Қадыр Жүсіп. Қайроштың прототипі
05.04.2021
1173
0

Қара жұмыстан басқаны маңдайымызға жазып үлгермеген шақ

Советтер Одағының Батыры Қайырғали (Константин) Смағұлов – Атырау облысы Қайыршақты ауылында туған. Атырау қаласында тұрды. Батыр ағамен талай рет кездестім. Ол мектеп оқушыларымен, студенттермен талай рет жүздесулерде болған. Жеңіс күні қарсаңындағы Батырмен дидарласу сәттерінде жастар сауалды көп қоятын, ағамыз да жауап беруден жалықпайтын.

Сондай мерекелердің бірінің алдында әдебиетші ретінде батыр ағамен кездесуге бел байладым. Атырау облысы бойынша «Батыр» атағын алған он шақты адамның ішіндегі жалғыз көзі тірісі болса да, әдейі кездесе алмай қысылатынмын. Қайрекеңді зор құрметтейтінмін, онымен бір қалада тұрғаныма мақтанатынмын. Жүздескен сәттерімде,  амандасып, тілдескенімде қуаныштан төбем көкке жететін. Батырдың қолын алу, оның қасында жүру қандай бақыт деп білетінмін. Қатар отырып әңгімелесу – жүрегіме өшпес от жағып, жылылық ұялататын. Батырлық атақ-даңқына қарамастан, Қайрекең сондай қарапайым адам еді. Ондай кішіпейіл жан адам баласында сирек шығар, ол үлкен-кіші демей, бала демей, ашылып, шүйіркелесе кететін. Адамды өзіне тарта жөнелетін қасиеті болатын. «Әй, бала, қалың қалай?!» Қандай жылы сөз десеңізші! Осылайша жанына тартып алып, төгіле жөнелетін. Жауға сонша қатал болған адам, досқа келгенде  жаны қандай нәзік! Ғажап! Иә, онымен жүздескен сәттер  артта қалды. Қазір сол ардақты аға арамызда жоқ! Мен Батыр ағаммен пікірлескен сәттерімді әрқашан еске алып, шәкірттеріме әңгімелеп беруден жалықпаймын. Сөз зергері Ғабиттың Ғасырлық тойында сол бір ағаммен әңгімемді  қағазға түсіруді жөн көрдім.

–  Құрметті Қайреке, сізге, әдебиетші ретінде сауал қоюды өзімнің азаматтық борышым деп есептеп, көптен жүрегімде сақтап келіп едім. Айып етпеңіз. Берген жауабыңызды бұлжытпай елге таратып, филолог – студенттерімнің алдында айтып беруді мақсат етемін. Айтыңызшы, аға, Сіз, қалай Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романының бас кейіпкері Қайроштың прототипі  болдыңыз? Ғабит аға дәл Сізді неге қалады? Прототип ету үшін қазақтың басқа да батыр солдаттары жетпейтін бе еді? Ұлы жазушының көзі неге сізге түсті? – дедім.

Сонда Қайырғали ағаның ұзақ толғанып отырып, айтқан әңгімесі мынадай болып еді:

 – Иә, қарағым, бұл  –  бірқыдыру әңгіме. Ат басын әдейі маған бұрған екенсің. Егер бір пайдаңа жараса, бұл айтқанымның қандай да мәні болса, оны ішіме сақтап не қыламын? Мұндай сұрақты басқа ешкім қоймаған сияқты. Егер біреу қойса да, атүсті жауап берген болуым керек, өте қысқаша баяндаған шығармын. Саған бәрін ақтарамын. Шынында да, бұл романның бас кейіпкері болуымды жұрт әр жерде айтып жүр. Осы қанша батыр болса да, солардың ішінде менің ғана кейіпкер болуымның өзі назар аударарлық нәрсе екен ғой өзі деп ойланатынмын да, көп мән де бере қоймайтынмын. Мұның әсерін Украинаға барған бір сапарымда қатты сезіндім. Ол былай болды. 1950 жылдары Украинаның Россияға қосылуының 300 жылдығына, 1960 жылдары Украинаның ұлы кобзарі Тарас Григорьевич Шевченконың  туғанына 150 жыл толуына орай және Украина жерінде майданда болғаныма байланысты украин халқымен талай жүздесіп, олардың шақыруы бойынша барып қайтқан кездерім болды. Сондай кездесулердің бірі Киев қаласының орталық үлкен залдарының бірінде өтті. Жиналыс басқарып отырған Украинның көрнекті жазушысы Олесь Гончар халыққа лық толы залдағы  жиында:

– Құрметті отандастар, біз қазір осы залда әсерлі шақты басымыздан өткізіп отырмыз, себебі біздің ортамызда қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романының бас кейіпкері  Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұлов бар, – деді. Бүкіл зал орындарынан тұрып қол соқты. «Қайда, қайда?» деген дауыстар естілді. Гончар маған нұсқады. Мен зал толы қолпаштаған дауыстан және маған көрсетілген құрметтен басым айналып, тізем дірілдеп, көзім қарауытып, орнымнан әрең тұрдым. Халық ұзақ қол соғып, орындарынан тұрып кетті.  Сонда бас кейіпкер болудың соншама құрметті екенін сезінгенмін. Бұл өзі қызық болады екен.

Ал енді осындай көркем шығарманың кейіпкері қалай болғанымды баяндайын.

1943 жылдың күз айларында Новороссийск қаласын алғанбыз. Содан кейінгі Эльтиген биіктігіндегі шайқас, Керчь түбіндегі майдан мені «Советтер Одағының Батыры» деген атаққа ие етті. Әсіресе Керчь түбіндегі жау орталығын алудағы ерлік істері үшін ротаның барлық адамдары орден-медальдарға ие болды.  

Командиріміз бас қолбасшы И.В.Сталиннің бұйрығын бұлжытпай орындады. Майдандағы аяқ-қолымнан алған жарақаттарымды емдетіп, госпитальдан аман-есен шыққаннан кейін, бұйрық бойынша «Батыр» атағын алған адамдар майданға жіберілмей, бір ай демалыс беріліп, елдеріне аттандырылуы тиіс болғандықтан, мен де Алматыға жол тарттым. Бір айлық демалыстың мақсаты – туған жерлеріне барған Батыр елде кездесулер өткізіп, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге атсалысу. Атырауға соқпастан, астанаға бағыт алған пойыздың купесінде бірнеше күн бойы жеке өзім ғана болып, бұрын көрмеген қалама табан тіредім. Астана менің келетінімді біледі екен. Вагоннан түскен бойда халық гимнастеркамның омырауындағы жарқыраған «Ленин» ордені мен «Алтын Жұлдызды» көріп (жылы мезгіл, сәуір айы болатын), жан-жағымнан қаумалап жібермеді. «Бұл қалаға келген алғашқы Батыр мен болармын» деген мақтаныш та жоқ емес, демек, олар бұрын «Алтын  Жұлдызды» көрмеген. Сол сәтте мені көп адамның қоршауынан бір жігіт суырып алып, қара «Зимге» мінгізіп алып кетті де, зәулім қонақүйге апарып орналастырды. Мен тамақтанған соң, біраз уақыттан кейін тағы келетінін, ертең Республика Компартиясының хатшысы Жұмабай Шаяхметовке жолықтыратынын айтты.

Мені Алматының ең әдемі қонақүйлерінің біріне орналыстырған екен. Жатқан бөлмем «люкс» деп аталады. Мұндай құрметті ешқашан көрген адам емеспін. Қазақы қыр үйі, жатақхана, казарма, соғыс даласы, қара жұмыстан басқаны біздің маңдайымызға жазып үлгермеген шақ – қылшылдаған жиырма төрт-ақ жастамын. «Маған бұлар не айтпақшы?» деп ойлаймын. Бөлменің сәнділігі ойымды бөліп жіберді. «Мынадай жерде өмір сүрген адамның қандай арманы бар екен?!» Бірнеше бөлмеден тұратын люкс бір ғана адамға арналған. Ғажап! Шомылатын және басқа да қажетті бөлмелері әдейі осында келетін құрметті адамдарға жасалатын бап болды-ау. Демек, бұл – маған жасалған құрмет.

Ертесіне кешегі жігіт өзі келіп тамақтандырып, Алматы уақытымен сағат 10-да Орталық комитеттің ғимаратына машинамен зырлатып алып келді. Үлкен бөлмеге әкеліп отырғызды. «Сәл күтеміз» дегендей ишарат берді де, өзі биік емен есікті бөлмеге кіріп кетті. Кішкенеден кейін қайта шығып, жаңағы өзі кірген үлкен есікке мені кіргізді де, өзі сыртта қалды. Қосқабат есік екен, алдымнан екінші есік ашылып, орта бойлы жалтыр бас адам мені қолымнан жетектеп өзіне қарай тартты да, құшақтап бауырына қысты. Көзімнен жастың қалай парлай жөнелгенін білмедім. Жетім көкірек мені алдымнан әкем шығып бауырына алғандай сезіндім. Басыма неше түрлі ой келді. Ол кісінің де иығы селкілдейді. Майданнан мен сияқты бауырының үлкен абыроймен келгенін бүкіл қазақ атынан қарсы алды-ау дедім. Анамнан кейін жылдар бойына еш адам өзімді бауырына  бұлай қыспағандықтан ба, құшағымыз жазылғаннан кейін де көз жасымды тыя алмай, орамалымды көл қылдым. Үлкен адам маған орындық ұсынды. Өзі де көзін сүрткіштеп жүр. Бір азғантай өксігіміз басылғанша өзімізбен-өзіміз болдық. Сәлден соң аға:

– Қарағым, майданнан аман оралуыңмен! Мен – Орталық Комитеттің хатшысы – Жұмабай Шаяхметов деген ағаң боламын, – деп өзін таныстырды. Содан соң қоңырау соғып көмекшісін шақырып алды да,  тапсырмалар берді. Көмекші шығып кетті. Сәлден кейін ақ халатты даяшы қыз алдыма подноспен тамақ әкелді. Мен бұрын жеп көрмеген тамақтар. Жұмабай аға:

– Әбден тойып тамақтанып ал! – деді де, өзі шығып кетті. Әкелген тамақтардың ішінен танитыным – қаймақ пен шұбат. Таңертең ауқаттанып алғаннан ба, әлде мұндай танымайтын жерде иба сақтадым ба, бір де бірінен дәм татпастан әр біреуіне қараумен жарты сағаттай уақыт өткіздім. Енді жалғыздан жалғыз отырып айналама қарадым. Байқауымша, бұл үлкен бөлме әлгі үлкен кісінің жұмыс кабинеті. Ұзын стол, стол үстінде  – әр түрлі жазу құралдары, бірнеше телефон аппараттары. Мебельдер бар. Отырғыштары  көп екен. «Бөлменің төбесі де биік, өзі кең екен» деп ойлап отырғанымда, Жұмабай аға кіріп келіп: «Тамақтанып болсаң, менімен бірге жүр», – деп қолтығымнан алды да, келесі бір бөлмеге алып барды. Ол бөлме емес, үлкен зал екен. Адамдар лық толы. Бәрі орындарынан жапырыла тұрып бізді қарсы алды. Халық алдындағы үлкен стол жанына аға қолтықтап әкеліп отырғызды. Мен отырған бойда-ақ өзі түрегеліп тұрған күйінде:

– Жолдас журналистер мен жазушылар! Сіздердің алдарыңызда Советтер Одағының Батыры атағын жуықта ғана алған қазақ халқының ер ұлы, қайтпас батыры – Қайырғали (Константин Иванович) Смағұлов деп таныстырды.

«Ағатай» деп еңіреп жібердім…

 Зал әлі орындарына отырмастан дуылдата ұзақ қол соқты. Байқаймын, менің орталарына келуім оларға қуаныш сыйлағандай. Жүздерінен оқығандаймын. Мені бұлайша қабылдаулары маған қанат бітіріп, шаттық әпергендей.

Зал дүр ете қайта отырып, Жұмабай аға сөзін жалғады:

– Бұдан біраз бұрын мен сіздерді Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинмен кездестірген едім. Енді, міне, Қайырғали! Сіздермен жүздесуге келген екінші Батыр, – деді де «Құрмет кітабы» деген үлкен альбомды ашып, әуелі Мәліктің бірінші беттегі суретін көрсетті. – Мына екінші бетте – Қайырғали Смағұловтың суреті орналасады. Жұмабай тамағын кенеп алып, сөзін әрі қарай екпінді, көтеріңкі түрде, салмақты да талап ете сөйледі:

– Мәлік туралы жазғандарыңыз жарытпады. Өте аз. Сіздерді міндеттегенім қайда? Сіздермен дұрыстап сөйлесуім әлі алда болады. Мен Сіздерге батырлардың тек жүздерін көрсету үшін әкеледі дейсіңдер ме? Сіздерді қозғар ма екен, шабыттанар ма екен, қанаттанар ма екен деген ниетпен жүрмін. Жаумен шайқасты жалғастырып, алда талай жеңістерге жету үшін соғыстағы жауынгерлерді ерлікке, тылдағы еңбекшілерімізді жанқиярлық еңбекке жұмылдыруымыз керек. Сіздердің шығармаларыңыз осындай қызмет атқаруға тиісті. Ол үшін сіздерге тақырып объектісі керек. Менің істеп жүрген әрекеттерім – тақырып табу әрекеті. Кейіпкер керек пе? Міне – кейіпкер. Өзі – Батыр. Анау-мынау кейіпкер ме, Қайырғали! Қане, айтыңдаршы, кейіпкер болуға, ең алдымен батыр лайық болмаса, кім лайықты болуға тиісті? Қан майданның ортасынан келді. Майданда жүргенде өзін, жанын сақтау дегенді білмей қимылдады. Батыр, немене, сіздерге ұқсаған жазушылар тарих қылып жазсын деп жан берісіп, жан алысты дейсіздер ме? Жоқ! Сіздер жазбасаңыздар да Батырдың ештеңесі кетпейді. Тарихқа алтын әріппен жазылады. Ал сондай Спартакша алысқан ерді жазбау бізге ар емес пе? Қане, тек енді жазбай қараңдар. Мен Сіздерді жазуға міндеттеймін. Сезімдерің селт ете ме сендердің?! Қазір Қайырғали батыр өз өмірін, майдандағы ерлігін баяндайды. Майданның не екенін білмейтін сіздер өздеріңізді қырғын соғыс ортасында жүргендей сезініңіздер! Қалай, дұрыс па менің айтуым? Залдан:

– Дұрыс, дұрыс, – деген дауыстар естілді.

– Ендеше сөз Батырға беріледі. Ал сіздер қарындаш, қағаздарыңды алып жазыңыздар. Сұрақтарыңызды батыр сөйлеп болғаннан кейін қоясыздар. Сөйлеп тұрғанда ойын бөлмеңіздер!

Сіздерге  – өтірік, маған – шын, бұл өмірімде халық алдында алғаш сөйлеуім еді. Есім шықты. Неден бастарымды білмей, әр нәрсенің басын бір шалдым. Тілім – шұбар ала. Майданнан оралған бойым ғой, жолдастарыммен орысша сөйлесіп үйреніп, «тілім сынып» қалғаны  бар. Қазақ сөздерін зорға еске түсіріп «что такой сары домалақтың» кері болды. Менің асып-сасып абдырағанымды байқаған Жұмабай ағам:

– Шырағым, асықпай сөйле, ойыңды жинақтап ал, болған оқиғаларды көз алдыңа елестете, тіпті орысша араластырып та сөйлей бер, өзіміз ажыратып аламыз, – демесі бар ма!

Ағамыздың берген жігері өрекпіген жүрегімді орнықтыра түсті. «Ал, енді кеттім» дедім өзіме-өзім ішімнен. Бір қарасам, жиналысты басқарушы да қолына қағаз-қалам алған екен. «Бұл кісі де жазып отыр» деген ой келді маған. Әр пікірімді сақтықпен, нықтап айтуға тырыстым. Баяндап жатырмын. Әуелі әскерге қалай алынғанымнан бастадым. Достар тапқанымды, әскери өмірге төселе бастағанымды сөз еттім. Жүректі «Отан қорғау», «Қаскөй жауға тойтарыс беру», «Қасық қаның қалғанша елді жаудан тазарту» сияқты патриоттық сезімдердің жаулап алғандығы айтылды. Мұның бәрі әскери-патриоттық тәрбиенің нәтижесінде болғандығын, командирлеріміздің тәртіпке, мұқияттылыққа, қандай қиыншылыққа да төтеп беруге дайын тұруға үйреткен үлгі-өнегесінен болғандығын баяндадым.

Сөйлеп тұрғанда бір байқағаным, майдандағы әрекеттерді қимылмен, «Міне, былай» деп көрсетіп жатыр екенмін. Әңгімеге әбден қызып алғандығым сондай, өзімді-өзім ұмытқандай, тура майдандағы қимылдарды суретке түсіргендей айттым, себебі  бәрі көз алдымда, не істеп, не қойғаным, жолдастарымның ерліктері – бәрі есімде ғой. Мінбе деген сөйлеушіге қоятын тұғырдан халықтың алдына шығып кетіппін. Ерекше шабыт кернегендей, мақтаныш та жігерлендіре түскендей, бұрын айтылмаған істерді бұлайша баяндау мен суреттеудің шырқау биігіне шыққандаймын.

Менің бетімдегі әр түрлі құбылуларды тыңдармандарымнан айқын көріп отырмын. Мен қабақ шытсам, олар да қабақ шытады, мен мұңайсам, олар да мұңаяды, мен күлсем, олар да күледі. Мен шайқастарды қимылдарыммен бейнелесем, олар да біресе оңға, біресе солға қисайып, бұқсам бұғып қалып отырады. Ойпырмай, тыңдаушылар ғажап қызық болады екен ғой. Беріле тыңдағандарына таңғалдым. Көрер көзге соғыста мерт болған жолдастарымды айтып, көзіме жас алған сәтімде, алдымдағы адамдар да орамалдарымен көздерін сүртіп, «мырс-мырс» еткендерін естідім. «Алда боздақтар-ай!» – деген дауыстар да естілді. Бірақ тоқтар емеспін, бәйгеге шапқан   жүйріктей күйді бастан кешірдім.

Екі қолым да, аяғым да, аузым да талып, шаршап қалғанымды сездім. Уһ, бітірдім бе, жоқ па деген оймен Жұмабайға бір жалт етіп қарадым.

– Бауырым, Қайырғали! – деп, құшағын жайып келе жатыр. Ол бауырына ұзақ қысып тұрды. Бетімнен сүйді. Сол кездегі көзімнен бұршақтаған жасты көрсеңіз. Әлі күнге дейін халықтың алдында тұрып жылағаныма ұяламын. Жетім көкірек кеудемнен қатты өксік дауыс та шығып кетті. «Ағатай» деп еңіреп жібердім. Өре түрегелген зал менің маңымда жүр. Жұмабай ағамның құшағынан босаған кезімде басқалар да құшақтарын кезекпе-кезек алып, көкіректеріне қысты. Бәрі де соншама ыстық ықыластарын, мен сияқты батырға деген сүйіспеншіліктерін білдіріп жатыр.

– Болды, болды, жеткен шығар! – деді көтеріңкі дауыспен Жұмабай аға. Жұрттың бәрі орындарына барып отырды.

– Жолдастар, батыр інім тура екі сағат сөйледі. Енді сұрау бересіздер. Ол қанша  уақытқа созылуы мүмкін, білмеймін. Әйтеуір қонағымызды шаршатып алмайық!

Қойылған сұрақтардың есебі жоқ, ұшан-теңіз. Солардың бірқатары мынадай: «Білімің қандай?!», «Әке-шешең бар ма?», «Сүйген қызың бар ма?», «Туған жер туралы ойың қандай?», «Ерлік деген не?», «Өзіңде батыр болам деген ой болды ма?», «Немістермен бетпе-бет кездестің бе?», «Фашистер қандай адамдар?», «Олар қандай халыққа ұқсайды?», «Жауды атқанда қолыңыз дірілдеді ме?», «Алғашқы жау солдатын атқанда қандай сезімде болдыңыз?, «Сіз барлаушы десант ретінде талай «тіл» әкелдіңіз ғой, жаудың күші қандай екен?», «Майдандас дос пен туған бауырдың айырмашылығы қандай?»… Қойылған сұрақтардың көбі есімде қалмапты.

Бір кезде… кездесу, ақыры, бітті-ау, әйтеуір.

Ғабит ағаның сөзі құлағымда әлі тұр

«Рақмет!» жаңбырдай жауды. Соғылған қол, ду-ду әңгіме, ығы-жығы жүріс көбейді. Орнымнан қозғалып, есікке бағыт ала бердім. Жұмабай аға қолтығымнан алып жүріп келеді. Енді бір адам екінші қолтығымнан ұстады. Жалт қарасам, бойы менімен қарайластау, жасы қырықтардың шамасында, маңдайы ашық, шашын сол жағына қарай қайырған, қос қара қасы бүркіттің сермеген қанатындай, кейінгі ұшы жоғары өрлеген, сұлу жүзді, кербез қимылды адам екен.

Жұмабай аға:

– Қайырғали, сені таныстырайын. Бұл ағаң – қазақтың атақты жазушыларының бірі Ғабит Махмутұлы Мүсірепов болады, қалқам, – деді.

Мен Ғабит ағаның қолын алдым. Маған оның езу тарта қарағандағы жылы жүзі, сүйсіне жымыңдаған көзі жүрегімді қозғағандай болды. Өзіне тарта, бауырлас сезім нұрын шашқандай.

– Жұмеке, – деді Ғабит аға, – Сіздің рұқсатыңызбен мен Қайырғали інімді алып кетейін деп тұрмын. Бүгінше, ертең өзіңізге қайта табыстырамын.

– Міне, дұрыс, – деді Жұмекең қуанып, – Іс оңға басайын деді. Бағың ашыла түссін де, Қайырғали. Сенімді қолға іліктің. Құттықтаймын! Ғабе, тек батырымызды шаршатып ала көрмеңіз, ертеңнен бастап қала халқымен, Алматы гарнизонымен кездесулер күтіп тұр! Жоспар көп.

– Құп болады, Жұмеке. Айтқаныңызды орындаймын.

Сөйтіп, мен ұлы Ғабеңнің құшағына сүңгідім де кеттім.

Алдымызға әдейі тартылған қала ішінде зулайтын заман тұлпарымен жүру деген түсіме де кірмейтін еді. Ғабит аға машина есігін өзі ашып, мені алдыңғы жағына отырғызды да, өзі артқы орындыққа жайғасты. «Қайырғали, сен менің находкамсың, менің бүгінгі зор табысым, тақырыбымның басысың, мұндай табысты күнім сирек», – деп машина ішінде айтқан сөзі құлағымда әлі тұр.

Есік алдынан Құсни жеңгеміз қарсы алды. Сәлем беріп, иіліп ішке ендім. «Ағаның үйі – Ақ мешіт» деген қазақтың қанатты сөзі есіме түсе кетті, «Мешіт десе, мешіт сияқты екен» дедім  іштей. Жеке адамдар тұратын қазіргі заманғы үйдің бейнесін бірінші көруім. Ғабең мені қасынан шығармайды. Айналады, толғанады, құдды, көптен көрмеген бауырымен табысқандай, яғни жоғалтқанын жаңа тапқандай. Өзінің жұмыс бөлмесіне енгенімде, есім шығып кетті. Мұншама көп кітапты мен тек кітапханадан ғана көретінмін. Үйде де мұндай ғажап кітап байлығы болады екен ғой – деп таңғалдым.

Біз үйтіп-бүйтіп болғанша, Қүсни жеңгей қонақ бөлмедегі столдың үстін жайнатып жіберіпті. Ішімнен тағы ойға кеттім: «Өмірімде ештеңе көрмеген жетім көкірекпін, таңғалуды сенің жаныңа жазған екен» деп қоямын.

– Ал, қош келдің, Қайырғалиым! Ағаңның үйі осы болады. Енді дәм татуға кірісейік, – деп алдымызға әуелі келген етке қол салуды бұйырды ағам. Етті көрмегелі қашан! Бала кезімізде анамыздың қасында қыңқылдап жүріп, қарын-ішекке, құйқаға тоятынбыз. Ауқаттылардың шеміршектеген табақтарын ғана көретінбіз. Ал мына алдымыздағы байлық – патшаның ғана тамағы мен үшін.

– Қалай, майданда орыс арағын ішкен шығарсың? – деп ағам рюмкеге ол дәмді де құйып жатты. Несін жасырайын, орыс арағы былай тұрсын, спирттің әкесін танытқанбыз. Ой, шіркін, тартып-тартып алып «Уралап» жауға шапқанда, бізден күшті адам жоқ еді.

– Құр болмадық, – дедім сыпайы ғана.

– Жақсылап тамақтанайық. Әңгімеге содан соң кірісеміз, – деді Ғабит ағам. Тамақтанып болған соң, жеңгейге шайды әбден шөлдеген соң ішетінімізді ескертті де, жұмыс бөлмесіне келіп, әңгіме-дүкен құрдық. Ой, жайсаң адам-ау өзі де!

«– Әуелі келісіп алайық: Сіз еш нәрсені жасырмаңыз, мен еш нәрсе қоспайын.

– Жоқ, сіз еш нәрсе қоспаңыз, мен еш нәрсе жасырмайын…

Уәдеміз осы болды…» дейді ғой романның І бөлімінің эпиграфы. Дәл солай болды. Ешбір асықпай, қағаз-қаламын алды да, маған сұраулар бере бастады. Шабыт құшағында отырған маған да сол керек еді. Ағаммен етене жақын болғаным сондай,  бейне туған ағаммен сырласып отырғандай, шешіле сөйледім. Тіпті, шешен болып кеттім. Бағана көп алдында сөйлегенімде еске түспегендерімді айттым. Көңіл түкпіріндегі көп жайттарды, ой қалтарысындағы тығылып қалғандарды шығардым. Ғабең менің жан қырларымды ашқандай терең сырлы ой көзімен үңіле қарады. Мына кісі тек менің сыртымды емес, ішімді де көріп отырғандай сезіндім. Балалық, жастық, жетімдік, шәкірттік, солдаттық, майдан сырларын  көз алдыма елестетіп, менімен бірге жүргендей болды ма дедім. Сәл қашықтау отыр еді, жаныма жақындай түсті. Егер ішіме кіретін саңылау болса, мына зор дене де сыйып кететіндей сезіндім. Ол мені зерттеді, мен оны зерттедім. Солайша «арбастық». Бұл жерде «арбастық» дегенді жақсы мәнде түсінген дұрыс. Сұрақтарымен Ғабең  менің ішіме кіріп барады, әңгімеммен мен оның қойнына кіріп барамын.

Міне, осылайша Ғабең екеуміздің әңгімеміз таусылмады. Ол сұрағымен жетелей берді, мен айта бердім. Бір кезде аға:

– Қайырғали, енді шайға отырайық! – деді.

Терезеге қарасам, қараңғылық пердесін түсірген екен. Ғабең кетерде мені құшақтап тұрып:

– Менде әлі сұрақ көп. Жұмекеңнен сұрап біліп едім, сен әлі Алматыда болатын көрінесің. Бүгін енді сені шаршатпайын деп тұрмын. Әлі талай жүздесеміз. Саған қадалып, қасарған жерімнен қан алып тұрғанымның мәні бар. Майдангерлеріміз туралы, ертедегі батыр Аманкелді туралы жазғаным, бүгінгі майдан ерлері Баубек, Есболат, Нұркен туралы жазғандарым  – азын-шоғын дүниелер. Енді ойлап отырсам, бұлардың бәрі майдан туралы үлкен кітап жазуға дайындық, жаттығу екен. Енді мен қомақты еңбек жазбақшымын. Ол шығарма өзің туралы болмақ. Сені көріп, әңгімелеріңді тыңдағаннан кейін   ерекше шабытқа кенелдім. Жазғым келіп кетті. Қаламым өзі жүгіретіндей. Тек оны бастауым керек. «Әуелі, бұл шіркінді бастау қиын» дегендей… Сен туралы жазуға құлшынып кеткенім де жазушы творчествосының сыры болар. Бұл бір бөлек ойланатын нәрсе, – деді.

Мен Алматыда он күннен аса болдым. Алматы горнизонымен кездестім. Аудандарды араладым. Бәрі менің әңгімемді тыңдайды, бәрінде де – қошемет-қолпаш. Бәрі алақанына салып, аспанға лақтырып жатады. Әр ауданға барғаннан кейін Алматыға қайтып келемін. Сол сәттерде Ғабит алдымда жүреді. Үйіне тағы да бірнеше рет апарып қонақ етті. Тағы да әңгіме, тағы да сұрақ. Әр кездескен сайын сұрақты еселеп қояды. Оқтың дыбысы, окоптың аңғары, бомбаның түскені, неміс ұшағының  дауысы, ұшақтан  жаудырған оқ, теңіздегі судың толқыны, су кешкен сәттегі судың салқыны, десант боп түскен сәттегі сезім, «тілді» қалай алып келгендігіміз, Новороссийскідегі атыс бейнесі, Кречьтегі шайқас, жолдасың қансырап жатқандағы сезім-күйің, тағысын-тағылар…

Алматыға сапарым аяқталып, елге аттанар шағымда Жұмабай, Ғабит, Орталық комитеттің қызметкерлері, жазушылар, журналистер келіп, Гурьев бағытына қарай шығарып салды. Жұмабай Шаяхметов сияқты ел басшысы, Ғабит Мүсірепов сияқты ұлы жазушылардың құшақтарынан әрең айрылдым. Көзден жасым тағы да еріксіз төгілді. Жетім көкірек деген осы!

Бір ай іссапарым бітіп, майданға қайта аттандым.

Ғабеңнің баласындай еркеледім

Майданнан аман-есен оралғанша Ғабит ағаны көрген жоқпын. Менің майданнан аман келген хабарымды естіген соң, 1945 жылы шыққан «Қазақ батыры» деген шағын кітапты маған сәлем ретінде беріп жіберген екен. Ал кітап баспадан шығысымен республикаға таралып кеткен, біздің облыста да даңқы жер жарыпты. «Өзіміздің Қайырғали туралы кітап көрінеді!» деген, «Смағұлдың әлгі жаман Қайырғалиы ма?», «Ей, білмейсің бе, ол Совет Одағының Батыры ғой!» – деген әңгімелер айтылды дегенді құлағым шалды. Бұл айтылғандар ішінде мақтаныш та бар, көре алмаушылық та білінеді. «Іштерің күйсе, тұз жалаңдар!»  – дедім мен сол кездегі елдегі жауларыма.

* * *

Елге келген соң, Алматыға жол тарттым. Ғабеңмен тағы да дәл баяғыдай ыстық кездесу. Сүйісу, көз жасы… Құрмет. Бауырлық. Мен, қысқасы, Ғабеңнің баласындай еркеледім. Мақтандым. Насаттандым. Елде телефонмен жиі хабарласып тұрдым, ол өзі де телефон шалып тұрды. Бір күні: «Қайырғали, кітапты қайта жазып шықтым. Жаңаша басылады. Ендігі кітап бұрынғыдай қораш емес, үлкен, уысың толады», – деді. Кітап дүниеге келгенде, астанаға жеттім, ұлан-ғайыр той болды. Ғабит: «Қайырғали, сен енді менің әдебиеттегі де, өмірдегі де ұлымсың» демесі бар ма?! Тұла бойым дір ете түсті. Ғабекеңнің ұлы жоқ екенін білетін едім. Бүкіл тамыр-тамырымды қуалаған жас па, бір алапат сезім туғызған сылдыр бұлақ пайда болды! Жас төгілді де кетті. Ғабеңді құшақтадым, ол да мені кеудесіне қатты-қатты қысты. Сөйтіп, біз мәңгі бірге бітісіп кеткендей болдық.

«Ұлы ағам, қасиетті ағам, қамқор ағам, дархан ағам, сұлу ағам, бар қазақтың сүйіктісі, жасай бер, жасай бер!» – деген үн кеудеме сыймай кетті.

Құсни жеңгем о дүниеге кеткеннен кейін үйленген Раиса, Ғазиза жеңгелерімнің де қолдарынан дәм таттым.

Ғабит – аға, мен – іні. Ғабит – әлемнің ұлы жазушысы, мен – әдеби перзенті. Ғабит аға мәңгі тірі! Аруағыңнан айналайын-ай, ешқашан өлмейді ғой, өлмейді!

* *  *

Бұл фәнимен Қайырғали да қоштасқалы қашан! Атырау қаласының терістігінде, өзінің туған топырағы – Қайыршақтының сыртындағы үлкен зираттағы  биік кесенеге қасынан өтетін асфальт жолмен зулап бара жатқан жолаушылар көліктерін  доғара салып,  басына дұға етпей кетпейді. Кесенедегі «Алтын Жұлдыздың» тастан қаланған алып суреті алыстан көз тартады. «Тыныш ұйықтай беріңіз, Қайреке! Ғабең тірі жүр арамызда. Сіз де арамыздасыз. Халық Сіздермен күнде сырласады»,  – деймін іштей.

* *  *

« – Әуелі келісіп алайық: Сіз еш нәрсені жасырмаңыз, мен еш нәрсе қоспаймын.

 –  Жоқ, Сіз еш нәрсе қоспаңыз, мен еш нәрсе жасырмайын …

Уәдеміз осы болды».

«Қазақ солдаты» романының басы осылай басталатын еді.

* *  *

Ендеше, біз де ештеңе қосқан жоқпыз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір