Өмірден алынған
11.12.2015
1623
1
(Жазушы Нұржан Қуантайұлының «Қараөзек» романы туралы)
 
800827_489165042_________________01Проза – табиғаты күрделі жанр. Терең білімі, жан-жақты ізденісі жоқ талап­кер­дің онда табан тіреп, тұрақ­тап қалуы екіталай. Бұл– бір. Екін­шіден, кестелі оймен көм­керіл­ген көркем туындыны өмірге әкелу үшін біліммен бірге байқам­паздық қабілет пен табиғи интеллект те керек адамға. Осылардың бәрі бойыңда болмаған жағдайда прозалық шығарма­ның құлақ күйін келтіру қиын. Өте қиын. Сондықтан да прозада бағын сынап жүргендердің ішінде нағыз жазушы болу мәртебесіне қол жеткізе алмағандар бұрын да аз емес еді, қазір тіпті көп… Кей­біреуі тілді жақсы білгенімен  адамның назарын бұрып әкететін ситуация жасай алмайды, содан соң көпсөзділікке жол беріп, жасандылыққа ұры­нады. Енді біреулерінің жан-жақты ізденісі болғанмен, тілі қасаң. (Зады тілді білмейтіндердің әдебиетке жоламағаны абзал). Көркем прозаға деген талаптың төмендеп кеткені соншама, біз қазір очерк деуге де жарамайтын шалажансар дүниелерді әңгіме деп әспеттейтін жаман әдет шығардық. Әсіресе, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары еркіндіктің арқасында ондай дүниелер әдебиетімізде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. 

Дей тұрсақ та, өзіне үлкен талап қоя білетін, «құмнан су іздеген құландай» (Мұқағали), творчествосы оқырманды сүйсіндіретін таланттар, сирек те болса, біздің әдебиетімізде бар. Солардың бірі – жазушы Нұржан Қуантайұлы.
Ұмытпасам, жазушының «Қараөзек» деп аталатын романы тоқсаныншы жылдардың аяқ шенінде жарық көрді. Өкінішке қарай, «байтал тұрмақ, бас қайғы» болған аласапыран заманда жа­зыл­­ған бұл шығарма өзіне лайықты баға­сын ала алмады. Рухани кеңісті­гі­міз­дегі болып жатқан өзгерістердің бә­ріне сергек қарайтын әдебиетіміздің мэтрі Герағаң ғана (Бельгер) бұл романға ерекше тоқталған-тұғын: «Қазақ әде­бие­тінде бұрын-соңды сондай дәл­дік­пен, нақтылықпен, шынайы деталь-көрініс­термен бейнеленген кеңестік дәу­ірдегі түрме өмірінің қыртыс-қалт­а­рыс­тарын нанымды және жан-жақты ашып суреттеген көркем шығарманы тұңғыш рет оқығаным. Есіме әрдайым Достоевскийдің «Записки из мертвого дома» деген романы түсіп отырды… «Қа­ра­өзек» – қазіргі күрделі өміріміздің бетпердесін жұлып тастап, жан-жақты ашып, айқын суреттеп, ащы шындықтың көріністерін әшкерелеп, тартысты һәм әсерлі бейнелеген роман екеніне көзім жетті. Жас адамның зеректігіне, ойлы­лы­­ғына, байқампаздығына тәнті болдым, сүйсіндім».
Кеше «Қараөзек» романын қайтадан бір оқып шығып, Герағаңның осы сө­зінің рас екенін мойындамасқа амалым қалмады. Шығармада Хақназар есімді жас жігіттің аянышты өмірі ар­қылы Тәуелсіздік алғаннан кейінгі өліарада өмірден өз орнын іздеген тұтас бір ұр­пақ­тың тағдыры шебер суреттелген. Ро­манды оқып отырғанда Нұржан Қуан­тайұлының алған тақырыбын тиянақты зерттеп, жан-жақты ізденгені­не дән риза болдым. Басы артық детальдар мен сюжеттер атымен жоқ бұл шы­ғар­мада. Тілді жақсы білгендіктен емін-еркін сілтеп, көсіліп-көсіліп жазады. Алайда, тілді жақсы білетінін көрсету үшін көпсөзділікке ұрынбайды. Жазушы оқырманның көңілін магнитше тартып әкете алатын ситуация жасай біледі. Шығармадағы кейіпкерлердің мінез-құлқы түрлі ситуация барысында ашыла түседі.
Романды оқып отырғанда Нұржан­ның тақырыпты түбін түсіріп тұрып зерттегенін бірден байқадым. Кейіп­кері­нің де өмірден алынған адам екеніне еш шүбәм жоқ. Тағдыр тәлкегіне ұшы­ра­ған Хақназардың іс-әрекеттері сон­шалықты нанымды, адамдық сезімі соншалықты табиғи суреттелген.
Шығармадағы жағдайлар өз зама­ны­ның оқиғасы, өзі куә болған дәуірдің кө­рінісі болғандықтан роман өте шынайы шыққан. Жалпы, кез келген жазушы ең алдымен өз заманының суреткері болуға тиіс. Өмір сүріп отырған қоғам­ның шындығын көрсете алмаған адамнан нағыз жазушы шықпайды.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары әр түрлі жағдайлар болды ғой, елі­міз­де. Әсіресе, өліара кезеңде, 1992-96 жыл­­да­ры. Романды оқи отырып, со­лар­дың бә­рін қайтадан көзіммен көргендей, сол уақыттың суық лебін арқаммен тағы бір сезгендей ауыр әсер алдым.
Батыстың алдыңғы қатарлы жазушыларында ғана кездесетін стильдік, формалық ерекшеліктерді Нұржанның бұл шығармасынан көп кездестірдім. Яғни жазушы романды жазуға бел буар­дың алдында әлем әдебиетінің класси­ка­лық туындыларын қайта-қайта парақ­таған. Олай дейтін себебім, Нұр­жан Қуантайұлының шет ел жазушыла­ры­ның көптеген прозалық шығар­ма­ла­рын қазақ тіліне өте сәтті аударғанын жақсы білемін. Бұл – үлкен дүние. Америка жазушылары Эрнест Хемингуэй мен Альберт Мальцтың «Үндіс ауылы», «Ойын», орыс жазушылары Варлам Шаламов пен Владимир Набоковтың «Жидек», «Үрей», көпшілік жыға тани бермейтін испан жазушысы Фернандес де ла Регераның «Жалғыздық», түрік жазушысы Сейфеддин Омердің «Прогресс», Сирия жазушысы Үлфат әл-Идли­бидің «Кек», жапон жазушысы Сюгоро Ямомотоның «Улану – қиын нәрсе», т. б. суреткерлердің классикалық әң­гімелерін ол ана тілімізде сөйлетті.
Жалпы, аударманың адамның шы­ғар­машылығының өсуіне тигізетін пайдасы көл-көсір. Өйткені, аудармамен айналысқан адам сол ұлы жазушымен рухани бәсекеге түскендей болып, шы­ғар­машылығын шыңдайды. Міне, осын­дай жан-жақты дайындықтың да ро­манның сәтті шығуына зор пайдасы тиіпті.
 Романда әрқилы жағдайлар баяндалатын эпизодтар, оқиғалар бар. Біресе өмірді автор хат арқылы көрсетеді. Мысал үшін, романның өзі Хақназардың досы Құрмаштың хатынан басталады. Жазушы хат арқылы қоғамның шынды­ғын боямасыз суреттейді. Кейіпкердің жан күйзелісін де хат арқылы әдемі сипаттайды. Оқиғаны бірінші жақтан баяндай келіп, жазушы бір кезде жымын білдірмей екінші жаққа көшіп кетеді.
Романда қолданылатын түрме тер­мин­­дері сырт көзге елеусіз ғана нәрсе болып көрінгенімен, кейіпкерлердің та­би­ғатын ашуда үлкен қызмет атқарып тұр.
Өз басым «Қараөзек» романын тәуел­сіз­діктен кейінгі жылдары дүниеге келген сәтті туындылардың қа­та­рына батыл қоса аламын. Сонау алпысыншы жылдары әдебиетімізді дүр сіл­кін­дірген Әбіш Кекілбай, Мұхтар Ма­ғауин, Сайын Мұратбеков, Тынымбай Нұр­мағам­бетов, Төлен Әбдікұлы.., сексе­нінші жылдардың орта шеніндегі Несіпбек Дәутайұлы, Рахымжан Отарбаевтар, берідегі, тоқсаныншы жылдар­дың басындағы Нұрғали Ораз, Жүсіпбек Қорғасбектердің шығармаларынан кейін, соншалықты қарапайым, сонша­лық­ты шынайы, соншалықты көркем жа­зылған туындыны бірінші рет оқып отырмын. Бұл романның алдағы уақыт­та әдебиетіміздегі өзіне лайық бағасын алатынына бек сенімдімін.
«Қараөзек» – тақырып қуып жазған көп шығармалардың бірі емес. Бір жігіт­тің тағдыры арқылы бүкіл ұрпақтың трагедиясын көрсеткен кесек туынды. Ремарктің «Үш дос» деген романы бар ғой. Біздің әдебиетіміздегі сондай үлкен туынды бұл.
Амангелді Кеңшілікұлы,
сыншы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
ПІКІРЛЕР1
Аноним 05.05.2020 | 17:02

П

ПІКІР ҚОСУ