Нұршат Әзінбек. Түнге жиі төгілетін боп алдым…
09.03.2021
553
0

***

Сонша сүйген туған жерден түбі мен,

Сен де бір күн кетеріңді біліп ем…

Қоштаспаған тырналардың қиқуы,

Жүрегімді тырнап шықты түнімен.

 

Баһадүрім, мая мініп маң басқан,

Салқын кешке көз қырыңды салмастан.

Қара жер де көтермейтін қайғыңды,

Қара нарға қалай арттың, Алдаспан?!

 

Шым батырып шырмауына керегім,

Мені қойшы, ашымай ма өзегің?!

Бір сен емес, сыймай жүрген өзіне,

Бір мен емес, қимай жүрген өзенін.

 

Аппақ дүние!

Сенің атың былайғы ер,

Тез біткеннің тергеуіне шыдай көр!

Ер жігітке қайда да өлім бұйырған,

Бірақ қайда туғандығын сұрайды ел.

Еске түсіп сол баяғы, сол аңыз

Әлі сонда бар ма екен, – деп

дала, қыз…

Түбінде бір іздейсің ғой, тек ол кез

Басқа, басқа, сөйлесетін боламыз!

 

   ***

Әке, сізді сағындырды… тоңармын…

Көк мұхиттан көпір қалап көз алдым.

Қаламымның қабырғасын сыздатып,

Түнге жиі төгілетін боп алдым.

 

Кешірмейтін сөз айтқызып кеш оған,

Жылдар жылап ағып кеткен, е, содан…

Жорамалдап отырсыз ба хәлімді,

Жүдеу көріп мен жіберген фотодан.

 

Киік күнді кие көрген ел өркен,

Жолыңыздан сүрінбей ме сол еркең?

«Әк-еу, мен де сізбен тойға

барам», – деп,

Соңыңыздан жүгірмей ме көлеңкем ?!

 

Мейірімдім, тоқтата алман кей көшті…

Мейрам сайын дүрілдетіп жер-көкті.

Базар іздеп таптыңыз ба мен айтқан,

Көбелектің қанаты бар көйлекті?!

 

Әлі сондай сәби көрер қалпымен,

Еркелетсе мейірімнің нарқы кең.

Себебі, мен «ау-уу» дегенде әкетай,

Жүрегіңнен түсіп қалған алтын ем !

 

   ***

Құралайды көзден атқан мергендей,

Қияқ айды қиялымен өргендей.

Хал сұрайсың жүдеу сағынышымнан,

Басқасының бәрі өзің көргендей.

 

Жауратқанда гүлді-қырау, қызды-мұң,

Жаттағаны жалғыз арман – бір бұрым.

Хаттарымның қанатына тапсырдым,

Мақта жүздің жеткізбеген сыйлығын.

 

Таусылмайтын әңгімеден мұң күйсе,

Тандыр-тандыр бұлттардай мың білте.

Тарғыл-тарғыл тауға төгіп өткен ем,

Хал-жайымды сол біледі, бір білсе .

 

Сөздерінде айтылмаған сөйлемнің ,

Көздерінде менің сырым сезгенмін.

Қара шаштың қалыңындай қайғысын,

Жаулығымен жауып жүрген жеңгемнің.

 

Хал сұрама…

сенгеніңде сен соған,

Қабағыңды торламасын ерте алаң.

Аш тірлікке кеміріліп тұрып та ,

Мен бәрібір «бәрі жақсы» дей салам.

Бейжің

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір