Владимир Божко: «Қазақстанда тілдік дискриминация жоқ»
02.09.2021
414
0

Биыл ҚР тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Ал 30 тамыз күні Ата заңымыздың қабылданғанына 28 жыл толмақ. Осы уақыт ішінде еліміз біртұтас мемлекетке айналды. Конституция  тәуелсіздік құндылықтарын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Еліміз Ата заңның  арқасында демократиялық бағытта дамып келеді. Конституция – мемлекеттің негізгі заңы. Ол адам құқығын, дінін, ділін, тілін қатаң қорғайды.

Осы бағытта таяуда елімізде болған тілге қатысты мәселеге оралайық. Қазақстандағы орыс, славян және казактар қауымдастығы ұйымының төрағасы Владимир Божко Қазақстанның ішкі ісіне араласқысы келген «Ресейдің офицерлер одағы» қоғамдық бірлестігі ұйымының төрағасы С.А.Липовойдың «Қазақстанда орыстілділер қысымға ұшырап жатыр» деген мәлемдемесін жоққа шығарып, «Қазақстанда тілдік дискриминация жоқ», – деп мәлімдеді.

 «Қазақстанның билік органдарына «Ресейдің офицерлер одағы» қоғамдық бірлестігі ұйымының төрағасы С.А.Липовой аты-жөні белгісіз куәгерлердің сөзіне сүйеніп, «Орыстілді Қазақстан азаматтарына қоқан-лоқы көрсетіп, күш қолдануына байланысты» арызданып, үн қатқанын естідік.

Осы ретте Қазақстандағы орыс, славян және казактар қауымдастығы ұйымының жетекшісі ретінде Қазақстанда ұлтына және дініне байланысты орыстілді азаматтарды алалау, күш көрсету және ұрып-соғу фактісі мүлде жоқ екенін айтқым келеді!

«Ресейдің офицерлер одағы» қоғамдық бірлестігі ұйымының ауызша айтқан мәлімдемесі шындыққа мүлде сәйкеспейді. Мұндай дәлелсіз әңгімелер Қазақстан мен Ресей арасындағы достық пен старатегиялық әріптестікке кесірін тигізетіні анық.

Сондықтан отандастарымның атынан айтайын, біздің елімізде тілге байланысты кемсітушілік жоқ. Кейбір адамдардың айтып жүрген арандатушылық бағыттағы ой-пікірлері Қазақстандағы орыстілді азаматтардың ойымен мүлде сәйкес келмейді.

Қазіргі таңда Қазақстанда орыс тілі конституциялық статусқа ие, ұлтаралық қатынас тілі ретінде мемлекеттік құрылымдарда, жергілікті билік орындарында, теле-радиоларда, күнделікті өмірде кеңінен қолданылады.

Елімізде республикалық және аймақтық газет-журналдарды айтпағанда Ресейдің мемлекеттік телерадиолары өз хабарларын еркін таратып жатыр.

ҚР барлық мектептерде балаларға қазақ, орыс және ағылшын тілдері оқытылады. Бұдан басқа көптеген орыс мектептері жұмыс істейді. Осылайша қазақ қоғамында көптілді бағыт біртіндеп дамып келеді.

Славян жастары мен өзге де ұлт жастары қазақ тілін меңгеріп, жергілікті ұлтқа өз құрметтерін көрсетіп жүр. Міне, бұл қазіргі Қазақстандағы шынайы жағдай. Қазақстандағы барлық ұлттың құқығы заңмен қорғалған. Мемлекеттің қамқорлығын сезініп, алаңсыз өмір сүріп, дамуына барлық жағдай жасалған.

Кез келген азаматтың жеке өміріне қол сұғылмайды, ел азаматтарының орыс тілін пайдалануына, діни сенімін сақтауына, салт-дәстүрін дамытуына қатысты қандай да бір құқы бұзылса, Конституцияға сәйкес заңды түрде шаралар қарастырылады.

Мен Сізді бар өмірін халық пен мемлекеттің дамуына арнаған адам ретінде Қазақстанның атына жария түрде айтылған дәлелсіз мәлімдемеңіз үшін жазғырамын. Мұндай істің жауапкершілігі қаншалықты ауыр екенін түсінеді деп есептеймін.

Қазақстан ұлтарлық келісімді сізді «араластырмай-ақ» өз бетінше шешіп келеді. Мұндай ой-пікіріңізді Қазақстан мен Ресейдің арасындағы берік достық қарым-қатынасты көре алмайтындар өз мақсатына пайдаланатынын ұмытпаңыз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір