Көншітпейді көңілді баяғы ырғақ
Осы жырдың қай уақытта, қай жерде дүниеге келгені маған тіптен беймәлім. Оның енді маған қажеті де жоқ шығар. Әйтеуір жадымда. Жастық шақтың мұңлы бір әуеніндей көңіл түкпірінде.
Жапырағы селдіреп баяғыда-ақ,
Салқын тартып барады саялы бақ.
Қай жағынан қарманып,
қарасаң да,
Қарашаң да қалыпты-ау таянып-ақ…
Қай жағынан қарманып қарамашы,
қызықтыра қоймайды тал арасы.
Төңірегің түп-түгел тозғын дала,
бозғылдана бастаған бар ағашы.
Бойжеткеннің біреуін танымаппын,
біздер үшін кеткен бе сәні бақтың,
болып еді күндізі бұлыңғырлау,
келе жатты жұлдызы жамырап түн.
Жүгіріс те,
Жүріс те саябырлап,
Көншітпейді көңілді баяғы ырғақ.
Өгейсірей бастаған сезімді де,
өзімді де,
сені де аядым, бақ!
Ел жаққа ат ізін сала Талдықорған шаһарына аялдаған кезде Сәкен ағамыздың осы өлеңі, неге екенін қайдам, құлағымда ызыңдап тұрып алады. Ол заманда мына еңселі автобекеттің ізі де жоқ, жолаушылар қаланың қақ ортасындағы шағын көлік стансасын жағалайтын. Алпысыншы жылдардың аяғы, жетпісінші жылдардың басы ғой. Автобустың төресі – мадиярлар елінен келген «Икарус». Жеке жеңіл мәшине сәнге айнала қоймаған кез. Сол жатағандау бір қабатты үйдің бірде ішінде, бірде сыртына Алматыға аттанбақ ниетімен «қоғамдық көлік» күтіп, зерігіп жүрген жай бар. Ермек болсыншы деген оймен қолсозым жердегі «Союзпечать» дүңгіршегінен «Огонек» журналын сатып алып, сөзжұмбағына шүйіліп, бас қатырып отырғанмын. Ол уақытта мен сияқты жас жігітті кім елеп-ескерсін, қайсыбірі шығарып салсын. Қазіргідей «ағалай», жағалай құрақ ұшып жүрген шәкірт те жоқ.
Күздің жүзі қараторыланып-ақ тұр. Бойшаң теректің ық жағындағы бес-алты жапырақ қалықтай барып жер сыза қона кетеді, оны өңкілдей келген елірме жел шыркөбелек айналдырып, біразға дейін қақпақылдай ойнап барады. Екі көзім терезе жақта.
– Батыр-ау, сен неғып отырсың? – деген таныс дауысқа жалт қарап, сәлем бере орнымнан апыл-ғұпыл ұшып тұрдым. Сәкен ағам, қасында – өзім танитын жас ақын Әбен Дәуренбеков. – Қайда тарттың? Ауылға ма, Алматыға ма?
Мен астана жаққа қол сілтедім.
– Дұр-е-с, Билет жоқ дей ме? Өзің алып қойып па ең? «Икарус» па? Жөн, менен бірер сағат бұрын баратын болдың.Әбеннің үйінде Құттыбек (Баяндин – К.Қ.), Жайырбек (Қаспақов – К.Қ.), Мақсұт (Нәрікбаев – К.Қ) – төртеуміз преферанстың жағын айырып, таң ата тарадық. Содан енді келген бетім. Айтқандайын, Әбенді танитын шығарсың. Біздің күйеу бала.
Әбен сияқты дарынды ақынды танымай, кімді таниын, бірақ оның Сәкен Иманасовтың күйеу баласы екенін білмейді екенмін. Осыдан бірер жыл бұрын облыстық «Октябрь туы» газетінде практикадан өткенде, ол жігітпен жақсы танысып-біліскенмін. Әбекең әдебиетті, көркемөнерді былай қойғанда, музыканың, халық әндерінің нағыз қоштаушысы боп шықты. Жүсіпбек Елебеков әуелетер Арқа әндерін маңдай тері шүмектей отырып еліте тыңдайтын ғажап бір қасиетке ие жан еді. Мен Ғарифолла Құрманғалиев екпіндетер Мұхиттың әндерін хош көретінімді білгенде, маған осы қай жердің баласы дегендей жүзіме екі-үш қабат барлай қараған. Кейде көңілі түскен шақтарда, облгазеттің редакторы Жүрғали Ертілесов бас қаламыз Алматыға журналистер кеңесіне жөнеп берген мезетте:
Жамырасып жер мен көк жақындасқан,
Ажырады аптығы басылмастан.
Қазан түбін төңкеріп, төгіп, сарқып,
Жаңа жуған көйлектей ашылды аспан.
Тарам-тарам із түсіп тақыр белге,
Ұлар даусы шығады жақын жерде.
Күн нұрына шомылған моншақтарды
Селкілдетіп, билетіп жатыр жел де.
Қызыл керіш, қызыл су – қиян өткел,
Қапталынан келмейтін қияметтер.
Кемпірқосақ секілді кербез шыңдар,
Қыналы тас, шыршалы қия белдер, – деп «Жетісу» ресторанының пейзажын құлпыртып жайыла қалатыны да бар еді.
Менің автобусым келгенше талай әңгіме тарқаттық, біресе «Огонектің» мақалаларын айналдырдық. Талай-талай тақырыпты іліп-қақтық. Журналдың сол аптадағы нөміріндегі сөзжұмбақта Константин Бальмонттың Европа елінің астанасы туралы өлеңі деген сауал бар екен. Қане таба алсақшы үшеуміз жабылып. Сол сұрақты арқалай аттанып мен кеттім. Алматыға жете бере әлгі астана да, әлгі өлең де есі-ме сап ете түсті.
О тихий Амстердам
С певучим перезвоном
Старинных колоколен!
Зачем я здесь – не там,
Зачем уйти не волен.
О тихий Амстердам…
Кәдімгі Нидерланд астанасы. Кеш те болса, еш емес. Бұған жадымыздың мүкістігін кінәламай-ақ қояйық. Көрмеген, білмеген елдің дерегі сөз жүзінде мөрленсе де, образы, ажары ойда қалмайтын сияқты. Ал кешегі өзіміз көзін көрген ағалар ше? Олардың жөні бір бөлек емес пе? Әр күніміз демесек те, апта сайынғы жылы пейіліміз ағаларға сәлем беруден бастау алатын.
– Ассалаумағалейкүм, хал-жағдайыңыз қалай, Сәкен аға?!
– Уағалейкүмассалам. Әйбат, бауырым!
Сәкен Иманасов ағаммен анда-сандағы диалогымыз осындай қарапайым, әдети аман-саулықтан өрбитін. Ол кісінің «әйбат» деген лебізі көпке ортақ рай болғанымен, маған тап сол кісінің төл туындысы сықылды көрінетін. Құлағыма майдай жағатын. Одан шырайлы, бұдан нәрлі қандай рең керек? Өмір бойы сол мақамынан ағамыз жаңылмайтындай көретінмін. Қайтейік! Амал нешік? Дегенмен, бәрін кеуде архивін ақтарудан бастайын. Құдайшылығымды айтайын. Шыным осы. Алтыншы кластамын. Қыс ортасы. Көк кашовкамен ұшыртып келіп, өзіміздің үйдің баспалдағын қанатымен сыза тоқтай қалғанмын. Нағашымның дегбірсіздене күтіп отырғанын білемін. Екеуміз күн сайын, түстен кейін «Правда» газетінде жарияланатын қос Михаилдің – Ботвинник пен Тальдің әлем чемпиондығында ойналып жатқан партияларын талдаймыз. Халықаралық гроссмейстер Давид Бронштейннің жан-жақты анализі далада қалады, өз бетімізше кетеміз, әркімнің өз ақылы өзіне дегендей. Кейін білдім, шахмат майталманы М.Тальдің: «Шатыраш – ең алдымен өнер», – деген анықтамасы бар екен. Иә, сол айрықша өнерге өткен ғасырдың алпысыншы жылдары біздің де ден қойған жай бар еді. Төбесі жылтыраған самсаған фигураларды ақ пен қараға тігіп қойып, пошташы әкеп берген бір құшақ газет-журналды жайып тастап отырғанымда, неге екенін қайдам, көп басылымның ішінен сусып шыққан (бұрын пәлендей жабыса қалмайтын) аудандық «Жаңа өмір» газетіне көзім түсе кетті. Жазып кеп жібердім, жыпырлаған өлең жолдары, айқара бетті түгел алып жатыр. Саты-саты, Маяковский үлгісімен түзілген. Поэма – «Өмір». Авторы – Сәкен Иманасов. Аудандық газетте тұтас поэма жарияланғанын өз басым бірінші рет көруім. Ол кезде көсемсөз бен көркем әдебиеттегі мен пішінін жыға танымасақ та, сөз өнерінің дәмін сезінуге азды-кемді қауқарымыз бар еді. Менің шығармашылық жаратылысы дара Сәкен ағамен сырттай таныстығым осылай басталды. Кейініректе, етене араласып кеткенімде, сол дастаныңыз қайда дегенімде, ондай шығарма жазғамын жоқ деп жалтарма жауап берді. Іштей піспеген дүние болды-ау деп топшыласам да, мен үшін бұл – әлі күнге дейін шешімі табылмаған жұмбақ.
Жал-құйрығымның қысқалығынан ба, әлде шығармашылық деген сырлы әлемге деген таза құмарлығым ба, әйтеуір, Әнуар Әлімжанов, Тоқтар Бейісқұлов, Қастек Баянбай, Сайын Мұратбеков, Мәлгаждар Әубәкіров, Сәкен Иманасов, Құттыбек Баяндин сынды қайраткер, сырбаз азаматтарға шама-шарқымша рухани іні болуға тырыстым. Олар да сыртқа тепкен жоқ. Елжірей бауырына басып, басымнан сипамаса да, жақын тартарын сезетінмін. Ана бір тоқсаныншы жылдар шыға берісінде басынан сөз асырмайтын тарпаң Сәкең қинала-қинала кішірейіп, менің бұйымтайымды арқалай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Төлеген Қожамқұлов пен проректоры Әбсаттар Дербісәлиевке кіріп шыққанын қалай ұмытайын. Өз басым жасы үлкен жұрағаттың ол пейілін бауырға жанашырлық, осыдан бірдеңе шығар деген аға үміті ретінде қабылдадым. Сәкен ағамның бес томдық таңдамалы шығармаларының бірінші кітабында маған арналған қолтаңбасы бар, оның ләмі мынадай: «Дербес талант иесі, кісілік, кішілігі бірдей інім Кәкенге ағалық құрметпен. Автор, С.Иманасов (қолы).
1 желтоқсан, 2007». Мен үшін мұндай ажарлы көңіл – әрине, зіл батпан салмақ, ересен мақтаныш. Бірақ маған әманда ағамыздың «Інілерге реніш сөзі» жаныма жақын сияқтанады да тұрады, сол өлеңдегі мұқым қазақ бауырларына бағышталған өкпе-назды дәп өзіме арналған өсиеттей қабыл аламын:
Жел өтінде тұра қалған топсыңдар,
әлі сендер көретін де көп сын бар.
Дара құрмет дәметердей әзірге
жеке шауып жау түсірген жоқсыңдар.
Туған жердің тектісі тек сендер ме,
ептісі тек, беттісі тек сендер ме? –
Ата барын, аға барын аңғармай,
орын тілеп тұрғандарың төрден де.
Көзді қадап туылдырық, түңлікке,
көкке қарап жатып алып күндікке,
Сендердей бір іні туар түбі деп,
босқа лағып, түк бітірмей жүрдік пе?
Жоғарыда аты аталған үлкендермен, оның ішінде Сәкеңмен тонның ішкі бауындай жаһаттастым, сырлас-жақын болдым, алды-артыма қарамай еркеледім деп еш айта алмаймын. Әрқашан арақашықтықтан асып көргемін жоқ. Сұғына жүруден гөрі ұғына жүру, сондай бір ақсүйектей сызылған жұғыстықтың жөні де бір басқа. Ол да жасы үлкен замандастары Қасым Қайсенов, Сейітжан Омаров, Хамит Ерғалиев, Жұбан Молдағалиев, Тоқаш Бердияров, Ғафу Қайырбеков, Әнуар Әлімжанов, Зейнолла Қабдолов, Төлеужан Ысмайылов, Мұқағали Мақатаев, Шерхан Мұртаза, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Әділбек Абайділданов, Қастек Баянбай, Сейдахмет Бердіқұлов сынды ағаларына тым тете жүрсе де, өзінің Құдай берген мінез-образынан айнымайтын, «ананы алып кел, мынаған барып келге» иліге қоймайтын.
Адам баласына тән осалдық, өзімшілдік, өктемдік сықылды құбылыстардың инабаттылық, имандылық, игілік сияқты ұғымдармен ішек-қарны аралас. Кейде қайсысының қай жерде түйісетінін айыра алмай қаласың. Данагөйдің шығармасы, ұлының қылығы қағаберісінде де менмендік, күншілдік, жел сөзге құлақ асу, мақтауға иіп қалу, аңғалдық пен аңқылдақтық бой тасалап тұрады. Әйтпесе Рабиндранат Тагор: «Человек от природы – дитя», – демес еді ғой. Яғни адамға тән нәрсе үлкен ақынға да тән. Бірде мен Сәкен ағама қарап:
– Осы данышпандардың әйелдерінің аттары неге Мәриям? Мысалы, Сәбит Мұқановтың, Сайын Мұратбековтің, Сәкен Иманасовтың? – деп тіке тарттым. Ол кісі осының шыны ма, қалжыңы ма дегендей бетіме бадырая қарады. Міз бақпадым. Сонан соң қарқылдай күліп алды да:
– Тауып айттың, – деп риза болды. Бір-екі күннен кейін телефон соғып:
– Осы үйдегі келіннің аты, ұмытпасам, Мәриям емес пе? – деп қарап тұр.
Менің мына айтарым тағы да керемет бір таңдайға татыр нәрсе, соншалық әңгіме етуге тұрарлық дүние болып көрінбеуі мүмкін. Дей тұрғанмен, кейде кіп-кішкене детальдің өзі ойнап шыға келетіні бар емес пе? Ал осы әңгімені ақынның өз аузынан да талай естігенмін. Шындыққа біртабан жақын болу үшін оның естелігінен қысқа үзінді келтірейін: «…Жұбағаң Қазақстан Жазушылар одағына хатшы болып сайланды. Кезекті съезд өтерде мәскеулік Виктор Широков деген ақын маған телефон соғып, бір топ өлеңімді «Литературная газета» жариялағалы жатқанын, «соған атақты бір адамға шағын алғысөз жаздырсаң жақсы болар еді, Жұбан Молдағалиев болса, тіпті қатып кетеді, ол кісімен өзің сөйлессең қайтеді», – дегенді айтты. Мен «жарайды» деп уәде берсем де, әлі уақыт бар шығар деп жүргенде, естен шығарып алыппын. Дәл сол съезд болатын күні өлеңдерім Жұбағаң алғысөзімен орталық газетте басылып шықты. Жоғарғы Кеңестің мәжіліс залында өтетін съезге қатысу үшін биік баспалдақтарды бойлай көтеріліп келе жатыр едім, алдымнан әлдекімдермен әңгімелесіп тұрған Жұбағаң ұшыраса кетті. «Сәкен, «Литгазетаға» шығуың құтты болсын! Менің сөзімді сен жазып бердің бе?» – деп сұрады. Ішім қылп ете қалды да, неде болса деп: «Не, Жұбан аға, маған қимайтын сөздер ме екен, соншама?» – деп қитыға қыңыр сөйледім.
– Жоға, – деді Жұбағаң. – тек өзіме айтқанда, бұдан да жылылау, бұдан да салмақтылау жазар ма едім дегенім ғой, әншейін.
Риза болып қалдым: «Ұялған тек тұрмасқа» бағып, арсалаңдай күле беріппін».
Сәкен ағам – көлденең көк аттыға сыр шаша бермейтін жан. Бәлки, құрдастарына, жақын жүрген жолдастарына шешілсе, шешілетін шығар. Ал біз сияқты інілеріне, шипагерлер тілімен сөйлесек, ішіндегісін шағын дозамен ғана татыратын. Сондықтан маған Сәкен ағада, Сәкен ақында ылғи да айтылмай жүрген, өзгеше бір бұғып жатқан құпия бар секілді көрінетін де тұра-тын. Соны төгіп-төгіп тастағысы, іштегі ащы запыраннан арылғысы келетінін де сезгендеймін. Бірақ ол нендей тылсым, нендей сыр, нендей түйін – мен үшін мәңгілікке тарс жабылған сыр сандық. Бәлкім, оның кілті ақын ағаның лирикасы мен пәлсапасы араласқан өлеңдерінде, тасқа басылған қара сөздерінде шығар.
Далаңда мал да қалмай ар да қалмай,
қарқылдап қала бердік қарғалардай,
тоқтайтын түрі де жоқ тажалыңның
түп-түгел тұқырта бір жалмап алмай.
Қаншама қарасаң да түсінікпен,
көңілім көлге айналды құсы біткен
қорқасың келе-келе біздің елде
түк қалмай жүре ме деп кісіліктен.
Пәни жалғанның күнгейі мен көлеңкесі, жарығы мен түнегі, жылуы мен ызғары үзеңгі қағыса жүреді. Оған етіміз әбден үйреніп кеткен. Қолдан келсе, кварктар мен кванттарға әмір етуге де әзірміз. «Иә», – деймін-ау. Жоғары кернеулі желі істен шықса, электр сымы үзілсе, олардың бір буынына ақау түссе, электромонтажшы шіркінің әрі-сәріге салмай, тап-тұйнақтай етіп, лекерлеп тастайды. Әлеуметтік құбылыс, қоғамдық жүйе ондай заңдылыққа бағынбайды. Оның бір тізбегін, бір буынын ғана жұтындырып, гүлге орап қоя алмайсың. Оны тұтастай түзету, күрделі жөндеп шығу қажет. Осы жайтты С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетін, одан соң Мәскеу жоғарғы партия мектебін тауысып, қоғам даму қисынын бір кісідей ұғып келсе де, күндердің күні Қазақстан Республикасының азаматы Сәкен Құсайынұлы Иманасов Парламент депутаттығының додасына түсті де кетті. Қиқу мен дүбірге құлағы елеңдеп тұратын арғымақ тұяқ ақынның мынадай алашұбар дүрмекке ілесуі жарасымды бола қояр ма екен, сол мандат құрғырын не әйгілі балуан Әбілсейіт Айхановқа, не әлеуметтік шараларды шыр айналдыра білетін Қамал Әбдірахмановқа ұстата салса қайтеді деген ойдан мен әлі күнге шейін арыла қойғам жоқ. Әрине, жұрты, электораты өз ұлын жерге қаратпады. Сөйтіп, Сәкен ағамыз ғұмыры қысқа парламенттің депутатығына да сайланды. Осы төтен қадамның жұмбағы неде? Бәлкім, мұндай ғажаби құбылысты ақынның төмендегі жолдарынан іздеген жөн болар:
Тұра тұр сен, тұстасым,
кіжінбе де,
бәсең болмақ өзгеден жүзім неге?
Кірмеген де шығармын,қолдан-қолға
көшіп жүргентұрақты тізімге де,
мәселе – тізімде ме?
Жаратушы иемнің жауабынан гөрі сұрағы мол өз сценарийі бар. Шахмат теориясының қалыбына салсақ, өмірлік партия дебюттен, миттельшпильден, эндшпильден құралады. Жазмыш дегеніміз – сол Ұлы Санадан шыққан виртуалды сценарий. Адамзат баласының оны редакциялауға күш-қайраты қайдан жетсін. Қай фигураны тақтадан қай уақытта алып тастауды да Алла тағаланың өзі ғана біледі. Қайсымыз ферьзіміз, қайсымыз пешкадан ферьзіге аяқ басамыз – ол жағы да бізге беймәлім. Мына жалпақ дүниедегі адами ырыздықты үлестірушінің ұйғарымы да шақша бас пенденің танымына еш сай келмейді. Қаншама жаныққанымен, қаншама желіккенімен, біз – сол алпыс төрт шаршының ғана ойыншысымыз. Сол ақиқатты, сол хаттаманы ақыл-түйсікпен үзіп-үзіп ажыратсақ та, біз бейбақ күрес пен тірестен еш жалыққан емеспіз.
Күрт азайып кешегі бақ та, наз да,
ақтарып ем барлығын ақ қағазға. –
талайын деп арадай ағайынның,
алайын деп алқымнан жатқаны аз ба?
Тұтқын ғұрлы көрместен түрмедегі,
көк желкеден көп ойлар бүрген еді,
атып келе жатты бір әдемі таң
талатпайын дегендей түнге мені.
Тап-тап беріп түнімен небір қуы,
түрінен де, тілінен төгілді уы…
…Адам деген осы ғой,
атқан таңның
желіктіре бастапты жеңіл буы, – деген екен кеше ғана тұрғыластарының арасында ақ алмастай жарқылдап жүрген қазақтың пішіні бөлек, сымбат-сыры ерек тағы бір Сәкені, Сәкен Иманасовы! Не десек те, не ойласақ та мына жұмыр жер бетіндегі Адамдықтың, Ақындықтың ғаламат мұраты грек мифтеріндегі титандардай Олимп шыңында шалқақтағандармен арпалыс, ғасырдан-ғасырға жалғаса берер сусыны таусылмас Өмір Жыры, Тіршілік Толқыны емес пе?
Кәкен ҚАМЗИН,
филология ғылымдарының докторы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры.