БІЛІМГЕ ҚҰШТАР ЕЛ  – ОЗАР!..
25.03.2021
955
0

Әлқисса, 30 жыл деген мемлекет құру ісінде аз уақыт. Дегенмен, 30 жыл өз егемендігін жариялаған жас мемлекет үшін алғашқы баспалдақ. Өз елдігін берік қалайтын маңызды кезең. Ал кез келген елдіктің, мемлекетшілдіктің түп тамыры тәрбие мен идеологияға тірелетіні сөзсіз. Бұл дегеніңіз, ел ішіндегі білім саласының деңгейі мен дәргейіне тікелей тәуелді жағдаят. Сондықтан тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылдығы Қазақстан үшін өте маңызды белес деп атай аламыз. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет», – деген болатын.
Білім саласына қатысты кішігірім саралау жасасақ, көп өзгерісті санап шығуға болады. Отыз жылдың ішінде білім саласы мүлде өзгерді. Бұл мектепке дейінгі білім беруден бастап жоғары білім берудің арасындағы қатынастан анық көрініс тауып жатқан мәселе. Отыз жылдың ішінде қоғамдық сананың өзі бір емес бірнеше рет сілкінді. Тәуелсіздік жылдары туған ұрпақ қоғам өміріне белсене атсалыса бастады. Бұлар жаңа заман адамдары. Олар қазіргі таңда елдің жартысын қамтиды екен. Олардың саны статистика бойынша, шамамен 8 миллионнан асып жығылады. Бұлар Қазақстанның келешегі. Қазақстанды кемел келешекке жетектеп апаратын  ұрпақ. Олардың қаруы білім мен біліктілік. Себебі, бұл ұрпақтың алдында Қазақстанды әлем сахнасына тек біліммен таласуға жетелейтін мүмкіндіктер тудыруға тиіс мақсаттарды бағындыру жолы тұр. Білім мен біліктілікке сүйене отырып, еліміздің қарыштап дамуына жол ашушы буынның ел ісіне араласа бастауы қуантады.

Қазіргі таңда білім беру саласы бәсекеге қабілетті болуына әр қазақ мүдделі. Себебі, біз әлем елдерімен терезесі тең мемлекет болуымыз үшін біліммен бәсекелесуге тиіспіз.

Соңғы отыз жыл ішінде білім саласы үнемі өзгеруге бетбұрыстар жасап келеді. Білім берудің мазмұны мен әдіс-тәсілі өзгерді. Технология мен прогресс өз дегенін істемей қоймайды. Заман талабына сай болу – білім саласының басты ұраны. Соңғы жиырма жыл бойы Қазақстанның білім беру саласын қаржыландыру қарқынды дамып келеді.

Егер 2001 жылы білім саласына 107,9 миллиард бөлінсе, 2018 жылы мемлекеттік бюджеттен білім саласына 1,95 триллион теңге бөлінген.

Бұл қазіргі таңдағы білімнің адам өмірі үшін алатын орнын көрсететін фактордың бірі болса керек. ЮНЕСКО Қазақстанды «Білімді дамыту индексі» бойынша келешек бес жылда дүниежүзі елдері арасында алдыңғы қатарлы жүздікке енеді деп топшылап отыр. Мұндай индекске енуге 11 жылдық мектеп бағдарламасының тегін болуы ең басты себеп. 1999 жылдан бері Қазақстан мектепке дейінгі даярлықты міндетті еткен Орталық Азиядағы бірден бір ел. Бұл білім беру саласындағы маңызды шарттардың бірі. Мектепке дейінгі ұйымдардағы өзгерістер де жеткілікті. Мектеп аясында мектепке даярлық топтарының ашылуы да соның бір дәлелі. Жекеменшік балабақшалардың ашылуы, олардың мемлекеттен қолдау табуы да жаңа жетістіктер легін толтырған жаңалық болды. Бұл бала тәрбиесіндегі ең қажетті сұранысты ел ішінде оңтайлы шешудің бір тәсілі әрі бұл тәсілдің пайдасы да көп болды. Осы отыз жылдың ішінде Қазақстанның мектепке дейінгі білім беру саласы өзінің 100 жылдығын атап өтті. Алғашқы балабақша 1917 жылы ашылған екен.

Ал, Қазақстандағы әрбір бесінші мектеп осы отыз жыл егемендіктің кезінде ірге көтерді. 1356 мектеп салынып, қолданысқа берілді.

Бұл ескі мектептерді сүріп тастауға көмектесті. Үш ауысыммен оқитын мектептер санын кемітуге септесті. Тәуелсіздік жылдары «Дарын» атты талапты балаларды оқытатын мектеп ашылды. Осындай бірнеше жекеменшік және мемлекеттік мектептердің ашылуы қазақстандық оқушылардың шетелдік оқушылармен түрлі олимпиадаларда (IMO, IPHO, ICHO, IBO, IOI) бәсекелес болуына мүмкіндік тудырды. Алғаш рет халықаралық олимпиадаға қазақстандық оқушылар 1992 жылы барды. 2010 жылы Қазақстандық құрама оқушылар командасы математика бойынша олимпиададан жүлделі 5 орынды алып қайтты. Бұл әлемдік додаға қатысушылар үшін үлкен олжа. Отыз жылдың ішінде ел ішіндегі мектеп бағдарламасы бірнеше мәрте реформадан өтті.

НЗМ, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы, «Өрлеу» орталықтары, тестілеу, қосымша білім беру орталықтары ашылды. Оқулық жазатын орта қалыптасты. Педагог мәртебесі көтерілді. Соңғы реформа бойынша мектеп бітірушілердің ҰБТ нәтижесімен жоғарғы білім беру мекемелерін алдын ала оқыған бағыт бойынша таңдауына жол ашты. Критериалды бағалауға көшіп жатқан мектептердің келешегі қандай болатыны мұғалімдердің осы іске белсене атсалысуына тікелей тәуелді болып тұрғаны айтылып жатыр. Критериалды бағалауға көшу – әлемдік білім беру стандарттарын қабылдаудың алғышарты. Бұл Қазақстан әлем алдында біліммен таласа алатын буынды өсіруге ниетті екендігінің басты дәлелі. Мектептегі ең үлкен жаңалық – президентіміз Қ-Ж.Тоқаевтың бұйрығымен домбыра сабақтарын міндеттеуі болып тұр. Бұл қазақы тәрбиенің бастауы. Күй – қазақ үшін бренд. Ол қазақтың жаны. Сондықтан мектептерде күй сабағының, домбыра сыныбының міндетті болуы өскелең ұрпақ үшін тамыры тереңге кететін тарихтан қол үзбейтініне бірден бір кепіл.        

Техникалық және кәсіби білім саласында да айтарлықтай өзгерістер көп. Ең бастысы дүниежүзілік Турин процесіне мүше болуы. 2012 жылдан бері елдегі 348 колледжде техникалық, технологиялық, ауылшаруашылық бағыттар бойынша дуалды жүйе бойынша білім беру басталған. 2015 жылдан бері колледж студенттері халықаралық байқауларға қатысып, WorldSkills International-2015 кәсіби шеберлікті шыңдау чемпионатында 43 орынды иеленген. Бұл Қазақстанның кәсіби білім беру мекемелері шетелмен деңгейлес екендігін көрсетеді.

2010 жылғы наурыз айында Қазақстан ресми түрде Болон декларациясына қосылып, Жоғары білім берудің еуропалық аймағының 47- мүшесі және еуропалық білім беру кеңістігінің толық құқылы мүшесі ретінде танылған алғашқы Орталық Азия мемлекеті болды. Бакалавр – магистр – PhD доктор жүйесі жолға қойылды. Магистранттар қатары өсті. Докторанттар көбейді. Шетелдік оқу орындарында дәріс оқитын ұстаздарымыз бар.

Білім мен ғылым саласындағы интеграция Қазақстанның 8 жоғары оқу орнына халықаралық QS World University Rankings рейтингіне енуіне мүмкіндік берді. Шетелдік университеттермен әр салада серіктестік дамып жатыр. Болашақ бағдарламасымен шетелде он бір мыңнан аса жастар оқып, солардың тең жартысы мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Соңғы бес жылда академиялық ұтқырлық жолға қойылып келеді. Бұл жүйемен алты мыңнан аса қазақстандық студенттер әлемнің ең озық университеттерінде білім алды.

Әрине, отыз жылдағы жетістікті санамалап шығу оңай емес. 2015 жылдан бері қазақстандық ғалымдардың ғылыми мақалалары ең оқылымды мақалалардың алдыңғы легінен көрініп келеді. Бұл да өз алдына үлкен көрсеткіш. Ұлттық білім беру жүйесін кемелдендіре беру үздіксіз жүре беретін процесс. Ол әрқашан әлемдік тенденцияларға ілесіп отыруы тиіс. Соның жарқын көрінісінің бірі «Жаңа мамандықтар атласы» сияқты өзекті дүниелердің қолға алынуы. Бұл да болса, «Болашақпен» оқып, елге қызмет етіп жүрген жастардың заманауи өзекті тақырыптарға мән беріп отырғандығын көрсетеді.

Қазақстандағы жоғарғы білім беру әлемдік трендтерді есепке ала жүзеге асады. Басты талап – жоғарғы білімді жаппай қолжетімді ету. Білім саласындағы интеграцияны жүйелі түрде жүргізу. Шетелдік студенттердің санын арттыру. Шетелде оқитын студенттерге қолдау білдіру. Қазақстанның жоғарғы білім беру ордаларының біразында шетелдік студенттерді қабылдауға ыңғайлы коммерциализация, арнаулы технопарктер, бизнес-инкубаторлар ашылды. Себебі, инновация білімнің басты қозғаушы күшіне айналып келеді. Бұдан былай білім саласындағы негізгі екпін тек сапаға түседі. Үздіксіз білім алудың алғышарттары жүзеге аса бастайды. Яғни, реформа жалғасын таба береді.     

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір