Академиялық ұтқырлық – жоғары білім сапасының басым бағыты
13.05.2021
123
0

Нұрлан Серғалиев,

М. Өтемісов атындағы БҚУ басқарма төрағасы-ректордың м.а.,

биология ғылымдарының кандидаты, профессор

Бүгінде М. Өтемісов атындағы БҚУ халықаралық қызметінде жоғары білім беруді интернационалдандыру негізгі үрдістердің бірі. М. Өтемісов атындағы БҚУ  1932 жылы негізі қаланған, Орал өңіріндегі көне жоғары оқу орны, республиканың жоғары білімінің негізін қалаушы және Қазақстанның батыс өңіріндегі педагогикалық білім берудің көп бейінді ғылыми-әдістемелік және мәдени орталығы болып табылады.   М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың білім беру қызметі саласындағы негізгі міндеттерге білім беру бағдарламаларын интернационалдандыру, бакалавриат, магистратура бағдарламалары бойынша білім алушылардың халықаралық ұтқырлығын дамыту, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және дамыту жатады.

Біздің университет Польша, Германия, Ұлыбритания, Испания, Чехия, АҚШ, Ресей және өзге де елдердің университеттерімен ынтымақтастық туралы 130-дан астам меморандумды іске асыруда, әріптес университеттермен ынтымақтастық туралы шарттар ғылыми зерттеулер, ақпараттық материалдар мен әдебиеттермен алмасу, конференцияларға қатысу саласындағы серіктестікті көздейді. Шетелдік ЖОО-мен университет жасасатын кез келген шартта академиялық ұтқырлықты ұйымдастыру туралы тармақ бар, өйткені ЖОО-ның халықаралық қызметінің бірден-бір түрі университеттің беделін академиялық ұтқырлық секілді аспандата алмас еді, ол секілді талапкерлер қызығушылығын белсендірмес еді. Ұтқырлық  студенттерге басқа университеттерді тануға, өзге оқыту жүйесін, өзге  мәдениет пен тарихты, өзге тұрмысты етене білуге мүмкіндік береді.

Студенттердің академиялық ұтқырлығын жүзеге асырудың басым тәсілі семестрлік академиялық ұтқырлық болып табылады. Университетте студенттердің академиялық алмасу тәжірибесі географиясы жағынан да, ұтқырлық бағдарламаларына қатысатын студенттердің саны жағынан да кеңеюде.

Академиялық ұтқырлық – білім алушыларды немесе оқытушы-зерттеушілерді белгілі бір академиялық кезеңге (семестрге немесе оқу жылына) оқыту немесе зерттеулер жүргізу үшін басқа жоғары оқу орнына (ел ішінде немесе шетелде) жіберілуі. Білім алушының кредиттер түрінде игерілген білім беру бағдарламалары өз ЖОО-ларында міндетті түрде танылады. 

Университетте академиялық ұтқырлықты жүзеге асырумен                             М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың стратегиялық даму жоспарына, БҚУ-дың 2020-2025 жылдарға арналған интернационалдандыру стратегиясына сәйкес Интернационалдандыру және халықаралық байланыстар орталығы шұғылданады.

Тиісінше, университетте тиімді бәсекелестік пен өзара іс-қимыл жағдайлары жасалуда. Білім алушылар үшін жеке оқу траекториясын таңдау, неғұрлым сапалы білім беру қызметтерін алу мүмкіндігі жасалған, бұл фактор түлектердің жұмысқа орналасуына ықпал етіп, ал оқытушылар мен ғалымдар үшін ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастық мүмкіндігі кеңеюде.

Соңғы 4 жылда қазақстандық жоғары оқу орындарында ұтқырлық бағдарламалары бойынша университетіміздің 165 студенті оқудан өтсе,  шетелдік жоғары оқу орындарында 158 студент оқып шықты. Әр оқу жылында Қазақстан Республикасы бойынша ішкі ұтқырлықтың ұлғаю үрдісі байқалады. Жалпы, жүзден астам студент, сондай-ақ жиырмаға жуық оқытушы жыл сайын академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысады, бұл ЖОО-ның Стратегиялық даму жоспарына сәйкес келеді.

БҚУ студенттері семестрлік оқуын Пермь мемлекеттік университеті, Башқұрт мемлекеттік университеті, Астрахан мемлекеттік университеті, Самара мемлекеттік мәдениет институты,  Н.Г. Чернышевский атындағы Саратов мемлекеттік университеті, Саратов мемлекеттік заң академиясы секілді Ресей Федерациясының серіктес ЖОО-да, сонымен қатар  Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы,  Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Шаһимардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті және т.б.  секілді Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында өтіп келеді. 

Еуропалық жоғары оқу орындарына баратын студенттердің шетелдік ұтқырлығын жеке атап өткен жөн. Нұр-сұлтан қаласындағы Болон процесі орталығының іріктеу комиссиясының шешіміне сәйкес жыл сайын М.Өтемісова БҚУ-дың 10-ға жуық студенті академиялық ұтқырлық бойынша гранттар ұтып алып, Польша, Италия, Германия, АҚШ және Оңтүстік Корея университеттерінде семестрлік оқудан өтеді.

Оқытушылардың академиялық ұтқырлығына келетін болсақ, бұл бағдарламалар шетелдік және отандық серіктес жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы шарттарға сәйкес жүзеге асырылып отыр.

М. Өтемісов атындағы БҚУ-да жұмыс істеуге Оңтүстік Корея, Польша, Германия, Италия, Түркиядан оқытушылар шақыртылып отырады.  Мысалы, профессор Славомир Качмарек (Ұлы Казимир университетінің биологы, Польша) бірлескен ғылыми жобада БҚО аумағында бұрын әлемдік ғылымға беймәлім топырақ кенелерінің екі түрін ашты, сондай-ақ, біздің университеттің оқытушыларымен бірге «Trophicstrategiesofmites (Acari) andtheirinfluenceonbiodiversity» мақаласы акарология бойынша халықаралық журналдың импакт факторлы жинағында жарияланды. Польшадан келген дефектолог-профессор Дорота Подгорск-Яхник педагогика кафедрасымен бірлескен «Мүгедектігі бар жастарды кәсіби тұрғыда белсендіру үшін инклюзивті білім беру» жобасын ұсынып, студенттер мен оқытушыларға логопедия және дефектология бойынша сабақтар өткізді. Германия университетінен келген химик-доктор Ханс-Дитер Барке біздің ЖОО-ға химиядан дәріс және практикалық сабақтар өткізу үшін көлемді үлгілер (молекулалар) конструкторларының жинағын сыйға тартты, ол сондай-ақ студенттерге, магистранттарға арналған сабақтар мен оқытушыларға арналған шеберлік сыныптарын өткізді. 2020 жылдың күзінде Қазақстан Республикасындағы Түркия Елшілігінің және облыс әкімдігінің қолдауымен Түрік Республикасынан волонтер, доктор Ялчын Юрдакулдың БҚУ оқытушылары мен студенттерін түрік тілі мен әдебиетіне оқыту үшін келуі ұйымдастырылды. 2020 жылдың қаңтар айында университетте Fulbright американдық бағдарламасының еріктісі, ағылшын тілінің ассистенті Эмили Симмс жұмыс істей бастады, оның негізгі міндеті университет студенттерін практикалық сөйлесу дағдыларына үйрету болды. Осы жобаны жүзеге асыру шеңберінде ЖОО студенттерімен аптасына 25 сағат көлемінде жұмыс істеу бағдарламасы әзірленді, оған шет тілдері кафедрасының оқытушыларымен бірлесіп аудиториялық сабақтар өткізу, сондай-ақ сөйлесу клубы ұйымдастырылды. Бюджеттен тыс қаражат есебінен БҚУ — да Италияның «Ориентале» (Неаполь) университетінің оқытушылары — PhD докторы, археология саласындағы маман Аннамария Феделе жұмыс істеді. Ол тарих кафедрасының студенттеріне Неаполь аумағындағы ежелгі акропольді қазу тақырыбы бойынша дәрістер оқып, сондай-ақ Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушылары ұйымдастырған археологиялық экспедицияларға белсенді қатысты. Жерорта теңізі мен Шығысты зерттеу халықаралық қауымдастығының археологы, Ismeo, Италия-Жан Лука Бонора БҚУ ғалымдарымен бірге БҚО аумағында 18 ғасырдағы ескерткіштерді (құлпытастарды) зерттеу бойынша археологиялық экспедицияларға қатысып, университет профессоры М.Н.Сыдықовпен бірге бірқатар мақалалар жазды.

Әлемдегі дағдарыстық жағдайға қарамастан, жоо оқытушылары халықаралық оқу бағдарламаларына, Erasmus+ еуропалық жобаларына, «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасына, DAAD Неміс академиялық алмасу бағдарламасына және т.б. қатысып келеді. Ағымдағы жылы Шет тілдер кафедрасының 21 оқытушысы «Ағылшын тілін оқыту әдістемесі және онлайн-сабақтардың мазмұнын әзірлеу» бойынша біліктілікті арттырудан онлайн форматта өтіп, халықаралық сертификатқа ие болды.  Бұл оқытуды АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Елшілігі ҚР БҒМ қолдауымен Калифорниялық маман Грэм Дерриді тарта отырып өткізді.

Болашақта біз оқытушылардың халықаралық оқу бағдарламаларына қатысуын көбейтіп, олардың санын 60 адамға жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Сөзсіз, тағылымдамалар, жазғы мектептер, халықаралық семинарлар мен конференциялар бағдарламалары бойынша академиялық ұтқырлықтың халықаралық жобаларына қатысу М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан  университетіне оқу сапасын арттыруға, профессорлық-оқытушылық құрамның әлеуетін нығайтуға, бакалавриат пен магистратураның жаңа оқу бағдарламаларын әзірлеуге мүмкіндік берді.

ПІКІР ҚОСУ