Нұрлан Қалқа. Көңілімнің бәйшешегі бүр жарып…
14.04.2021
759
0

ЖАНЫМНЫҢ ЖАЛАУЫ

I.

Досым-өлең, жанымның жалауысың,

Шарқ ұрған көңілімнің қалауысың.

Шырқырап, жалғыздықтан жапа шексем,

Жылытатын жүректі алауымсың.

 

Досым-өлең, түнімен сырласамын,

Барып қайтам ауылға, қырды асамын.

Бал кезде ойнаған тау мен тасты,

Аралаймын, мауқымды бір басамын.

 

Досым-өлең, мұң-сырым саған мәлім,

Басқа емес, келеді саған әлім.

Көтересің еркелеп кетсем кейде,

Білесің ғой, айтпаймын қалған жағын.

 

Досым-өлең, тыңдайсың бәрін үнсіз,

Ал басқаға келгенде жаным тілсіз.

Аялайсың, арқамнан қағып бір сәт,

Сен үшін мен адаммын арым мінсіз.

 

Сұм өмірден жалығып, жабыққанда,

Жан-дүнием сұмдық бір қамыққанда,

Өлең-досым, тыңдайсың мұң-наламды,

Шер тиегін көңілден ағытқанда…

 

Өлең-досым, сөкпедің басқалардай,

Сатпадың сен, кейбір ез, қасқалардай.

…Дос көремін кейбір жан күліп тұрса,

Сеніп қалам, тисе де тасқа маңдай…

 

Өлең-досым, сырласым, жан серігім,

Сен тұрғанда серпіліп, сан сергідім.

Айтып-айтып аламын жүрек сөзін,

Саған ғана арналған бар сезімім.

 

Өлең-досым, сен барда, мен де бармын,

Сыйлымын, азаматпын, елге нармын.

Бүкпей бәрін айтып сап, жеңілдеймін,

Мінезіме жібектей кейде таңмын.

 

Саған сеніп, сырымды ақтарамын,

Артық кетсем, алдыңда ақталамын.

Өлең-досым, жанымның жалауысың,

Шаттанамын, өзіңнен бақ табамын.

 

II.

Рас-рас, кейде мен мұңданамын,

Жалғыз қалып, өзімше «жынданамын».

Ондай кезде сығып ап көздің жасын,

Ал ертесі жұмысқа тың барамын.

 

Түпсіз тұнық сырымды жасырамын,

Оңашада шоқ болам, басыламын.

Серік таппай көңілге жалау болар,

Қиналады, қайтейін, асыл жаным.

 

Көзге күліп, көңілді күй кешемін,

Кіммен болсын сыйласып, үйлесемін.

…Тым сабырлы кейпіме әбден қанық,

Жарым күтіп алады үйде менің.

 

III.

Жанымның жалауысың сен өлең,

Артыңнан қалмай еріп мен келем.

Пендеден ығыр болсам, сен барсың,

Тек жақсылық ойлайтының – мен сенем.

 

Тірліктен кеткен кезде жалығып,

Сенімен табысамын сағынып,

Түсінетін менің жұмбақ жанымды,

Сенсің тек, келем соны сан ұғып.

 

Мұңымды қайдан ұқсын айналам,

Қабағымды бағып отыр қай адам?!

Өзегім өртенсе да қаншама,

Ішке сақтап, ешкімге сыр жаймағам!

 

Жаратқан қолдап, қорғап жүр мені,

Содан болар көз-көңілім күлгені.

Жапанда жаным күйіп, торықсам,

Іздеймін, өлең-досым, бір сені.

 

Жанымның жығылмайтын Туысың,

Сен деп білем жалғандағы туысым.

Әр кез мені аялайсың анамдай,

Сенсіз досым, өмір – мәнсіз, біл, түсін!

 

АНАМ МЕНІҢ

Анам менің, мен баламның қамын жеп,

Елеңдеумен атып жатыр таңым көп.

Амандығын тілеуменен ел-жұрттың,

Жүрек шаншып, ауырады жаным көп.

 

Анам менің сипаушы еді басымнан,

Қалмаушы едім бір елі де қасынан.

Айтқан сөзін түйе бердім көкейге,

Содан, бәлкім, зерек өстім жасымнан.

 

О, анашым, жүрсің сірә, сағынып,

Жол тосасың жанарыңды талдырып.

Жыл құсындай бір келеміз көктемде,

Арқа жатқан атымызды шалдырып.

 

Бара қалсам, құшағыңа аласың,

Мауқың басып, бір жасарып қаласың.

Көңілімді аулауменен боласың,

Жай-күйімді қабағыңмен бағасың.

 

Мейіріңді төккеніңде, анашым,

Сергіп қалам, тауып көңіл жарасым.

Қайта тұрам, дамылдап ап саяңда,

Ақ самайлы, сен аман жүр, дара шың.

 

НӘУРІЗЕК ҚҰС

 Нәурізек құс, келші бізді қуантып,

Сенің құның алтыннан да мың артық.

Арқаға да келіп жетші, ақ құсым,

Алматыдан ұшсаң етті тік тартып.

 

Нәурізек құс, қанатың еш талмасын,

Солтүстікке жылуыңды арнарсың.

Көктемді біз жүрміз әбден сағынып,

Құс жолындай бәлкім, бізді жалғарсың.

 

Көктем биыл кешігуде Арқаға,

(Ол емес қой бататұғын арқама).

Жаным – мұздақ, көңіл мұздап, жүргенім,

Тонналаған ой мен мұңды арқалап.

 

Нәурізек құс, келсең ұшып, мәз болам,

Жаным жылып, салар едім аздап ән.

Көңілімнің бәйш ешегі бүр жарып,

Жіпсір ме еді, мұзы кетіп аздаған.

Нәурізек құс, ұшып келші, мәз болам!

 

НӨСЕРЛЕТІП ӨТТІМ…

Оттай лаулап, маздаған ақынмын ба,

Елім деген ерлерге жақынмын ба?!

Қарын қамын күйттемей, жұрттың жайын,

Ойлауменен ұзақ таң атырдым ба?!

 

Ез емес, ерді құптар батырмын ба,

Жұбандай тіліп түсер батылмын ба?!

Мұқаңдайын жырымды түн толғатып,

Ой-бесікте тербетіп жатырмын ба?!

 

Ақтарылған ағындай Қасыммын ба,

Жарқ еткен жай оғындай жасынмын ба?!

Шоқ-жырыммен жылытып қамкөңілді,

Жүректерге шуақ боп шашылдым ба?!

 

Жалғандыққа жаны қас ақынмын ба,

Әлде жүрген тоңмінез пақырмын ба?!

…Нөсерлетіп өттім ғой сәл күйзелсем,

Шарап емес, шабытты шақырдым да!

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір