ҚОШ БОЛ, КӨКЖАЛ!..
09.04.2021
2079
0

 

Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділов дүниеден озды. Тәңірден өзгеге бас имеген, қандай қиын сәтте де тізесі дірілдемеген, заманға күйлемеген, заманы илемеген көкжал текті рух иесі – мәрт мінезді жазушы арамыздан аттанды. Ол Қазақ даласының бүтіндігін, шекаралармен шектелген қарға тамырлы жұртының бір тудың астына жиналуын көксеп өтті. Рухы шекараға бағынбаған, ойы шеңберге сыймаған қаламгер Қазақ даласының Шығысын қорғап жатуды аманаттаған екен… Тарбағатай тауларының сағасында енді Қабдеш бар!.. Дарабоз Қабдештің рухы күзеткен таңғажайып мекен бар!..  

85 жасқа қараған шағында Қазақ­станның Халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қытайдан Қазақстанға өткен алғашқы ұлы көштің дарабозы Қабдеш Жұмаділов өмірден өтті. Қазақ әдебиетін дамытудағы айрықша еңбегі мен еліміздегі қоғамдық өмірге белсене араласа жүріп, әдебиеттің алтын қорына енген ғажайып туындыларымен өз оқырмандарын тамсандырған қазақ әдебиетінің классигі Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесі Тарбағатай аймағы Шәуешек ауданында дүниеге келген. 1956 жылы Шәуешек гимназиясын бітіріп, сол жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түскен. Университетті бітіргеннен кейін «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жазушы» баспасында, Мемлекеттік баспалар комитетінде жауапты қызметтер атқарған. 1981 жылдан бері бірыңғай шығармашылықпен айналысты.

Өлеңдері 1967 жылы «Жас дәурен» деген атпен жеке жинақ болып жарық көрген. Осыдан кейін жазушы проза жазуға ойысқан. «Қаздар қайтып барады» атты алғашқы әңгімелер жинағы 1968 жылы, «Көкейкесті» романы 1969 жылы жарық көрді. Содан бері жазушы қаламынан көптеген әңгіме, хикаяттар, он шақты роман туды. Романдарының дені тарихи тақырыпқа арналған. Қабдеш Жұмаділовтың романдарының тіл көркемдігінің ерекшелігі оның халық ауыз әдебиетінің мол мұраларын қолдануында жатыр. Бұл тәсіл «Тағдыр», «Соңғы көш», «Дарабоз» романдарында көрініс тапқан. Мысалы, «Тағдыр» романында қазақтың салт-дәстүрі әр қырынан көрінеді.

Оның жоғарыда аталған романдары Шыңжаң қазақтарының өмірінен жазылған. «Соңғы көш» дилогиясына 1983 жылы М.Әуезов атындағы әдеби сыйлық, «Тағдыр» романына 1990 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық берілді.

Қос томды «Дарабоз» романы тарихи тақырыпқа, «Саржайлау», «Сәйгүліктер», «Бір қаланың тұрғындары», «Бір түп тораңғы» атты шығармалары бүгінгі заман тақырыбына арналса, «Қылкөпір» романы мен соңғы жылдары жазылған бір топ әңгімелерінде өтпелі дәуір шындығы суреттеледі. Жазушы «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романында өзі өмір сүрген орта мен замандастары жайында сыр шертеді. Туындылары көптеген тілге аударылған. «Қазығұрт» баспасынан «Он екі томдық» шығармалар жинағы жарық көрген.

Қабдеш Жұмаділовке 1998 жылы «Қазақстанның Халық жазушысы» атағы берілді. «Парасат», ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай, Үржар және Аягөз аудандарының Құрметті азаматы атанды.

Рухты да өр туындыларымен қара сөздің Қабанбайына айналған ардақты қаламгер, көрнекті жазушы Қабдеш Жұмаділовтың жарқын бейнесі, ғибратты ғұмыры қаламдастары мен халқының жүрегінде сақталады.

Қазақстан Жазушылар одағы
 Басқармасының хатшылығы

 

Қазақстан Республикасының Президенті аса көрнекті жазушы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі қоғам қайраткері Қабдеш Жұмаділовтың отбасы мен жақын туыстарына қайғырып, көңіл айтады.

Аса көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі қоғам қайраткері Қабдеш Жұмаділовтың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын. Қабдеш Жұмаділұлының қаламынан шыққан туындылар дәуірдің жүгін, замана келбетін, қоғамның үнін айқын көрсеткен. Соның ішінде қилы кезеңді бастан кешкен халықтың тағдырын арқау еткен романдары мемлекет және қалың көпшілік тарапынан жоғары бағасын алды. Қарымды қаламгер еліміздің рухани саласын дамытуға мол еңбек сіңірді. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңына өшпес із, сарқылмас мұра қалдырған Қабдеш Жұмаділұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын!

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті

 

Қазақ әдебиетіндегі алыптар шоғырының аса көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділовтың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.

Қабдеш Жұмаділұлы өзінің өшпес туындылары арқылы халқымыздың басына түскен қилы тағдырын, замана үнін көркем, әрі шынайы жеткізе білді. Ол еліміздің рухани саласын дамытуға да өлшеусіз еңбек сіңіріп, көшелі ойымен, көсем сөзімен төл әдебиетіміздің қара нары атанды

Ұлтының шын жанашыры болған Қабдеш Жұмаділұлының жарқын бейнесі мен мол мұрасы халқымыздың жүрегінде сақталады. Марқұмның топырағы торқа, иманы саламат болсын.

Асқар МАМИН,
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі

 

Белгілі жазушы, көрнекті қаламгер, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов ағамыздың дүниеден озуына байланысты марқұмның отбасы мен жақын-туғандарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын.

Қабдеш ағамыз бүкіл саналы ғұмырын еліміздің руханияты мен ұлттық әдебиетімізді дамытуға арнап, көркем роман жазу дәрежесін жаңа белеске көтерген дегдар жазушы, қарымды қоғам қайраткері еді. Көзі тірісінде зор шығармашылық ой-өрісімен, терең парасатымен халқының үлкен ілтипатына бөленіп, артына өшпейтін рухани мұра, өрісті өнеге қалдырды.

Ардақты ағамыздың жарқын бейнесі мен ұлттық руханияттағы орны қалың қауы­мның жүрегінде сақталады деп сенемін.

Марқұмның жатқан жері жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқысын.

Аида БАЛАЕВА,
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі

 

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің атынан танымал жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, «Халық алғысы» медалінің, «Парасат», II дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Қабдеш Жұмаділовтың қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.

Қабдеш ағамыз ғибратты ғұмырында мағыналы тірлік кешіп, өзінен кейін өшпейтін із қалдырған, қазақ әдебиетінде сара жол салған қарасөздің қарагері, дарабоз жан еді. «Қаздар қайтып барады» әңгімелер жинағы, Қаракерей Қабанбай туралы қос томды «Дарабоз» романы, қазіргі заман жайлы «Бір қаланың тұрғындары», «Бір түп тораңғы», «Саржайлау» шығармасы, Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі кезеңді суреттеген «Қылкөпір» және замандастары туралы сыр шертетін «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романы ойлы оқырмандарының жоғары бағасын алды.

Болмысы бөлек қаламгердің дәуір шындығын арқау еткен, бүгінгінің көкейкесті мәселелеріне арналған, бір адамның тағдыры арқылы қоғамдық ойға қозғау болған туындылары өміршеңдігін жоймай, Ұлы Дала елінің мүддесімен ұштастырып, қалың қазақтың рухани қажеттілігіне жарай берері сөзсіз.

Өнегелі өмір иесінің асыл бейнесі туған-туыс пен қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпі­рінде сақталады.

Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы жібектей жұмсақ болсын. Рухы сегіз жұмақтың төрінде шалқысын.

Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА,
 ҚР Мәдениет және спорт министрі

 

 КЕҢ ТЫНЫСТЫ ҚАЛАМГЕР ЕДІ

Сарабдал қаламгер, өзі ғұмыр кешкен дәуірдің шын мәніндегі жаршысы, көптеген еңбектері шетел тілдеріне аударылып, сарқылмас шығармашылық азыққа айналған туындылары арқылы туған жерін, халқының болмысын тарихи тұрғыда терең зерделеп, көркем шығармалар жазған аса талантты қаламгер, Қазақстанның халық жазушысы, «Парасат» орденінің, Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері – Қабдеш Жұмаділовтың өмірден озуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.

 Ғұмыры өскелең ұрпаққа үлгі болатын, еліміздің рухани қазынасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан дарын иесінің қаламынан туындаған шығармалар қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған елеулі мұра Қабдеш Жұмаділов кең тынысты қаламгер еді. Оның жарқын бейнесі жүрегімізде сақталады.

Марқұмның жатқан жері жайлы, жаны жәннатта, иманы жолдас болғай. Артында қалған ұрпағының көрер қызығы көп болсын, туған-туыстарына ұзақ ғұмыр тілеймін.

Н.НОҒАЕВ,
ҚР Энергетика министрі

 

 Жұмаділовтер әулетіне

Халқымыздың көрнекті қаламгері, қайраткер тұлғасы Қабдеш Жұмаділов ағамыздың қайтыс болуына байланысты қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын.

Қабдеш ағамыз қазақ әдебиеті мен руханиятының көкжиегін кеңейткен, көшін бастаған кемел жазушы, ақылман абызы еді.

Ағамыздың қазақ оқырманының санасын сілкіндірген «Соңғы көш» дилогиясынан бастап, «Тағдыр», «Дарабоз» романдары ұлтымыздың арғы-бергі тарихы мен тағдыр-талайының жазба шежіресіне айналды.

Қабдеш ағамыз өмірінің соңына дейін өзінің өткір де шынайы мақала-пікірлерімен, азаматтық болмысымен туған халқының жоғын жоқтап, барын түгендеп өткен аяулы тұлғасы болды. Ағамыздың топырағы торқа, жаны жәннатта болсын!

Д. КӘЛЕТАЕВ, Қазақстан Республикасының
Украинадағы Төтенше және өкілетті елшісі

 

КҮЛІМСІРЕП АСПАН ТҰР…

«Мақсұтқа жетіп бәрі де,

Олар да өтті дүниеден.

Өзекті жанда – бір өлім,

Тек сайтан ғана өлмеген.

«Мұңлық-Зарлық»

 

Өмір – қайық, өлім – теңіз,

Айрылмайтын екеуі егіз,

Сол қайыққа мінген болсаң,

Қайрылмасқа кеттім деңіз.

«Мың бір түн»

 

Күлімсіреп аспан тұр,

Жерге ойлантып әрнені.

Абай

 

Неменеге жетістің бала батыр,

Қариялар азайып бара жатыр.

Бірі кетіп келместің кемесімен,

Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр.

Мұқағали

 

Ешқандай философия

мені өліммен келістіре алмайды.

Чехов

 

Иных уж нет,

А те далече.

Саади

Бют по нашем квадратам.

Окоптағысолдаттардың сөзі

Ағаш екеш ағаштағы

көп көгеріп қуарар,

Менің өмірім бір-ақ рет

көгерер де суалар…

Саттар Ерубаев

Өлімнің де өкініші, қазаның да азасы әртүрлі болады екен. Қабдеш Жұмаділов қайт­қан сексен төрт деген жасқа біздің де ентелеп келіп қалғандығымыздан ба, қатарымыздың күннен-күнге сиреп бара жатқаны әртүрлі ойға шомдырып кетеді екен. «Туу – парыз, өлу – қарыз», (А.Сүлейменов) екенін біле тұра, пенде атаулы тірісінде мың жасайтындай алаңсыз өмір сүре береді екен. Қадірлі адамдарымыздың бірін жерлеп жатқан тұста дәл осы сәт бір кезде өзіме де жетіп келерін сезінсек те, қырдан төмен түсе бере бәрін ұмытып кете барамыз. Өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі тіршілігін жасайды. Қабдеш те талай-талай аяулы ағалары мен іні-құрдастарын о дүниеге аттандырып, өз тірлігіне кіріскен. Әр өлімге қайғырып, тұңғиыққа бата берсе, «Соңғы көшін» жаза алмас еді. «Дарабозын» аяқтай алмас еді. Ондаған роман-повестері мен әңгімелерін жаза алмас еді. Шындық үшін шырылдап, бұрмаланып бара жатқан тарихқа өзі білген төрелігін айғайлап айтпас еді. Басын қатерге тігіп, ар жақтағы қандастырымызды бер жаққа өткізудің көшін бастаушылардың бірі бола алмас та еді. Бүкіл ғұмыры абақтыда өткен Қажығұмар Шабданұлының алты томдық қасіретке толы шығармаларының қазақ арасына кең таралуына күш-жігерін арнай алмас еді. Ілияс Есенберлиннің романдарын тілдік жағынан да, тарихи тұрғыдан да бір ізге түсіріп, ол кітаптардың оқырмандар қолына дәл осы күйінде жетуіне еңбек сіңіре алмас еді. Бүгінгі қазақ қоғамындағы әсіре белсенділік пен жасандылықты, ұлттық сананың, ұлттық намыстың әлсіреп, теледидар экранын жаулап алған жалаң күлкі мен жасанды жұлдыздардың қаптап кеткеніне күйініп, толғанысқа толы мақалалар да жаза алмас еді.

Аз ба, көп пе, Алла берген ғұмырыңды мағыналы өткізіпсің, аға-дос Қабеке. Әр қазақ өз халқына өзіңдей-ақ қызмет етсін.

Өзің келмес сапарға аттандың, артыңда өлмес мұра қалды. Ана жақтағы өзің қолдан атқарған аға-інілеріңмен, замандастарыңмен қауышып, біздің өміріміздің бүгінгі жай-жапсарларын айтып жатқан да шығарсың. Пейіште нұрың шалқысын, аға-дос!

Бәрімізді ойлантып, Алматы аспаны бүгін күлімсіреп тұр. Ал ол жақта ше?..

Дулат ИСАБЕКОВ

ЕКЕУМІЗ ДАУЛАСТЫҚ, БІРАҚ ЖАУЛАСҚАН ЖОҚПЫЗ

Қазақ – торқалы тойда, топырақты өлімде бір-біріне деген өкпесін кешетін халық. Қабдештің қазасы қайырлы болсын! «Қайырлы» деген сөзді біздің жақта «қазаның арты жақсылыққа ұлассын» деген мағынада айтады. Басқа сөзді мұндай мәнде қолданбайды. Қабдеш екеуміз университетте бірге оқыдық. Жазуды, шығармашылыққа ұмтылуды бірге бастадық десе болады. Өйткені сол кезде оның алғашқы әңгімесін маған оқытқаны, пікірімді тыңдағаны бар. Кейін жазушы болып қалыптасып, екеуміз де екі жақта жүрген шақта «Соңғы көш» романы жайында сөз қозғай отырып, Қабдешті «Өз борышын өтеген жазушы» деп мақала жазғанмын. Өйткені Қытайдағы, сыртта жүрген қазақтардың тағдырын, өмірін ол кезде біз білмейтін едік қой. Білсек те, онымыз шала-пұла деңгейден аспайтын. Міне, сол жат жұртта жүрген қандастарымыздың тағдыр-талайын Қабдештің көрнекті етіп жазғанына риза болдым. Қабдеш те менің «Күтумен кешкен ғұмыр» романымды оқып, жақсы қабылдады. Шығармада оралмандар, рушылдық турасында айтқан пікірім бар еді, Қабдештің «Соны алып тастасаң қайтеді?» деген өтініші бойынша, кейінгі басылымында ол тұстарын алып тастағам.

Бірде «Бір өкініш, бір үміт» романым Жазушылар одағында талқыланды. Әбдіжәміл ағамыз жиналысты басқарып отырып, менің романымды түкке алғысыз дейтіндей бір пікір айтты. Сонда М.Мағауин мен Қабдеш мені қорғап сөйлеген болатын. Көпшіліктің пікірі мен осы екі жазушының сөзі теріс пікірлерді жеңіп, бәріміз үйге келіп тойлаған едік.

Өмір дегенге талқы жасау, баға беру өте қиын дүние. Кейін екеуміздің арамызда пікірталастар, әр түрлі жағдайлар туды. Қабдештің «Дарабоз» романы жарық көргеннен кейін мен баспадан Қазыбек бек Тауасарұлының кітабын шығардым. Осыған байланысты Қабдеш қатты пікірлер айтып жүрді. Өзі кезінде: «Дауласу деген – жау­ласу емес», – дейтін. Жауласа қойған жоқпыз.

 Артында ұрпағы, ұл-қыздары, жары бар. Бәріне жақсылық тілеймін. Қазақта қаза болған адамның артынан «Май шашсын» деген жақсы сөз айтады. «Берекелі болсын» деген сөз ғой. Жатқан жері жайлы болсын Қабдештің. Өзінің аманаты бойынша, топырағы туған елінен, жұртынан бұйырған екен. Топырағы торқа болсын.

 Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ

 ӘБДЕН САҒЫНЫП ҚАЛҒАНЫН СЕЗДІМ…

Әдебиет деген алып мұхиттың жағасына біздер бір толқынның өкілі болып келдік. Сайын Мұратбеков, Рамазан Тоқтаров, Қалихан Ысқақов, Қабдеш Жұмаділов бесеуімізді «бес тапал» дейтін. Шашымызды сыпыртып алып тастап, Жазушылар Одағына кіріп келгенде бізді «хундевиндер» деген кездері де болды. Жастығымыз бірге өсті. Бір-бірімізді қатты сыйлайтынбыз, сынайтынбыз, сынды қабылдайтынбыз. Төбелесіп те, татуласып та жүретін едік. Бірақ бізде зіл-кек болмайтын еді. Осыдан екі жыл бұрын Қабдеш Астанаға келді, үйде болды. Сол кезде Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтаровтарды еске алып, ұзақ әңгіме-дүкен құрдық. «Сен біздің басымызды қосып, бір-бірімізге жақындатып жүретін едің. Бес тапалдан қалған енді екеуіміз ғана» деді. Рамзай (Рамазан): «Біздің корабльдың капитаны – Әкім» дейтін. Олар менің шын достарым еді. Олар әдебиеттің классиктері. Қабдешті біз қатты қолдадық. Оның «Тағдыр» романына алғысөз жазған да мен едім. Мемлекеттік сыйлыққа да жалғыз өзің түс, саған кедергі болмауымыз керек деген едім. Сол жолы ол үйге келгенде көп әңгіме айтты, сыр ақтарды. Мен Астанаға көшіп келгелі 15 жыл болды. 15 жыл көріспеппіз. Өзі ғана сөйледі, мен оны үнсіз ұзақ тыңдадым. Әбден сағынып қалғанын сездім. Досымның жалғызсырап жүргенін ұқтым. Сол жолғы кездесу соңғы кездесу екенін ол да, мен де бәлкім сезген болармыз. Топырағың торқа болсын, Қабдешім!

Әкім ТАРАЗИ

 ҚОШ, ДАРАБОЗ ҚАЛАМГЕР!

Қазақтың дарабоз жазушысы атанған Қабдеш Жұмаділов өмірден озды деген хабарды естіп, есімізді жия алмай қалдық. Мына бір індеттің ар жағында көзге көрінбей отырған бір залым ұлтымыздың ең аяулы азамат­тарын әдейі таңдап әкетіп жатқан секілді. Осының алдында талантты жазушылар Қажығали Мұқанбетқали мен Әнес Сарайдың қазасына қабырғамыз қайысып, қайғырдық. Бәріміз университетте бір курста оқып, бірге бітіріп, әдебиеттің, қоғами өмірдің ыстық-суығында бірге ширап, бірге шыныққан тағдырластар едік. Қабдеш бізден үлкендігі бар, бірнеше жыл бұрын Қытайдан келіп, университетке түсіп, екінші курста «мәдени революцияның» зардабын шегіп, қайта алмай, бірнеше жыл еңбек лагерінде болып, ақыры шегарадан қашып шығып, үшінші курста бізге келіп қосылып, оқуын жалғады.

Қабдеш табиғатында аса зерек, зерделі, үлкен істің, мол мүмкіндіктің адамы еді. Әдебиеттің аламан бәйгесіне әбден төселген танымал сәйгүліктердей емін-еркін араласып кетті. Алғашқы әңгіме, повестерінен әдебиетке жаңа дарынның келгені анық болды. Ал өткен ғасырдың 70 жылдарының бас кезінде жазған «Соңғы көш» романы қазақ әдебиетіндегі құбылыс еді. Ол кезде екеуміз «Жазушы» баспасында істедік. Қабдеш романын бітіргеннен кейін, қолжазба күйінде оқып шығуға маған берді. Мен оқып шығып, қайран қалдым. Қандай кең полотно! Тілі неткен шұрайлы! Өмірдің сыртқы суреті, ішкі психологиясы, юмор, образдар шынайылығы, алыстан жеткен қобыздың үніндей жүректі баураған бір мұң – осының бәрі сені табиғаты көркем тамаша бір өлкенің үстінен шыққан жолаушының әсеріндей сезімге бөлейді. Әдебиет – ең алдымен сезім әлемі. Осы тұрғыдан келгенде Қабдештің одан кейінгі жазылған толып жатқан үздік романдарының ішінде оның «Соңғы көші» өзінің ерекшелігін әлі сақтап тұрғандай көрінеді.

Қабдеш талантының әлеуметтік сипаты айрықша көзге түседі. Ол нені жазса да, қаймықпай, батырып жазады. Әділетсіздікке, жалғандыққа қаны қас. Ағысты бойлап емес, ағысқа қарсы жүзетін тұлғалық мінездің адамы. Сондықтан да оның шығармалары келер ұрпақтың кәдесіне жарайтын, ұлтымыздың руханиятын байытқан асыл қазына деп айта аламыз.

Қайран Қабеке! Анда-санда болса да, кездескенде жанымызбен жанымыз табысқандай, армансыз сырласып қалушы едік. Енді сен бұл дүниенің жүзінде жоқсың, сенің рухыңмен ғана сырласатын болдық.

Сенің қазаң қазақ руханияты үшін ауыр қайғы. Тек арты қайырлы болғай! Қош бол, аяулы азамат, дарабоз қаламгер!  

Төлен ӘБДІК

 ДУЛЫҒАЛЫ ҚАРАҒАЙ ЕДІ ҚАБДЕШ АҒА!

Сонау шегараның арғы бетіндегі Шәуешекке жақын Малдыбай бұлағынан басталған мағыналы сапар Алатаудың бауырайында байыз тапты. Қаралы көш – қаламгердің Соңғы Көші Барқытбелге қарай тартты…

2015 жылдың желтоқсанының басында – Жұмекен ағаның 80 жылдығында Қабдеш ағамен бір дастарханнан дәм таттым. Неге екенін білмеймін, көкірегімді беймәлім бір тылсымның лебі кеулеп, жанымда отырған Темірхан Медетбек ағама: «Қарағайлар сиреп барады… Қабдеш ағаны да сағынатын күн келеді…» – деп ем. Сол күн бүгін жетті: Қазақ атты қараорманның шың жағындағы дулығалы қарағайына жасын түсті! Орнында бұтағын көкке жайып шулаған балапан талдар қалды. Құдай соларға ғұмыр берсін: мынау Таңғажайып Дүниеге Қабдештің көзімен қарайтын ұрпақтың барына шүкір етейік!..

Светқали НҰРЖАН

  ҚАЙТПАС ҚАЙСАР АЗАМАТ ЕДІ

 Қайран Қабдеш ағам-ай! Өмірден сен де өттің-ау! Бүгінде сенің өлмес-өшпес клас­сикалық туындыларың әдебиетіміздің алтын қорына қосылып, ұлтымыздың асыл құндылықтарына айналды.

Айтатыны жоқ, ерекше тұлға едің! Сен шын мәніндегі Елің мен Жеріңнің біртуар Перзенті бола білдің. Елің мен Жеріңнің мүддесі үшін отқа да, суға да түстің. Ондай кездерде сен ешкімнен қаймықпастан тасты жарып шыққан қарағайдай қасқайып тұрып қақ тіліп айтатынсың.

Мен өзіңізбен бірге билік жағы жатырқай қарайтын талай-талай бас қосуларда тізе қосып бірге отырып, елдің мүддесі үшін қатар күрескенімді мақтан тұтам.

Бұдан бірер жыл бұрын ғана еш жерде жарияланбаған сіздің өлең- портретіңізді қағазға түсіріп, өзіңізге тарту еткен ем.

Қабдеш аға,

Алтайдың арғы бетінде

Қаншасын көрдің сен—

Қуғын сүргін мен

Мехнат, азаптың?!

Соның бәрінен

Сомдалып шықтың сен.

Қара дауылға да

Қасқайып қарсы тұратын

Перзенті болып қазақтың!

 

Қандай кезде де

Ақыл-ой, санаңмен

Мына тірлікті

Шарқ ұрып

Шарлап жүресің.

Сонан кейін сен

Кесапат

Кесірліктерді көріп,

Бес қаруыңды асынып

Жауға кіргендей

Дауға кіресің!

 

Қабдеш аға,

Сен бүгінде тыңдап тұрасың,

Ғасырлар түбінен

Халқыңның зарлы үнін.

Қарап отырсам,

Қатерден тұратын…

 

Тұтас бір тарих қой

Ғұмыр мен тағдырың.

 

Сондықтан сен қазір

Қаратаудай ауыр,

Сарыарқадай шексіз

Халқыңның таусылмас

Мұң мен шерін қозғайсың.

Кеудеңнен итерген

Алапат

Қара дауылға қарсы

Қасқайып тіке тартатын

Өзің де Дарабоздайсың!

Қабдеш аға, сен өмірден сол Дарабоз қалпыңда өттің!

Жатқан қараңғы жерің жарық, жамылған ауыр топырағың жеңіл болсын!

Қош!

Темірхан МЕДЕТБЕК

 БЕУ…

Халықтың,

Рухани-Қабанбай –

Қабдеші өлді,

Қайран-ай!

Қазақтың,

Енді,

Қайтып –

Келмесі өлді,

Арман-ай!!

 

…Беу,

Жалған-ай…

 Иран-Ғайып

 КӨЗ МАЙЫН ТАУЫСҚАН КӨКЕМ-АЙ!

Қажымайтын, қайыспайтын қара нар, ертедегі Ертөстікке барабар Қабдеш ағамның қазасы барша қазақтың қабырғасын қайыстырды.Жиырма жылдай бұрын ағамен жүргізген сыр-сұхбатым «Қазақ әдебиеті» газетінің айқарма бетіне «Ақ қағаз-арым, қара сия-қаным» деген тақырыппен жарияланып еді. Ақ қағаздай арына қара сиядай қанын тамшылатып, халқының қамы үшін, көркем дүниенің нәрі үшін көз майын тауысқан көкем-ай! Өзіне ілестіріп тұтас бір дәуірді ала кеткендей. Ешкімнің қас-қабағына қарамай қара қылды қақ жарып сөйлейтін қайран ағаны қайдан табамыз? Бұл фәнидің тозағын да аз көрмеген арғымақ мінезді асыл ағам-ай!

Жатқан жеріңіз жәннатта болсын.

Көпен ӘМІРБЕК

 ДАУЛЫ НӘРСЕГЕ АЛДЫМЕН ҚАБЕКЕҢ ЖҮРЕТІН

Қабдеш Жұмаділов алымыздағы ағаларымыздың қатарынан еді. Ағалар сиреп бара жатыр. Бәрі де тағдырдың ісі ғой. Ол кісі арғы беттен келгенде «Қаздар қайтып барады» деген әңгімесімен танылып, онан соң кесек-кесек романдар жазды. Қабанбай батырға арналған «Дарабоз» атты романы әлі күнге дейін жұртшылықтың назарында. Сол секілді «Соңғы көш», «Сәйгүліктер» секілді көптеген шығармалар жазды. Жалпы Қабекеңнің қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі ерекше.

 Былтырдан бері талай-талай достарымыз, замандастарымыз, ағаларымыз кетіп жатыр. Бәрі де тағдырдың ісі шығар, көнеміз. Қабекең жауласуға болмаса да, дауласуға бар азамат болатын. Кез-келген жерде ұстанымдарынан таймай, айтарын айтып, жазарын жазатын. Даулы нәрсеге алдымен Қабекең жүретін. Сондай адамнан айрылу, әрине, қабырғамызды қайыстырады. Өзі жазған Қабанбай сынды рухтардың әруағы қолдап-қорғасын. Кейінгі ұрпақтарына, қаламдастарына Құдай өмір беріп, жазушының ісін жалғастыруына тілектеспін.

Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ

  «ҚАБДЕШ ТӨБЕ» ТОПЫРАҒЫ ЖАЙЛЫ БОЛСЫН!

«Қазақ әдебиеті» газетіне 28 қаңтар 2013 жылы Қабдеш аға менің жарым ақын-сатирик Қажытай Ілиясұлы туралы: «Сен менiң iнiм сияқты едiң. Туысымнан да артық едiң. Менiң iнiм Мәжитпен түйдей құрдас едiң. Сол Мәжит екеулерiң араларыңа үш-ақ ай салып, бiрiңнен соң бiрiң менi тастап кеткендерiң қалай?

Дос десе, жолдас десе, жанын үзiп беретiн Сендей азамат қайда ендi?! Мен үшiн сенiң орның ешқашан толмайды, Қажытай… Бақұл бол, бауырым! Басқа не айтамын. Жатқан жерiң жәннат, топырағың торқа болсын!» – деп жазған еді.

Қажекеңнің айтуы бойынша, 2006 жылы Қабдеш ағаның 70 жасқа толған тойын Мақаншы, Үржар аудандары дүркіретіп өткізіп, қайтар тұста Мақаншыдан 126 шақырым, Үржардан 86 шақырым, Аягөзден 92 шақырым, Таскескеннен 6 шақырым жердегі кафесі, заправкасы бар «Тоқсан екі» деген жерге ат шалдырыпты. Бұл тоғыз жолдың торабы, яғни осы жерден Алматы трассасы, Өскемен, Семей, Үржар, Мақаншы, Бахтыға «жол айрық» кетеді. Сол жерде Қабдеш аға айтыпты: «Алда-жалда мен өліп кетсем, анау төбенің басына қойыңдар» деп. Сол тұста қаумалап тұрғандар бірауыздан: «Аға, оны қазірден бастап, Қабдеш төбе деп атаймыз», – депті. Бірақ қазір Қабдеш аға айтқан төбеден жол түсетін болғандықтан, сол жердің тумасы Тома келінімнің айтуы бойынша ғасырдан астам адамдар жерленген, бірақ кім екенін біле бермейтін төбеге қоятын болыпты. Қазіргі уақытта Қажығұмар Шабданұлының немере інісі Қабдеш ағасын жерлеуге аттанып бара жатқан Талғат Шабдановтың айтуы бойынша ол жерде Қаракерейдің Жанғұлы руынан тарайтын Қажығұмардың үш ата-баба туысы және Қарақолдан шыққан қойшы, Социалистік Еңбек Ері Бөжек Жанасыловтың денесі жатыр екен. Қабдеш ағаның осыдан 15 жыл бұрын айтқан сол өсиеті орындалып, академик Ұлықпан Сыдықов бастаған бір топ азамат Таскес­кен мешітінен қоштасу үшін сол жерге аттанып кетсе, оның осындай тарихы бар.

Мен «Қабдеш Жұмаділов шығармашылығы: ұлт тағдыры және көркем шындық» деген тақырыпта 2010 жылы докторлық диссертация қорғағанда Қабдеш аға да, Қажекең де керемет қуанып, желтоқсанның қақаған аязы мен ұйытқыған боранына қарамастан Астанаға ұшып барып еді. «Мына келінімді ұйықтап жатқан жерінен оятып, мен туралы сұрасаңдар, сайрай жөнеледі», – деп мақтанып қоюшы еді, Қайран аға! Мен Қажекеңнің зиынды ақылымен болатын тентек мінезін түсініп, өзіме қамшы салдырмай өткендіктен, онымен 1958-жылдардан бастап, қанды көйлек дос болған Қабдеш ағаның да мінезін жақсы білем ғой. Сондықтан қорғамай тұрып, компьютерден шыққан жұмысымды Қабдеш ағаға апарып бергенімде, қып-қызыл қылып, шимайлап тастамай, келіспеген жерлерінің тұсынан бір сызықпен еппен сызып, маржандай тізілген ескертпелерін көк сиямен жазып отырыпты. Ол қолжазба менде сақтаулы.

Туралап келген ажалға шара жоқ. Жатқан жеріңіз жәннәт, «Қабдеш төбе» топырағы жұмсақ, иманыңыз саламат болсын Абыз да, Абзал аға!

Руда ЗАЙКЕНОВА,
Қабдештанушы

 ҚАРА СӨЗДЕ ҚАБАНБАЙЫМ…

(Қабдеш аға қазасында оқылған өлең)

 

Әруағыңнан айналдым, Ер Қабанбай,

Бүгінде зорға жүрміз торға бармай.

Қабдештей жоқтаушыңнан айырылдық,

Бір Алла, екі әруақ қолдағандай!

 

Қабекем – қара сөзде Қабанбайым,

Ол үшін маржан сөзді табам дәйім.

Сексен бес жасаса да жүрді ғой ол,

Басына бір күн бақыт қонардайын.

 

«Жас дәурен» деп келіп ең бұл өлеңге,

«Қаздар қайтып барады» шын әлемде.

«Көкейкесті» қауышты ұрпағыңмен,

«Тағдырың» тағатұғын тұмар елге.

 

Қазақтың ел болуы «Соңғы көштен»,

Шығармас әрбір қазақ мәңгі де естен..

Біз болсақ, Сізді естен шығармаспыз,

Білеміз басымыздан әнді көшкен.

 

«Таңғажайып дүние» таңдандырды,

Айтушы едің біздерге арман жырды,

«Дарабозбен» дүниені дүр сілкінтіп,

Бір-бір қайың қазақты орман қылды.

 

«Сарыжайлау» –

сағындырған белдерің ғой,

Бурабай, Алакөлдер көлдерің ғой.

Артыңнан жетім қалып келіп тұрған,

Өзіңнің кеше өсірген төлдерің ғой!

 

Кемсеңдеп жылайды олар ағаны іздеп,

Мойныңа алтын алқа тағамыз деп.

Сен жоқсың, кетіп қалдың «Ұлы Абайдың,

Қасынан жәннат-жұмақ табамыз», – деп.

 

Орман болған қазағым, жыла бүгін,

Жыламасаң, құлайды құладының!

Солқылдаған кезіңде біздің қазақ,

Қайда екенін біледі тұрағының.

Таймағанын біледі тұяғының,

Кетпегенін біледі тұрағының.

 

Тұрақ осы – Қабдештей ағаларым,

Бала кезден Қабдешті жағаладым.

Әуезовке ұқсайтын маңдайы оның,

Енді қандай маңдайды таба аламын.

 

Бұл дүние барымды көріп қалды,

Барлық қатер аспаннан төніп қалды.

Екеу еді маңдайым жарқыраған,

Екеуі де дәл бүгін өліп қалды.

 

Біреуі – Әуезовтың маңдайы еді,

Біреуі – Қабдеш ағам маңдайы еді!

Екеуі де ғажайып қандай еді,

Екеуі де – қазақтың таңдайы еді!

 

Қазақтың мұңын айтты ғұмырында,

Байланбай тіршіліктің шығырында.

Айбарым едің менің, Қабдеш аға,

Тұруың керек еді тұғырыңда.

 

Қайтейін, кеттің ұшып ғарыш жаққа,

Тірілер білмейтұғын алыс жаққа.

Жалғанның жалғандығын білмесек те,

Біз Сізді жерлейміз ғой таныс жаққа.

 

Дүниеге ешбір адам тоймағанын,

Еске алып кейбір сәтте ойланамын.

Сарыарқа бір жағыңда Тарбағатай,

Осы еді өзіңнің де ойлағаның.

 

Жетісу көрінеді алыс емес,

Шәуешек бір кездегі ағыс-елес.

Семейің бір жағыңнан қымтап жатар,

Шыңғыстау бабалардан Барыс елес.

 

Осының барлығы да өзіңдікі,

Дүниені көре білген көзіңдікі.

Туған жерді сүюдің не екенін,

Өмірде айта білген сезімдікі.

 

Аузыма дүйім жұртты қаратайын,

Абайдың ақ боранын боратайын.

Тоқтаттым осы жерде қош сөзімді,

Ал, енді бақұл болғын, Ағатайым!

Бауыржан ЖАҚЫП

 

 Нағыз халық жазушысы Қабдештен айрылған қаралы күн

Бұл күндері, қазақ халқы өзіне зор жоғалту әкелген қаралы күн болғанын түсініп, қайғыра алды ма, жоқ па, ол арасын ежіктеп қайтем?

Иә, бұл пәни жалғаннан қазақ қара сөзінің қара нары, ұлттық, елдік мүдде мен ар-намысының Қабанбай батыр ұраншысы болған Қабдеш Жұмаділов та өтіп кетті-ау. «Ақын болу өз еркің, ал азамат болу барышың» деген ұлағатты сөзді өз өмірінің өзегіне айналдыра білген санаулы ғана қазақ қаламгерлерінің бірі болған Қабең, ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов дүние салғаннан кейінгі классикалық прозамыздың бір мезгіл ортайып қалған бостығын том, том романдар (өзі айтпақшы – мызғымас қара жартастай) легімен толтырып олжа салғанын бұл күндері мойындамайтын тоңмойындар жоқтың қасы шығар. Ал Қабеңнің Алашшыл, ұлтшыл, мемлекетшіл азаматтығының қай деңгейге көтерілгенін білгісі келген әр қазақ оның тарихи отанына оралған 1962 жылдан бергі үлкенді-кішілі саяси науқандар мен қоғамдық өзгерістер тұсында, әсіресе, 80 жылдардан бергі Горбачевтік «қайта құруларымен» «желтоқсан көтерілісі» тұсындағы атойлап алға шыққан жұлдызды жылдарын көзалдыға келтіріп көрсе болар. Кеңестік тоталитарлық – казармалық социализм тұсында, сондай-ақ, тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылда жүргізілген сауатсыз реформалардың қазақ халқына қандай залалдар әкелгені туралы жазушы Қабдеш қалам тартпаған бір сала бар ма? Шетелдегі, әсіресе Қытай мен Моңғолиядағы қазақтарды тарихи отанына оралту жолындағы жанкешті қалам күресінің өзі не тұрады! 40 жылға таяу ғұмырын қытай түрмесінде өткізген қазақтың ұлы перзенті Қажығұмар Шабданұлын түрмеден шығару және оның азат лагерінде жүріп жазған 6 томдық «Қылмыс» эпопеясын амалдап Қазақстанға әкеліп, баспадан шығару жұмысына бастан-аяқ басшылық жасаған еңбегінің өзі не тұрады?! Сол кездегі қарт жазушының Қазақстанға жетіп, ата-бабасының қасиетті топырағын мәңгілік мекен еткісі келетін ақтық тілегін Президенттен бастап, барлық ел ағаларына, Жазушылар одағына айтудан жалықпады.

Алматыдағы Шаңырақ пен Жаңаөзендегі көтерілісшілер тілегіне қолдау білдірген бастамашы топтың қасынан табылып, «жерді сатуға және шетелдіктерге жалға беруге болмайды» деген бүкіл халықтың талабына қолдау көрсетіп, қазақ тілінің мәртебесі жөніндегі ұлттық қозғалысқа да белсене араласқанына да бүкіл ел куә.

Ал, «Қазақстан Жазушылар Одағының» заңсыз Құрылтайлары тұсындағы кейбір өзімшіл тобырлардың озбырлығына қасқая қарсы тұрған санаулы жазушылардың серкесі де қайсар Қабең болғаны есімізде.

Марқұм Қабдеш ағамыз, қазақ қаламгері, қазақ азаматы қандай болу керек екенін өзінің жарқын өмірі арқылы осылайша дәлелдеп кетті. Басқаларға ұқсап темір терсекке, Президенттің стипендиясы дейтін тиын-тебенге, мақтау-марапатқа ие болу үшін жаныққан тобырға елең қылмай, өзінше — тек «Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділше» өмір сүріп мәңгілік сапарға абыроймен аттанғанына шүкіршілік етіп отырмыз. Бет-алдыңнан жарылқасын. Иман нұрың бейіште шалқысын!! Қош бол. Қазақтың қайсар оғланы!!!

                                                                                                                                                                                      Әлімғазы Даулетхан

 

 ТАҚЫРЫБЫНАН АЙНЫМАҒАН ҚАЛАМГЕР

Әдетте бір адам дүниеден озса, «иманы жолдас болсын», «иманы серік болсын» деп жатамыз. Бүгін Қабекеңнің жаназасын шығарған имам: «Ағамыздың еліне берген рухани мол мұрасы, халқына жасаған азаматтық істері О дүниеде өзіне серік болсын», – деді. Адам жанын тебірентерлік сөз. Қабдеш (азан шақырып қойған аты – Қабдырашит) ақсақал сияқты қабырғалы қаламгерге, қайтпас қайсар күрескерге, халқының қаһарман перзентінің рухына арналып айтылған имамның жаңағы сөзі – дәл, анық сөз.

Ғабит Мүсірепов «алыптар шоғыры» деп атаған әдебиетіміздің аплатондарының дәстүрін жалғастырған, заманауи қазақ әдебиетінің классикалық дәуірін қалыптастырған кең тынысты эпик қаламгер кетті арамыздан.

Қабекеңмен аз-кем жолығысып, сұхбаттасып, әңгімесін тыңдап, бірер мәрте жолсапарда бірге болдым. Сонда ол кісінің әдебиет жайында нүкте қойып айтатын бір пікірі: «Жазушының тақырыбы болуы керек», – еді.

Иә, жазушының айнымайтын тақы­рыбы болуы керек. Қабдырашит – Қабдеш Жұмаділовтың тақырбы: Уақыт, Заман талқысына түсіп тағдыр кешкен қазақ елі, қазақ ерлігі, қазақ көші болды. Ол сенің Хемингуэйіңді, Фолкнеріңді шеніне алмайтын. Тіпті солардың шығармаларын ден қойып оқымаған да шығар. Бірақ бойына дарыған жазушылық қабілет пен өмірден көргені, көңіліне түйгені, ішкі берік байламы бәрінен асып түсіп, әдебиет жайындағы пікірталастарда озып отыратын. Қабеңнің «Әй, көке!» деп қойып талай оқымыстының талқанын шығарғанын да білеміз.

Бақұл бол, Аға! Еліңе берген рухани мол мұраң, халқыңа жасаған азаматтық істерің бақи дүниеде өзіңе серік болсын!

Дәурен ҚУАТ

 БҮГІНГІНІҢ «ҚАРА БИІ» ЕДІ

Қабекең – болмысы бөлек тұлға. Оның әдебиеттегі, өмірдегі дара жолы, кісілік келбеті халқының жадында жаңғырады. Оның кесек-кесек соқталы туындылары қазақ руханиятының қайталанбас қазынасы. Ол Қазақ қоғамын кірпік қақпай қарап отырған бүгінгінің «қара биі» еді. Қабекеңнің сол тік мінезі, шалт кететін ұрыттілділігі айналып келіп тәуелсіз еліміздің пайдасына, игілігіне қызмет етті. Оған дау жоқ. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлының «ұлтқа қызмет ету – мінезден» дегеніндей, Қабекең жұрт жүрегіне осы мінезімен жол тапты. Қаншама көсемсөз жанрындағы шығармаларымен жаңа мемлекет құру үдерісіне бір кісідей атсалысты. Жазушылықты таза өнер ретінде қарап үйінде жатып алмай, өзінің ұлт алдындағы, қоғам алдындағы парызын адал атқарды. Қоғамдағы және әдебиеттегі келеңсіздіктерді аяусыз шенеп, ел болудың дұрыс жолын нұсқады. Тәуелсіздіктің алғашқы кезіндегі жалған тарих жасаушылармен аянбай айқасты. Егер Қабдеш кеуде керіп шықпағанда қазақ қоғамында жалған тарих жасау үрдіске айналып кетуі мүмкін еді. Әркім өз тайпасының, руының тарихын ойдан құрастырар еді. Қабекең өзінің азаматтық бетімен, мінезімен осындай жайсыз жағдайлардың алдын алды.

Қабдеш Жұмәділовтың тағдыры арттағы ел-жұртымен біте қайнасқан. Сондықтан Қабдеш деген атқа тұтас қазақтың тағдыры, өкініші мен өксігі, ыза-кегі, махаббаты мен арман-мұраты сыйып кетеді. Мұндағы қара орман қазақ та шекараның арғы бетіндегі ағайынның қилы тағдырын Қабдеш шығармаларынан оқып білді. Қабекең секілді ұлт зиялыларының белсенді әрекеті 1962 жылы Қытайдан екі жүз мың қазақтың Қазақстанға босып өтуіне себепші болды. Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынас тарихында айтылмайтын бұл оқиға ертең адамзат тарихындағы ірі оқиға ретінде тарихта қалары сөзсіз. Иә, Қабекең туралы көп айтуға болады. Ең алдымен ол ұлтының адал перзенті, одан соң жазушы, отбасының, балаларының қамқоры бола білді.

Бесінші сәуірдің таңсәрісі бәрімізге ауыр тиді. Қаралы хабарды естіп есеңгіреп қалдық. Қабекеңмен бірге қазақ әдебиеті де бір жаққа көшіп кеткендей күй кештік. Тұрсын Жұртбай айтқандай, бұл да қазақ руханиятының ұлы бір бетінің жабылған күні болды. Ол өз өсиеті бойынша бала кезінде Шәуешектен Арқаға келе жатқандағы жолдың бойына – Тарбағатай тауының батыс жақ салбыртысына, терістігі Алтай, оңтүстікте алыстан Алатау көрініп тұратын тоғыз жолдың торабына, баяғыда Жоңғарға қарсы соғыстағы батырлар жатқан жерге жерленді. Бақұл бол, аға! Сен осылайша, жатқан жеріңді, қабіріңнің топырағын да қазынаға айналдырып кеттің.

                                                                                                                                                                                                     Тұрсынхан ЗӘКЕН

 ҰРПАҚҚА ҮЛГІ ӘР СӨЗІҢ

 Айтқан сөзі – мірдің оғы, тік еңсе,

Ақ қағазға сөз саулайтын түнерсе.

Бүр жаратын, қардың соңын күтпей-ақ,

Барқыт белге біткен жалғыз күреңсе!

 

Қарсы келсе қаймықтырар, айбарлым,

Он бесіңде абыздарша ойландың.

Кіндік кескен мекеніңмен қоштасып,

Өтеуіне сағыныш пен қайғы алдың.

 

Жолықты сан сынағы көп, зымыстан,

Көш бастадың именбей оқ, қылыштан.

Әр тал шашқа шыдам біткен темірдей,

Тұлғаң бейне құйылғандай құрыштан.

 

Қара сөзге олжа салдың  молынан,

Сан кедергі кезігетін жолыңнан.

Бүгежектеу, жығылу мен жағыну

Табылмайтын еді сөздік қорыңнан.

 

Көштің соңы жалғасады, тағы ұзын,

Қош бол, аға, ұрпаққа үлгі  әр ізің.

Ажал сенен қашатындай көруші ем,

Аңдаусызда алдырдың  ба, абызым?!

 

«Сәуір тәуір болады» деп алдандым,

Жалғандығын тағы көрдік жалғанның.

Тайыз жердің балығындай қайрандап,

Көш бұйдасыз қалған күн…

Мағиза ҚҰНАПИЯ 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір