Ән қадірі – тойда ма?
27.11.2015
1891
0
muzyka-noty-oboi1996-1997 жылдары Рамазан Стам­ға­зиев­тің орындауындағы Тұрсынжан Ша­пайдың «Аққу арман» әні  халық арасына жаңа-жаңа тарала бастаған. Құлашы кең, ә дегеннен-ақ дархан даланың  кеңпейіл кескінін көз алдыңызға әкелетін әуен адам жанын тылсым бір тебіреніске бөлеп, жүрек түкпіріндегі жұмбақ сағынышты көл бетінде жүзген аққудай тұп-тұнық күйі тербейтін.

Бесік жырынан бастап, халықтың қанына сіңген салт-дәстүр жырлары мен бертіндегі сал-серілер сарынының же­лісін үзбей осы күнге жеткізгендіктен де бұл ән әр қа­заққа жақын болғаны анық. Студент қатарына қосылып, сол жылдары Алматыда жүрген мен, ауылдағы әпкемнің ту­ған күнін Қазақ  радиосының «Сазды сәлем» бағдарламасы ар­қылы осы «Аққу арман» әнімен құттықтап ем. Шалғайдағы бауыр­ға аяғым жетіп, сыйлық толы қоржынымды апара ал­масам да, Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарайтын әуе тол­қынынан есімін ататып, айтулы әншінің орындауында шоқ­тығы биік әнді жолдағаныма, сөйтіп бірге туған бауы­рымның жан-дүниесін әйбәт әсерге бөлегенім үшін ырза күйге түсіп мәз болғам. Содан бері жақындарымның арасында «Сазды сәлем» дегенде «Аққу арман» сияқты таң­даулы әндер әуелейтін толқын деген пікір қалыптасты. Сол жыл­дары туыстарын құттықтаушы тыңдарман осы бағ­дар­ла­маның жүргізушілеріне Жәнібек Кәрменовтің «Ой­ла­маңдар жігіттер» немесе Жәкен Омаровтың «Біздің елдің жігіттері», яки Ш.Қалдаяқовтың «Анаға хат», Досымжан Таңатаровтың орындауындағы «Құралай» әндерін қойып беруін жиі өтінетін. Мейрамбек Беспаев, Тоқтар Серіков, До­сымжан Таңатаров, Саят Медеуов, Ақбота Керімбекова, Бейбіт Сейдуалиева, Қарақат Әбілдина сынды қазақ эст­ра­дасының дәстүрлі көшін жалғаған әншілер де осы бағ­дарлама арқылы кең танылған. Роза Бағланова, Жамал Омарова, одан кейінгі Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасан­ғалиев, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова сынды ән­шілердің жолын жалғаған бұл буын 1990 жылдардан кейін қазақтың өзіне тән ән айту үрдісін бұзбай көшті жал­ғап келе жатқан. Ал қазір халық әндері мен халық ком­позиторларының әндерімен сусындап өскен, қазақы қоңыр үннен алыстамаған әнші тым азайып кетті. 2000 жылдары елдің жүрегінен орын алған Саят Медеуовтің орын­дауын­да­ғы «Өзіңді аңсап» әнін бүгінгі жас буын тыңдамайды. Олар­ға:
«Жаным-ау менің жағаға таққан тұмарсың, 
Жалғанда жалғыз, жабығып жүрген шығарсың. 
Ұнарсың талай бір көрген жанға ұнарсың, 
Өмірде бірақ өзіме ғана сыңарсың», – 
деген жүйесі бар биязы үннен гөрі:
«Бір сұлуды ұнатып, дедім оған «теңім бол», 
«Жігітім-ау», деді ол «ары ойна…». 
Иланатын мен емес, өзге маған тең емес 
Қол үзбеймін сенен еш, қалайда», – деп айтатын Ернар Айдардың өктем үні өтімді. Бұл әншіні тыңдайтын буынға әнші болудан оңай мамандық жоқ секілді көрінеді. Ел ішін­дегі тойдың көптігі, бақылаусыз, бағдарсыз концерттердің жиі өтетіндігі жеңіл әнді желпіндіріп қойған жайы бар.  Ал ән айтудың қазақы үлгісіне сызат түсіріп, кез келген әнді шет­елдің ыңыранған иіріміне салып айтуға деген үйірлікті «Super star» секілді түрлі жобалар қалыптастырды. «Қа­зақ­с­тан» арнасынан көрсетілетін «Қазақстан дауысы» да осы жо­балардың ізіне түсті. Оны байқауға келетін үміткерлердің ағылшын тіліндегі әндерді айтуға деген құлшынысынан байқау қиын емес. «Бұған қарап жылдан-жылға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен дәстүрлі эстраданың әдемі өрімі өрнегін бұзып, басқа арнаға түсіп кеткендей әсерде қа­ла­сыз. Қазір әр әнші өзі орындайтын әннің өрімін өзі білген өр­­некпен өретін болды. Ән айтуға талпынған жас буын орын­д­аушылық қабілеті арқылы композитордың әнін ха­лық­қа танытудан бұрын хит болатын жеңіл ән арқылы өзін танытуды, сөйтіп тойдан табыс табуды мақсат ететін сыңай­лы. Тобырлық сұраныс әннің қадірін қашырып, әншімін де­гендердің санын көбейтті. Эстрада саласындағы аға буын әншілер өздерінің өнерге келу жолын Қазақ радиосы­мен тығыз байланыстырады. Олардың жылы естеліктері ба­ла кезімде радиодан ән тыңдап, әнші болуды армандадым, деп басталып, «Радиоға барып ән жаздырдым» неме­се «радиода бірнеше жыл музыкалық редактор» болдым, деп жалғасады. Ол замандағы әндерді сүзгіден өткізетін көр­кемдік кеңестің қатаң талабы әншілердің жауапкершілігін жоғарылатып, тыңдарманның әнге деген құрметін қалып­таст­ырып, кейінгі буынға үлгі болған екен. Бүгінгі  әнші­лер­дің көбі бұл үлгіні ұстануға ықыласты емес. Олардың кө­ше әнін сахнаға, той әнін эфирге сүйрейтіні де осының сал­дары болар… Жуықта ғана «Сазды сәлем» бағдар­ла­ма­сынан елу  жасқа келген ел ағасын құттықтаған сәлем жолданды. Қайырмасы:
«Жиырма бесін іздеген,
Елудеміз біз деген.
Таң атқанша ән салып,
Би билейік сізбенен.
Мен де келдім елуге,
Сен де келдің елуге.
Жүзі балбұл жайнаған,
Құрдастарым елуде!» , – деп қайталанатын әннің осы толқыннан берілуі көркемдік сүзгінің тозғанын көрсетті. То­бырлық талғам әншілерге ғана емес, эфирге де билік жүр­гізе бастапты. Елуге келген ағаның осы әнді тыңдап өс­кен немересі 10-15 жылдан соң қандай ән тыңдар екен де­ген ой қылаң береді.
Назым ДҮТБАЕВА.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір