ТАТУЛЫҚ. ЕЛІМІЗГЕ  ЕҢ  КЕРЕКТІНІҢ  БІРІ – ОСЫ
13.08.2021
355
0

Тосын оқиғаларға толы 1990 жылдардың басында «Орта Азия мемлекеттері ішінде Қазақстан ұлтаралық қақтығыстар ошағына айналуы мүмкін» деген саяси болжамдар көп айтылатын. Халықаралық деңгейдегі үлкен ойындарға қатысты пікір білдіріп, отқа май құйып отыратын Збигнев Казимеж  Бжезинский сияқты саясаткерлер: «Қазақстан екінші Ауғанстан болады», –  дегенге дейін барды. АҚШ-тың 39-президенті Джимми Картердің құзырында кеңесшілік қызмет атқарған әккі саясаткердің болжамына сол кезде қол қоймаған адам кем де кем. Тіпті, ел ішіндегі «сәуегейлер» де: «Әне-міне ұлтаралық жанжал туады» –  деп жақ жаппай сарнаудан жалыққан жоқ. Шынында, бұл – болуы мүмкін ықтимал жайттардың бірі еді. Алайда қазақ халқының кеңпейілділігі мен бауырмалдылығы, Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясаты тағдырдың айдауымен қазақ жерінде табысқан диаспоралардың бірлігі мен ынтымағын қиын-қыстау заманда сақтап қалды. Иә, ішінара дүрдараздықтар, жұдырық ала жүгірісулер ауыл арасында болмай қалған жоқ, болды. Бірақ  әлгіндей келеңсіз оқиғалардың түйіні тез тарқатылып, реттеліп тұрды. Мұның себебі неде? Себебі, біріншіден, Қазақстан –  біртұтас мемлекет. Қазақстан Республикасының территориялық тұтастығына ешкім шәк келтіре алмайды.

Екіншіден, қазақ жерінде тұрып, өмір сүріп жатқан ұлт өкілдерінің мәдениеті мен дәстүріне Қазақстанда өте қолайлы климат жасалған. Алматыда әлемде жоқ жалғыз Ұйғыр театры бар. Газеттер мен журналдар, радиобағдарламалар, телеарналар Қазақстанда ұйысқан ұлыстарды бөле-жармай қызмет етеді. Диаспорлардың барлығында мәдени орталықтар бар. Ең бастысы – Қазақстанда еркіндік, теңдік бар. Әлеуметтік орта – тұрақты  әрі қауіпсіз. Осы күндері өзге ұлт өкілдерінің жастары қазақ тілін үйренуге толық бет бұрды. Ал мұндай бетбұрыс Қазақстандағы қазақ халқы мен диаспорлардың арасындағы ынтымақты, татулықты арттыра түсері даусыз. Бүгінгідей аласапыран заманда елімізге ең керектінің бірі – осы: татулық. Мәдени орталықтар қазір жастардың бір-бірімен  қазақ тілі арқылы тілабысып, жарасып, дамып, өсуіне арналған шараларды пәрменді түрде қолға ала бастады. Сөзімізге мысал келтірейік.

 Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы 13 Достық үйінде этномәдени бірлестіктердің  өзекті мәселелерді шешудегі рөлін күшейту мақсатында «Шығыс Қазақстан – жанжалсыз аумақ» жобасын жасап, жолға қойды.    Семей қалалық Достық үйінің директоры Надежда Шарованың айтуынша,   өңірдегі барлық 13 достық үйі этномәдени бірлестіктердің халықтың өзекті мәселелерін шешудегі рөлін күшейту мақсатында «Шығыс Қазақстан – жанжалсыз аумақ« жобасы бойынша жұмыс істеп жатқан көрінеді.

Осы міндеттерді іске асыру үшін Ассамблеяның барлық қоғамдық институттары білек сыбана кірісті. Өңірде дәстүрлер жаңғыртылып, волонтерлік пен қайырымдылық дамытылып, рухани бірлік пен қоғамдық келісім нығая түсуде, –  дейді Надежда Шарова.

Жыл басынан бері Ассамблея «30 игі іс» марафонын өткізген. Екі мыңнан астам адам 171 млн теңгеден астам қаржы көлемінде көмек алған. Жұмыстың негізгі бағыттарының бірі  –  қазақ тілінің ұлтты ұйыстыра алатын рөлін күшейту. Облыстық Достық үйінде «Ахуалдық қазақ тілі – «Мәміле» кабинеті ашылған. Бұдан басқа, «Возрождение» мектебі және достық үйлерінің жексенбілік тіл мектептері де жұмыс істейді екен.

Адамды адамға жат етпей, жақын ететін осындай істер сырт көзге елеусіздеу, бәлкім, жасандылау көрінгенімен, ізгі ниет, ынтымақты әрекеттің түбі – береке. Ойлы-қырлы жолы мен ойпаң-тойпаңы көп болған кейінгі отыз жылдағы оқиғаларды бағдарласақ, еліміздегі бейбіт өмірдің бәсі арта түскенін байқаймыз.  

 ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық шиеленістерден туындайтын демографиялық тәуекелдердің алдын алудағы рөлі туралы былай дейді:

– Соңғы 30 жылдағы оқиғаларды ең бір драмалық оқиғалар деп атауға болады. Бірқатар посткеңестік елде бұл кезеңде этносаралық шиеленістер мен түрлі қақтығыстар болды. Оқиғалардың мұндай бағытпен өрбуі ұлттың демографиялық әлеуеті тұрғысынан да, адами капиталдың дамуы тұрғысынан да түрлі тәуекелдер туындатуы мүмкін еді. Табиғи ресурстардың молдығына қарамастан, Қазақстанның басты байлығы – оның халқы. Сондықтан  аталмыш кезеңде халықтың саяси-этникалық құрамы тұрақтылыққа қауіп төндіретіндей болып көрінгеніне қарамастан, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ахуалға тың көзқарас ұсынды.

Осы идеяны іске асырудың негізгі құралының бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясы болды. ҚХА құрылған күннен бастап  тәуелсіздіктің нығаюына өлшеусіз үлес қосып келеді. Бүгінгі таңда Ассамблеяның алдында бүкіл Қазақстанның мәдениетін дамыту, ұлттың бәсекеге қабілетін арттыру, жастарды патриоттыққа тәрбиелеу, мемлекеттік тілді дамыту міндеті тұр. Ассамблея түрлі құралдарды пайдаланып, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуде. Әкімдіктер жанындағы қоғамдық келісім кеңестері ұйымның пәрменді құралына айналды. Диалог кеңістігін қалыптастырудан өзге қоғамдық келісім кеңестері этникалық мазмұндағы шиеленістердің алдын алу және түйінін реттеу бойынша практикалық шешімдер қабылдайды.

         Ұлтаралық келісім мен бірлікке елден бұрын мән беріп, шекарасын бүтіндеп алған Қазақстандағы тұрақтылықты қазір әлемге үлгі етіп ұсынуға болады.

Арман ЕСКЕНДІР 

   

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір