КЕЙБІР УАҒЫЗШЫЛАР ЖАТ ИДЕЯЛОГИЯНЫНАСИХАТТАП ЖҮР
19.09.2021
2533
4

Қазақстанға діни ағымдар қайдан келді? Деструктивті дін өкілдері қатарларын көбейту үшін қандай айла-шарғылар қолданады? Заманауи ақпараттық технология мен сауда салаларын өздерінің мүдделеріне қалай пайдаланы? Белгілі дінтанушы-ғалым Мұхан Исаханмен сұхбат ҚМДБ-ның құрылу тарихынан басталып, жоғарыдағы сұрақтар төңірегінде өрбіді.

 АРОН АТАБЕК БАСТАҒАН АЗАМАТТАР ДІНИ ЖАТ АҒЫМДАРДЫҢ ҚАУІПІН О БАСТАН-АҚ СЕЗГЕН ЕДІ

– Ар ма, аға! Сізді дінтанушы ғалым ғана емес, діни экстремизм және радикализммен нақты тәжірибеде жұмыс істеп жүрген сарапшы ретінде де білеміз. Әріден бастайықшы, алғаш рет «құдай», «дін» ұғымдары туралы қашан ойланғаныңыз есіңізде ме? Дінтанушы ғалым болу бала күнгі арманыңыз ба еді? Дінтану саласына бет бұруыңызға не себеп болды?

– Ақыл-есі бүтін әрбір жұмыр басты пендені «жаратылыс», «жаратушы» ұғымдары ойландырмай тұрмайды. Адам баласы туғаннан ақиқатты, дүниенің мәнін ұғуға ұмтылады. Абай атамыз бұл туралы: «Жас бала анадан туғанда, не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, одан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп… көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді..» дейді емес пе? Біздің балалық шағымыз өткен Кеңес үкіметі мектептерінде атеизм ашық насихатталатын. Үйде ең көп еститін сөзіміз «Құдай қаласа», «Алла сәтін салса», «Тәңір жарылқағай» болса, ал мектепте «Құдай жоқ» деп айтылатын. Бұл қайшылық кімді болса да ойландырмай қоймайды ғой.  Әлі есімде 3-сынып оқып жүргенде әке-шешем ағам екеумізге Құранның намазда оқитын сүрелерін жаттатқызды. Шешем – Мамырайым деген қалпе молданың немересі. Атасынан дінді, шариғатты кішкентайынан үйренген. Анамның Құран оқығандағы тәжуиді қазіргі көп молдалардан көш ілгері. Әкемнің нағашылары да молда-тұғын. Түп-нағашым Мұхамбет деген Бұхарада оқыған үлкен ғұлама еді. Оның інісі Әлтай да молда кісі болатын. Түп-нағашыларым үйге келгенде әкем ауыл қарияларын тегіс жинап, насихат тыңдадатын. Ол уақыттары біз уағыз дегенді білмейміз, әйтеуір, ақсақалдар жиналып әңгіме қылады. Түп-нағашыларым уағыздарында Құрандағы пайғамбарлар қиссасын айтады, ал мен әкемнің қасында отырып алып олардың әңгімелерін тыңдаймын. Маған ол кісінің уағызы ертек сияқты болып естілетін. Кейін дінге келгенімде, түп-нағашы атамның уағыздарының пайғамбарлар қиссасы екенін бір-ақ түсіндім ғой.

Әкем – құқық қорғау саласында қызмет етті. Қартайғанға дейін діннен алыстау болды. Исахан атамның Әбу деген ағасының әйелі, әжеміз Шаршыгүл – Мырзашөлдің болысының қызы еді. Атамыз өз әйелінен туған балалары тоқтамай, біздің әкеміз туған кезде жеңгесінің қолына берген. Ол кісі болыстың қызы болған соң медреседе оқыған, діни сауаты бар адам еді. Әкем 2 айлығынан бастап Шаршыгүл әжеміздің қолында өсті. Біз сол кісінің тәрбиесінің шет жағын көрдік.  

Үйдің айналасында, көшеде кішігірім бата оқитын жерлерде кейде Құран оқи біледі деп я ағамды, я мені шақыратын. Мен 10 жасымнан бастап ораза тұттым, оразадан қарызым жоқ десек болады. Рамазан айларында ауылдың кемпір-шалдарына еріп ана үйге, мына үйге ауызашарға баратынмын. Бірақ намазды тұрақты түрде 18 жасымнан бастап оқи бастадым. Сол 18 жасымда Түркістандағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетіне, заң факультетіне оқуға түстім. Бірінші курста «Мұсылман құқығы» деген пәнді оқыдық. Екінші курста «Дінтану» деген пәнді оқыдық. Біздің топта бірнеше шетелдік жастар оқыды. Одардың ішінде «Имам хатиф» мектебін оқыған, тіпті Құран жаттаған қарилар да болды. Яғни, менің дін жолына түсуіме  Түркістандағы оқуым, ортам әсер етті.

Дінтанушы болуды бала күннен армандаған емеспін. Шындығына келсек, жастайымнан діннен гөрі тарихқа көп қызықтым. Анам – тарихшы еді. Отбасымызда бәріміз тарихқа құмартып өстік. Шәй ішіп отырып-ақ тарихи дәуірлерді талдап тастап отыра беретінбіз. Ал дінге өмірдің соқпағымен келіп қалдық.

– Ашық дереккөздерде «1990 жылғы 12 қаңтарда өткен Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш құрылтайында дербес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды» деп көрсетілген. 31 жылда ҚМДБ жасаған ең мықты реформаларды атап бере аласыз ба?

– Сол кездері Қазақстанның өз алдына бөлек құрылтай өткізіп, дербес діни басқарма құруы көп адамдарға қасірет болып көрінген. Кеңес Үкіметі тұсында Орталық Азиядағы бес республиканың мұсылмандары САДУМҒА қарады. Саяси тұрғыдан бөлек-бөлек республика болғанымен, діни тұрғыдан Орталық Азия САДУМҒА бағынатын. Тәжіктерді былай қойғанда, қалған төртеуі түркі тілдес туыс халықтар еді. Біріктіруші бұл факторлар сыртқы күштерге тиімсіз келді. Сондықтан САДУМ-ды Кеңес үкіметі құламай тұрып, ыдыратуды бастап кетті. Дегенмен, 1989 жылы Қазақстанның бөлек діни басқарма құру бастамасы сол кездегі шарттармен фитнә сияқты болып көрінгенмен, біздің еліміз үшін пайдалы болып шықты. Қазақтардың өз алдына діни тұрғыдан дербестік алуына Өзбекстан тарапы қатты қарсылық көрсетті. Сонымен, біз 1990 жылы әлі тәуелсіздік алмай тұрған кезде «САДУМ-нан» бөлініп шықтық. Сөйтіп Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы құрылды. Бас муфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы осы жылы Алматы қаласында Ислам институтын ашты. Оның себебі діни оқу орындарының барлығы Өзбекстанда болатын. Кеңес үкіметі кезіндегі имамдарымыз Өзбекстандағы осы институттарда оқыды. Біз Өзбекстаннан бөлініп шыққанымызбен, шәкірттерді тәрбиелеуде бәрібір сол елге тәуелді болдық. Ал 1990 жылы құрылған Ислам институты Кеңес үкіметінің Білім министрлігінде лицензиялық мақұлданған институт болып саналады. Дайрабай Рыспаев, Кенжеәлі Мырзабаев, Асылхан Өмірзақұлы қатарлы қазіргі ақсақалдар – Ислам Институтының алғашқы түлектері. Аталған оқу орны құрыла салып керемет институт болып кеткен жоқ.  Бірақ сол уақтағы қажеттіліктерге жауап берді. ҚМДБ – Қазақстандағы мешіттердің бәрін біріктіріп, бір орталыққа бағындырып ұстап отырды.

1990 жылдары біздің діни тұрғыдан дамуымызға сол кездегі қордаланған әлеуметтік мәселелер мен тұрмыстың қиындығы кедергі келтірді. Кейбір мешіттер сақалды құрылысқа айналып кетті. Сол жылдары Қазақстанда тіркелмеген «Алаш» атты партия болды. Құрушысы қазіргі диссидент – Арон Атабек. «Алаш» партиясының мақсаты – Қазақстанға тәуелсіздік әперу. Бірақ тәуелсіздік алғаннан кейін олар ұлттық әрі исламдық жолды таңдаймыз деген концепцияны ортаға қойды. Бұл сол заманның шарттарында өте қауіпті идея еді. «Алаштың» басында тұрған азаматтардың елге ниеті дұрыс-тұғын. Діни жат ағымдардың қауіптілігін о бастан-ақ сезген еді. Арон Атабек Мәскеуге кеткен соң інісі Рашид Нутушев партияға жетекшілік жасады. Оның бастамасымен 1991 жылы бас муфти Р.Нысанбаевты орнынан алып тастау акциясы өтті. Бірақ, мәселеге үкімет араласып, «Алаштықтарды» түрмеге жапты. 1993 жылдан бастап алаштықтар діни ағарту саласына ауысты. Өз жерімізден шыққан дін ғұламаларының шығармаларын басып шығарып, халықты жат діни ағымдардың жетегіне ермеуге шақырды. Осы салада күресін жалғастырды.  

2000 жылы Әбсаттар Дербісәлі бас муфти болып сайланды. Ол кісі Діни Басқарманы біршама биік деңгейге көтерді. Әсіресе ішкі құрылымдық жүйені, тәртіпті, имамдардың функцияларын бір ізге түсіріп, тіпті қызметтік киім үлгісін жасады. Мешіттерді қайтадан тіркеуден өткізіп, ашылып жатқан медреселердегі діни білім беруді ретке келтірді. Лайықты медреселерді Білім министрлігі арқылы лицензиялады. Медреселерімізді көп салалы білім беретін, қазіргі зайырлы қоғам құндылықтарымен қаруланған мамандарды шығаруға бейімдеді. Әбсаттар қажы Дербісәлінің тағы бір үлкен еңбегі –  2001 жылы Ислам Иститутын жауып, орнына Нұр-Мүбәрак Египет Ислам университетін құруы еді. Бұл университетке Мысырлық ұстаздар білім беруге келді. Қазақстаннан шетелдерде оқыған ғылыми деңгейі бар Қазақстан азаматтары тартылды. Алғашқыда 60 бала оқыса, бүгінгі таңда 2000-нан астам студент тәлім алып жүр. Қазір Қазақстанда шетелге бармай-ақ діни ілім үйреніп, ғылыми дәрежелерді алатын сатылы жүйе қалыптасты.

2013 жылы ҚМДБ-ның қадірлі орын-тағына «Әл-Асқар» университетінің түлегі Ержан қажы Малғажыұлы жайғасты. Бұл кісінің кезінде жат діни ағымдармен күресу жолға қойылды. Деструктивті діни ағымдар дәстүрлі діни сенімімізді мансұқтап, көптеген мәселелерді алып келді. Осы түйткілдің алдын алуға Ержан қажы Малғажыұлы барын салды. РАНТ-ны (Республикалық ақпараттық насихат тобы – ред.), ЖАНТ-ны (жергілікті ақпараттық насихат тобы – ред.) құрды. Оған Қазақстандағы ең білікті, мықты дін мамандары топтастырылды. Қазақстанда қай жерде жат діни ағымның шақпағы шағылса, олар сол жерге барып халықпен, жат діни ағым өкілдерімен сөйлесіп, қауіптің алдын алады. Бұрын жастарымыз шетелдегі жат діни ағым өкілдерін пір тұтатын. РАНТ-ны іске қосқаннан кейін қазақтан шыққан оқыған азаматтардың уағыз айтуына көп қолдау көрсетілді. Содан біздің қазақтың өсіп келе жатқан жастары өзіміздің дін мамандарын ұстаз тұтып, солардың айтқандарына еріп, жат діни ағым өкілдеріне еру тоқтай бастады. Қазір «жұлдыз» болып жүрген уағызшылардың бәрінің кіндігін кескен – Ержан қажы Малғажыұлы.

 «ДЕРМЕНЕНІ» БҮГІНГІ УАҒЫЗШЫЛАР ОҚЫСА…

– Әлеуметтік желілерде кең таралып, көп қаралым жинаған видеода  10 жас шамасындағы бала туған күн иесіне «өлген соң жұмаққа бара ғой» деп тілек айтады. Сондай видеода тағы бір бала мұғаліміне қаратып «тозаққа мүлдем түспеңіз» дейді. Басқа дін өкілінің кейін Исламды қабылдауының сыры осы «тозақ» пен «жұмақтың» күштілігінен ғана емес пе? Исламнан басқа дінге өткен немесе атеистке айналған адамдардың неден көңілі қалған болуы мүмкін?

– Кеңес үкіметі 70 жыл бойы атеистік саясат жүргізді, соның кесірінен біз көп нәрсенің формасын білгенімізбен, мазмұнын ұмыттық. Жалпы дін үшін маңызды саналатын «иман келтіру», «ақырет», «тозақ», «жұмақ» туралы ұғым-түсініктер сөздік қорымызда бұрыннан бар. Біздегі «адыра қал» (тозақи), «асылық» (зор күнә), «ұшпаққа шығу» (жұмақтық), «алақай» (Алла-Һай) және, т.б. көптеген сөздердің діни мәні бар екенін ұмытып қалған едік.  

Бұрынғы қазақ астарлап, орын-орнымен, мәселенің хикметін, даналығын сездіріп айтатын. Қазақстанда теріс пиғылды ағымдардың идеялогиялары белең ала бастағанда, қоғам буквализмге ұрынды. Жөні келсін-келмесін бетке былш еткізіп айта салу жұға бастады. Жоғарыдағы сіз айтқан мысалдардың көбеюі біздің жан-дүниемізбен қабыспайтын шетелдік діни ағымдардың әсерінен деп есептеймін. Бір ғана мысал: Құнанбай қажылыққа кетіп бара жатқанда Қалжан ахунға: «Қажылық сапарда жан тәсілім ететін болса, жұмақтық болады деген, маған сол жақта жан тапсыруды нәсіп қылсын деп дұға қыл» – деп өтініш жасапты. Біреуге өлім тілеу мұсылманшылыққа жата ма, сонда Қалжанның ағасы бүй депті: «Ел тілегі болса келсін, ер тілегі болса қалсын». Міне, сөз!

Әрине, сөздің мәнін білмей, хикметін сезбей, тіл табиғатын бұза сөйлеу – қауіпті құбылыс. Оның баламасы ретінде мектеп жасынан бастап балаларды қазақы құндылықтармен тәрбиелеуіміз керек. Біздің әліппеде Абайдың, Бұқар жыраудың, А.Байтұрсынұлының, М. Дулатовтың өлеңдеріне орын берілген. Бірақ соларды жеріне жеткізіп, нені меңзеп тұрғанын, нені айтып тұрғанын айтуда кейде өзіміз осалдық танытамыз. Қазіргі таңда мемлекеттің бізге жасап беріп отырған жүйесін бағалай алсақ, көп мәселенің алдын алуға болады.

Бардың қадірін өзіміз білмей жатамыз. Біздің мектепте оқыған әдебиетті қарасаңыз – тұнып тұрған ізгілік. Маған оқушы кезімде Дулат Исабековтің «Дермене» деген повесі қатты әсер еткен.  Қарасаңыз, айтып тұрғаны – сопылық. Мен қазіргі аузы-аузына жұқпай ютубта уағыз айтып отыратын жүз уағызшыдан Д.Исабековтың  «Дерменесін» артық көрем. Дүкенбай Досжанның «Купедегі екеу» деген әңгімесі бар. Ол шығармада ауыл жігітінің түнімен бір купеде болған қыздың арына қол салмай, нәпсісімен күрескені суреттеледі.  

Негізі, Кеңес үкіметі тұсындағы әдебиет бізге көп тәлім берді. Ол кезде дін турасында айтуға тыйым салды, алайда біздің аға буынды сол әдебиет тәрбиеледі. Қазір дінге еркіндік берілгеннен кейін, жастарымыз ақын-жазушылардан гөрі уағызшыларды көп тыңдап кетті. Руханияттың басқа «балама көздері» пайда болды. Кейбір уағызшыларымыз жат ағымдардың идеялогиясын насихаттап жатыр. Ал жазушылар мен ақындарымыздың олардан артықшылығы – ешқандай жат ағымның теріс идеялогиясына жұмыс жүргізбейді. Олардың көксегені – елдің мүддесі. Ар, әділет, ұят, ынсап. «Дерменені» бүгінгі уағызшылар оқыса қандай ғажап болар еді…

 ОЛАРДЫҢ «ҚАЛҚАНЫ» – ЯССАУИ, АБАЙ, ШӘКӘРІМ…

 – Бетін әрі қылсын, дегенмен дәл осы сәтке дейін елімізде 10 рет қаралы күн жарияланды, оның біреуі террорлық-ланкестік пиғылдағы діни содырлардың кесірінен болды. Экстремистік ұйым деп танылған діни топтарды атап беріңізші?

– Қазақстанда жалпы тыйым салынған 23 ұйым бар, оның бәрінің дінге қатысы бар деп айта алмаймыз. Халықаралық саясатта, мемлекеттер бір-бірімен дипломатиялық байланыс орнатқан кезде бір мемлекетке қауіпті боп саналған ұйымды келесі мемлекет қолдамауы керек. Ол үшін шарт жасасады. Осы шарттардың негізінде аталған 23 ұйымның жартысынан көбі бізде экстремистік ұйым деп танылған. «Шығыс Түркістандағы Ислам партиясы», «Күрт жұмысшы партиясы», «Бозгурд», «Өзбекстан Ислам қозғалысы» дегендер сол елдерге тән қауіпті ағымдар. Шын мәнінде ол ұйымдар біздің мемлекет төңірегінде жоқ.

Қазақстанда діни ланкестік тудырған ағымдар бар. Мысалы, Сәләфилер өз іштерінен бірнеше ағымға бөлінеді: «Тәкбір-Жихадшы», «Мадхали», «Хаддади», «Александр мектебі». Соның ішінде «Тәкбір-жиһадшылар» Қазақстандағы ланкестік оқиғаларға түрткі болды. Сол үшін Қазақстан 2014 жылы оларға тыйым салды. Сирияда лаң тудырған «ДАИШ» пен «ән-Нусраға» да тыйым салды. Қазақстанға әуелі қауіпті тудырған ағым «Хизбут-тахрир» еді. Бұлар 2000 жылдары Түркістан мен Кентауда күшейді. Бұл ұйымға да Қазақстанда жұмыс жүргізуге тыйым салынған.  «Ихуан Мүслим» деген діни жат ағым өкілдері Қазақстанның бірнеше жерінен оқу орындарын ашты. Олар радикалдық мінез көрсетпесе де, сол топтың шетелдердегі іс-әрекеттерін ескере келе Қазақстан алдын ала тыйым салып тастады. Ауғанстандық этникалық қазақ, «Қадария» тариқатының өкілі Исматулла Әбдіғаппар негізін қалаған «Сенім. Білім. Өмір» қоғамдық бірлестігі де эктремистік ұйым деп танылды. Олардың маһдилік идеялогиясы қауіпті деп саналды.

– Дәстүрлі емес діни ағымдар жастарды жалған идеологияның жалауын көтеруге қалай «көндіреді»? Олар уағыз-насихат жүргізуде  қандай әдіс-тәсілдерге барады, адамдарды нендей айла-шарғылармен арбайды?

– Олардың кейбірі Яссауиді, Абайды, Шәкәрімді, Мәшһүр-Жүсіпті айтып, біздің ұлттық тамырдан «байқатпай кіреді».

Кейбір діни ағымдар өздерінің дінін таратуда ескі, қадыми әдіс-тәсілдерге жүгінеді. Кейбір ағымдар модернистік бағытты, яғни жаңашылдықты қолданады. Аталғандардың соңғысын насихаттайтындардың көбі – Түркиядан келген жамағат. Олар қоғамда болып жатқан саяси мәселелерге, әртүрлі оқиғаларға дер кезінде баға беру арқылы ел алдындағы абыройын көтеріп, қатарларын толықтырып отырады. Саяси науқандарға да белсенді атсалысады. Мысалы, өткен жылғы партиялық сайлауда түрік елінен келген бір жамағат «Ауыл» партиясына қарқынды қолдау көрсетті. Өйткені сол партияның ішінде өздерінің адамдары болды. Мұны қарапайым халық байқамаған болар, ал мен маман ретінде сездім. Жан-жағымызға қарар болсақ, шетелдерде жамағаттың дауысын пайдалану – тәжірибе жүзінде бұрыннан бар құбылыс.

Деструктивті діни ағымдардың тағы бір сенімді құралы – ақша. Кәдімгі сары, көк, жасыл қағаздар. Жат діни ағымдар өкілдерінің ішінде кәсіп үйрететін, әлеуметтік тұрғыдан көмек беретін ағымдар бар. Мысалы, Қазақстанда сәләфилердің «Үнді трикотаж» киімдерін сату желісі бар. Сондай-ақ, автобөлшектер сататын, телефон жөндейтін «кәсіптері» де жетерлік. Кейбір адамдар олардың діни идеологияларына емес, кәсіп үйреткендеріне, ақша бергендеріне қызығып, шыға алмай қалады. Түркиядан келген жамағаттар да солай жұмыс істейді.

Соңғы уақытта «купір», «ширк,  «харам», «тағұт» деген тыйымдар трендтен түсіп, оның орнына қарныңа кім ел қондырады, қалтаңды кім қампайтады, кім саған нан мен жұмыс береді – соның артынан еру тенденциясы байқалады.

 

ОЛАР АВТОРИТАРЛЫҚ ЖҮЙЕНІ СЫНАЙДЫ

– Адамдардың діни теріс бағыттармен жүруіне қандай факторлар әсер етеді? Теріс идеология құрбандарының әлеуметтік, психологиялық, интелектуалдық портреттері қандай? Араларында көркем әдебиет оқитын жан бар ма? Олар ел саясатына қалай қарайды?

– Діни ағымдарға еруде саяси, діни, әлеуметтік, психологиялық факторлар әсер етеді. Түркістан қаласында 2000 жылдары «Иегова куәгерлерінің» өкілімен таныстым. Қазақтың бай мәдениетін бойына сіңірген, жыршылардың, ақындардың, билердің қанатты сөздерін, өлеңдерін жатқа соғатын дарынды азамат. Жан-жақты, саясаттан да, экономикадан да хабары бар, қазақтың арғы-бергі бүкіл дүниетанымын меңгерген. Ол өзінің ілімінің мықты екенін дәлелдеп маған күніге келеді. Екеуміз айлар бойы тартыстық. «Әдебиет оқыса діни ағымға еріп кетпейді» деген кепілдеме жоқ. Таныса келе оның 1993 жылы сол ағымның жетегіне ергенін білдім. Бұрын Кентаудағы шахтада жұмыс істеген. Шахтада азаматтар көп ақша алады, жағдайы жақсы болған. Бір күнде жағдайы мүшкілденіп, қатты құлдырып кетеді. Сол кезде жат ағым өкілдеріне жолыққан. Олар өздерінің Санкт-Петербургтағы діни колледжінде оқытқан. Екеуара пікірталаста қанша рет жеңілсе де қайтпады. Сол кісі – әдебиетті оқудай-ақ оқыған адам. ҚАЗІР ТЕРІС АҒЫМДАРДЫҢ ЖАЛАУЫН КӨТЕРІП ЖҮРГЕН НЕБІР МЫҚТЫ АЙТЫСКЕРЛЕР БАР. ОЛАР ӘДЕБИЕТ ОҚЫМАДЫ ДЕЙСІЗ БЕ?!

Мен діни оңалту жұмысында жүріп, талай қызықты жайттарға тап болдым. Діни экстремистердің ішінде жағдайы бар, сауатты, жоғары білім алған экономистер де кезігеді. Олар Қазақстандағы саяси жүйені, авторитарлық жүйені, белгілі бір отбасылардың әлеуетін сынайды. Кейбір олигархтардың жасап жатқан әрекеттерін шенейді. Дегенмен жат діни ағымның жетегінде кеткен. Сол адамдарға «Мәселені шешу жолы дәстүрлі емес діни топтарға қосылу емес  қой» – десең, олардан «Бұл жақта мейірім бар, әділет бар» деген жауап аласың. Бұл – саяси фактор.

Жезқазғанда жұмыс істеп жүргенімде бір жесір қалған апамен таныстым. Қарақұмда совхоз тараған соң қалаға бала-шағасымен көшіп келген екен. Көршілері салафиттер болып шығады. Олар салафит болса да адам ғой, жесір әйелдің бала-шағасына қайыр-садақасын беріп көмектесіп тұрады. Жылуды солардан көрген балаларының бәрі өскеннен кейін сол топқа қосылған. Апамыз: «Мен баяғыда арып-ашып, тозып келген кезде осы бауырларым көмектескен» деп салафиттерге шаң жуытпайды. Ол көмекті мемлекет те береді ғой, бірақ апамыз құқықтық тұрғыда сауатсыз болған соң еш жерге бармаған. Бұл – әлеуметтік фактор.

Тағы бір жайт, бір келіншек нихаб киіп алған, ал ол парыз ба, сүннет пе – білмейді. Қалай айтсақ та, нихабын орамалға ауыстыра алмадық. Сөйтсек, ол бұрын жезөкше болған екен. Бетін ашса жұрт «Мынау баяғы жезөкше емес пе?!» деп айтады ғой. Солай болмас үшін нихабын шешпейді. Әрине, бұл жайттан нихаб кигеннің бәрі жезөкше деген түсінік шықпауы керек. Әлгі келіншекті қатайтып, радикалдандырып тұрған – психологиялық фактор.

Ислам діні осы екен деп, бірінші уағыз айқан кісінің сеніміне бой ұратындар да жиі кезедеседі. Бұл – діни фактор.

– Дәстүрлі емес діни ағымдарды бас көтертпей жеңу я түбегейлі жою мүмкін бе? Ол үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Атқарылып жатқан істің олқылықтары бар ма?

– Жоғарыда айттым, РАНТ бар. Бұған Қазақстандағы ең мықты деген 30-ға жуық исламтанушы мамандар тартылған. Жат діни ағымдардың ақида, фиқһ мәселелеріндегі қате жерлерін айтып, түсіндіріп, ғылым ретінде өзіміздің Әбу Ханифа, Матруди мектебінің ілімі дұрыс екеніне көз жеткізуге жұмыс істейді. ЖАНТ қатарында теолог мамандар ғана емес, сол аймаққа белгілі көпті көрген ақсақалдар, ардагерлер кеңесінің мүшелері, тіпті, мектеп мұғалімдері де бар. Кей аймақтарда теологтардың емес, аузы дуалы адамдардың сөзі өтеді. Бізге олардан қандай қауіп бар, діни мәселелердің артында қандай күштер тұр, сол жағын түсіндіріп береді. Бұл белгілі бір деңгейде өз-өзін ақтады. Экстремизм, терроризмді үзілді-кесілді жойылып кетті деп айтсақ өтірік болар, әйткенмен дамуын тежеді, алға жылжуы, қарқыны басылды деп нақты айта аламыз. Дегенмен тоқмейілсуге болмайды, қауіп әлі толық сейіле қоймады.

– Өзіңіз көркем әдеби кітаптарды қаншалықты жиі оқисыз? Сұхбат соңында алғашқы және кейінгі оқыған көркем шығармаңыз туралы айтып беріңізші.

– Әрине, кез келген қазақтың баласы секілді бірінші жыр-дастан мен  ертегілерді оқып бастадық. Дегенмен есімде қалған бір жәйт бар – соны айта кетейін. Қашан көрсем де әкем тарихи кітаптардан бас алмай отыратын. 3 сынып оқып жүрген кезім, бір күні әкем не оқып жүр екен деп, кітабының шеті қайырылған бетін ашып көрдім. Кіші жүзде Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы күрескен Жоламан Тіленшиев деген батыр болған. Сол Елек өзенінің бойында жау әскеріне қарсы соғысады. Жеңіліп жатқан жерінен қыпшақтың Иман батыры көмекке келіп, орыстарды тырқыратып қуып, жеңіске жетеді. Осы сюжетті оқығанда арқаң қозып, көзіңе жас келеді. Бала болған соң соғысқа қатты қызығатын кезіміз ғой, әсерленгенім соншалықты, кітапты соңына дейін оқып тастадым. Осылайша мен 3 сыныпта жүріп Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерін» оқыған едім. Сосын «Жанталасты», «Алмас қылышты», «Алтын Орданы» оқыдым. Ілияс Есенберлиннің кітаптарын оқу арқылы кітапқа деген махаббатым оянды. Бала күнімде ауылдың кітапханасында не кітап бар, соның бәрін оқып шығатынмын. Университетте оқып жүргенімде, ұстаздарым біз пақырдың сабақ айтқанын көріп «Сен бұрын қандай университетті оқығансың?» дейтін. Университетке енді түскенімді мойындай қоймайтын.  

Соңғы уақытта қазіргі діни ағымдар жөнінде шетелдерде шыққан кітаптарды оқып жүрмін. Кейінгі оқығаным – Рушен Шәкирдің діни жамағаттар туралы кітабы. Жалпы, кітап оқуды күнделікті жүйеме келтіргенмін. Әсіресе, жол жүріп, сапар шығып кетпесем, ұйықтардың алдында міндетті түрде бір сағат кітап оқимын. Ал бір ғылыми дүниеге кірісердің алдында, тақырыпты зерттеп шығу үшін соған қатысты кітап-деректерді кейде бірнеше тәулік бойы қарап отырамын. Қанша кітап оқығаным беймәлім. Докторлық диссертациямды жазған кезде бес жүздей кітап оқыдым. Үйдегі кітапханамда ұзын-ырғасы заң, тарих, әдебиет, дін, саясатқа қатысты төрт мыңдай кітап бар. Олардың шамамен 50%-дан астамы діни, 30% -ы әдеби, қалғандары заң, т.б. салаларға қатысты.

– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

 

 

 

ПІКІРЛЕР4
Аноним 20.09.2021 | 10:55

Бұл сұхбатта Рәтбек қажы Нысанбайұлын орнынан алып тастау акциясы жөнінде айтылыпты. Ал, одан кейінгі Әбсаттар қажы Дербісәлінің бұл орыннан қалай кеткені жайында айтылмапты.

Аноним 21.09.2021 | 10:41

Рәтбек қажы Нысанбайұлы — нағыз дінтанушы еді. Беделі зор еді. Оның орнына Әбсаттар Дербісәліні әкелгені, кейін оның да қалай кеткені түсініксіз болып қалды.

Аноним 22.09.2021 | 12:31

Бас муфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы 1990 жылы Алматы қаласында Ислам институтын ашты. Әбсаттар қажы Дербісәлінің 2001 жылы Ислам Иститутын жауып, орнына Нұр-Мүбәрак Египет Ислам университетін құруы құптарлық па?

Аноним 23.09.2021 | 12:17

Әбсаттар Дербісәлі құрған Нұр-Мүбәрак Египет Ислам университетіне Мысырлық ұстаздар білім беруге келіпті. Жөн-ақ. Қазақстаннан шетелдерде оқыған ғылыми деңгейі бар Қазақстан азаматтары тартылыпты. Дұрыс делік. Осы соңғыларының ішінде Шәмшадин Керімнің болғанына таңымыз бар. Ол шетелде оқымаған. Әлде ол араб тілінен кандидаттық диссертация қорғап па еді?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір