Тәуелсіздікпен бетпе-бет
Жеке адам санасын күллі халық ақыл-ойының мөлт етіп бөлінген бөлшегі, я түйіршігі ретінде қарау біріншіден, шарттылыққа, екіншіден, әділетсіз өлшемге апармай тынбайтын сияқты. Десек те, бала санасына ата-ана қандай қағида сіңірсе, бала өсіп-жетілгенде содан алыстауы қиынға соғатынын өмірлік тәжірибе талай дәлелдеген шындық. Ал, жалпы көпшілік неге сүйенеді? Халық бола тұра жалғыздың күйін кешетін хәлді 1986 жылдың 16 желтоқсанынан былай басымыздан өткергеніміз есімізде. Мәскеуден күн сайын шығатын басылымдардағы қазақты үсті-үстіне төпелеген айыптаулар жалаға толы болса да, бірде-бір ағайынның ара түсуге жарамағаны да рас. Қазақ сонда әуелі Аллаға, одан кейін өзіне ғана сенген еді. Мұндай мінезді бойына сіңірген өлеңі, сөзі, ойы болатын. Шығармадағы сюжет немесе деталь ұлттық аңсарды қозғауға түрткі болатынына талай көзіміз жетті. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында түсірілген «Транссібір экспресі» атты фильмде Асанәлі Әшімовтің орындауындағы басты кейіпкердің ішкі ойына астасатын «Әй, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы, Танимысың сен мені, Мен қазақтың баласы!», – деген Қасымның асқақ арманы қазақ жүрегіне өшпестей боп қонғаны шүбәсіз. Социалистік идеологияның құрсауынан ұлт дауысын бұлайша шығару, бостандық сүйгіш мінездің көрінісі еді. Қазір ел жадынан шығып бара жатқан Әлжаппар Әбішевтің «Найзағай» романындағы орыстың шонжар кейіпкерінің «Қазақ сонда бостандық сүйгіш халық па?» деп мұрын шүйіретіні бар. Қазақтың жанын қазақтан басқа кім терең түсінеді. Біз бүгін әдебиет пен мәдениет, өнер саласының мамандарына тәуелсіздікке үлес қосқан шығармалар төңірегінде сауалдар қойған едік.
1. Қазақтың көне тарихы мен әдебиетінің, өнері мен мәдениетінің көптеген өкілдері нақ бүгінгі тәуелсіздікті көре алмай кетсе де осы егемендікті аңсаған болатын. Олардың шығармаларының астарында өз уағының шындығынан гөрі өткен уақытқа иек арту арқылы осы аңсарды суреттеу әдісі басым еді. Өйткені,замана шындығын жазудың жауапкершілік жазасы дар ағашындай күтіп тұратын. Бізде бұл жауапкершіліктің жүгін арқалаған шығармалар аз емес. Өзіңіз еңбек етіп келе жатқан салада Тәуелсіздікке үлес қосқан деп қай шығарманы атар едіңіз?
2. Егемендік алған ширек ғасыр уақыт аралығында Тәуелсіздікті нықтауға, қадірлеуге, бағалауға үндейтін шығармалар жазылды ма? Егер жазылмаған болса, оның қандай себебі бар деген ойдасыз?
Әр кезеңге сай шығарма жазылады
Төлеген ҚАЖЫБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағы
Ақмола облыстық филиалының директоры
1. Қай дәуір, қай кезеңде де әдебиетіміздің аңсар арманы туған халқымыздың бақуатты тұрмысы, бодандық ноқтасынан басы азат тәуелсіздік, еркіндік, теңдік болғандығын ешкім де теріске шығара алмайды.
Әдебиетімізді жасаушылар, оның ұлылы-кішілі тұлғалары өз шығармаларында қазақ жұртының ғасырдан-ғасырға арман болып ұласқан тәуелсіздік тізгінін бекем ұстаған біртұтас халыққа айналу мүддесін көксегендігі, коммунистік идеологияның әсіреқызылшыл тұсында да өз кейіпкерлерінің жүрек түкпіріндегі тепсінген сырды ақтара айтып салмаса да, там-тұмдап жеткізе алғандары аз емес еді. Ал Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев тектес таланттар туған халқының арман-аңсарын бүкпесіз сөз етіп, ұлы күреске, кесек тартысқа, теңсіздік ноқтасын сыпырып тастауға үндегендері өз алдына бір дара әңгіме.
Қай кезеңде де өзің өмір сүрген замана шындығын барынша батыл барып, жазу оңай болмаған. Сондықтан да коммунистік идеология қаламгерлерді жиі-жиі тезге салып, социалистік қалыпқа қақпайлап түсіре берді. «Түрі ұлттық, мазмұны социалистік» қағидаты осы бағытта белсенді қызмет етті.
Қалай десек те, қалам қайраткерлері өз дәуірінің дабылшысы, насихатшысы бола білді. Бүгінгі биіктікте тұрып оларды күстәналау, жазғыру әділдік болмас еді.
Мәселен, заманымыздың заңғар жазушысы Ілияс Есенберлиннің даңқты «Көшпенділер» трилогиясының түпкі қазығы халқымыздың тәуелсіз мемлекет болу идеясымен қойындасып жатқандығын ешкім де қисынсыз демейді.
Трилогияға жазған алғысөзінде Елбасымыз Н.Назарбаев: «Бұл шығарма ежелден азаттыққа ұмтылып, ұлттық тәуелсіздік үшін ерлікпен күрескен қазақ халқының жүзеге асқан арманы тұрғысынан жаңаша қарауға мүмкіндік береді» деуінде де үлкен мән бар. Әрі ақиқаты да осы пікірдің аясында жатыр.
Ал енді Тәуелсіздікке үлес қосқан деп қай шығарманы мен үшін бөле-жара айту оңайға түспейді. Бірақ осы кезеңдер ішінде жарық көрген келелі де кесек шығармалардың түп төркінінде азаттық, тәуелсіздік деген киелі ұғымдардың жатқандығын жоққа шығару қиянат болар еді.
Сәкен Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үйі» қазақ даласын дал-дал етіп боршалаған жетесіздікке іштей қарсылық менмұндалап тұрса, кешегі Мұхтар Мағауиннің «Жармағы» адами сипаттық екіге жарылған кісәпір көрінісін әшкерелеуде тың құбылыс болды. Ал осылардың тәуелсіздікке қандай қатысы бар десек, таяздыққа тірелеріміз ақиқат қой. Бұл арада жалпы адами қатынастарды былай қоя тұрып, тәуелсіздік алған елдің адамы қандай халде күн кешкен деген сауалға ой бойлатсақ екіжүзді алдамшы қылықты кесір ұрпақтың ортамызда жүргендігінен сақтандырар талпыныс екендігін пәлсапалық деңгей биігінен үңілуге үндесе керек.
Мен кез келген шығармадан ел тәуелсіздігі, азаттығы, соларды сақтап қалу сипаттарын іздеймін әрі жиі ұшыратамын.
Маған атыраулық Рақымжан Отарбаев, шымкенттік Мархабат Байғұтов, тараздық Несіпбек Дәутайұлының прозалары, Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай, Иран-Ғайып, Темірхан Медетбеков тәрізді ақындардың поэзиясы ұнаса, олардың күрескерлік рухы, ақиқатшыл (айғайшыл емес!) пәрменділігі, тың тақырыпқа бара білер тегеурінділігі алға шығары ақиқат.
2. Мен жас ақындар поэзиясынан мол үміт күтемін. Бірақ солардың арасында өмірге өкпелі, бүгінгі қоғамның тек кемшін тұстарын басымырақ жырлау етек алып бара жатқандай әсерге бөлейді. Жастар жаңашыл, жаңа қоғам – қазақ қоғамын ойландыратын, кемістік атаулыдан ада етер кескінді пікір парасатын көргім келеді.
Ертеде Мұзафар Әлімбаев, Әбділда Тәжібаевтар жастар тәрбиесін қатты қадағалап отырушы еді. Жарықтық Сәбит Мұқановтың бір топ жастың өлеңдегі аяқ алысына баға берген мақаласына өзімнің де леккендігімді күні бүгін ұмыта алмай келемін.
Неге екенін кім білсін, қазір мұндай бағыт-бағдар сілтер ешкімді көре алмай отырмын. Бұл, әрине, өкінішті.
Сыншылар туралы, ұстазым Серік Қирабаевтан басқасын атын атап, түсін түстемесе де болады.
Қоғамың туралы бірден қолқ етіп кесек бірдеңе жаза қою оңай болмас. Сондықтан Тәуелсіздік тағылымын толық танып, білмей жатып кесек дүние күту асығыстық болар. Бірақ түптің түбінде Тәуелсіздіктің әр белес, бедеріне сай туындылар келеді деген сенімдемін.
Фольклорға негізделген қойылымдар
Аманкелді МҰҚАН,
театртанушы
1. Әдебиет пен оның күрделі жанры – драматургия театр өнерімен тетелес, бүгінге дейін қоян-қолтық қатар келе жатқан сала. Жалпы, театрды, соның ішінде бүгінгі қазақ театрын ұлттық әдебиеттің араласуынсыз елестете алмайтынымыз да сондықтан. Қазақ кәсіби театрының қалыптасуы, дамуы кеңестік дәуірдің жазба әдебиетінің дамуымен, өркендеуімен тұспа-тұс келді. Еркін ойды идеологиялық ауыр салмақпен мүйіздей қатқан қалыпқа салып сығымдай бастағанда олкезең авторларының негізгі айтпақ ой-идеяларының бұрмалауға түсуі, толыққанды сипаттап жаза алмауға алып келуі заңдылық болатын. Сызып берілген идеологиялық шеңберден сыртқа шығып, еркін шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік қалмаған кезде амалсыздан «жаздым, жаңылдым, өз қателігімді мойындаймын» деп бұрынғы өмірбаянынан баз кешіп қалған ғұмырын «таза беттен» бастаған қаламгерлер, театр қайраткерлері елімізде көп болды. Олар әлі жеткенше, жүйке-жүйелерінің мығымдығы арқасында идеологиялық қысымға шыдады. Кете алғандары шетел асты. Қайсарлық танытып, өз көзқарасын ашық айта білген суреткерлер – Алаш қайраткерлері болды. Көп ұзамай оларға айыптар тағылып, айдалып, атылып кетті. Екінші топта большевизмді қазақтың болашағы үшін дұрыс жол деп қабылдаған жаңа буын жастар мен өзін-өзі сақтау инстинкті басым суреткерлер құрады. «Бізбен біргесің, болмаса жаусың» деген, шорт кесетін өмірде осы ортаға икемделу кезеңі басталады. Осы кезден бастап көптеген авторларда көзі қырағы «цензорлардың» сүзгісіне ілікпеу үшін заман шындығын жұмбақтап, алыстан орағытып фольклор кейіпкерлері арқылы, утопиялық қиялдағы армандарымен там-тұмдап бейнелеп жазу белең алды. Бұл қойылымдар ауыз әдебиеті мен фольклорының үздік үлгілерін дәріптеу арқылы бабалар арманын жеткізе білді. Әу баста, қазақ театры қандай жолмен жүру керек? – деген сұрақ туындағанда С.Садуақасов, Тоғжанов, әсіресе, М.Әуезов ұлт театрының фольклорға нық арқа сүйеу керектігіне мән береді. Бұл шешімнің дұрыс болғандығы жыл өткен сайын дәлелденіп келеді. Фольклорлық жырларға негізделген «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Арқалық батыр», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», т.б. спектакльдерді алып қарасақ, Отанын жаудан қорғау, сүйікті жары мен ата-анасын, халқын тұтқыннан азат ету, бас бостандығы үшін күресу секілді ой идеяларға үндейді. Сондықтан ұлттық фольклорға арқа сүйеген сахналық қойылымдардың кез келгені көрерменге тек эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймай, олардың санасын оятып, өзгеге мақтан ететін тарихы, шұрайлы тілі мен салмақты діні, қалың қолы, елі мен кең байтақ жері бар қазақ екенін, өз жерінде, өз Отанында азшылықта қалып, діні мен тілінен ажырап жүнжіп жүргендерін тұрақты еске салатын дабыл болғанын естен шығармауымыз керек. Өткен ғасырдың бел ортасында қолға алынған кезекті идеологиялық тазалау кезінде дәл осы фольклорға негізделген туындыларымызға шүйлігу науқаны жүрді. Төлеген мен Жібекті қарапайым шаруаның ұлы мен қызы етіп көрсету, сахнада кейіпкерлердің өмірбаянына түзетулер енгізу жаппай етек алған болатын. Кейін бәрі орнына келді.
Кеңес кезінде қазақ сахнасында тәуелсіз ел болуға шақыратын, ашық ұрандамаса да, кедергіні айналып өтіп, тұспалдап жеткізе білетін қойылымдар болды. Бірақ «дәл осы шығарма мол үлес қосқан» деп ен салғым келіп тұрған жоқ. Халық көргісі келген қойылымдары мен естігісі келген сөзін фольклорға негізделген, замандас бейнесін көрсеткен, соғыс тақырыбына арналған, бейбіт өмірді жырлаған спектакльдерден алып азықтанды. Бірақ солардың ішінен классик жазушы-драматург М.Әуезовтің басына үлкен дау алып келген, кеңестік сахнада жолы мүлдем болмаған «Хан Кене» пьесасының атап айтпағаным жөн болмас. Хан, би-батырларымыз жайлы айтуға мүмкіндік болмаған күндері мәдениет пен әдебиетіміздің ірі өкілдері: Абай, Шоқан, Біржан, Ақандар, т.б. жайлы пьесалар мен опералардың қайсысы болмасын, қазақты өзін-өзі тануға жетелеп, өзінің біртұтас ел болғандығын танытқан туындылар болды. Ел ардақтыларының сахнада алшаң басып жүруі, олардың өмірі мен күресінің тәуелсіздікке бастар даңғыл жол екендігін көрсеткен.
2. Ширек ғасыр тарих үшін аз ғана уақыт болса да, сол заманда өмір кешіп, тікелей шығармашылық үдеріске қатысып жүрген жәй адамдардан бастап кәсіби мамандар үшін үлкен аралық, айтуға тұратын өрісті кезең. Аталмыш кезең аралығында театрларымыз түрлі қиын қыстау кезеңдерді басынан өткеріп, бүгінде мемлекеттің қолдауымен әр түрлі шығармашылық форумдарда, фестивальдерде жүзі жарқын көрініп келеді. Театр жұмысын дұрыс жолға қоюда мемлекеттің үлесі басым болғандықтан тәуелсіздік тақырыбына қатысты туындылардың жазылуына да алдымен Мәдениет министрлігі дәнекер болған. Қатарынан бірнеше жыл бойы ұйымдастырылып жүрген «Тәуелсіздік толғауы» атты бәйге жақсы шығармалардың жазылуына қозғау салатын қажетті жұмыс деп санаймын. Жас мемлекеттегі ресми мекемелердің осындай іс-шаралардың басы-қасында жүргені өте орынды. Ел мен жердің қасиеті мен құдіретін сезіндіретін, азаттық үшін күрес жолында аянбай тер төккен, жанын құрбан еткен абзал тұлғалардың жанкешті ерлігін паш ететін қойылымдар еліміздің театр сахналарында көбейіп келеді.
Тәуелсіздікті нықтауға, қадірлеуге, бағалауға үндейтін шығармалар, әрине жазылды, жазылуда. Театрдан арнайы тапсырыс болмаса да бұл тақырыпқа пьесалар жазыла бермек, сахнаға спектакльдер қойыла береді деген ойдамын.
Ақтаңдақтар ашыла бастаған сонау 80-ші жылдардың екінші жартысында Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрында қойылған Шерхан Мұртазаның тарихи тақырыптағы туындылары немесе М.Әуезов атындағы Академиялық қазақ драма театр сахнасындағы Роза Мұқанованың Семей полигоны туралы, Армиял Тасымбековтың репрессияланған ұрпақ тағдырына арналған спектакльдері, Әбіш Кекілбайдың, Маман Байсеркеновтің Абылай хан туралы толғамдары, Дулат Исабеков, Иран-Ғайыптың, Исраил Сапарбайдың, Сұлтанәлі Балғабайдың, т.б. көптеген авторлардың туындылары көрермен ықыласына бөленді. Тәуелсіздік тақырыбындағы қойылымдардың тек Алматы мен Астана сахналарында ғана емес, облыстық театрлардың сахнасында да жиі қойылғаны қуантарлық жай.
Сонымен бірге, біз тәуелсіздігімізді толғайтын өзекті тақырыпты, құнды дүниелерді жазып бітірдік деп тағы айта алмаймыз. Біз әлі өзіміздің тарихымызды, ел, жер үшін талмай еңбек еткен кереметтей тұлғаларымызды тарихтың шаң басқан сөрелерінен, жасырын жатқан мұрағаттардан толық аршып алған жоқпыз. Тереңнен қазатын тың тақырыптар жетіп-артылады. Ұзақ уақыт қара бояумен боялып келген тұлғалар галереясы ішінен өзінің орнықты бағасын әлі алмағаны қаншама. Бұған ширек ғасыр аздық етеді. Оларды ашу, ой елегінен өткізу, халқымен қауыштыру – келешектің үлесінде.
Межені анықтайтын кім?
Нұрлан ҚАМИ,
прозашы
1. Алла Тағала әлмисақта азат қылып жаратқан адам баласы өз еркімен біреуге тәуелді болуды ешқашан қаламасы анық. Ортақ мүдде үшін бір адамға немесе белгілі бір топқа өз ықтиярымен бағынудың жөні бөлек, әрине, бұл екеуін шатастырмаған ләзім. Абай атамыз айтқандай, мәселе «істі қандай ниетпен бастауда». Бірақ әу баста ізгі ниетпен, шын көңілмен, игі мақсатты көздеп, ұлы мұратқа жету үшін басталған істің көбінесе бағытынан ауытқып, риясыздықтың орнын пайда күнемдік басып, теңдіктің орнына біреулер үстемдік жүргізе бастайтыны бар. Ондайда кеше ғана «тебінгіден ала балта суырысып, тепсінісіп келгенде тең атаның ұлы» болып жүргендер досының, туысының, одақтасының бағыныштысына айналып шыға келеді. Көбінесе солай. Ресей империясы ыдырап, бұрынғы отар елдер қайтадан бір тудың астына жиналып, тең дәрежеде біріккен кешегі Сәбет Одағы шын мәнісінде сол баяғы отаршылдықтың жаңғырған нұсқасы болатын. Көп адам түсінді, біреулер түсінбеді немесе түсінбегенсіді, сөйтіп жүріп 37-ші жылы атылып кетті. Қалғандары бастары салбырап отыра берді, басқа амал жоқ, әйтпесе марқұм Таласбек Әсемқұловтың бір сұхбатында айтқанындай, «Бәріміз Кенесарының соңына ергенде қазақ деген халық жер бетінен жойылып кетер еді». Ұлтымызға тән қорқақтық, жасықтық, көнбістік тәрізді қасиеттердің пайдасын көрдіңіз бе!
Тарих қайталанып отырады деген тұжырым немесе долбар бар, өткен ғасырдың 17-ші жылы бір рет, 91-ші жылы екінші рет ыдыраған империядан шынымен тәуелсіздік алдық па? Ресми түрде алғанымыз рас. Өзіміз алдық па, біреулер сыйлады ма, әйтеуір егемендікке қол жеткіздік. Осы жерде талай-талай әңгіме туындап-ақ тұр, бірақ оның бәріне газеттің беті тарлық етеді, тақырыбымыз да басқа…
Енді ақын-жазушыларға, олардың шығармаларына ойысайық. Қай заманда да, қай елде де ақын-жазушы деген – халықтың жоқшысы, соның мұң-мүддесін ойлап, сөзін сөйлейтін жаршысы. Зар заман ақындарынан бастап, күні кешеге дейінгі қаламгерлердің бәрі солардың қатарынан. Әркім өз деңгейінде, әрине. Кейбіреулер халық дегенді ең алдымен өзі мен қатын-баласы, туған-туысы, жақын-жуығы деп біледі. Дұрыс, олар да халық. Ең болмаса соларға шапағаты тисін. Ал шын қаламгерлер, заманына қарай амалы, «бұйрық бір қатты, жан тәтті», көкейіндегі ойын ашық айта алмады, біреулер оларды сол үшін кінәламақ болады. Солардың біріне: «Біз айтпасақ тәуелсіздік келер ме еді», – деп Иран-Ғайып ағамыз жауап беріп еді.
Сәбеттік кезеңдегі халқымыздың шын мағынасындағы бірінші батыры – Бауыржан Момышұлы болса, екіншісі – ерлігінің мәні мен маңызы сол ардагеріміздің ерлігінен бір де кем түспейтін Ілияс Есенберлин. Социдеология шарықтау шегіне жетіп, ышқырып-қышқырып, жарты әлемді көшіріп жібере жаздап дүрілдеп тұрғанда, өткен ғасырдың 70-ші жылдарының басында осы ағамыздың «Қаһар» романы найзағайдай жарқ ете қалды. «Қаһар» исі қазақты дүр сілкінтті, аға ұлттың жетелеуімен немесе желкелеуімен (таңдай беріңіз) коммунизмге қарай ентелеп, ентігіп, аптығып, асығып бара жатқан халықты туған топырағына қайырды, өзінің де бастау-бұлағы, тарихы, өткені бар екенін ескертті, есіне салды. Біраз адамның есі кіріп қалды. Жазушылар одағына сол кісінің атын берер ме еді!
Осы тұрғыдан әсер еткен тағы бір кітап – Бейбіт Қойшыбайдың «Ай нұры» деген шағын хикаяты. 1977 жылы бір досыммен бірге Көктөбеге шығатын болып, жолшыбай сатып алғанмын. Аспалы жолмен көтеріліп бара жатып парақтап тұрғам, аяғына жеткенше бас алмастан оқып шыққанымды өзім де байқамай қалыппын. «Алдамшы сұлулық! Қонақжай үй иесі қонағына төрін беремін деп, өзі босағаға ығысып қалған. Сәлден соң үйінен шығып қалады, енді онда өзінің емес, қонағының әмірі жүреді» – деген сөздер миымды шағып, жүрегімді шабақтап өтті.
Жап-жас Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнар» романындағы кейіпкері, «кітаптың ішіндегі кітаптың» авторын алыңыз. Уыт Әзұлы Жаугерұрпағы! Сол кездегі қазақтың зиялы қауым өкілдерінің бәрін осы есіммен атаса артық етпес еді. «Қаһарға» дейінгі әдебиетте шынайы тәуелсіздікті аңсау бұлдырап, бұлыңғырланып, еміс-еміс елестеп өтсе, одан кейінгі әдеби туындыларда түпкі мақсат, айқын да анық меже ретінде көріне бастады. Әсіресе, тарихи шығармаларда. Поэзиялық шығармаларға тоқталу қиын, бәрін бірдей қадағалап жүру мүмкін емес, дегенмен, бұл салада да сұрапыл серпіліс болды. Әбубәкір Қайранның сол кезде жазылған, оқырман санасын осып өтер «Аспан», «Қасқыр» тәрізді өлеңдерін айтсақ та жетіп жатыр.
2. Тәуелсіздік алғаннан бері талай дүние жарық көрді, бұрынғы заман болса солардың тоқсан пайызы ешқашан жазылмас еді, жазылса да жарияланбас еді. Тәуелсіздік алған соң тынысы енді ғана ашылған қас тұлпардай арындаған Мұхтар Мағауиннің содан бергі жазған шығармалары түгел дерлік әлемдік әдебиеттің алтын қорына қосылатын дүниелер. Әсіресе, «Қыпшақ аруы» хикаяты. Қазір кітап оқуға деген құлшыныс азайып кетті, бұрын қалам ұстаған немесе ұстаудан дәмелі үміткерлердің бәрі арғы-бергі әдебиеттегі іліп алар дүниелерді түгел (сәбеттік идеологияның сүзгісінен өткендерін, әрине) білуге міндеттімін деп есептейтін, соған ұмтылатын. Біз де сол заманнан қалған сарқыншақпыз, опырып жазып тастамасақ та, біраз дүниемен таныспыз, азды-кем оқығанымыз бар, сондықтан айта аламыз – жаңа ғасырда көз жетер жердегі халықтардың қай-қайсысында да «Қыпшақ аруына» тең келер дүние жазылған емес.
Жаңа заманда өмірге келген шоқтығы биік шығармалар шынымен көп. Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасы», Төлек Тілеуханның «Жұлдыз» журналында жарияланған 37-ші жылғы қуғын-сүргін тақырыбына жазылған романы, салақтау жазылса да Әлібек Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» деп аталатын туындысы, мемуарлық романдар. Жақсы шығармалардың көп болғанына не жетсін, бірақ мәселе онда емес.
Мәселе, кітаптың, жазушының, оқырманның, түптеп келгенде, әдебиеттің қадір-қасиеті кеміп бара жатқанында. Жазушылар одағының 800-ге жуық мүшесі бар дейді, солардың бәрі бұл күндері «қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына жылайтын» жетім баланың күйін кешіп жүр. Ғайса пайғамбардың (ғ.с.): «Не хлебом единым жив человек, но и словом Божьим» – деген сөзі бар. Құдайдың сөзі – ақиқат сөзі. Мүмкін соны айта алмай жүрген шығармыз? Айтсақ та қуатын кемітіп, көркемдігін азайтып, сүмірейтіп алатын болармыз? Әлде «жүректен шықпай» ма? Бәрі бар бізде – үкімет қаржыны төгіп жатыр, баспа деген базардан көп, жаз да шығара бер, не жетпейді енді? «Тәуелсіздікке қол жетсе өйтер едім, бүйтер едім» деп күпсінгенімізге көп болды ма? Сол сөзімізде неге тұрмаймыз? Көптеген адам, солардың арасында қаламгерлер де өздерін алданып қалғандай сезініп жүр. Неге? Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік қой. Тағы не керек? Сөйтсек, тәуелсіздік алумен шаруаның бәрі бітіп, барлық мәселе шешіле қалмайды екен. Бәрімізге маза бермей жүрген сұрақтар әлі де толып жатыр, ағайын. Жауабын кім береді? Өзіміз емес пе? Осы жағын ойланайық!
Тыйым салынған тақырыптарға жол
Назира РАХМАНҚЫЗЫ,
кинотанушы, өнертану кандидаты,
Қазақ Ұлттық Өнер университетінің доценті
1. Қазақ кино өнері өзге өнер түрлері секілді мемлекетіміздің алғашқы қадамынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі жүріп өткен жолымен біте қайнасып келе жатыр. Қандай да бір құбылыстың өзінен өзі пайда бола қоймайтыны және оған міндетті түрде алдындағы құбылыстардың ықпалы болатыны белгілі. Ең алдымен, қазақ киносының кеңес үкіметінің келмеске кетіп, тәуелсіздікке қол жеткізуімізге тигізген рухани ықпалы мол болғанын айтуымыз керек. Кино әлеміндегі кеңес үкіметі мен идеологиясына деген қарсылық КСРО ыдырауының алдындағы онжылдықта-ақ басталып кеткен еді. 1980 жылдардың екінші жартысынан бастап-ақ кеңес үкіметін ашық сынаған көркемсуретті және деректі фильмдер дүниеге келеді. Көркемсуретті кинода – «Балкон» (1988, реж. К.Салықов), «Ине» (1988, реж. Р.Нұғыманов), «Қиян» (1989, реж. С.Апрымов), «Айналайын» (1990, реж. Б.Қалымбетов), т.б., деректі кинода – «Интервал» (1982, реж. С.Әзімов), «Жоқтау. Өлі теңіз хроникасы» (1989-1990, реж. С.Әзімов), «Жарияланбаған шеру хроникасы» (1991, реж. Ә.Байғожина), «Полигон» (1990, реж. В.Рерих, О.Рымжанов), «Невада-Қазақстан» (1989, реж. С.Шафир) сияқты тағы басқа көптеген фильмдер түсірілді. Бұл шығармалар кеңес үкіметінің келмеске кетіп бара жатқанын айғақтайтын еді. Және олар бос кеңістікте, бір күннің ішінде пайда болған жоқ. Оның алдында Ғабит Мүсірепов, Олжас Сүлейменов, Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин, Әкім Тарази, Сұлтан Қожықов, Шәріп Бейсембаев, т.б. секілді ұлттық киномыздың алтын діңгегіне айналған классик режиссерлер мен драматургтердің шығармашылығы болды. Олар түсірген фильмдердің астарында кеңестік қоғамға деген қарсылық, ұлттық дүниетанымды, құндылықтарды дәріптеу тұнып тұрды.
Қазақ киносы Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында (бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді) өткен тарихты қайта електен өткізу, ұлттық құндылықтарды жандандыру сияқты мәселелерге баса назар аударады. Бұл өте маңызды қадам болатын. Өйткені, ең алдымен өзіміздің азат ұлт ретіндегі, тәуелсіз жас мемлекет ретіндегі ұлттық дүниетанымымыздың діңгегін нықтап алуымыз қажет болды. Осы ретте кинематографтың атқарған ролі өте зор болды деп ойлаймын.
Тәуелсіздік бұрын тыйым салынған көптеген тақырыптарды киноэкранға алып шығуға мүмкіндік берді. Осы жиырма бес жыл ішінде Алаш қозғалысының қайраткерлері, 1930 жылдардағы ашаршылық, репрессия құрбандары, полигонның зардабы, Аралдың тартылуы, т.б. сияқты тақырыптарда көркемсуретті және деректі фильмдер көп түсірілді. Тіпті, Тәуелсіздігіміздің алғашқы онжылдығында 1986 жылғы оқиға туралы бірнеше көркемсуретті фильмдер түсіріліп үлгерді. Құнанбай, Мұстафа Шоқай, Ермұхан Бекмаханов, т.б. тұлғалардың бейнесін экранға алып шығу кеңес үкіметі жылдары мүмкін емес еді.
2. Соңғы жиырма бес жылда аз фильм түсірілген жоқ. Олардың тақырыптық ауқымы да, жанрлық, стильдік ерекшелігі де әр түрлі. Әрине, олардың барлығының көркемдік сапасы бірдей деп айтуға болмайды. Бірақ бұл фильмдердің сапасы қандай болған күннің өзінде, олардың өн бойынан өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамның тынысын аңғаруға болады.
Тіпті, бүгінгі күннің ащы мәселелері көтеріліп жатса да, ол шығарманың Тәуелсіздігіміздің нығаюына тигізетін әсері бар. Өнер мен әдебиет арқылы тәуелсіздікті қадірлеуге, нықтауға, бағалауға үндеудің маңызы зор. Осы ретте соңғы жылдары түсірілген «Мұстафа Шоқай» (2008, реж. С.Нарымбетов), «Аманат» (2015, реж. С.Нарымбетов), «Құнанбай» (2015, реж. Д.Жолжақсынов) немесе ұлттық рухты жігерлендіруге тікелей бағытталған «Жаужүрек мың бала» сияқты фильмдерді айтуға болады. Яғни тарихи оқиғалар мен жеке тұлғалардың тағдырының өзі Тәуелсіздігімізді қадірлеуге үндейді.
Немесе осыдан бірнеше ғасыр бұрын қыпшақ тілінің әлем саясаты мен экономикасына, өнері мен біліміне ықпалы зор болғаны туралы шынайы деректер келтірген «Дешті қыпшақ. Құпия таңбалар» (2015, реж. Бақыт Қайырбеков) атты екі сериялы деректі фильмді атауға болады. Бір қарағанда, фильмнің тәуелсіздік ұғымына еш қатысы жоқ секілді көрінеді. Бірақ бұдан бірнеше ғасыр бұрын қыпшақ тілінің Еуропа мен Азиякеңістігінде, өте ықпалды болғаны кім-кімнің болсын рухын көтереді, жігерлендіреді. Жиырма бес жыл ішіндегі қазақ киносының қоржынынан мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Қазақ киносының бүгінгі беталысы жаман емес. Оның даму қарқынына қарап, болашақта ұлттың жүгін арқалаған, кең ауқымды қамтитын туындылар түсіріледі деп үміттенемін.
Дайындаған Назым Дүтбаева.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.