Жыр қағаны – Жұматай
Биылғы 30 қаңтарда ақын Жұматай Жақыпбаевтың туғанына 80 жыл толады. Соған орай, ақынның ғашықтық лирикасының музасы болған Ләйлә аруға арналған өлеңдерін беріп отырмыз. Шығыстың 49 ақыны жырлаған ғашықтық лирикасын жеріне жеткізіп, көркемдік сыйлап, жүрегінен қайта өткізіп, қазақ оқырманына сыйлаған Жұматай (Жұмағұл-Шора) Сағадиұлының жер бетіндегі күллі поэзия әлемінде рухы асқақтап, шабыттана жырлаған жырлары халқының жүрегінде әрқашан сақталады! Талантты дарын иесінің поэзиясы тек ғашықтық лирикасынан ғана емес, Ақан сері, Біржан салдардың ізімен, Ілияс Жансүгіровтің Жетісудың хош иісі аңқыған алуан гүлдерінің көз тартар көркімен жазған өлеңдері қазақ топырағында жасай берері сөзсіз!

Жұматай ЖАҚЫПБАЕВ
Ләйлә
«О, Ләйлә, мұңсызбын демеспін,
Қайғырса, қанатсыз емес кім?!
Бірақ та жынданып кететін
Мен саған Мәжнүн емеспін!»
Бала күнгі өлеңнен
Қасы да керік, қара алмас көзді, ай қабақ,
Мойныңа жұқа ал қызыл шарф байлап ап,
Алаулап жүзің аса бір асқақ нұрменен,
Алыстан тұрдың көз қарасыңмен аймалап.
Қарадың солай, қарадың солай, обал не,
Қарамадың ба, жоқ әлде?
Кетіп те қалмай, кетіп те қалмай,
содан көп…
Керемет бір ой кешікпей маған соғар деп,
Балалық шығар, бармадым сенің қасыңа,
Батырлығым басыма пәле болар деп.
Ойладым солай, ойладым солай, обал не,
Қате ойладым ба, жоқ әлде?
Қуаныштан күліп,
ойым бар шалқып билемек,
Кеттім мен, сосын, күнәсіз арман сүйрелеп.
Қап-қара шашты
бала ақын болып тұр екем,
Қабырғадағы айнаны көрсем үйге кеп.
Ақын боп кеттім, ақын боп кеттім,
обал не,
Болмайын ба, жоқ әлде?
* * *
Тынып ем, тұнайын деп тыныппын ғой,
Сен мені көрмеген соң ұмыттың ғой.
Жанымда мұң бар еді мың бәлелі,
Мен соған түсе-түсе құнықтым ғой.
Мен қазір көз салмаймын айналаға,
Ләйлә дертін жазар деп, Ләйлә ғана.
Елден ерек бұл не бұл?
Тәкаппар ұл көп ойлап,
қиялиға айнала ма?
Бұл мінез ұят болды.
Ұят болса,
Мен енді қашайын ба айдалаға?
Бозбала ақын, қай жөнді ес білемін,
Бір арман көкейімді тесті менің!
Көрінгеннен сұрадым, көрінбедің,
Эфирлерден жыладым, естімедің.
* * *
Ханшадай өзін ұстаған,
Қара алмас көзді, бал ерін,
Басынан құс та ұшпаған,
Бұла өскен асқақ жан едің.
Қара оқа құсап бұрымың,
Жалтылдап әрбір талы да,
Жарасып барлық қылығың,
Жараспай пенде жаныңа.
Көңілің балқып тәтті әнмен,
Кірпігің, қасың дірілдеп,
Өтуші ең жасыл бақтармен,
Өтуші ең шалқи күлімдеп.
Жадымда қалды жатталып,
Бек әсем қызыл көйлегің.
Күлуге сол сәт шақ қалып,
Қасыңды керіп сөйлеуің.
Жыр болсын басқан ізің де,
Аңыз боп атың әдемі.
Тәкаппар аппақ жүзіңде,
Тарыдай бір мең бар еді.
Жаныма бір мұң жетті де,
Жабығып өтті уақытым.
Тарыдай меңде кетті ме,
Таба алмай қойған бақытым?!
* * *
Қиялым едің қаршадай кезден жастанған,
Көретін болдым өмірден енді түрлі сын.
Сүюден сені жоқ еді менде басқа арман,
Қылыққа сол бір қызығып,
күліп жүрмісің?
Күле ғой, жаным,
күрсініп шыққан өр үнге,
Гәнжәуи жазған жырдағы
қызбен аттас ең.
О, Ләйлә, егер болмасаң өзің өмірде,
Басқа мұратты бас қатырсам да таппас ем.
Арманшыл жанның
бәрі де қиял мол шақта,
Жандарын өртеп, түсетін шығар отты ізге.
Махаббат даңқын шығарар
ақын болсақ та,
Өмірде, мүмкін, сүюден опа жоқ бізге?!
Дегенмен кейде телміртіп әрбір асылға,
Жаныңды жұлып,
жадағай үміт тонайды-ақ.
Басымды сипап
басқа бір қыздың қасында,
Далаға қарап отырам, сосын,
сені ойлап.
* * *
Ғажайып сәт неге қысқа сонша, әттең,
Қарадық та қызығына тоймадық.
Бір көргеннен – жалт қарастық,
сол сәттен,
Қара көзбен сиқырлы ойын ойнадық.
Жаңа мінез – жастық өбіп түнімен,
Жарық таңда жан боп туып үлгілі.
Шақырымнан қара көздің нұрымен,
«Сенікімін» деп сөйледік бір күні.
Көңіл босап, аяулы боп түріміз,
Көрейінші деген оймен бір анық.
Қарыс жерден бірімізге-біріміз,
Жете алмайтын жандардай
боп жыладық.
Жан толқытып тік керілген қас пенен,
Ерініңнен үлбіретіп күлкіңді.
Тұрғаныңда тіл жеткісіз асқақ ең,
Асқақ едің сұлулықпен біртүрлі.
Сол бір сәтті қаншама рет ойладым,
Қаншама рет айттым оны отты үнмен?!
Қара көзбен сиқырлы ойын ойнадым,
Одан артық қызық көрген жоқпын мен.
* * *
Кермиығым, мен сені кеш аңсадым,
Қаншама рет тоқтады десеңші әнім,
Ен дәулеттен айырылған сияқтанам,
Еске түссе ессіз күн, есер шағым.
Жұтқызбаған жұпарын жалбыз едің,
Жалбыз едің, жанымның жалғызы едің.
Кербез күшпен келдің де, билеп алдың
Келбетіңмен кеудемнің жанды жерін.
Бейнең сенің өңге бір, түске бір кеп,
Диуаналық жолдарға түскемін көп.
Таусылған соң амалым, тұрам ылғи,
Тағы да бір қиғылық істегім кеп.
Іздегенім сен болсаң, таптым қайғы,
Ондай жанға байыздап бақ тұрмайды.
Қисық-қыңыр болса да мен жүрген жол,
Бақыт үшін күреске таптырмайды.
* * *
Көк аспан оқалы жіп төкті,
Құйылтып көгілдір бақтарға.
Алаңда билер де бітпепті,
Көп қызық сол күні жатты алда.
Тек сырлар кеудеге тұрды енбей,
Уақытша аулақтап іргеміз.
Ат барда жаяулап жүргендей,
Сөйлестік басқа бір тілде біз.
Қысылып тұрдым мен, оттар көп,
Жүзімді жандырды, лаулатты.
Жастықта бәйге деп, көкпар деп,
Еш бимен жұмысым болмапты.
…Көп өтті содан соң билеп күн,
Есейдім, жалынды күйге ендім.
Сен маған сүюді үйреттің,
Билеуді өзім-ақ үйрендім.
* * *
Ғажайып сәттің туарын сезіп те керім,
Күн мінез Ләйлә,
күлімдеп кезіккен едің…
Ерке жүректі, ер кеуде, ессіз құсыңның
Естімедің бе: «Ләй-лә», – деп ежіктегенін?!
Ойламай жүріп жан бар деп жалғанда керім,
Әлемнен мынау көңілім қалғанда менің.
Өзіңді көріп өспірім, көзіңді көріп,
«Ақын болсам, – деп, – атақты», –
армандап едім.
Жанымды жаншып жылатқан
өкшең де… керім…
Басқаны көңілім бас алмай
көксер ме менің?!
Арманым, саған атың мен затыңа лайық,
Мәжнүн болып көрнекті,
жетсем деп едім.
Тағдырға маған оңай бақ
әперме деуші ем,
Ойлаушы ем жұрттың бәрін де
әкем деп өңшең…
…Гүл іздеп жүріп күнінен
айырылып қалған,
Әпенде көрсең, сәлем айт, әпенде көрсең!
* * *
Қара алмас көзді, қасың да керік,
Қадалмас саған жан қайда?!
«Хамсадан» біздің ғасырға келіп,
Қалып ең қалай паң, Ләйлә?!
Жүрегім бүйтіп бүлінбес еді,
Кетпес те еді ес-түсім.
Хиссадан шыққан күніңде сені,
Көрдім мен биде кешкісін.
Жарқылдап жүзің, жайнады өңің,
Қарасам, қайта жоқ бопсың.
Өлеңнен келген Ләйләны менің,
Өлеңім қалай тоқтатсын?!
Қасоқ ғазалдары
1
Қиырдан шыққан қырғынға үлгере білген,
Аламан қолы атына дүрліге мінген
Жалайыр Бала нояндай Мәлік хан менен
Жалаләддинді қуам деп Үндіге кірген.
Шаңдатқан ішін сан қала,
қалашықтардың,
Көз жазып жаудан,
жаурынмен бал ашып та әр күн,
Жаутаңдап қалған нояндай
сені ойлап жүріп,
Бар мақсат, арман-мүддемнен
адасып қалдым.
Көзіме келіп тигендей жасынның ұшы,
Ашылды сырым,
қайсардың басылды мысы.
Қыңсылап үрген, ұлыған үндерге толды,
Ию да, қию иткерке – басымның іші…
Ғашықтық тамам,
болды ма еркелік тамам?
Қарардай әлем
Сен құсап жиіркеніп маған…
Намыс пен мұңнан
Мысырға халифа болған,
Ұбақ Қыпшақтай ызадан өртеніп барам.
Тағдырға мынау.
Таусылды ақылым, демім,
Ақырым қорлық болды ма, ақырым өлім?
Тәуіптей емдеп, Тәңірдей жарылқа мені,
Ару ақ Күнім,
жұлдыздай жақыным менің.
2
Жаз өтті бастан, қыс қалды дедім,
Жерідің менен мүлде сен.
Ғұмырым бірден қысқарды менің,
не үшін, не деп күн кешем?
Кеудемде мейірім, ар-намыс барын
көрермін-дағы сорымнан.
Сұр өмір сараң алданыштарын
сыпырып алды қолымнан.
Көкірегіме шер толып, тектім,
айта алмай аузым мұңды әнді,
Өкініштен мен өртеніп кеттім,
Ішімде сұп-сұр күл қалды.
Ішімді сұп-сұр өртеңдей, міне,
Жайлады өңі өзге мұң.
Ыс иісіменен жиіркендірмей ме
Күлде өскен гүлдей сөздерім?
3
Көріп, тыңдап қанығам,
Көңіліме гүл қаптап.
Сенің мәнің-мағынаң,
Сәуле сынды мүлде аппақ.
Табылмас ем, дауа да,
Бұл сезімге мұңды, отты.
Жер не, сені ауа да,
Көтеруге міндетті.
Шипалы бал – өң, үнің,
Гүлдікіндей беделің.
Сәл жымисаң, көңілім,
Көктеп шыға келеді.
Адам түгіл, тасқа ауыр,
Азабыңнан езілгем.
Жаны мөлдір жас тәңір,
Жарылқай гөр көзіңмен.
Сүт иісің бұрқырап,
Жүлгеше ерке жүр кейін.
Жүрегімді жыртып ап,
Кебісіңді сүртейін.
Кешіре гөр, жыры үлгі,
Күйші ғұнның арманы,
Міндерімді бұрынғы
Және, сосын, алдағы!
4
Сезімдерге бөленгенде ең керім,
Жүзімізге, көзімізге нұр ұйып,
Гүл мен мұнар, кемпірқосақ еңбегін,
Бағалаймыз махаббаттан жымиып.
Біраз бақыт сыйлап еді жомарт күн,
Жаным, тәнім жабырқаудан тағы азды.
Ең ғажайып қазынамды жоғалттым,
Сенің күлкің бейнеленген қағазды.
Жаман ырым екен деп ем біртүрлі,
Ұрлады ма білмейтін жан обалды?
Мені көрсе, жарқ ететін күлкіңнің
Ізі де жоқ, ол да кейін жоғалды.
Қара бақыр пұты, бұты өзгенің,
Қайқы десем, тайқы ма еді маңдайым?
Мені көрсе күрсінеді көздерің,
«Мосфильмнен» мезі болған жандайын.
Көк сеңгірдей көркем, сұлу ойларым,
Ұсақталды, шашылды әрі тарыдай.
Күлкіңе де қанбадым, не тоймадым,
Кетем білем қуанышқа жарымай.
Сезімдерге бөленгенде ең керім,
Жүзімізге, көзімізге нұр ұйып,
Мұнар мен гүл, кемпірқосақ еңбегін,
Бағалаймыз жылай жаздап жымиып.
5
Бір бақыттан хабар берген есті үнмен,
Тәңірімнің дауысы ма естілген?
Маңдайына тиген қолдан ес жиған,
Жаралының жаңа халін кештім мен.
Жүрексініп айтып тұрмын мұны мен,
Мылқаулардың мида сөйлер тілімен.
Тәңірім деп табынып ем, Тәңірім,
Оң көзіңмен қарайсың ба шынымен?!
Есіркей ме, соқпай ма енді көк мені?
Қанша заман іштей бір зар төккелі.
«Ақ тәніңе ауа тисе, сол ауа,
Сорлы ерінім жетпегенге жеткені.
Үмітсіздік ішкенімді у қылды,
Қуалайтын күн бар ма екен қу мұңды?
Боз биенің сүтіндей бет, ерінім,
Бола алмай ма хлоры бар су құрлы?!»
Кенежирен
Алдынан сөре, артынан қиқу таялса,
Бұзау тіс қамшы бұтынан шақса шаянша,
Құлажирен ат құйқылжып шығып баянша,
Құла бір дөңнен құлдырар еді қоянша.
Арқасы қозса, ылди ма, өр ме, елемей,
Зымырар еді сындарлы сырлы жебедей,
Ауаны тесіп аспанда ұшқан кемедей,
Немесе безіп түрмеден шыққан немедей.
Зырқырар еді, сүрінем деп те қорықпай,
Тоқтатар оны кедергілер де жолықпай.
Сөрені бетке ап, үшкүндік
жерден зорықпай,
Құйындар еді құланын көрген қодықтай.
Ән болып біткен Құлагер әлгі күліктей
Бәйгеден келсе, кернейшілер де ілікпей,
Алшаңдар еді ала аяқтары бірікпей,
Қылықты қыздың қасынан
келген жігіттей…
Кенежиренді Шора сатып жібергенде
Жирен тұлпар – іштен туа қасқа бас,
Молда мінсе, дұғасынан тастамас.
Бермейтін-ақ атым еді, қайтейін,
Бес моторлы самолетке баспа-бас.
Таңда өзі ашып тақтай қақпа есігін,
Шыбынға да тигізбейтін кесірін.
Жабағыдай жатағандау болғасын,
Кенежирен қойып едім есімін.
Шоңайнаның мөрін жалға басып ап,
Бақша кірсе, қумайтын ел тасын ап.
Қорықшы да қамамай-ақ жүретін,
Өзін-өзі беделімен асырап.
Митыңдатып мінгенім бе енді есек?!
Бүйтер болсақ, бұл өмірге келмес ек.
Жұбымызды неге жаздың, бауырым,
Екеуміз де бәйгемізде теңдес ек.
Жер бетімен жирен жұлдыз ағарда,
Жұрт жаутаңдап иесіне қарар ма?
Сал Қуандық сан жырлаған
Сарноқай,
Енді мені есті жігіт санар ма?
Құбыладан қайтқан атты тосарда,
Қуаныштан көңіл енді босар ма?
Аламанға ат қосқанда жігіттер,
Жиренім жоқ, қара итті енді қосам ба?
Көрмегенің жұрттан қалған мал білем,
Жиренім жоқ, енді менің қалды нем?
Жұрт ағасын айырбастай бастаса,
Шөке, сені өткізер ем алдымен.
* * *
«Я помню чудное…»
А.Пушкин
Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде,
Көп кещеге қай бетіммен кектенем?
Бізге бақтың қолы бүгін жетер ме,
Мұқағали, Төлегенге жетпеген?
Байлық менің тие алмайды жыныма,
Құдайсызға керегі не пітірдің?
Мені егер де көзге ілмесе құбыла,
Онда мен де құбылаға түкірдім.
Менің жаным мейірімге құмар тым,
Достарым көп шалқар көңіл, сайын үн.
Жез шығатын жерден шыққан бір алтын
Жымиысын жиямын деп байыдым.
Биік әнді сүйе алмайды өзге ерін,
Мұндай бақты тұра алады кім ұстап?
Мен бір гүлдің гауһар мінез сөздерін,
Жүрегіме құйып жүрмін уыстап.
Соны көрем өңімде һәм түсімде,
Әлемге үлгі көрсетеді ол әлі.
Ол өкімет орнатқан бақ ішінде,
Әкімдіктен ақындық шен жоғары.
Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде,
Көп кещеге қай бетіммен кектенем?
Бізге өлімнің қолы, сірә, жетер ме,
Мұқағали, Төлегенге жетпеген?!
Шұғынық гүл төркіні
I
Шұғынық гүл төркіні –
шыршалы тау, шың іші –
Көкшіл мұнар құйылған
көркемдіктің ыдысы.
Текенің де мекені болған дейді ел, өтпейтін
Маңдайында қос бірдей
қорғаныстың қылышы.
Келте кекіл, кішкентай,
кері аты бар бір ақын,
Қараиректен тізгігінін
Сарноқайға бұратын.
Шора батыр тұғылы –
Қалмаққорым тұсында,
Шулы қазан, айғайшыл сиырлы ауыл тұратын.
Бірде вирус түмені табындарға тап беріп,
Аусыл болды сиырлар аузы-басы ақ көбік.
Шаңырақтай мүйізі шалғын сүзіп, теңкиіп,
Швед нәсіл, үнділік «әулиелер»
жатты өліп.
Амал-айла таппады андастың да бар шалы,
Шайқалатын болды енді біраз
ердің мансабы.
Карантин де жасалды,
шаралар да басқадай,
Акт жазып, спиртшіл малдәрігер шаршады.
Аспан ашық. Жайқалған «ауқау»
үшін гүл, міне…
Тыңдамады күндізді, тыңдамады түнді де.
Бақташының бақанын көңілге
алған секілді,
Кетіп жатты сиырлар
кеткендей боп Үндіге.
Алашапқын бастықтың басылмады
солығы,
Аудан-ауыл арасын ақ шаң қылды жорығы.
Тоқтамады сол індет тоқтады кеп сол кезде,
Темірғали ақынның
қызыл-жасыл шоғыры.
Сарноқайдың қазағы саусылдады,
жиылды,
Сабалардан күпілдек
сары қымыз құйылды.
Сусындары қанғасын,
сақал сипап болғасын,
Сары тісті, ақ қасты сұңғылалар қиылды.
Сағанақтан соққан жел
ызыңдатып өпкен-ді,
Ешкі сойып, епті қол жуан ызған ішектерді.
Төрде отырған Темекең –
мыңсайрамы адамның,
Төбе бише сөйлетіп ішектерді кеткен-ді.
Балпық бабаң тұсында болып
өткен шыңдағы,
Айқастарды жырлады,
таң атқанша тынбады.
Таң атқанша ел тыңдады,
аусылдан да қыңбады,
Таң атқанда ұйықтап, тал түсте де тұрмады.
Орнады бір тыныштық індет келген
тау-шыңға,
Ие бар ма сөзінде, кие бар ма даусында?!
Темірғали шоғыры аттанған соң ілгері,
Тыйылды ауыл озаны, бәсеңдеді аусыл да.
Аңызға да күлмеймін,
аңғалға да күлмеймін,
Ауылдағы атамның барлығымен бірдеймін.
Аусылынан айықты айыр тұяқ, қос мүйіз,
Әнінен бе, білмеймін?!
Дәріден бе, білмеймін?!
Екі езуі құлақта, екіндіге күн кетті,
Сауыншылар қайтадан орамалын гүлдетті.
…Қалай болсын, әйтеуір, қасиетті өлең-жыр,
Індетуге, жоюға індетті де міндетті.
Кең далаға суымен көркемдігін
жайған шың,
Ақ тілеуі бұрқылдап аңыз
шығар қайнарсың.
Алты ауылды қазақтың ақыны
кеп қалса егер,
Құрмет табар белдеуге құдіреті байлансын.
II
Көшпенді жұртты көресі тағдыр ер етті,
Көзсіз ер қашан көр-жердің бәрін елепті?!
Күндердің күні қағанның түркі нояны,
Күн Шығыс жақты қырына алса керек-ті.
Жорыққа малын, соғысқа барын ап кірген,
Тұқымы бөлек тұяғы құйма ат мінген.
Көктей де басып өтіпті Ұлы Қорғаннан,
Таусылмас түмен…
бір білсе санын хақ білген.
Атадан туа аруақтан ғана именген,
Жағасы жайлау шар болат сауыт кигеннен.
Ашылмас қақпа, алынбас қамал көрмеген,
Құзырына қаптаған түмен тигеннен.
Жалайыр Мұқа* жауларын шауып алғанда,
Тебініп атын теңізге дейін барғанда,
Шұғынық гүлдің төркіні, сені сағынып,
Өзіңе жетпей өтіпті дейді арманда.
Арша өртей қалсаң жұпары шалып әуені,
Аюы қаққан жабайы, қалың мәуені,
Бетіне пенде келмеген бектің
Қан толы,
Көзінен жасын парлатқан мына тау еді!
Суы мен нуы-ай, сұлудан бетер әсері,
Осында ғана ит-құсыңыздың да әсемі,
Ала қаппенен атанға алтын қомдатқан,
Мұқаға керек мына бір тарғыл тас еді!
Ноянмын мен де, шыбынға да жоқ зияным,
Қаршыға құстай, қаршадай ғана сияғым.
Шұғынық гүлдің төркіні, бірақ сенікі,
Қаруым барлық: арманым, ойым, қиялым!
III
Сараңға малын алдырған,
Сөзбенен құртып сүрегін,
Шөлде де шөлін қандырған,
Жыңғылға тартқан ұл едім.
Озбырлар алса бетімнен,
Жымию болды мұратым.
Ол кезде шырша секілді ем,
Қыста да көктеп тұратын.
Мойныма оны алайын,
Монтия күлген бір маған.
Шыбықтай қыздың талайын,
Құлмақша орап, шырмағам.
Бокста көзін ісіріп,
Қойғанда достың не түрлі,
Бетіне бастым қысылып,
Жапырақ қылып бетімді.
Қалмадым қарыз-құрызға,
Қыздырып тойын досымның.
Кезімде шыққан «қымызға»,
Күшәла болып қосылдым.
Қататын кезде әзерге үн,
Қаладан келіп айына.
Қаймақтай аппақ әжемнің,
Қалампыр болдым шайына.
Ай төккен сүттей жарықта,
Аулақтау кетіп топырдан,
Жылтырап аққан арықта,
Жалбызың құсап отырғам.
Құнардан өссе жер түгі,
Құлпырмай қалмас тау көгі.
Шұғынық гүлдің төркіні,
Шөбіңмін сенің сәулелі.
IV
Сіркіреп жауын, секпіл беттеніп жол үсті,
Үйтастардағы қуысқа құстар қонысты.
Жапырақтарға көшпелі гауһар іркілді,
Шұғынық гүлдер ал қызыл рюмка болысты.
Шала мас шалғын.
Сұлады өлең шөп тағы,
Беймәлім оған өмірде мынау жоқ-бары.
Ақ жардың жүзі жылаған
диірменшідей боп,
Ағызды Қусақ шатқалда ойран-ботқаны.
Құй, аспан, тағы құйғандай
досым шишаны ап,
Шұғынық гүлге – шекесі қызыл, ши сағақ,
Көйлегінің толқыны тоғыз вал ару,
Көзімен кеше білдірді нәзік ишарат.
Сарноқай жақта сімірдім қымыз мен кеше,
Құдайша бастап, қызыққа құлап пендеше.
Қараңғы түнде қауышқан қыздың бедері,
Саусаққа, шіркін, тиеді-ау соңғы пернеше.
Түнгі әннің соңы болар деп қалай,
именбей,
Басыма менің туса да келіп күй нендей,
«Алдияр» – дермін асқақ та сұлу қызыңа,
Шұғынық гүлдің төркіні, сені сүйгендей.
* Жалайыр Мұқа – Мұқали баһадүр,
Шыңғыс ханның атақты
қолбасшыларының бірі