Айнұр Төлеу. Өзімізді сағынғанда, Олжасқа ораламыз
14.05.2021
2428
0

           Олжас ақынды қабылдауым туралы ойласам, менің дүниені танудағы жүрып өткен жолым көз алдыма келеді екен. Айталық мен  ақынмен «Арғымақтар» деген өлең арқылы танысқанмын. Бірақ  бұл өлеңнің аудармасын оқып жүргенімді студент болғанға дейін білмей келіппін. Иә, бұл тұста Қадыр ақынның аудармадағы шеберлігін шетке ысырып қоя алмаймыз. Бірақ  бойында қан емес, ыстық от лаулаған арғымақты қазақы таныммен берген ақынның идеясына қайран қаласың! Өлеңді бірнеше тілге аударуға, тәржіма арқылы қырық құбылтуға болады ғой. Ал идея аударылмайды. Өнерді кейде идея деген барометрге салып өлшеуге тура келетіні содан да шығар. Жылқы – қазақ танымында үлкен концептке ие таным. Анығырақ айтсақ, арғымақ – ұлы даланың  динамикасы ғой.  Біз қозғалысты, кеңістіктегі дегеннің динамикасын жылқының жылдамдығымен қабылдаймыз.  Жылқы  пысқырып қалса, арқамыздағы ауыр тас төмен домалап, кісінесе, бітеліп қалған құлаққа құдіреттің даусы жеткендей  көңіл-қошымыз бір серпіліп қалатыны бар.  Сондықтан «Арғымақ» өлеңі қазақтың қанына дәуірлеп жүріп сіңген, содан барып болмыс боп қалыптасқан көркемдік шындықтың көрінісі. Ақынның алғашқы жинағы да (1961 жылы шыққан)  осы өлеңнің құрметіне берілген. Тура «Арғымақ» сияқты  Олжас ақынның барлық өлеңінде  де біздің таным мен болмыс  сөйлеп тұрады. Айталық, «Асау үйрету», «Қыз қуу» сынды өлеңдерде де динамикалық дене – жылқы.

Жылқы демекші, мен  Мағжан мен Олжас шығармашылығының арасынан  сабақтастық көремін. Даңқты ақын  Михаил Светлов Мағжанға деген Мәскеудегі әдеби ортаның ықыласы мен ілтипатын еске ала отырып,  әсіресе Осип Мандельштамның құрметіне  тоқталады.  Ал, Мандельштам  Мағжанға: «Құдай ақы, сен адам емессің. Сен қанатты арғымақ, бәлки кентаврсың», – деп жиі айтқан екен. Міне, Мағжандағы арғымақ рухын Олжас Сүлейменовтің поэзиясы мен болмысынан. Қайта түлегенін аңғаруға болады. Тура Мағжан секілді  Олжас та қазақ әдебиетінің өзіндік ерекшелігі мен көркемдік қабылдауын  әлемнің әдебиетсүйер қауымына көрсетіп берді. Көркем ойланбайтын халық болмайды. Адамзат біткен көркемдікке ғашық.  Бірақ көшпелі елдің табиғаты бөлек. Дүниеге көзқарасы мен ғаламды қабылдауы басқа. Бізді бір-бірімізден ажыратып тұратын «басқалар» ғой.  Арғымақ танымына  әр ғасырда көзқарасымыз өзгере беретін шығар. Өзгеру – өмір ғой. Біз енді бұрынғыдай көшпелі емеспіз.  Бірақ асауды сағынғанда, өзімізді сағынғанда Олжасқа оралып отырамыз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір