл, маралдар, ұсақ бизондар толы орманды, суға бай өлке еді. Содан жердегі ауа райы күрт өзгеріп, шөп қурап, су тартылып, азық-түлік азайғанда «хассақ» көсемдері кеңесіп, қалың тайпа елді екіге бөліп, біздерді үндес /индеец/ бауырларымыз деп алыс жолға шығарып салған. Біздер жат өлкеге сиямыз ба, сиямыз ба деп жүріп «сиу» атанып кеттік. Ол жақта тілдері тіпті саған жақын «елтұрыс» деген үндестерің бар. Әлі нанбайсың ғой, онда ана туысың, көсем Асау тұлпардан сұра, көзіңмен көр бәрін.
– Сол сәт жаныма маңдайы мен көзінің айналасына қызыл қара бояу жаққан, садақ асынып, найза ұстаған түсі суық көсем жаныма келіп, таза қазақша:
– Бауырым, міне, өз көзіңмен қарап көрші, – деп оң алақанын жайғанда ортасынан кең экран ашылып, жері іргедегі Қараағаш орманы, ал таулары Қарқаралының қарағайлы жартасты тауларына ұқсас алаң шықты. Зеңбіректер атылып, үндістердің қостары өртеніп, тас-талқан болып жатыр. Ойбайлаған әйелдер, шырылдап жылаған сәбилер. Атылған мылтық дауысынан құлақ тұнады. Ағылшын басқыншылары жараланған үндістерді штыкпен қадап, бас терілерін шаштарымен сыпырып алып, ағаш кесектерге қаптап жүр. Бір шетте аз жауынгерімен көсем Асау тұлпар қиян-кескі соғысып жатыр. Тастың үстіне шығып алып Торнадо жауынгерлерге:
– Қырыңдар келімсектерді! Қанға қан! Ұр! – деп ұрандайды.
– Ана үсті жалбыраған шаман Торнадоны ұстап әкеліңдер маған! – деп бұйырды лейтенант Вашингтон. Екі солдат жараланған Торнадоны сүйретіп келеді. Лейтенант оған жиіркене қарап:
– Ей, жабайы ит, Ана көсеміңе айт, мұнда келіп: «Жерімді бердім», – деп шартқа қолын қойсын! – деді.
– Жоқ! Жерден айрылсақ, бизонды аулап күн көріп отырған сиулар аштан қырылады. Жоқ! Аштан өлгенше, жағаларыңды жыртып өлгеніміз артық! – деді шаман жұлқынып, босанғысы келіп.
– Не дедің! Ей, Джон! Ана шаманның буаз қатынын мұнда әкел. Көнбесең, көзінше қатынының қарнын жарам! – деп сынай қарады. Ештеңе естімегендей Торнадо басын көк аспанға қайқайтып: «Құйын пірім! Мені көкке алып кет!» – деп екі қолын көкке жайып тұр. Лейтенанттың оған ызасы келіп: «Басын шабыңдар!» – деп бұйырып, буаз әйелдің қарнын тіліп жіберіп.
– Мә, сенің соңғы сиуың! – деп шалажансар шарананы шаманның аяғының астына лақтырды. Селт етпеген Торнадоның басын шабуға қолын бір сілтеп белгі бергенде, шаманның басы жерге допша домалап түсті. Сол сәтте шаманның денесін бір қара құйын келіп көкке тік көтеріп ала жөнелді.
Шошып кеткен жау әскеріне жерде домалап жатқан бас күркіреп:
«– Ей, қанышерлер, жерімді тартып аларсың, аз сиуды қойдай айдап резервацияларға қамап, еріктерінен айырарсың! Жеріме алып шаһарлар салып, келімсектер толар. Ана шарананың аққан бір тамшы көз жасы үшін сендердің қала салған жерлеріңді тайфун болып сандаған ғасырлар бойы тынбай талқандап, өшімді аламын! «Торнадо келе жатыр», – деп қатын, балаларың жан ұшырып, үрейлене тығылатын болады! Қанға қан! Қандарыңды ағызамын мен!», – деп сөйлеп жатқан шаман басынан үрейлері ұшқан солдаттар тым-тырақай қаша жөнелді.
– Көрдің ғой мені, – деді Торнадо көсемнің сыртынан.
– Иә, сұмдық екен. Жерлерің де, түрлерің де, тілдерің де біздерден еш аумайды. Бірақ мына шілікті топырағымен ұшырып әкетсең, өлтіресің. Сонда сенің ана жауыздардан нең артық, айтшы! Ата-бабаңның кіндік қаны тамған киелі топырақты, от жаққан ошақ иісін басың орнында болса, сезер едің сен! Жүрегіңдегі өшпенділік орнына, туған жеріңе деген мейірім, сүйіспеншілік пайда болар еді. Анаңның сүтінің исін, түтіннің иісін сезер сенде бас жоқ қой! Сендей бассызға елімнің бір шымшым топырағын да бермеймін. Кет жоғал! Құры жөніңе!
– Абыржып қалған Торнадо қолындағы от шарын аспанға атып жіберіп, екі қолын көкке ебедейсіз көтергенде алыптың шорт шабылған шолақ мойын денесі теңселіп кетті.
– Аһ! Оһ!.. Қандай ауыр сөз айттың! Басым қайда! Басым! Ата жұрт топырағын, түтін, сүт иісін еш сезе алмадым! Басым қайда? Қайда қайран басым? Ата-бабалар туып-өскен жер-ошағым сендерге аманат. Ие болыңдар ата жұрт, ошаққа! Бір ғана өтінішім, хассақ бауырым, кетпес бұрын көл суынан бір ұрттатшы, ауыз тиейік…
– Жарайды, келген қонақсыңдар..,–деп айтып үлгергенімше, Асау тұлпар тізерлей отыра кетіп, көлдің бар суын «–Ып-п-п!» деп бірақ ұрттап:
– Қандай тәтті! – деп, таңдайын қағып, тамсанды. Торнадоның дауысы көкті жарып:
– Рахмет, «хассақ» бауырым! Туған жер топырағын ешкімге де бермей, ие болыңдар! Тайфун Торнадоның іздеп келіп кеткенін айт. Оһ! Қан, қаным ақты! Басым, басым қайда? Ей, Қызыл Бұлт, баста қане, кеттік Оклахома жерін тайфунмен қопарамын, іздейміз. Жүр кеттік! – деп күркірегенде алыс тау шатқалына шатырлап жай оты түсті. Жер қатты теңселген соң қорыққаннан көзімді ашып қалсам, автокөлігімнен алыстау жерде бір кішігірім апанда өскен қызыл шіліктің жуан талын қатты қысып алыппын. Дуанакөлге қарасам, бір тамшы да суы жоқ қу тақыр қалыпты.
Көкжиекте қызарып күн батып бара жатыр екен. Күн райына боялған аласа бұлттардың бауыры қандай қып-қызыл. Қорыққаннан бар білетін дұғаларымды асыға оқып, қарысып қалған саусақтарымды зорға ашып, жерден екі уыс топырақ алып, қолыма қатты қысып: «Ешкімге бермеймін, бермеймін!», – деп айғайлаппын. Сол сәт жауырын ортамнан бір мұздай суық тер жарып шығып, есімді сәл жинап:
– Қош, құдіретті Торнадо, қош, Қызыл Бұлт! Құйын тайфундарыңмен жөндеріңе кетіңдер, – деп иығымнан ауыр жүк түскендей қолымдағы топырақты қайта-қайта сүйдім. Дуанакөлге бұл соңғы баруым еді.
Нансаңыздар, осындай бір оқиғаның куәсі болдым. Түсім дейін десем, көрпешем орнында бос жатыр, өңім дейін десем, адам нанғысыз көрініс. Әжемнің «Дуанакөл диуаналар мекені» дегені рас екен. Кері қарай ауылға қайтып келе жатып көзіме көрінген қандас сиу үндіс халқының, диуана-құдіретті шаман Торнадоның, көсем Ташунка-Витко /Асау тұлпарың/ қасіретті тағдырларын есімнен біржола шығарып, ұмытқым келді.
ПІКІРЛЕР1