Бір керемет дыбыс
Алладан дарыған сезіну қуаты бөлек ақын атаулы тұяғы бүтін тұлпар өлең жазу парызымен өмір сүріп өтеді-ау…
Түрлі ішкі-тысқы себептер тұсау болып, бұғау салғанына бой бермей, өршеленіп, ой қуатын сарқып төгіп, дүниенің дүбіріне «ұйқы беріп, қайғы алып» қалыс қала алмай қатысып, әр сәт, ұлы күйін әлдеқайда аяусыз, айрықша шалқар сезініп өткен «айтқанға көнбес, айдағанға жүрмес» мінезді ақындар әлемдік поэзия тарихында бар. Ұлан-ғайыр поэтикалық мұраны таптаурын тезге салып «реттеп, бағалап, құнттаған» боламыз. Уызында жарымаған таным талқысына тартып жұлмалап, жырмалаймыз. Ішкі бір аяусыз түйсігім өлең сөзге төрелік айтып, оның бәсін белгілеу сенің шаруаң емес дейтіні де – рас. Сілкініп, серпіліп, арғы заман мен бергі күннің ақындық өріс-өресі туралы дәстүрлі зерттеулерді қастерлей отырып, бірақ өзінше оқшау бір оңды ойлар айтуға «ұмтылып» қоятыным да – рас. Өмірдің өткінші жолаушысының шектеулі күйін көлденең тартып, дағдылы көп сылтаумен уақыт өлтіріп жүргенім де – рас.
Кешіріңіздер… Өзімді бірдеңенің тұтқасы санағандық емес. Осы шаруалар менің кәсіби парызым екендігін ұяла отырып мойындау…
Айқындауыш уақыттың адуын күшіне төтеп берген, өлең сөзде өз бәйгесі бар Жұмекен Нәжімеденовтің поэзиясы туралы айтылып келеді. Меніңше, мерейтойлар тұсында қызуланып, қозғалақтап қалатын дағдымыз ақын мұрасын түбегейлі заманауи таным айналымына қосып зерттеуге тежеу болып отыр.
Шартарап ғаламның әр сәтіне, бар бағытына қатысып, қанып ішіп өткен лирикалық түпбейне өлеңімен өзгеге сырын жайды.
Ақын поэзиясындағы дара астастыру, астарлау, айқындау түстер (цвет – Қ.М.) тұспалы, т.б. көркемдік амалдар арнайы зерттеуді күтеді.
Әлемдік ауқымда жанды образ галереясынан ойып тұрып орын алған Жел бейнесінің Жұмекен поэзиясында тағы бір басқалар байқамаған тылсым нақтылықпен әрленген құдірет, құпияларымен көлбеңдеп өтетін естен кетпес әсері бар.
Жел – бейтарап, бейжайды қозғаушы. Өмірдің екпіні. Бірде жайлы, кейде аяусыз. Жалғыз өскен ақ қайыңның жапырағын жан-жаққа шашып, өктемдік жасау озбыр желге оп-оңай. Сол жапырақпен қылжақтап ойнайтыны тағы бар. Дедек қағып әр бұтаны бір оятып жүгіретін де сол аңқылдақ алаөкпе жел. Нұрға бөккен өмір ынтықтыра түскен бір сәтте жел де аяулы.
Бара жатқан жоқ шығарсың от тасып,
Самал, сен де тоқтай тұршы, соқпашы:
Саусақтарың керек боп тұр сипауға
Түнгі алқапқа тұнып өскен шөп басын.
Жел бірде – жетім сөз. Кейде қорғасын бұлттардың түте-түтесін шығарып қуып кетеді…
Ақын өлеңіндегі бұғып жатқанды бұзып ағатын су қуаты, ақ қар, көк мұз, асқар тау, күндізінен түні сұлу құм ішінде үйірілген жаратылыстың жан жұмбағы елітеді, елжіретеді…
Жұмекен ақын – қазақ поэзиясына қилы себептермен қыспақ замандарда тосылып қалған туы түспеген сыншылдық сарын, азаматтық рухты жаңғырта, жаңаша дарытуда алдыңғы шепте тұрған, кейінгіге дәстүр тастап кеткен, өз мазмұн, өз маңызымен оқшау шыққан айтулы шығармашылық тұлға.
• Темір қызған кезінде…
Ұлттың ой орманы
Жұмекен Нәжімеденов – консерваторияда оқыған, арнайы білімі бар, талантты, профессионал домбырашы, күйдің ішкі құбылыстарын өте терең түсінетін ақын. Сондықтан ол елге әбден танымал болған кезінде кемеліне келіп, толысқан шағында «Күй кітабын» жазуы тағы заңды. Ал ол кітап – Жұмекеннің ең үздік кітаптарының бірі. Күй тілінде сөйлеп тұрған ұлтының зары мен шерін, мұңы мен наласын, қайғы мен қасіретін өлең тілінде сөйлеткісі келді. Құрманғазы заманында отарлықтың тепкі мен Кеңес одағы кезінде отарлық астамшылықтың бір-бірінен түк айырмашылығы жоқ екенін ұқты. Бұл «Күй кітабы» – азаттықты аңсаған ұлттың ой орманы жайлы. Сол жолдағы қиямет-қайым, тар жол, тайғақ кешулерімен тағдыр-талайымы туралы кітап.
Бүкіл халық бұғауда. Ал халық нағыз бір Құдай атқан сүмелек, сорлы, барып тұрған можан-топай, бишара болмаса бұғауға шыдар ма?! Халықты халық қылатын – намыс пен жігер.
Ондай халықтан шыққан өршіл перзенттің «салмаса егер бұғау маған, бұлқынбас ем бұнша қатты» дейтіні сондықтан. Қолына бұғау түсіп, өршеленіп кеткен ол жанының рухы тіпті асқақ, аса тәкәппар, бұғауда жатып-ақ ақтарып сөйлейді. «Бұлқынбасам қаттырақ – мүшем де ұйып барады, ханға бермес қолымды – кісен қиып барады, жылау салса жаныма – торыққаны деп түсін, бұғау салса қолыма – қорыққаны деп түсін!». Бірақ ол қанша асқақ, қанша тәкәппар болса да, өз басы бұғаудан құтылса да, ол бұғауды басқа бір мұңдасы, басқа бір қандасы киетінін сезеді. Содан қорқады, соған күйінеді. Енді міне, Құрманғазы түрмеден қашты! Бірақ ол сонысымен азаттықты ала қойды ма, басы бостан болды ма, жоқ әлде ол түрмеден қашқанда ішкені алдында, ішпегені артында қалып, арқасын кеңге салып, арқа-жарқа болып жатыр ма?! Жоқ! Тағы да жоқ! Өйткені, «қаштым азабынан түрменің, бақытына бүкіл байтақ елімнің!..». Ол бүкіл байтақ елінің азабына еріп кірді. Бұл азап түрменің мазағынан да ауыр болып шықты. Түрмедегі мазақ оның тәнін қысса, елінің азабы оның жанын қысады. Елім деп еңіреген ер үшін бұдан өткен қасірет бар ма?! Қорыта айтқанда, бұл кітаптың құндылығы сонда, Патшалық заманда жасалынған қиянат-зорлық пен Кеңес одағында жасалынған қиянат-зорлық қатар өрілген. «Күй кітабы» – ел тағдыры туралы кітап.
Темірхан МЕДЕТБЕК.
Өлеңге өмір құюдың нәжімеденовтік дара амал-тәсілдері, ақынның адамдық құққа араша тұрудағы айнымас азаматтық бағыт арналары түзілген шығармашылық нәр-қуат тарата, ғылыми жүйеде, дәстүр мен жаңаға негіздеп, бейімдеп бағалауды әлі күтеді.
Ақын өлеңіндегі:
Суып кеттің, бұл да анық, –
Суындырмай қойды ма:
Жібек тағып сыланып
Кірген жылан қойныңа, – сынды, дүниені аярлықпен аңдап басып кезіп жүрген аш мысық сынды поэтикалық «табыс» Жұмекен жырларында асып-төгіліп жатыр. Ақын мұрасы тіл айшықтау, тілдік қор, тіл қолданыс бағытында да құнарлы зерттеу нысаны болар еді.
Жұмекен поэзиясының жанрлық іргетасы туралы да зерттеулер жазылатын болар. Әр сәт, әр әрекет, арбау мен алдау, адал мен аңғал, өкініш пен өтірігі де – барлығы бірге мінгескен өмір арбасының бұралаң, бұрыс, түзу түскен шиыр-шиыр жолдарын сан-тарап оймен алысқа тартып жататын ықшам оқиғалы өлеңге салу машығының жанрлық жаратылысы әлі де жария бола қойған жоқ…
• Аурухана – 83
Август, 10
200 м. жүруге рұқсат алдым. Мен бұл өлшемді қате түсініппін. Бір жүргенде 200 м. жүреді екем десем, күні бойына жүретін жолым /балконға шығу, асханаға, т-ке бару, т.б./ осы болып шықты. Мен сықылды аяқ-қолы сау кісіге 200 м. не болсын! Әрі телевизор көруім керек.
Біздің редакцияның кісілері келіпті. Келгендеріне рахмет. Мен бастықпын ғой. Ал егер қатардағы /өздері сықылды/ біреу болсам ше? Сонда өстіп тобымен келер ме еді? Әрине, өзім редакцияның кез келген қызметкері ауырса – ұйымдастырып алып барам, алып барып жүрдім. Жо-оқ, бұл өзінен басқаның адамшылығына, адалдық, жолдастық, т.б. сезімдеріне күмән келтіру емес. Мен өзімді көзқарасы ескі, түсінігі де әжептәуір көнерген адам санаймын. Ал көзқарасы, түсінігі жаңа жұрт жолдастықтың өзін – керегіне қарай түсінеді, парызының өзін пайдасына шағады. Ауыр, бірақ шындық. Амал қанша?! Солай, достарым!
Текетірес тіршілік шырғалаңдарына ақын ақырын ғана көз тастап қойып, өмірдің күйін өлеңнің диірменіне салады.
Ықтиярсыз бөгесіндер (С.Рахметұлы. Моңғолия) аз болмаған уақыттың түпниетімен санаса бермеген ақын өлеңіндегі аяусыз сарказм, эзоптық арна, құны бөлек өмірді елжіреп, жібіп бастан сипайтын сирек сәттер, тау аңғарында, құм ішінде, дала жолында қолына қылқалам алып, түрлі түс символикасын арқаланып бояулы өлмес картиналар сызған шабытты шақтарында туған, өзінің тым ұзақ емес мәнді ғұмырының өлшемін түзген таза мінсіз шығармашылық мұрасын игеру, сіңіру түгесілмейтін қайырлы міндет.
Жұмекен поэзиясындағы «бір керемет дыбыстың» үзілмей естіле беретіні – қазақ өлеңінің қашанғы мәртебесі.
Қанипаш Мәдібай,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық
университетінің профессоры, ф.ғ.д.