ТЕРІС ИДЕОЛОГИЯ ВИРУС СЕКІЛДІ
20.08.2021
1542
0

Жастарды діни ағымдар шырмауынан арашалау керек

 Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған Талибан қозғалысының Ауғанстан билігін қолға алуы елдегі қордаланып жатқан көп мәселені «майшаммен  қарауға» мәжбүрлеп отыр. Сондай өзекті мәселелердің бірі – жастардың дәстүрлі емес діни ағымдарға көптеп бет бұруы. Бұған дейін қанша қазақ баласының «құдайды іздеп» шекара асқаны, нешеуінің ажал апанына құлағаны, тағы қаншасының тажалдың тырнағында жүргені бізге беймәлім. Белгілісі – қазақтың өткен тарихын теріске шығарып, бүгінін бүлдіріп, болашағына «қара перде» тұтып жүрген радикалды ағым өкілдерінің арасында жастардың басым болуы немесе ұлттық танымы қалыптаспаған, баба дәстүр бойына бекімеген жастардың еліктегіш келетіні. Ата салтқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын теріс пікірлер мен үндеулер әлеуметтік желілердегі «жұлдыздардың» да, белгілі спортшылардың да аузымен айтылып жүр. ҚМДБ өкілдерінің, ел ішіндегі аузы дуалы кісілердің бұған қарсы «ләмі» тамыр жая бастаған әсіре ұйымдардың бетін қайтаруға қауқарсыз екені анық. Дегенмен, бұлай екен деп қол қусырып қарап отыруға да, ауызды қу шөппен сүртіп, «ақырзаман орнатуға» да болмас.

Көптің көкейінде жүрген алаңды жастардың өзіне айтып, сұрағымызды жолдаған едік. Әуелі қолына қалам ұстаған жастар үн қатты. Теолог мамандар мен әлеуметтанушылардың бұл сұрақтар төңірегіндегі ойларын келесі нөмірден оқи аласыздар.

 

ДІНШІЛДІК ҒЫЛЫМ-БІЛІМІ ТҰРАЛАҒАН ЕЛДЕРДЕ БЕЛЕҢ АЛАДЫ

 «Қ.Ә»: Жастардың дәстүрлі емес діни ағымдардың қармағына ерікті түрде тұтылуына не себеп? Бұған қандай факторлар әсер етеді?

Әлішер РАХАТ, жазушы: – Әсіредіншілдіктің белең алуының ең басты факторы – өнердің әлсіреуі. Театр, әдебиет, киноның, телебағдарламалардың өз функцияларын дұрыс атқара алмауы дәл осындай келеңсіздікті тудырып отыр. Байқасаңыз, діншілдік – сауатсыздық пен кедейлік жайлаған, ғылым-білімі тұралаған елдерде белең алады. Яғни, азамат қоғамынан, мемлекетінен өз орнын таба алмағанда, іздеп жүріп бір діннің яки діни топтың кірпіші болып қаланады. Адам өзін әрқашан маңызды сезінгісі келеді, өз орны болғанын қалайды, ал мемлекет оған «орын дайындап бере алмаса», ол қылмыстық немесе діни жолға түседі. Сосын барып, діннің ішінде өзінің эгосын қанағаттандыру үшін, өзін аса маңызды санау үшін, Құдай жолындағы құрбандықтарға, «ақиқатты» өзге адамдарға «нұсқауға», ақыр соңы, Құдай үшін соғысуға бел байлайды: өзінің өмірін үлкен идеялар үшін құрбандыққа шалады. Біздің елде жастардың проблемасы – жұмыссыздық: ЖОО оқиды, мемлекеттік бюджеттен оқу үшін қыруар ақша бөлінеді, бірақ олар өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмайды. Тапқан күннің өзінде оның қажеттіліктеріне жеткіліксіз болып шығады.  

Темірлан ЖОРАБАЙ, ақын: – Елімізде ресми дін мамандары тарапынан белсенді жұмыс жүргізіліп, құқық қорғау, қауіпсіздік салалары тарапынан қыруар шаралар жүзеге асырылса да, қоғамда теріс ағымдардың кері ықпалының қаупі сейілмей тұр.

Мәселенің барлығы оқу-тәрбие ісінде жатыр деп ойлаймын. Отбасында ата-анадан, мектепте ұстаздарынан, университетте оқытушы-ғалымдардан өміріне қажетті рухани нәр алған жастардың ешқандай да жат ағымның «рухани азығына» мұқтаждығы туындамауы тиіс еді. Бірақ, көріп отырғанымыздай, мәселелер кері бағытта өрбіп, бөгде идеологиялық ықпалдың жетегінде кету жағдайлары ауық-ауық орын алуда. Сондықтан да мәселені арыдан бастауға мәжбүрміз. Жоғарыдағы ойымды нақтылар болсам, негізгі себеп оқу-тәрбие үдерісінде адамға қажетті төрт қуаттың толық сіңірілмеуінде, баланың оқушы кезінен бастап «толық адамның», «кемел адамның» тұлғасын қалыптастыруға ұмтылмауымызда. Абай айтқан «ақыл, қайрат, жүректің» тепе-теңдігін сақтауды үйретпеуімізде. Бүгінгі білім беруде рухани байлық, эмоциялық интеллект, зияткерлік қабілет және физикалық қабілеттің (SQ, EQ, IQ, PQ) тұтасуынан ғана кемел тұлға қалыптасатыны мойындалған. Бір қуантатыны –  еліміздегі жаңартылған білім беру бағдарламасының негізгі концепциясы  адамның осы айтылған төрт қуатын дамытуға бағытталған. Дегенмен оның жүзеге асырылуында олқылықтар орын алып жатқаны рас. Егер әрбір мектеп бітірген жасөспірімге рухани азықты жеткілікті деңгейде берген болса, эмоциясын дұрыс бағытқа жұмсауды үйретсе, зияткерлік және физикалық қабілеті өзін өзі қорғайтындай деңгейде жетілген болса, бүгінгі «майшаммен қаралуы тиіс мәселелердің» ешбірі де туындамас еді.

Рухани байлықтың көзі – кітап. Дұрыс кітап. Балалар мектеп бітіргенде ұлттық және әлемдік көркем әдебиеттің біразын оқып шығуы керек. Көркем әдебиет арқылы ғана адамгершілік құндылықтарды жан-жақты тани алады. Ал Абайдың даналығынан аттап кетуге мүлде болмайды. Ол дүниеге келген әрбір қазақ баласының өмірлік даму сатысында міндетті түрде аялдауы тиіс бір бекет. Бұл жерде Абайдың философиясын баланың деңгейінде түсіндіріп беру методикасын қалыптастыру мәселесі тағы бар. Ол әлі қалыптасқан жоқ. Сондай-ақ, оқушылар дәстүрлі діни танымымыздың негізгі қағидалары мен ұстанымдарын біліп, бойына сіңіріп шығуы тиіс. Қандай ортаға барса да негізгі ұстанымынан айырылмауы үшін.

Эмоциялық және зияткерлік интеллектінің жетіспеуінен қаншама жастар оқусыз, жұмыссыз, өнерсіз, кәсіпсіз жүр. Оның ақыры неге алып барады? Өмірдің мәнін уақытша дүниелерден (есірткі, гаджет, құмар ойын, т.б.) немесе «ақіреттік бақытқа қол жеткізуге шақырған» «ерекше көзқарастағы» таныстарының лекцияларынан іздеуге алып барады. Ал физикалық қабілет ше? Қоғамдық орындарда агрессия тудырып жататын жат ағым өкілдерінің көбі сол физикалық қабілетін артығырақ жетілдіріп, рухани, зияткерлік, эмоциялық қабілеттеріне мән бермей кеткендер деп ойлаймын. Жас адамның тән қуаты кем болуы өмірде көп қиындықтарға ұшыратары анық. Ал дене күші артық болып, оны эмоциялық тұрғыда басқара алмау да агрессивті, радикал идеялардың жетегінде кетуге себеп деп ойлаймын. Қорытындылап айтсам, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Жастардың оқу-тәрбие ісі түзелмей, жұрт ісі түзелмейді». Оның ішінде, әрине, дін ісі де бар.

 

«ҚҰДАЙ» СӨЗІН ӨЗГЕШЕ ТӘПСІРЛЕУ

«Қ.Ә»: Жат діни ағым өкілдері  қатарларын толықтыруда қандай амалдарға жүгінеді? Наным-сенімдерін кеңірек насихаттаудың құралы ретінде қандай методикаларды қолданады? Олардан сақтанудың жолы қайсы?

Темірлан ЖОРАБАЙ: – Ең басты құралы «адамның оң жағынан» жақындауы шығар. Яғни, бір қарағанда жағымды, еш зияны жоқ, тіпті адамзатқа пайдалы амалдарға, іс-шараларға шақыру арқылы арбауы.

Жат діни ағым өкілдері деп отырғанымыз кімдер? Артынан адам ертіп, жанды арбай алатындарының көбі интеллектуалдық, психологиялық, коммуникативтік дайындықтардан өткен, іріктеліп шыққан әккі кәсіби мамандар деуге болады. Ал енді олардың назарына іліккен бүгінгі жас жеткіншектің халі қандай? Жан дүниесінде не бар, не жоқ? Өмірлік мұратын тапты ма, табуға ниетті ме? Бос уақытын, жастықтың сарқылмас күшін қайда жұмсап жатыр? Мәселеге осы сұрақтар тұрғысынан келмейінше, сақтанудың қандай жолын жасасақ та, теріс идеологиялар вирус секілді әйтеуір бір әлсіз тұсты тауып еніп кетері анық.

 Әлішер РАХАТ: – Олардан сақтанудың ең сенімді жолы – өнер, білімге көңіл бөлу. Журналистиканы діншілдіктен арашалау керек. Әйтпесе, кейбір сауатсыз журналисттер, блогерлер өз көзқарастарын тықпалауға шебер. Халықтың руханиятына қорған болу, олардың құқықтарын, жеке бастың шекараларын шекарашы әскердей қорғау қажет. Бұл – өнер адамдарының жұмысы. Ал сыртқы күрес түрінде, Қауіпсіздік комитетінің радикалисттік көзқарасқа жақын, әсіредіншіл азаматтарды қатаң бақылауда ұстауы керек. Байқасаңыз, Ауғанстанды тәліптер басып алды дегенде қуанышын жасырмаған діншілдер аз емес. Олардың басты мақсаты – Қазақстанда Ислам халифатын құру. Сәйкесінше, әлемді мұсылмандар басқарады деген жалған аңызға сенуі ықтимал. Бірақ, өкінішке қарай, бұл оқиғаларды сау ақылмен қарай алмайды. Яғни, тәліптер Ауғанстанды көркейтеді, шариғатқа сүйеніп мемлекет құрады дегенге сенуі бек мүмкін, ал Ауғанстан діни анархияның отанына айналуы мүмкін екенін ескермейді. АҚШ қолдап тұрғанда, халықтың 54 пайызы жұмыссыз болса, Тәліптер келгенде халықтың аштан қырылмауына кім кепіл? Оның үстіне, көзі ашық, көкірегі ояу, шетел көрген кісілер, өз ісінің мамандары Ауғанстаннан қашып кеткеніне күмәнім жоқ. АҚШ бар кезде кадр жетіспей жүргенде, ендігі болашағы қалай боларын елестету мүлдем қиын. Ауған халқының алпыс пайызға жуығы әйелдер болса, тәліптер үш-төрттен әйел алып, қыздарын күң, ұлдарын құл қып жіберуі ықтимал, өйткені олардан бейбіт тұрғындарды қорғайтын ешқандай заң жоқ. Осының бәрін халыққа жеткізу – сақтанудың алғышарты болса керек-ті.

Меніңше, мықты шешен уағызшылар НЛП-ның (нейро-лингвистикалық программалау) әдіс-тәсілдерін қолданатын секілді. Мұны, әсіресе, макетингте кеңінен қолданады. Брендтерді жарнамалауда, оларды адамның жан-дүниесімен байланыстырып, құдды бір сол бренд дүние қолында болмаса өзін өзгеден кем санап, толыққанды сезіне алмайтын хәлге жеткізеді де, миллиондап тұтынушылар жинайды. Сол секілді, НЛП арқылы қатарларын толықтыруы бек мүмкін. Майда тіл, «көркем мінез»… Тіптен, НЛП-ны жақсы меңгерген мамандар тіптен басқа тақырып (спорт, өнер, кітап, фильм) жайлы әңгіме қозғап отырып-ақ, сізді дінге баулиды. «Ютуб» арқылы, әлеуметтік желілер арқылы сондай шешен кісілер адамдарды арбауы ықтимал.

 

«Қ.Ә»: Телеарналар мен әлеуметтік желілердегі уағыздардың шектен тыс көптігі дәстүрлі дінге теріс көзқарас қалыптастырмай ма?

Темірлан ЖОРАБАЙ: – Дәстүрлі дін өкілдері тарапынан жасалып жатқан уағыздардың аздығы немесе шектен тыс көптігі әлі статистикалық тұрғыда нақтыланған жоқ деп ойлаймын. Мәселенің өзектісі сол уағыз-насихаттың сапасында жатқан шығар. Адамның ағзасына қажетті микроэлементтердің нормасы секілді рухани азықтың да нормасы бар ғой. Әрі ол бір сарынды емес, түрлі реңкте, өнер мен ғылымның жетістіктіктерімен ұштастырыла берілсе, ұлттық руханиятымыздың иммунитеті күшейе түсер еді.

Әлішер РАХАТ: – Діннің жаппай пропагандасы қоғамда ортақ Құдай жасайды, олардың сенімдерін бір орталыққа байлайды да, қуыршақ секілді жіптерін тартып ойнайды. Сәйкесінше, әсіредіншілдер сол Құдайдың атын пайдаланып, «Құдай» сөзін өзгеше тәпсірлеп, қауымды адастырады. Ал адасқан ағымдағы, агрессиялы, сауатсыз діни уағыздар көбейген сайын, ол жалпы дінге деген сенімсіздік тудыруы мүмкін.

Әзірлеген А. ҚУАНЫШҰЛЫ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір