Қатира Жәленова. Сағыныштан уылжып тұрады ішім…
12.05.2021
620
1

Жарық дүние

Мен бүгін

Жаңа туған баладаймын,

Құрысын бәрі

Уайым, нала-қайғың!

Жарық дүние,

Жырыммен,

Шаттық үнмен

Орманыңды,

Тауыңды аралаймын.

 

Көтеріңкі көңілмен

Асқақ үнді

Бастайын мен

Мақамы басқа жырды.

Іңкәрлікпен сүйейін тіршілікті,

Түнертпесін бұлт ашық аспанымды.

 

Қуанышын жүректің

Ақтара бір,

Жазайын мен

Көбірек шаттана жыр.

Ауыр ойдан сілкінген

Ақынына

Мейірленсін

Құлпырып жатқан өңір.

 

Жарық дүние,

Не деген керім едің!

Өзіңе алғаш

Сәби боп келіп едім.

Сәбиің боп еркелеп

Бүгін саған,

Құшағыңа

Армансыз көмілемін.

 

Шуағы мол

Жап-жарық нұрың қандай!

Сіміремін нұрыңды

Шырын-балдай…

Тіршілік деп соғатын,

Тіршілік деп

Жүрегімде менің бұл

Тыным бар ма-ай?!

 

Жарық дүние,

Сырыңа қанып келем,

Бірге жасап өзіңмен,

Халықпенен,

Дәл өзіңдей

Жап-жарық жырларыммен

Адамдардың бәріне

Жарық берем!

 

Жастықпен сырласу

Жадымдасың,

Шырын шағым шырайлым!

Шырын сәтке

Куә болған мына ай, күн!

Маған қайтып

Соқпасыңды білсем де,

Тілектес боп,

Саған оң жол сұраймын!

 

Апта айларға,

Айлар жылға жалғасып,

Жаз жылысты

Сары күзбен алмасып.

Бұрынғыдай

Баса алмаспын мен енді,

Сенің жарқын

Жолдарыңды жап-жасыл…

 

Басады оны

Менен өзге басқа қыз,

Қалдырады

Жаңа толқын жастар із.

Алуан түрлі

Болғанымен нақышы,

Мазмұны ұқсас

Басталады басқа аңыз…

 

Мейлі, солай,

Шыбық өссін тал болып,

Жапырақ – жаны

Кірлемесін шаң қонып…

Ақ арманын

Жауратпаса болғаны,

Көктемеде

Жаңбыр соңы қар болып…

 

Құлпырып гүл

Қауыздарын жарғанда,

Қыздар әсем

Көрік беріп бар маңға.

Жолықса екен

Сүйгеніне адаспай,

Махаббаттан

Жолы болып жалғанда!

 

Жолдарына

Шашып жырдан шашуды,

Жастар үшін

Сыр-сандығым ашулы.

Арманымен

Амандасып алдағы,

Солар алсын

Мен алмаған асуды.

 

 

Ойлайтұғын

Осы бастан ел қамын,

Ортасынан

Шығады әлі мол дарын.

Мен қалаймын

Жас қауымның қазіргі

Бізден де асқан

Бақытты ұрпақ болғанын!

 

Жастыққа ода

Өрле, жастық!

Өрле сен самғау шыңға,

Саған күнә

От болып жанбау сында.

Уылжыған күн нұры

Келбетіңде,

Ғашықтардың тілегі

Бал дауысыңда.

 

Жайна, жастық!

Жайна сен шырайланып,

Бақыт құсы

Төбеңде тұр айналып,

Қанатымен жебесін!

Сен құлпырсаң

Құрып кеткір,

Қайғы-мұң былай қалып,

Шырын дүние

Шаттық ән құрайды анық.

 

Жаса, жастық!

Қарайын сүйіне мен…

Болашаққа жол тартсын

Жиі кемең!

Арман – желкен,

Сапарда жолсерігің

Шабыт буып,

Толғағы жиілеген,

Бұрқасынды,

Дауылды, құйын-өлең.

 

Қыран құстай

Саңқылдап үнің сенің,

Сөйле, жастық,

Сөйлейтін күнің сенің!

Сен бар ғой деп

Жасытпай күш-жігерін,

Қайрат жиған бойына

Бүгілсе елің…

 

Жаның алау,

Алдыңда жауапты сын,

Жанартаудай

Сілкінген ғажап күшің!

Самғау үшін заңғарға,

Күміс қанат

Қазақстан ұшырған азат құсы,

Сен болашақ алдында жауаптысың!

 

Ел намысын қорға сен,

Ер намысын,

Шартараптап естілсін өр дауысың!

Қайна, жастық,

Дүбірлет,

Күллі ғалам

Жасыра алмай қарасын таңданысын!

 

Сен –

Жерімнің

Жасарған орманысың,

Сен –

Елімнің

Қуатты қорғанысың.

Жаса мәңгі,

Жастық шақ,

Адамзаттың

Шұғыла шашқан

Болашақ таңдары үшін!

 

О, домбыра!

Сөйлейсің сиқырлы үнмен

Мың тілде сен,

Табасың көңілімнің кілтін де сен…

Қайдағы мұң-шерімді қозғамасаң,

Шық болып кірпігімде іркілмес ең.

 

О, домбырам!

Сөйлейсің сиқырлы үнмен

Мың тілде сен,

Табасың көңілімнің кілтін де сен…

Өзің кеп тағы мені жұбатпасаң,

Арылып мұң-тозаңнан сілкінбес ем.

 

Сен сөйлесең:

Тау басынан құлайды сарқырама,

Сарқырама тартылып, сарқыла ма?!

Көз алдыма келеді жапырақтар

Ағын сумен жөнелген қалқып аға.

 

Сен сөйлесең:

Қара нөсер сабалай даланы ұрып,

Ішін тарта өксиді боран ұлып.

Қуаласып найзағай көк төсінде,

Жабы бұлтты турайды дода қылып.

 

Сен сөйлесең:

Сыңсығаны естіліп қара орманның,

Көк желегі желбіреп таранған мың,

Сандуғаштар сайрайды күміс көмей,

Үлбіретіп қауызын ақ арманның.

 

Сен сөйлесең:

Самал есіп, жетеді көктем лебі,

Жұпар исі бұрқырап өпкен мені.

Сары майдай ерітіп сұлу көктем,

Маған ғана жылуын төккен бе еді?!

 

Сен сөйлесең:

Алай-дүлей ұйытқыған күз бораны

Ызғарымен жанымды сызға орады.

Сары күздей көңілге сабыр түсіп,

Күйіп-жанған жүрегім мұз болады.

 

Сен сөйлесең:

Естіледі сыңғыры балбұлақтың,

Естіледі сыбдыры талқұрақтың.

Бір өзіңе сыйғызып табиғаттың

Бар бояуын… бойымды балбыраттың!

 

Сен сөйлесең:

Салып еске жастықтың бұла күшін,

Өзіне тән қайғысы, қуанышын…

Қайта оралып жап-жасыл күндеріме,

Сағыныштан уылжып тұрады ішім!

 

О, домбырам!

Шанағыңа күй болып тұнып тұрып,

Қайғы-мұңды алайын бір ықтырып.

Жүрегімнің дертіне дауа бол да,

Киелі екеніңді жүр ұқтырып!

 

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 11.07.2021 | 02:01

Керемет ән жолдары

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір