Сағадат Ордашева. Тектілік тереңі
09.03.2021
822
0

Дүниеде алдыңда аққанаты ақтарылып жатқан кітапты түсіндіруден артық бейнет бар ма? Оқырман бір сәттік кешкен оқиғаның әсерімен өзі де жетеқабыл түйсінбеген көмбені алақанға салып аударудан аса абыройлы іс болмас. Осы орайда, Л.Толстойдың Чеховтың «Дучешкасын» талдауы, өзгеше ракурстан келіп сыртқы қабығын аршып, тұнбасын жұтқызғаны қатты таңқалдырған. Қаламгер шындап келгенде, жоспарлап қойған сюжетті жаза алмауы мүмкін. Әлемдегі ең шымыр деген жоспарлы сюжеттің құнары болмауы мүмкін.

Жазушы Н.Дәутайұлы туралы сөз қозғағанда қазақ тағдырының өткелектерін де айтпасқа болмайды. Ашаршылық пен азапты, 37-нің қырғынын айтпағанның өзінде, соғыстың зардабы, одан кейінгі Құдайсыздандырудың құлақкесті ызыңсыз кезеңі, һәм тәуелсіздікке аяқ басқан құндылықтар қирауының қазақ қалпын бұзуы туралы ұзақ бір ғасырды қамтуға тура келеді. Бір ғасырлық бодау жасықтық, ұлттық құнардың ғайыби елесі – жазушының негізгі кұланиек құбыласы. Жазушы заманның зарымен бірге, кешегі асылдарын да асқақтатып, аңсап, бүгінгінің зор «қаһарманын», бүгінгіге үлгі «кейіпкерді» ұсынбақ болады. Әйтсе де, суреткер де осы ауаның тұрғыны, «топырақты»  жаншыған жүйеден өсіп шыққан. Шығармаларында атойлап бас көтерген еркек пен әйелдің нәзік қатынастарынан, әйелдің тәни тілектерін қаузауынан әлем әдебиетіндегі «әйел» тақырыбына көп жазған Мопассандық «әйелқұмар құштарлық» жазушыны айналып өтпегенін аңдауға болады. «Құдірет пен қасірет», «Ақкүшік», «Батыр», «Көгілдір көйлекті келіншек», «Аты жоқ әңгіме»  сияқты бірқатар шығармаларының негізгі аренасы – әйелдік құштарлықты сипаттау ма деп қалады оқырман. Н.Дәутайұлының жазуында әйел болмысының  заманның айнымалы құбылысындай жиіркеніш тудыратын тұстары да бар.

Жалпы, 60-70 жылдардан бастау алып, нағыз қызған шағы тәуелсіздік жылдарына тап келген әйел болмысына сұқтану, бой сымбатын ашық-шашық суреттеу үрдісі жалықпай жырлауға татитын нағыз тақырыпқа айналған-ды. Өйткені Құдайды әспеттеуден де, қасиетті айтып, ескіні жырлаудан да тыйылған сананың  оңбай Батыс өркениетінің ең лас шалығына аңдаусыз батып қалған жағдайы да бар. Әрине, әйел мен еркек ортасындағы нәзік құбылыстар, жалпы жұртқа ашық айтылмайтын төсек қатынастары әлемдік әдебиетте біршама асу, кезеңдерден өтті. Бұл тақырыптың қазақ әдебиетіне дендеп енуі де – табиғи. Қайсыбір өнер, соның ішінде киноиндустрия саласының да сілекей шұбыртқан құндылығы осы жалаңаштану үрдісі болатын. Алайда  қазақ жазушысы бұл тақырыпты қаузауда оқырманды жирентуге емес, тәрбиелеуге, насихаттауға емес, тыйым салуға үндеуі тиіс болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Вор в законе»  секілді анайылыққа толы, оспадар, ойсыз шығарманы қылғытып оқығаныңыз естеріңізде болар?..

Орыс әдебиетіндегі «оқшау адамдар» деген кейіпкерлерге Белинский Печорин мен Онегинді де қосады. «Мұндай оқшау адамдар қоғамға наразылығын аласұрған қалпымен көрсетеді», – дейді. Ал сыншы Добролюбов «Обломов» романын талдай келе: «Гончаров қоғамнан орнын таппай жүрген адамды төсекке байлап қойды», – дейді. Ал «Бовари ханым – менмін», – деген Флоберге эссешіл Андре Моруа мынадай диагноз қояды: «Бовари ханым өзі тарту етілген тағдырдан бөлек әлемге ынтық, тәлейіне жазылған махаббат пен салтанатты сауық ол үшін сүреңсіз. Тәңір берген тағдырға налу – Бовари ханымның жан ақауы. Бұл ақау – Боваридің ғана емес, Флобердің де жанына түскен ақау». Қазіргі әйелдердің бойында бұлқынған бір-бір Бовари ханым отыр деңіз онда. Мұның өзі – бір диагноз.

«Қордайдың құлжасы» атанған жазушының «Құдірет пен қасиет»  романы, «Ақкүшік», «Айғыркісі», «Батыр» сияқты өңі өзгеше дүниелерінің көлеңкесінен зорайған зор тұлғаның болмысын көресіз. Жазушыда «сұлулардың жанына сан жантайған» Ақан серілік дон-жуандық атымен жоқ, қайта Ақандай ақсұңқарға асық әйелдер образы бар. Осы тұста, жазушының көзірлі кейіпкерін бір кітаптан екінші кітапқа көшіргендей сезім пайда болуы мүмкін.

«Құдірет пен қасиет» романы қазақтың бастан өткерген ашаршылық зауалдарын, соғыс зардаптарын, оның қазақ санасына ықпалын ашық баяндайды. Оқырман бірден кімнің кімге қарсы, кімнің кіммен ата жау екенін, негізгі мәселенің ұшығын ұстап алады. Автор мұнда еркіне қоя берген кейіпкерлерді сырттай бақылауға көшпейді, әрқайсысын тергеп, әрқайсысының тағдыр тарихын киномотографиялық үзіліспен шорт кесіп баяндайды. Тергеушінің қасында отырып-ақ оқырманды бүкіл оқиғаның бойына сүңгітеді. Романның басты ерекшелігі – психологиялық драмаға құрылған. Ұры мен қарының да, залымның да анадан бала болып туғаны анық. Ешкім «жаман адам боламын» деп ойламайды. Шығарманың көркемдік шындығы сол – қарама-қайшылықтың ортасында өкпеге қиса да, өлімге қиыспайтын авторлық адами мейірім үнемі екі тарапты ұштастырып, бітімге келтіріп тұрады. Досмағамбет пен Әбжал ортасында аспан мен жердей қайшылық болса да, әр детальдан бір қазақты бөліп-бұтарламайтын жазушы жүрегі көрініп тұрады. Автор Әбжалды аяйды, оны сондай өлермен еткен – өлімге деген үрей еді. Сондықтан Әбжалдың қимыл-әрекетін жеңіл күлкіге бөктіріп қояды. Күле отырып, жиренесіз, аяйсыз. Себебі  күлкі қатты тағдырды жұмсартады. Әбжал – сол қатты жүйенің өскіні.

Досмағамбетті неге әйелдер соншама өбектеп, өлердей сүйеді? Печоринге жан берген Белла мен Вера махаббаты неге жауапсыз қалды? Печориннің бойында алып-ұшпа сайқал сезім тулап жатса, Досмағамбеттің бойында Тәңірге тәуекелшіл қазақтың салқын сабыры, жомарт жүрегі көмбеленіп жататын. Шығарма біткенше Досмағамбеттей ерді, қазақтың хас ақсүйек ерлерін жоқтап, сүйсініп қаласыз. Досмағамбет типін «Ақкүшік» хикаятында – Қалдыбай, «Батыр» әңгімесінде – Батыр, «Айғыркісі»  әңгімесінде – Есқұл кейпінде кездестіресіз. Заманның ығымен ата-баба салтынан алжасқандардың ортасындағы ескінің көзіндей бір ірі бейне көзіңізді көлбеп тұрады да қояды.

«Құдірет пен қасиет» романы өте сәтті жазылған, тілі шұрайлы, поэтикалық бояуы қалың шығарма. Оқиға өрбітуіндегі мығым формат – автордың жадағай баяндаудан, тақыр тәптіштеуден қашқандығы болса керек. «Иосиф Сталиннің демі түгесілуге үш күн калған…» Әр «бөлімінде үш әйел алдың» деген желеумен, «феодалдық заңмен кеңес үкіметіне қарсы лаң туғызды» деген айыппен тергелу үстінде отырған Досмағамбеттей ердің құтылып кетуін тілеп, дем жұтып оқисыз. Қызбалтай, Ақтамақ сияқты қазақ әйелдерінің кесек мінезін тамашалайсыз. Сталиннің соңғы демі үзілгенде о дүниеге аттанған Досмағамбет ерді жоқтамай, туған әкесі өлгендей Сталинді жоқтаған елдің өзеуреген жасықтығына қорланасыз. Романда әр кейіпкер бойын ашуда турлі әдістер қолданылған. Өз ары алдында өзін соттаған Әбжалға түсінде: «Әбжалды өлтіремін», –  деп тағы бір Әбжалдың келуі, мүлгіп кеткендей болған Әбжал мен Досмағамбеттің ішкі диалогтары романның бояуын қалыңдата түседі.

Жалпы, Досмағамбет – дара болмыс. Біздің заманның «қаһарманы»! Үш әйелдің аңсары ауған ер азаматтың тау тұлғасы үкімет атынан келген тергеушіні де ойсыратып тастайды. Тұманды жанарын біреу серпіп қалғандай оянады. Кеңшілігі кемел кемеңгер қазақтың алдында арланып,  қиналады. Ақыры өз қолымен аттың арқанын мойнына салып,  Әбжалды  сүйретіп жіберді. Тәңір теңдікті тергеуші арқылы өңгеруді ұйғарыпты. Ал Досмағамбет Құдайдың салғанынан қашып, елден, жерден безіп, лағынет айтып күпсінбей,  кең Тәңірдің алдына кете барған.

«Ақкүшік» хикаяты жазушының шоқтығы биік туындыларының бірегейі саналады. Қалдыбай – кара жаяу адам болғанымен, жан дүниесімен күйші. Бірақ  Тәңірі оған бала сүюді жазбапты. Бекзаттай сүйіктісімен бір шаңырақта тұтасу ол үшін қорлықтай көрінді, себебі ол белсіз, тұқымсыз екенін білді. Ситуацияны сіз автордың өз баяндауында емес, Ақкүшіктің танымында түсіне бастайсыз.  Ақкүшік үй мен сонау қия белді бөліп аққан ақкөбік өзенді жалғаған көпірден өтіп, ары-бері сенделектеп жүреді. Автор адамдардың күшікпен сөйлесіп, сыр ашқанын – «ит қайдан білсін, түсінбейді ғой» деп қайталап отырғанымен, ит сөз түгілі, ым мен ишараны да ұғып отырғанын түйсінесіз.

Хикаяттың өрілуі жеңіл, жазушы оқырманды финалға дайындауға баппен кіріскен. Ерлі-зайыптының ортасында дәнекер періштедей жанұшырған Ақкүшіктің кылығы – әсте жазушының ерен қиялының жемісі. Қалдыбай өз қолымен орып кеткен отбасылық қатынасты Ақкүшік үш күн бойы жалғауға тырысады. Көзге көрінбейтін екеуара ордан аттамақ болғанда Қалдыбай мен Бекзаттың ортасын арнасынан тасыған өзен көпірінің шорт кесіп тастауы шығарманың психологиялық соққысын арттыра түседі. Атқалақтаған толқын Ақкүшікті жұтып кетті. Екеуі жағалаудың екі жағында,  асау ағыстың тасасында қараңдап қалып кете барды. Енді екеуін шын мәнінде, не жалғауы мүмкін? Жауапты шешу еркіндігі оқырман еншісіне қалдырылды. Ал сіз қайтер едіңіз?

Шығармада ауыл диірменшісі дядя Паша, Матрена сияқты орыстық мінез бен қазақтық қалып салғастырыла суреттеледі, Қалдыбайдың қойнына жатуға мәжбүр болған Розаның кейпі, Бекзатты айналсоқтап үлде мен бүлдеге бөлегісі келген Өрікайдардың дәмесі – қазақ қалпын бұзған заман ағымын ашық сипаттайды. Алайда  Бекзат та, Қалдыбай да орыстың кісәпір салтынан макұрым екен, арынан аттай алмайды. Қалдыбайдың ішкі ойын сұрыптауы да бейнелі әрі нақты еркектік санамен беріледі. «Еркек әйелді не үшін алады? Әйел еркекке неге тиеді? Екеуара бір ойын – табиғи күйіктің өліп-өшіп өмірем қапқан сүреннің өңмеңдей беруі үшін ғана емес қой. Адамда адами жан рахатының өлшеусіз ләззатынан да жоғары іңкәрлік, ынтызарлық бар, еркек ұрғашының жатырын тоғыз ай тулатып толғағын келтіріп, ұрғашы сол толғақтың ұлы күйін тартпаса, бәрі қараң». Дядя Пашасы қойнына салып берген келіншекке Қалдыбай қолын да тигізбеді. Нағыз ер жігітке тән дегдарлыққа тәнті боласыз. Розаның жалғыз баласын  «әкесіне тартпаса екен!» деп тілеуі – жазушының жан салып айналсоқтаған шығармашылық концепциясы, идеялық өзегі. Досмағамбеттің тегін таратқысы келген Қызбалтай, Ақтамақ сияқты әйелдердің ізгі тілегі де сол – түбінде қазақты тектілігімен қауыштыру. Әуезовтің жақтырмай қалған адамын «тексіз, жетесіз, көшесіз» деп сөгетінін З.Қабдолов «Менің Әуезовімде» айтады. Шығармада бейнеленген «жетесіздіктердің» көздегені – қазақтың тұқымын тұздай құрту. Тегінен айрылу, жеті атаңның жан тағдырын білмеу  – азғындық. Міне, жазушының қалам алдындағы ар соты. Ұлттың алдындағы жан күйзелісі. «Жазушылық – жан ауруы» (Ә.Бөпежанова), онан қалса – ұлттың жүйе жарасын қаузаушы.

Жазушы әрдайым оқырманды да сұхбатқа тартып отырады. Тергеп қояды.

« – Вот такой вопрос: всякий адам сознательно, не сознательно жалған сөйлейді. Даже себя обманываеть. Теперь скажи, вообще, кто более обманчив – женщина или еркек?» Әйел мен еркектің табиғатына,  болмысына үңілуінде, екі тараптың   бейсаналы   соғысын   тәптіштеуінде,   отбасылық   қитұркы   ерлі-зайыптылық ойынның астарын ашуында үлкен шындықтың бары сондай, оқығанда «отбасылық эксперт психологтың» алдыңда отырғандай күй кешетініңіз рас. Бірақ автор – еркек, еркекше ойлауы содан. Тегін таратқысы келген Қызбалтай, Ақтамақ сияқты әйелдердің ізгі тілегі де – табиғи, оқырау тиген танадай әйелге шапши беретін тұстары да көп, алайда автор әйелдің азғындауын еркектің намыссыздығынан іздейді. Бұл ойын жазушы «Көгілдір көйлек киген келіншек»  атты әңгімесінде ашық нұсқаған.

«Батыр» әңгімесінде түрікменмен  жауласқан ерте заманның ылаңы, екі жақтың аяусыз ұрысы мен зәбір-зұлымдығы суреттеледі. «Ерден иман қашып құтылмайды»,  шығарманың басты концепциясы – осы. Алайда суреткердің кез келген дүниесін бір тақырыпқа телу, бір идеялық кабатта қарастыру – шығарма айдынын лайлап кетумен бірдей. Жазушының қайсыбір дүниесі тақырыптық формациялардың шеңберінен сытылып шығып, өзінің негізгі қормал психологиялық тамырына тартып тұрады. «Батыр» әңгімесі сүйегі абзал тектілікке ода айтқандай әсерге бөлейді. Жаугерлігі бір бөлек, жүректі батырдың көрегендігі де асыл. Батырда ұрпақ жоқ. Тегін жалғайтын еркек кіндік керек. Батырдың көзі есік алдында жүрген қызметші күңге түсті.

Жазушының еркек пен әйел болмысын зерделей  беруі бұл шығармада да қайталанады. Тегі, сірә, жазушыны әйел мен еркектің бір-бірін күн өткен сайын түсінбеуге айналғаны, отбасылық кұндылықтардың күйреуі қатты толғантады. «Ұзында кеткен өші мен қысқада кеткен кегін іздейтін: дүниені бүлдірген, бүлдіріп жатқан, бүлдіре беретін, біз – еркектер екенбіз-ау осы». Батырдың оңашада отырып, қанды кектің үстінде ұрғашы біткенді баудай қырып олжалап кетуінде үлкен қаныпезерлік жатқанын аңдайды, соған көнбіс әйелдің болмысын да кешіреді. Түрікмен тоқалының алғашқы кыздай қосылған түрікмен күйеуі келгенде, батыр тоқалын сүйсе де еркіне қоя береді. «Елім, жерім, ауылым», – деп емінген тоқал Батырдан тапқан екі қызын тастап, әуелгі еріне қайтады. Мұнда таңғажайып үндестік пен кереғарлық бар, әйел әуелгі ерінің ыстық-суығын сағынады, алайда мұнда да байлап-матаған екі қызы бар. Соған қарамай, түрікмен тоқал –  жан-тәнімен «бөгде» жұрттық. «Өзгенің өзденуі» мен «өзіңнің жаттануы» – тектен жаңылу процесі бұл. «Жатқа ұрпақ бермеңіз!» деп қадап айткан бабалар аманаты есіңе түседі. О.Бөкейдің «Атау кересіндегі» орыс әйелінің соңғы демінде шоқынып кетуінде де осындай бейсаналы бөгделік жатыр.

Шығарма соңында шау тартқан батырдың қырандай қомданып, кеудесіне көрік бітіп куануында да осы тоқалдың, тектің салтанаты аңғарылады. Батыр «көз жасы»  деген ұғымға сеңеді. Қызметші күң Батырдан тек жаңғыртып, қамшы ұстар ер тумақ.

«Көк көйлекті келіншек» әңгімесінде бүгінгі кеңселік ақ ләйлек ханшайымдардың бедеу ғұмыры, өздері ойлап тапқан ереже-ермектері, әйелдердің психологиялық сезім-түйсіктері қанық суреттеледі. Кей тұста әйелдің өзі мойны жар беріп мойындай алмас шындықтар айтылып жатады. Сондықтан да  оқылуы ауыр, мойындалуы қиын көрінуі мүмкін. Дегенмен  жазушы әйелді бастан аяқ алақанға салып ақтарғанымен, бар кінәратты еркекке телиді.

Бүгінде проблема болудан гөрі, қалыпты жағдайға ауысқан оң босағада  отырып ұл табу, бедеулік, тірі жесірлік, көрінгенмен құшақ айырысып желік қуу сияқты көріністер – түбі ұрпақты азғыратын  үрдіс. «Некесіз бала – менің балам» деп ант берген шайтанның дұғасын қабыл ету. Некесіз туған балаға пайғамбардың шапағаты тимейді. «Шапағатсыз бала – шарапатсыз болады» деген  түсінік бар қазақта. Шарапатсыздың жүзі қараң, пәле мен кесір соның бойында, көкірегіне күн түспейтін түнеріңкі көркеуделердің көбейгені осының айғағы. Чеховтың әйелдің сәт сайын құбылғыш, алыпұшпа болмысын әшкерелеген «Жұмбақ болмыс», «Жарқын бейне» сияқты әңгімелері әйелді ақымақ етіп, күлкіге батырады. Ал Н.Дәутайұлы кескіні қара, өмірдің өзіндей шынайы қазақ әйелінің құбылма қалпын сол қалпынша суреттегенде,  сізге арғы-бергі тарихты ойша кездіріп, ойландырып қояды.

«– Уақыт жылдам өтеді, ә? – деп қойды – Страшно, бежит.

Асығыс па едіңіз?

– Он бірде үйде болуым керек?

– Себеп?..

– Тәртіп.

 О, Құдай…

– При чем тут Құдай?»

Өркениеттің   шектеп   берген   өлшемі   – осы.   Тәртіп.   Тіпті,   ерлі-зайыптылықтың да тәртібі бар. Мұнда ар мен ожданның, сезім мен көңілдің сүреңдері естілмеуі тиіс. Құдайдың өзі болмыстан бөлек, өмірге қатысы жоқ ұғымға айналды. Диалогтар жанды. Бейнебір сүреңсіз ақ-қара ленталы Тарковскийдің фильмдерін көріп отырғандай боласыз. Көгілдір көйлек тіккізіп, жатырында жатқан  «тәртіпке» бағынғыш меңіреу еркектің ұрпағын «тектілікке бөлермін, асыл ханзадамдай төбеме көтерем» деген келіншек өз ойынан айнып қалды. Жоқ, тексізден текті тумайды. «Құлдан құл, ұлдан ұл туады. Асылдан асыл туады, Жалқаудан масыл туады. Соқырдан көрмес туады, сараңнан бермес туады» (Майқы би). «Тегінде бар тектілік», «тектілік тұқым қуады», «тегіне тартқан», «тектінің тұяғы», «асылдың қиығы» деп казақ тектіні төбеге көтерген. «Тегі жоқтың елі жоқ»  деп шорт кескен. Алдына қойғанның бәрін опырғыш әлгі кұлқынның ғана құлын бір күні қуып жіберді. Бұл тірлігі бекер емес екенін ұқты келіншек. Тексіздің ұрпағын тумаймын деп шешті.

Әсілі, «адамдықтың негізі – әйел» деген сөзде ұлы шешімдер жатыр. Жазушы, әйелдің болмысын кереғарлықпен, аянышты күйде әдіптегенімен, қызды тыйып, әйелді тұсауға сала алмайтын бүгінгінің бейдауа ережелерін, жасық қоғамын әшкерелеп отыр. Еркек кіндіктінің ұсақталуына, қатынжандылығына күйінеді. Жазушының бүкіл шығармашылығына тереңдегенде, автор тектілік тамырын қаузап отырғанын, ұлттың ұландары текті қаннан тарайтынын меңзейтінін ұғасыз. Бүгінгі биліктегі беталбаты бассыздық пен жүйесіздік сол «аузы уызға жарымаған» тексіздердің қолымен жасалып отыр. Досмағамбеттің тегін көбейту, сүйегі ірі тектіден ұрпақ өрбіту аңсары, Қалдыбайдың белсіздігі, ұрпақ сүю аңсары, Батырдың елді ертетін ерлікті аңсауы, көгілдір көйлекті келіншектің «тексіздің ұрпағын тумаймын» деп шешуі – сайып келгенде, бүгінгінің қанын жаңартуға кұштарлық, бабалық бағзы аңсарды бейсаналы тірілту, рух жаңғырту.

«Аты жоқ әңгіме» әңгімесі Ингмар Бергманның эксзистенциалды драмаға кұрылған камералық «Персона» фильмін еске түсіреді. Ақ-қара кескінді фильмдегі басты кейіпкер – актриса сахна үстінде жан-жағына алақтап қарап тұрып, бірден сөйлеуден тыйылады. Сол сөйлемегеннен мүлдем тіл мен жақтан айырылады. Өмірде өз пікірін айтудан еш мән таппаған образдың ішкі ойын Елтүзер қағазға жазып салады. «Енді менің құлағым да естімей, көзім де көрмей қалса екен, көке…». Өйткені  айналамыздағы жүрек кілкітер қойыртпақ құрылым санамызға сызат түсірді. Бұл – жазушының да жан налысы. Құмбыл дүниенің кұбылғыш мінезін елемеу – бір көрініс (елемей көрші), күресу – бір көрініс (күресіп көрші), баз кешу – бір көрініс (баз кешіп көрші)! Осы тұрғыда, жазушының қаламы жаңа замандық жасампаз рухты дәріптейді. Бұл – қаламгердің жоғарыда атап, талдаған шығармаларына үңілгендегі туған ой.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір