Исраил Сапарбай. ЖАҢҒЫРУ мен ЖАҢАРУ
12.05.2021
1610
0

                      /Екінші мақала/                                                                 

Біз РУХ жайында не білеміз? Болашаққа бағдар… Ол белгілі: болашақ, келешек, кележақ… Бағдар, бағыт, нысана… Бүгінгі әрекет пен берекет –  ертеңгі күннің еншісі, ұрпақ қамы. Үлкен үйдің іргетасы бүгін қолға алынса, ертең еңсесі биіктей түсер. Бағдаршамсыз көлік екеш көлігіңіз де тежеуін теңдестіре алмайды. Ал бағдар-бағытыңыздың баяны кешегіден бүгінге  /«Мен кешеден келдім бүгінге». Ә.Тәжібаев/, бүгіннен ертеңге жалғасса, ұлы жұрттың көші көз ұшынан ары асып көкжиекке ұласпай ма?! Тәуелсіздіктің ширек ғасыры тәуекелдің емес, тәу етерлік тәубеліктің алғашқы «Әлқиссасы» болса, оған шүкіршілік етпегенде қайттік?!

 Ал Рухани жаңғыру… Ойлануға, дұрысы ой бағуға тура келеді. Аспан, жерді шарламасақ та өзіміздегі бармен қоса бұрынғы, бүгінгі оқыған-тоқығанды  қайта бір електен өткізіп, елестен нақтылыққа иек артпақты нысаналайсың. Бірақ ол оңай ма? Рас, руханият, рухани білім-білік, рухани дағдарыс, т.б сөздер қашаннан күнделікті қолданысымызда бар. Рухтың өз ныспысына келгенде кідіріп, мүдіріп қалатынымыз тағы аян. Ауызға алғанымыз болмаса, қолға ілініп, көзге түсер түрі де, түсі де жоқ. Алайда киелі сөз, қастерлі ұғым. Аузымыздан шыққан бойда алақанымызға салып көкке ұшырғымыз келеді, жерге түсіргіміз келмейді! Себебі  Ол – көктің құсы Көгершін. Арш-Ағланың аржақ-бержағынан келген ғайып құсы. Көгершін – Көкаршын – Көк-Аршын… Бағзы-байырғы аңыз, әфсаналарда Ол жұмақ құсына баланады.  Киелі құс жәйлі жүйелі аңыз да там-тұм, тақ-тұқ. Бәрібір, қалай болғанда да,  сүйініш пен сүйеніштің хабаршысы, жақсылық пен жасампаздықтың, бейнетті, зейнетті бейбіт күннің нысыны (символ)! Бәлкім, алмағайып РУХтың да ақ қанатты жебесіні!..

Көрдіңіз бе, көзге көрінбейтін Рухты да алдымызға алдырып, алақанымызға қондырғымыз келеді! «Әлдиден» бастап Әнұранға дейінгі аралықта қаншама арман, мүдде, мақсат жатыр десеңізші, құдай-ау!.. Демек, жаңару да, жаңғыру да,  сайып келгенде, Рухи әлеміміздің имантаразысы.

Жаңару мен Жаңғыру… Байқап қараңызшы, бір-біріне тандем емес пе, осы? Әзірге екеуін егіз болмаса да етене деп қабылдайық. Себебі Жаңғырудың арғы түкпір-түбінде аруақты ата-бабаларымыздың ереймен ерен-еңсесі, бірегей бітім-бейнесі менмұндалайды. Жүз жыл, мың жыл өтіп кетсе де, ол біздің опалы да ожданды ой-санамызда, жазылмас жарамыз бен жаңылмас жадымызда… Жаңару, әсіресе, өз қолымыз өз аузымызға жеткеннен бергі ширек ғасырдың, жаз-жайлаулы демей-ақ қоялық, қиын-қыстаулы һәм аумалы-төкпелі тұрқы мен тұсына тиесілі. «Алдымен бұл шіркінді бастау қиын» демекші, «әлқиссамыз» қырағатынан жаңылмағанмен, асығымыз алшысынан түсе кетті деп айта алмас едік. Абыржыдық, аңырдық, дағдардық. Жетпіс жыл бойы жетекке үйреніп қалған басымыз жетімнің күйін кешкені былай тұрсын, желіден босанған соң да желдің қай тұстан соғарын жете аңғара алар күйге жеткен жоқ. Пенде айта алмаған сөзді періште сипатты ақын аузына алса, бас шұлғымасқа не шара, дәл осы рабайды Мұқағали қалт еткен бір мезетте қапысыз аңғарып үлгеріпті:

«Біздер – жетімдерміз!

Жетімдерміз!

Жетім болып жүріп-ақ жетілгенбіз.

Дөңгелек жердің шарын допша қуып,

Мазасын тіршіліктің кетіргенбіз.

 

Тіршілікте біреуін бірі күндер,

Бізге жат: өлі кімдер, тірі кімдер…

Жиылып Жер шарының жетімдері,

Алдында Ақиқаттың бірігіңдер!»

         Алақұйын желді, аласапыран елді қоса-қабат қойша үйіру үйің күйгір Ібіліс болмаса, апақ-сапақта кімнің қолынан келе қойыпты?

  «Орта жолда атың, орта жаста қатының өлмесін» дейді қазақ. Бұл да соның кебі. Ақты қызылға алмастырып, социализмді (сынақ)  коммунизмге (жұмақ) жалғасырып әбден алдаусыратқан, діңкелеткен дінсіз, догмалы, долбарлы формация  бәрімізді орта жолда қалдырып, өзі о дүниеге аттанып кете барды. Шындығында, бұл тобасыз әлдебір топтың адамзат қауымының бір бөлігіне жасаған қиямпұрыс қастандығы, әлдеқалай жүргізген етегі бар жеңі жоқ эксперименті болатын. «Катехизисті» оқысаңыз, бұған қаныға түсесіз. Сәтсіз аяқталған айла-шарғы қаншама адамның қанын жұтты… Тарих дөңгелегін дөңнен дөңбекше домалатып, біз айтқан Келешекті кері шегертті. Қарыс қадым болса да қалыпты жүрісінен жаңылған жазықсыз жанның  жазмышы озмышына басыбайлы һәм бағынышты болса, оны кімнен көрмекпіз? Міне, адам санасын сансыратқан салмағы  зілмауыр сұрақтың бірі – осы!..

«Формация», «Саясат», «Идеология», немесе «Империя» дегендеріңіз Алладан келген парман емес, керісінше, белгілі бір кезең, дәуір дәргейінде адамзат қауымының ойлап тапқан, санамызға сіңдірген ешбір піспейтін, піссе де жерге түспейтін «жеміс-жидегі». Қай-қайсысының да мән-мағынасы өз өзегінде, одан қала берді, өңешінде. Кеңестік кезең осы үштіктің Идеалогиясын аттай қалап алып еді, бірақ үдесінен шығып, ұқсата алмады. Әйтпегенде көктегі идеал жердегі пендешіліктің аяғы астында жаншыла келіп жан тапсырар ма еді?.. Ал Империяға қол жеткізген елдер кеше де, бүгін де дүйім дүние алдында салтанат құрып, саяқсып тұрғаны бәріңізге аян. Оның сүйінері де, сүйенері де баз-баяғынша Карл Маркстың «Дас-Капиталы». Ақшасы боқшасына толы қазына-байлық әлемі. Тойымсыз тоғышарлық та, тежеусіз тегеурін де, деліқұлы «демократияңыз» да сол тараптан табылады. Біз, бағымыз ба, сорымыз ба, кім білсін, азбайтын да тозбайтын, озбыр да қазымыр осы бір адамзат өркениетінің құйрық тұсын құп көріп, құйымшағына іліктік. Қаладың-қаламадың, тағдыр таланы, (бәлкім, Алла бұйрығы шығар) осы болды. «Жетім қозы жетілер, жетілер де отығар» деген аталы сөздің боталы боздағына аләзірге осы бәс дейміз-дағы…

Айтпақшы, есімнен шығып барады екен ғой, әсершіл Американың әсіре-демократияшыл бет-бейнесін сонау бір жылы (1922 ж.) орыстың отаншыл оғыланы Сергей Есениннің былай деп бедерлегені бар: «…Күні де, күңкілі де мещандықпен басталып, ақымақтықпен аяқталатын бұл ел туралы не айтуға болады? Аңдығаны-баққаны фокстрот, одан өзге ештеңе емес, ішеді, жейді… сонан соң тағы да фокстрот. Адам кейпіндегі біреу-міреуді көрсемші… бәлкім, көрмейтін де шығармын. Доллар деген мүттәйім мырзаның билігі шексіз. Өнер өксулі. Бар жетістігі – мюзик-холл. Қаншалықты сутегін болса да кітап шығарғым жоқ, бұларға оның керегі де шамалы. Бәрі-бәрі тілмен жалағандай тап-таза, тап-тақыр, нақ бір Мариенгофтың (досы) жап-жалтыр шақша басындай! Торғай екеш торғай да қай жерге қонуды күнібұрын біледі… Несін айтасың, бәріне бір-ақ түкіріп, кері қарай –  елге тартып кеткім келеді…»  (А.М.Сахаровқа жазған хатынан).

Сол Сергей некелесі Айседора Дунканға ілесіп сол елге барғанына, барып қана қоймай, ат басындай алтынға бергісіз бір жарым жылының босқа кеткеніне өле-өлгенше өкініп өткен. «Өле-өлгенше» дейміз-ау, сонан соң бар болғаны үш-ақ жыл ғұмыр кешті емес пе?..

         Есенинді есеңгіреткен осынау жағдаятты ақын немесе ақынға жақын адам ғана жан-дүниесімен сезіне алса керек.. Мейілі, араға бәленбай жыл  түсіп кетсе де! Мюзик-холмен ілкім-шатыс ілесе бақай есеп Батысыңды көктей өтіп бізге едел-жедел жеткен дәл қазіргі даңғыра дабыс, даңғаза әуен, дабыра шу мен шоулар барымызды бақайдан теуіп, басымызға шапса, сананың сабылысқа түсіп, жан әлемінің жадағай хал кешіп, ұят-аятымыздың жалаңаштанғаны да!!! Осыншалықты дүлей, озбыр һәм оспадар, ессіз де елірме рухани экспансиядан қалайша құтылуға болады? Ондай шама-шарық бізде бар ма? Әй, қайдам-ау… Батпандап кірген ауруды ушықтырмай  ұшықтап, қуып, жасқап тастайтындай әлует күшті қайдан алмақ керек? Көршілердің көмегі арқылы ма? Атай көрмеңіз! Одан ауыз кешелі-бүгін күйердей-ақ күйіп болған. Енді қайттік?    

Дәл осы арадан бастапқы «әлқиссамызға» қайта оралайық. «Рухани жаңғыру» – жалқының жалпыға жария жарлығы емес. Ол біздің жадымызда да, жанымызда да, ділімізде де, тілімізде де бәз-баяғыдан бар. Дегенмен, Бақ қонбалы, Рух  ұшпалы  екенін естен шығармайық. Бақ (бақыт) көбінесе басымызға бағлық (тиесілі) материалдық, тұрмыстық ұғым-таным, ал Рух  –  Арштық аспани әлемнің бізге ілуде бір бұйыратын неғайбыл нығметі. Адамзат баласына екеуі де керек. Екеуінің бір-бірімен табысатын да алысатын, тоғысатын да «соғысатын» кездері аз болмайды. Атам қазақтың «ассалаудан» кейінгі «мал-жан аман ба?» дейтіні осыдан. Малды Жаннан бұрын алға салатыны қайсыбіреулердің ойлағанындай малсақтығынан емес. Мәселе,  түптеп келгенде, малдың материалдық, жанның рухани айғақ екендігінде жатыр. Ендігі бір әлетте сол қазақ «малым – жанымның садағасы!» деп ағынан жарылмай ма?! Біреуінде қалың малды Қарабайдың елесі қылаң берсе, екіншісінде Атымтай Жомарттың жонарқасы жоталанады. Баю, тоюуды ғана алға салып кекірік аздырып жүрген заманымыздың  қайсыбір қазіргі «геройларының» құлағына алтын сырға  тақсақ, айып емес шығар. «Керенау, кербез, бір керім, жақпайды маған сол жерің…» /Абай/. Амал қанша, бағзыбірде басқа қонған бақтың тұспалы белгісіз ұшпалы рухтан  үстем түсетіні бар. Оның себебі, өзіңіз көз жеткізіп отырғандай, материалдық дүниенің адам көзіне айқын-анық  әлем-жәлем жалт-жұлттанып тұратындығы. Ал Рухың о бастағы мекені – Арштық (ғарыш) әлем. Көзге шалынбайды, көк көйлекке көміліп, маржан моншаққа малынбайды. Түсі де, исі де жоқ. Елес деп те, ғайып деп те айта алмайсың. Бәрін айт та бірін айт, Ол – Сананың  сарғайып күткен әз қонағы, мезгілінде бір келетін мейманы. Барынша кірпияз, көң иісі мүңкіп тұратын көмейіңіздің көксегеніне де көнтақы бикештей көне салмайды. Ендеше, қайсысын қалайсыз – рухани байлықты ма, жоқ, материалдық игілікті ме? Бір басқа екі бірдей Алла сыйы сия бере ме? Мұндайда қазекең: «Екі қошқардың басы бір қазанға симайды» деп бір-ақ қайырған. Әйткенмен, қалауын тапсаң қардың да жанатынын ұмытпайық: ебің келсе, екі бірдей игіліктің те қиюын қиыстыруға әбден болады. Оның алғышарты – есті ел, естияр сана, алғыр ақыл, білгір білімпаздық!.. Жаңару мен Жаңғырудың  өзара жіпсіз, жіксіз байланысын, шамасы, енді аңғара бастаған шығарсыз…

«Есті елі» несі деп жүрмеңіз. Алды-артыңызға қараңыз: мынау көрші-қолаң, анау алыс-жақын елдердің қайсысы бай, қайсысы кедей? Сіз ше, сіздің «еліңізді» айтамын? Өркениет дегеніңізден хабарыңыз бар ма? Бар болса, өзіңізді қай  тараптан көргіңіз келеді? Бар болсаңыз – Аллаға шүкірана, кем болсаңыз неге мынау дүниауи әлемнің ұңғыл-шұңғылына көз салып, ой жүгіртпейсіз? Жиырма алты жылды, яғни ширек ғасырды артқа тастағанда, айтыңызшы, алдымен нені аңғардыңыз? Әрине, бүгінгі уақыттың бұрынғыдан әлдеқайда жүйрік те жылдам екенін, бүгінгі адамның (қауым, ел, жұрт) бұрынғыдан әлдеқайда қазымыр, қатыгез, қытымыр… екенін, бүгінгі заманның кешегіге қарағанда әлдеқайда аумалы-төкпелі һәм әлмағайып екенін алдымен ауызға аласыз. Демек, біз эйфориямен алданып, жоқ пен барды малданып, жаналқымда жан бағып, кедейлікке арланып, өгейлікке шамданып… жүргенде өркениет көш-көлігінің біразы, біразы емес-ау, дені алты қырдан ары асып үлгеріпті. «Базарбайдың Төлеген одан да асып жөнеген…» демекші.

Летаргиялық  дертке шалдықпасақ та, ішіміз сезеді – тым ұйқышылмыз, жалпымыз болмасақ та жартымыз жалқау, жауырды жаба тоқысақ,  әлі күнге «алтыбақан алауызбыз», жатқа жалбағай, жақынға әрқалай екендігіміз тағы аян, дарақ екпей жатып дәмінен дәмететін дарақылығымыз тағы бар, сауғаға сараң, саудаға һарам пиғылымыз да бой көрсетіп қалады, ең жаманы – ұрығымыздан айнып, ұрық-шырығымызбен рушылданып, ұсақталып, майдаланып бара жатқанымыз. Бізге рухшылдық керек пе, рушылдық керек пе? Дәл мынандай «сен тұр, мен атайын» жазатайым заманда? Шындыққа жүгінсек, Шыңғысхандай рухи ұлы ұстынымызды кеудеден неге кері итере береміз? Тәңірдің қалауымен, Тарихтың талабымен өзі бетін бері бұрып тұрған шақта?! Өздерін тарихшымыз деп жүргендердің бұл турасындағы ой-пікірлері мен көшелі көзқарастары неге ала-құла? Әлде, бұл тараптағы білім-біліктері тақыр-таяз ба? Анау бір жылы Өзбек жұрты Әмір Темірдің алты жүз алпыс жылдығын тойлап жатқанда да осындай бір қисық-қыңыр көзқарас бой көрсетіп қалып еді. Арманда кеткен арыстардың Әлихандай алыбын тым болмағанда өз елімізде еске алып елеп, өз жерімізде неге құрмет-қошеметке бөлей алмадық? Бар ғой бізде, жоқ болса бір сәрі… Ұлы Рухтың төркін-тегін айтам! Талапты ұрпақ, тағдырлы ел ең алдымен Ата дәстүр, Баба-Рухқа тағзым етер болар!..

Сіз мистикаға сенесіз бе? Ал мен сенемін, алдымен Аллаға, сонан соң оған. Себебі кез келген аңыз, ертегінің түпкі тегі ақиқатта. Ал Ақиқат адамзат жаралғалы бері ділімізбен де, тілімізбен де бірге жасасып келеді. Бір мысал. Кешегі күні Эрмитаждан Тайқазанды алдырдық, Тәңір ием иіп Тәуелсіз ел атандық. Ширек ғасырдан соң барып қана дүниәуи әлем алдында алғаш рет «Мәңгілік ел» есімін ауызға алып отырмыз. Ендігі ныспымыз да, нысанамыз да сол. Жаман ба?  Әрине, жақсы. Бұл аздай көрінсе, байырғы Дала дауылпазы Шалкиізге құлақ түріңіз:

«Еділден шыққан сызашық

Біз көргенде тебінгіге жетер-жетпес су еді, –

Телегейдей сайқалтып,

Жарқыраған беренді

Теңіз етсе, тәңірі етті!

Жағасына қыршын біткен тал еді, –

Жапырағын жайқалтып,

Терек етсе, тәңірі етті!

Тебінгінің астынан

Ала балта суырысып,

Тепсінісіп келгенде

Тең атаның ұлы едің, –

Дәрежеңді артық етсе, тәңірі етті!..»

Тегінде, біз «Зар заман ақындары» болсын, одан арғы-бері кезеңдегі «Батырлар жыры» болсын, алты қырдың астында жатқан алтын-жауһарларымызды уақыт шаң-тозаңынан өз алақанымызбен сырып, сүріп тастап, қайта қолға алып, бетін ашуымыз керек шығар! Игілігін өзімізден бастап жас желең – жас ұрпағымыз көрсін!!! Қартайған, қажыған «Дядя Семнің» байырғы модерні мен жасанды модернизмінен кекірігіміз айнитын кез болды ғой…

   Тағы да айтам: бақты қайдам, рухты алыс-шалғайдан іздеп әуре болмаңыз. Олар бізде, мына өзімізде! Кеше түсімізде еді, бүгін ішімізде, ертең күшімізде болса игі!.. Алла нәсіп қылып, ата-бабамыз қасық қанын төгіп жүріп қара жердің бір пұшпағын мың болғыр ұрпағына бұйыртты. Бұдан артық біз жазғанға не керек?! Рас, біз оның қасиетін қайдам, қадірін білмей өстік. Себебі көп. Тақуа тарих таңдайын тақылдатып тұрып, жағы талғанша айтып бере алады. Бірсыпырасына өзіміз де қанықпыз. Дегенмен, қасиет жоғалса, қадір кемиді. Одан Құдай сақтасын. Кешегі «жер кодексі» турасындағы дау-дамай ұлтымыздың ұнжырғасын былай қойғанда, рухымыздың  әлсіз, әлжуаз тұсын бетімізге шыжғырып тұрып басты. Тағы да данышпан Абайдың «…бетті бастым, қатты састым…» күйзелісі мен түңілісі алдымыздан шыға келді. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» екен: мұны біз «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоққа» баладық та қойдық. Дегенмен, бір деміміз ішімізде қалды. Сол дем, байқасаңыз, жаналқымдағы жандәрмен рух болатын. Орыс ағайында «дух» деген сөз бар (дух, духовный, душа, «духовная пища»), сол сөз біздің «Жан» деген сөзімізбен үндес, тетелес төтелес. «Духовная пища» – жан азығы. «Душа поэта легкоранима» – Ақын жаны тым нәзік. Пушкинде «воспрямся духом» деген де тіркес бар. Бұл да «рухыңды қалғытпа» дегенге саяды.  Демек, Жермен – ата-бабаның мәңгілік мұрасымен кім-кімнің де «әзілдеп» те, шындап та ойнауға хақысы жоқ екен! Мөде заманынан бергі аңызы бар, ақиқаты бар, аузымыздағы әфсаналардың астар-сыры осылай дейді… Есіктегі бабадан (Алтын адам) бесіктегі балаға дейінгі Жаңғырықтың әншейінгі әуезе емес екендігін сезіне жүргеніңіз абзал. Бұл турасында «Ұлтарақтай жер үшін» деген аңыз-шыны аралас дастан жазғанымызды да жаппай жұрттың қаперіне сала кетейік… Алла Тағала әйтеуір:  «…Жартасқа бардым,

           Күнде айғай салдым,

           Одан да шықты жаңғырық…» дегізіп Абайша аңыратпай-ақ қойсын бізді. Қамыққан, қарлыққан үнге  қара тас та қаңқ ете дауыс қайырар, бірақ  өлі жаңғырық қой ол. 

«Отанды сүю – Иманнан» дейді Имам Исмаил әл-Бұхари хадисі.

«Рухсыз ештеңе болмақ емес, оңбақ та емес, одан айрылғаның – өлі денеге айналғаның» дейді Мұқағали (Күнделік беттерінен).  Иә, Рух қаһары батырдың, Рух қайырымы ақынның дәргейіне дарыған. Біреуі – жердің қорғаны, біреуі – елдің ардағы. Екеуін елеусіз қалдырған ел телегей теңіз  төріндегі ескексіз қалған қайықтай қалт-құлт. Айту оңай, айтқан сөзден қайту қиын. «Мәңгілік елдің» мағынасына ой жіберсек, парыз да, қарыз да, аманат та аз емеске ұқсайды. Бетке айтқанның айыбы жоқ: қазақтың бір-біріне көз алартатыны, тіпті, кешірместей кектеніп, кетісетіні, жақыннан жеріп жатқа жем болатыны, мұның өзі айықпас аурудай жан-дүниені жайлап, аяқ-қолды байлап-матайтыны, ұрығымыздың әлсіреп, рухымыздың төбе көрсететін жерде төменшіктей беретіні неліктен? Демек, жан мен тән, ақыл мен сана, тәлім мен тәрбие, дәстүр мен салт, әдет пен ғұрып,  ұят пен аят… ауыл-аймағында көнтақы көбік сөзді былай қойып,  көп-көп  тер төгуімізге тура келеді екен. Мұның нақтылы нақлияты мен қарапайым қағидаты: «Ел боламын десең – бесігіңді түзе».

Бесік демекші… осыдан бірер жыл бұрын әдеттегі қазақы ауыл-үйдің бірінен айшығы анық, бояуы қанық бесік көргенім бар. Төрде ілулі тұр.  Қалалық қазаққа қашаннан бергі таңсық көрініс. Көзіме оттай басылды. Бір тұсында үшбұрышты тұмар, екінші тұсында домбыра. Үлкенді-кішілі қарадомалақтар бірі кіріп, бірі шығып жүр. Мені төрге – жанына жайғастырған ақсақал сөз ауанында: «Мына немелердің бәрі осы бесіктен белін шешкен», –  деп сақалын бір саумалап қойды. Көзінде шүкірлік, сөзінде тәубалық жылы-жұмсақ мейірім бар. Шыны керек, Отағасыға қызықтым. Өз үйінің, қалаберді әудемжер әулетінің ханы мен сұлтаны. Дастарханда бауырсақ, тоқаш, кәмпит-сәмпит, таба нан. Иісі  бұрқырайды. Сағынтқан сары май да… Ұят-аятты жайына қойып, баяғы балалығыма басып нанды майға бұлап апыл-ғұпыл жеп алдым. Ақсақал майлықты ұсынып жатып: «Е, сен де бір байғұсым болдың ғой, кемішек… же, жеп ал!..» – деді маған мұртынан күле жымиып. – Қай ауылдың баласы едің?»

Шамданған жоқпын, паңдануға да шамам келмеді. «Қалалық боп кеткелі қа..ш..а..н, көке»… Әрі қарай көмейіме көктүйнектей бірдеңе тығылды. Көз ішінде де бірдеңе жылт ете жыламсырады… Шынында да байғұс екенмін, бейбақ екенмін… кемішек. Анам туралы қанша өлең жаздым… Ауыл туралы ше… бірақ бәрібір, арзу ма, арман ба, кім білсін, іште бір талмауыр талан, талайлы тағдыр бар… Өзімдікін қоя тұрып тағы да Мұқағалимен шер қозғадым:

«Жиі енеді түсіме бұрынғы ауыл,

Ойнақ салып құлын, тай қырында жүр.

Сүттен бұлақ ағызып сиырлы ауыл,

Іркіт исі келеді мұрынға бір.

 

…Қырық түтін шығады қырық тамнан,

Қырық торғай ұшады шыбық, талдан.

Қырық әже күзетіп отырады

Қырық ұлдың орынын суып қалған.

 

Қыр басына қырық шал жиналады,

Бір-біріне тартуы – сый қабағы.

Бір-біріне отырар басу айтып,

«Қайтесің, – деп, – тәңірдің қимағанын…»

 

Тауларым да тұрады қалқан болып,

Соны көріп қалады арқам кеңіп. 

Өлі ұйқыдан осылай оянамын,

Оянамын, көңілім талқан болып».

…Қырық ұлдың суып қалған орыны, қырық әже мен қырық шалдың елжіреп емес, селдіреп қалған селеудей сиқы…

 Бірақ гәп мұнда емес, одан бергідегі біз өскен, біз көрген  күні кешегі ауылды айтам да. Ғасырдың төрттен бір ғалетінде түтіні түтілген жүндей жуасып, жүзіне мұң ұялаған қара шаңырағым… Мұқаң «Қайран, Қарасазым-ай!..» – деп тебіренсе, мен «Қарашаңырағыма» басып отырмын. О, тоба, жетпіс жыл өтіп кетсе де екі аралықта айнымаған бір ұқсастық бар. Тіршілік тегершегі кенет кері шегініп кеткен бе дерсің. Ал, шындығында, солай болуы тиіс пе еді? Талайғы, тағдырлы Рухымыздың алтын айнасы, Темірқазығы, Талбесігі, әрі-беріден соң ырзығы, ұйытқысы, құты, берекесі, ұжым-ұясы – кәдімгі қазақы ауылымызға зәнталақ заманның заматта қай зауалы келе қалды екен? Одан тапқан олжамыз ше: жабайы урбанизация, қалт-құлт қам-харекет, қарабайыр Қарабазар… Кешегі: «Дипломмен – Ауылға!» акциясы да ауа қармап жарты жолда жан тапсырғанға ұқсайды…

Қаладың-қаламадың: қала жұрты қашаннан қазымыр, қысырақтың үйіріндей үркек, үргедек… Тобыр болайық, тобашыл болайық, біз бүгін тола-түгелге жақын қалалықпыз. Онсыз да мінсіз емес едік, мінез өзгерді.  Болмыс бояуы бозаң тартты. Сезімді күйректік, сананы сараңдық иектеді. Көз алдымызда, айдың күні аманында.  Саясат тілімен айтсақ, аз-кем жылдағы ауызға іліккен ащылы-тұщылы ақпарат бұл. Ертең ше? Төте сұрақ осы.

Сағдида: «Сөйлемесем – өзіме өзім төремін,

                 Сөйлесем – сөзім өзіме төре» деген қысқа-нұсқа бар.  Мен сөйледім. Тумысым ауыл баласы болған соң. Білем, сезем, бүгінгі өркениет қауымына қала да керек, Дала да керек. Бірақ мынаны ұғыңыз: біз тым батысшыл болып кеттік. «Өзгенікі таңсық, өзіміздікі қаңсық». Бәрін ішіп-жеп, бәрін қотара беруге болмайды: Басқазанға да, асқазанға да обал. Оларда жер кем, бізде кең. Кем болғандықтан да алақандай жерге балапандай сығылысып отыр. Зәулім, заңғар үйлер салуының да себебі осыдан. Жері тардың пейілі де тар – үнемшіл де үстемшіл  болғысы келеді. Кең болғандықтан да біз қалада тұрып ауылды аңсаймыз. Туабітті  табиғатымыз да, тәубелі талайлы тағдырымыз да Жер анаға кіндігінен байланып қалған. Оның атын АТАЖҰРТ дейді. Атажұртты қала үйінің балконынан күзету исі қазаққа жараса қояр ма екен? Қайдам…

                                                                          

                                                                                 («Алматы ақшамы»,                 

                                                                              14 қыркүйек, 2017 жыл)

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір