Ұлы қаған ұлықталды
Алматы қаласындағы Д.Қонаев атындағы Еуразиялық Заң академиясында Қазақ хандығының 550 жылдығына және республикалық «Шыңғысхан» журналының 5 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен Қазақстан Жазушылар одағы аталмыш басылыммен бірлесіп жариялаған «Шыңғыс қаған шындығы» атты жабық бәйгенің қорытындысын жариялады.
Аталмыш шарада Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, белгілі ақын, «Шыңғысхан» журналының құрылтайшысы, бүкіләлемдік Шыңғысхан академиясының академигі, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін алғашқы болып сөз сөйледі:
– Жер тырмалап өскен жетімек Теміршін жаһанды жұдырығына жұмылдырып, көк түріктерді Көк Тәңірінің сүйікті пенделеріне айналдыру жолында бар ғұмырын сарп еткен Шыңғыс қаған хандық билікті ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырған даңқты бабаларымыздың бауыр етінен жаралған жалғызымыз ғой! Мынау Ұлы Далада кешегі Кенесарыға дейін, кемінде төрт мың жыл мұғдарында басты билік ұлық ұлыстан арылып көрген емес! Ал, Аллаға да, адамға да аян жалғыз тарих, ақиқат алдаспаны ендігі бетте біздің еншімізде! Бұл шырқыраған шындықтың айғақты дәлелін Алты Алаштың ардақтысы Қаныш Сәтбаев 1941 жылы қылышынан қан тамып тұрған Сталиннің көзі тірісінде-ақ: «Алаша хан деп жүргеніміз – Шыңғысхан» деп шегелеп жазып кеткен. Бұдан былайда да Алла бізді көзсіз адасудан, рухани көрсоқырлықтан сақтасын. Бүгінгі таңда Алаш жұртының айбыны асқан жылдың құшағындамыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың баянды бастамасы, перзенттік пәрменімен өткізілген Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында асқақ рухтың нәрі тамыр-тамырыңды баурап алар айтулы шаралар байтақ жұртымыздың түкпір-түкпірінде барынша бар қадір-қасиетімен өткерілді, – деді.
Алты Алашқа күні бұрын сауын айтып, жар салып жеткізген сөз бәйгесіне 70 шақты өлең, дастан және 30-ға тарта зерттеу еңбегі бойынша бүркеншік есіммен барлығы 100-ге жуық шығарма келіп түскен. Шыңғыс қағанға жарияланған мүшәйра мен зерттеу шығармаларды Қазақстан Жазушылар одағындағы атағы алысқа кеткен сыншылар мен ақын-жазушылар сараптап, жүлдегерлердің есімін анықтады. Мүшәйра бойынша ынталандыру сыйлығын иеленген ақындар бесеу. Атап айтсақ, Саят Қамшыгер, Хамит Есаман, Жомарт Игіман, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Асыл Сұлтанғазы сынды қаламгерлер диплом мен арнайы тігілген 100 мың теңге көлеміндегі қаржыны қанжығасына бөктерді. Ал зерттеу шығармалары бойынша Бек Тоғысбаев атындағы сыйлықтың иегері атанған Алмас Нүсіп; Рахметолла Толқымбеков атындағы сыйлықтың жүлдегері Гүлбаһрам Жебесін – ынталандыру иегері болды. Ал мүшәйрадан (200 мың теңгелік жүлде) 3-ші орын алған Қуандық Шолақ Жұматай Жақыпбаев атындағы жүлдені, Гүлбақыт Қасенова Бақтыбай атындағы жүлдені, Ғалым Қалибекұлы Мәулімбай атындағы жүлдені иемденсе, зерттеу жұмысынан 3-ші орынға ие болған Ерден Жолшыбай Ораз Исмаилов атындағы жүлде мен 200 мың теңге көлеміндегі сыйақы иегері атанды.
Дәуір өткен сайын даңқы артып, ЮНЕСКО шешімімен екінші мыңжылдық адамы атанған Темірші қаған қаламгерлердің шығармасына алтын арқау болып жатса, бұл заңдылық. Сөйтіп, қазақтың маңдайына біткен ақындар Серік Ақсұңқарұлы Сүйінбай Аронұлы атындағы жүлдені, Төреғали Тәшен Пышан Жәлмендеұлы атындағы жүлденің иегері атанды. Адуынды қос ақын мүшәйра қорытындысы бойынша 2 орын (300 мың теңгеден) алды. Зерттеу шығармасына көлдей тер төгуінің арқасында Кемел Тоқаев атындағы жүлденің иегері атанған Балтабек Өмірияев екінші орынды қанжығасына байлап, 300 мың теңгенің жүлдесін иеленді.
Жыраулық поэзияның қалпын бұзбай бүгінге жалғап жүрген сыршыл ақынның бірі Жәркен Бөдешұлы Қабылиса жырау атындағы жүлде мен мүшәйраның 1 орын иегері атанды. Ал зерттеу жұмысының жетелі жазылғаны арқасында 1 орын алған Тілеуберді Әбенайұлы Қадырғали Жалайыр атындағы жүлденің иегері атанып, 400 мың теңгеден қанжығаларына байлады.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.