Жұматай Көксубай. Қар жауып тұр
09.03.2021
684
1

 

Арман

Шешендердің сөзінен
Төр орнатып берейін.
Бүкіл қыздың көзінен
Көл орнатып берейін.

Айдың әппақ нұрымен
Айна жасап берейін.
Жұлдыздардың жүзінен
Саған сырға терейін.

Жапырақтың тамшысын
Алқа етіп берейін.
Ажарыңды кірлетпей
Жанарыма бөлейін.

Найзағайдың жарқылын
Жаулық етіп қояйын.
Бұлбұлдардың барлығын
Әншің етіп қояйын.

Ақша бұлтты гүлімен
Көрпең етіп қояйын.
Кемпірқосақ нілімен
Кірпігіңді бояйын.

Сәбилердің күлкісін
Шашып қоям жолыңа.
Мен ауадан басқасын
Ұстатпаймын қолыңа.

Мен осылай бақытты
Қылсам деп ем өзіңді.
Сен басқамен кеттің де,
Қайран арман көз ілді.

Қар жауып тұр

Жауып тұр қар, жауып тұр,
Өлкеде мынау бүгін.
Ал жерге жазып жатыр –
Табиғат қырау жырын.

Осы қар сағынышты
Жырымның парақтары.
Аспаннан сусып түскен
Аққудың қанаттары.

Кірпікке қатқан тамшы
Кетуге асығады.
Шақырып боран мені,
Амалсыз басылады.

Күздегі орман қыздың
Көйлегін тонағандар.
Бұлттан сыйлап жатыр
Ақ ұлпа орамалдар.

Мезгілдің қиқымдары –
Ауаның көбелегі.
Далама уақыт әні,
Жел болып себеледі.

Үкідей ұшып келіп,
Мекендеп ана жерді,
Жүректей бүлкілдеп ап,
Паналар дала, белді.

Аспанда желтоқсанда,
Жұлдыздар ағады кеп.
Ал шыңдар ақ пердеден
Тон киер жағалы көп.

Біреуді сағына ма,
Қарға үні тыншымайды.
Ол нені ойлайды екен?
Ақтөсім қыңсылайды.

Терезе әйнегінен
Сан сурет көрінеді.
Ар жағы торғын белге,
Күміс зер төгіледі.

Жүргендей кеңістікте,
Қыдырып қалқып әлі.
Ұйқасқа тағылмаған
Өлеңнің шарпылары.

Алмасқан маусымдарды
Көрдім де елжіредім.
Әсілі ақын емес,
Аунаған мезгіл едім.

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 31.10.2021 | 16:22

Керемет!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір