«Аранды темір қоршауда»
15.09.2021
18117
0

Қараған сайын көрерім де біреу-ақ.

Ол — аранды темір қоршау.

 Ол – бізбен бостандық арасына құрылған аранды қоршау, одан көз айырмауымыз керек…

Сильвестр ТАГАРАО

Жаңа әуен

Кеңес үкіметі кезінде XX ғасырдың басында болған нәубет – ашаршылық қазақ халқының басына зобалаң әкеліп, талай қаракөзді жалмады. Бұл зобалаң қазақтың сурет өнерінің негізін салушылардың бірі, атақты суретші Әбілхан Қастеевтің отбасын айналып өтпеді. Ол азық іздеп шекарадан Қытайға өтіп, сол жақтағы түрмеге қамалып, ауыр жұмысқа жегіледі. Өз еліне әупіремдеп оралған ұланның сурет өнеріне ерен еңбегі сіңді. Алайда ол өмір сүрген Совет кезінде шығармашылық еркіндік былай тұрсын, жүріс-тұрысы мен сөйлеген сөзіңе дейін құрсауда болды. Бұл құрсау біздің әдебиетіміз бен өнеріміздің дамуын барынша тежеді. Қазақ халқының мәдени-рухани жәдігерлерінің көбі құрып, тарихымыз бұрмаланып, руханиятымызға үлкен қастандық жасалғаны – тарихи шындық. Тәуелсіздік алған жылдары қайта жаңғыру лебімен өз мәдениетіміз бен түп-тамырымызды іздедік. Руханияттың қаншалықты маңызды екенін түйсініп, енді-енді бойымызды тіктеп келеміз.

 Қазіргі заманауи кескіндеме бағытындағы картиналарының өн бойынан қазақтың болмысы менмұндалап тұрған Алмас Нұрғожаның шығармашылығы назарымызды аударды.

«САНДЫҚ ТАРТЫЛЫСТЫҢ» ЗАРЫ

Қазіргі қоғамдағы, әсіресе заманауи технологиялар қарыштап кеткен шақта адамның орны қандай? Интернет тікелей ақпарат алуға, алысты жақын етуге, виртуалды «өмірді» сүруге мүмкіндік берді. Алайда интернет пен әлеуметтік желіге байланған адамның қолы ұзарғанымен, адами құндылықтары, білім мен парасаты қаншалықты биіктейді? Автор шарықтап дамыған заманның шырмауына адамды асып қою арқылы сізге нендей ой тастады?

Жоқтау

«ЖОҚТАУ»

Жан-жақтан торыған Ажалды жолатпай Қорқыт — Ата қобызын күндіз-түні тебірентіп-ақ келіп еді… Әттең-ай, бір сәтке қалғып кетіп, қобыздың үні өшіп қалғанда, қасиетті бабаны жылан шағып өлтірді. Сол қобыздың шын аты — Руханият.

 Шерхан Мұртаза

Әлемді құрсаулаған «COVID-19» індеті талай жанның өмірін қиды. Осы тақырыпта  жазған «Жоқтау» атты Алмас Нұрғожаның картинасының мәніне бойлайық.

Қорқыттың қобызы жайлы естімеген қазақ кемде-кем. Көрерменнің сахнадан көретіні – ажал әбжыланы таяған сәтте жан-таласа қыл қобызды сарнатқан  ақ киімді «абзал жанның» арпалысы және бір мезет үзіліп кеткен қобыздың қылы. Картинаның шарықтау шегі – дәл осы үзіліс, іш тартып, үнсіз қалған кезі – дәл осы мезет.

Мұндай метафоралық әдістен үзілген қобыздың қылы арқылы адамның қыл үстінде тұрған өмірі жайлы суретшінің толғанысы, кемерінен асқан көңілі, ішкі күйзелісі анық сезіледі.

Қобыз шалқып, үзілген ішек сол күйі ауада қалқып қалғаны –  көңілде мұңды күй шертеді.

Ғарыш

«ҚЫТАЙДАҒЫ ЗҰЛМАТ»

Мына бір картинаның атауы – «Қытайдағы зұлмат». Қазіргі таңдағы ҚХР-да орналасқан концлагерлердегі түркі халықтарына жасалған қиянатты суреттеген. Кескіндемешінің бұл картинасы Кипрдегі заманауи музейде тұр.

Бұндай ауыр зобалаң жайлы ойды Алмас Нұрғожа дәстүрлі әдіспен жаза салмаған. Ерекшелігі осында, ондағы абстрактілі көрінген дүниенің метафоралық мәніне қарасаңыз аранды темір қоршауға асылып, бірі бұлқынып, бірі сұлық жатқан адамдардың жанкешті хәлін көресіз.

Сурет өнерінің бұл қырына, мәні мен мақсатын айтпаған күннің өзінде, автор жұмыс барысында адамның тұлғалық еркіндігін, бас бостандығын, құрсаудағы аянышты дәрменсіздігін көрсеткісі келгендігін көзі қарақты жандар пайымдап та үлгерген болар. Фонның қара түсті болуы өзгеше әсер береді. Аранды темір қоршауда қалған жандар сол қараңғылыққа жұтылып бара жатқандай.

Қытайдағы зұлмат

210×700 сантиметрдей көлемді шығарманың бояу қалақшасымен оқыс әрі өткір жағылуы қатыгездікті көрсетсе, жоғарыдан түскен темір сымның тік сызықтары әлдебір кеңістіктегі күштердің «жіппен қуыршақтарды басқарғандай» көз алдымыздағы қорғансыздарды билеп-төстеуде. «Қуыршақтардың» жіп ырқына көнбеске шарасы қалмаған.

Символикалық тұрғыдан керемет шыққан туындының шарықтау шегі – автордың тек Қытайдағы Түркі халықтарына қысымы емес, әлемдегі ғасырлар бойы күштінің әлсізге көрсеткен қорлығын таңбалауында.

Бұндай өткір мәселені мойнына алып, сәтті аяқтаған шебердің батылдығын мойындау керек. Картинаның оң жағында  қараңғылыққа сіңіп бара жатқан жандардың сұлқ жатқан жансыз бейнесі, енді бірінің мүрдесі аранды темірге ілініп салбырап тұр. Туындының тура ортасында кірпіштен қаланған қабырғаға сүйеніп, темір сымды сол қолымен ұстап, төзімі таусылып, жігері құм болған шарасыз жан отыр. Оның көкке қарай жайылған алақанынан ұшқан екі ақ көбелек бостандықтың нышаны, үміттің сәулесін бейнелейді. Шығарманың сол жақ қапталында – аранды темірден шығып кетуге талпынған сұлба. Қасарысып, темірді жіберер емес. Біз оның сірескен сұлбасына қарап, үмітсіздікке әлі бой алдырмаған немесе ашынып, күйініп, ішқұса болып бара жатқан кейіп деп топшылаймыз.

Кейіпкерлер – жауырын, буын, сәл бүгілген шынтағының еті қашқан, кейіп-кеспірі кеткен, тегіс жүдеу адамдар. Автордың адам анатомиясын жіті зерттегені, антикалық мәнерден хабары бары анық көрінеді. Кейіпкерлердің ракурстары, түрлі қозғалыстағы бұлшық еті, еңкейіп, иілгені, отырысы өте шебер кескілдеген. Шығармадағы ерекшелік – мұнда кейіпкерлердің сезімі, қалжыраған жай-күйі, өлім күйі, жан дәрмен қасарысқан күйі бейнеленген.

Міне, Алмас Нұрқожаның картинасында қатыгездік пен әділетсіздікке қарсы үн жатыр. Бұл азаттық пен адамсүйгіштік идеясын арқалаған туынды.

Дидар ҚАЙРАТ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір