Ұлыларды дәуір туғызады
01.03.2021
734
0

Сананың сілкінісі шығар, қазір тұлғатануға тереңдей бастадық. Зерттеушілер жаңа заманның идеологиясы да соны қажет етіп тұрғанын айтады. Ғалымдар да бұрынғыдай тек деректермен шектелмей, ақын, жазушыларымыздың, тұлғаларымыздың шығармаларына терең бойлай бастады. Осы серпілістің әсері де айқын көрініс беруде.

Жамбылтанудың бір жарым ғасырлық мерзімінде кеңес билігі орнасымен тұрпайы социологиялық танымға танылған әдебиетшілер мен философтар ұлы ақын тұлғасын- терістеуге дейін барып, тұрпайы социологиялық формалистік таным шеңберінен шыға алмады. Олар әдебиеттің партиялық, таптық ұстанымына сүйене отырып ұлттық мұраға айналған ақын туындыларын ғылыми тұрғыдан танып білуге кедергі жасап келеді.

Соңғы жылдарға дейін Жәкеңнің әдеби мұрасын танып білу, оны насихаттау жұмысының бәрі де материалистік, атеистік дүниетаным негізінде зерттеліп насихатталып келгенін ешкім де терістей алмас. Өйткені шындық осылай болып тұр. Жамбыл туралы көркемөнер жанрында жазылған шығармалардың бәрі де социалистік реализм талабы шеңберінен шығандап кете алмағаны, өйткені оған таптық дүниетаным қалқан етіп қойылғаны белгілі.

Жамбылды танып білудегі басты кедергі оның дүниетанымының барлық салаларын, яғни, философиялық, этикалық, эстетикалық, саяси-әлеуметтік салаларын анықтауға келіп тіреледі. Осы салалардың бәрін де қазіргі философтар материалистік модель тұрғысынан қарастырып келеді.

Жамбыл дүниетанымын танып білуде Жамбыл айтқан бұл ой пікірдің мән мағынасы, болмысы, тіпті, бөлекше өркештеніп дараланып тұр. Жамбыл бұл пікірін ХІХ ғасырдың соңын мен ХХ ғасырда айтуымен де ерекшеленіп тұр емес пе?

Енді жаңа дүниетаным тұрғысынан ойлап қарағанда, Жамбылдың әдеби мұрасы мен ақын дүниетанымын танып білу жолында жүргізілетін бүгінгі ғылыми зерттеу жұмыстарымыз қандай бағыт бағдарда болатындығын айқындауға аса басым түрде мән беретін уақыт келді. Жамбылтану саласында 175 жылдық мерзімде жазылған өткендегі ғылыми шығармашылық зерттеулерге де осы жаңа дүниетаным тұрғысынан қарап, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізге де сын көзімен қарап, бағалайтын боламыз. Бұл дегеніміз орасан зор қиын жұмыс болса да, қолға алатын тікелей парызымызға айналып тұр.

Академик Сейіт Қасқабасов пен жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған бүгінгі жамбылтану мәселелері жөніндегі ұсыныстарын құнды да құптарлық игілікті нәрселер.

1936 жылы Жамбылға алғашқы үйді, онан кейін 1938 жылы қазір музей болып тұрған үлкен үйді салған. Осыдан біршама уақыт алдын мен еліміздің астанасы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында жыр алыбы Жамбылдың музей-кітапхана үйін ашайық деп ұсыныс тастаған болатынмын. Әрине ұсынысымыз биліктегілерге жетіп жатса Жәкеңнің музейі мен кітапхана қоры етіп Тәуелсіз еліміздің Елордасынан неге ашпасқа?

Енді сол музей-кітапхана үйі тек өткенді сақтайтын мекеме ғана емес, ақынның өмірі мен еңбектерін зерттейтін ғылыми зерттеу орталығына ұласып жатса нұр үстіне нұр болары ақиқат. Ашылатын жамбылтану ғылыми зерттеу орталығы осы кемшілікті бір ыңғайға келтірер. Бұл үкілі үміт жүзеге асуы үшін республикадағы жамбылтанушы ғалымдардың басын қосып, ғылыми теориялық семинар ұйымдастырып, пікірлер ағысын айқындап, жаңа ғылыми танымға негізделген ортақ бағыт-бағдарымызды нақтылы түрде айқындап, бекітіп алуымыз аса қажет болып тұр. Осы тұрғыдан келіп жамбылтанудың болашақта алға қойылар міндеттері туралы өз пікірімізді араға салудың және басқалар тарапынан қосымша толтырулар болар деген үміттеміз.

Ендігі мақсат зерттеліп жазылған көптеген ғылыми еңбектердің идеялық ықпалынан оқырман санасын арылту үшін жаңа дүниетаным тұрғысынан ақын мұрасын жаңаша бағыттағы насихатты күшейту уақыт талабына айналғанын білу қажет.

Адам өмірден көрген білгенін, сол арқылы танып ұғынған ой пікірінің түйінін өлең сөз өнерімен сыртқа шығарған ой қазынасы да мәңгі өлмейді деген байламға келеді. Біздер мұның тереңде жатқан жұмбағын әлі де сезіне алмай келеміз. Бұған Жамбылдың өз өмірінен түйген сырын, немесе екшеп тереңнен алған ой қазынасын өлең сөзбен сыртқа шығарып, келер ұрпақ санасынан орын алып отыр. Жәкеңнің сөзі күнде ауызға алынып, мектеп, жоғары оқу орындарында күнделікті айтылып, өздерінше ой қорытып сөйленіп жатуы ақын сөзінің жан сияқты өлмейтін мәңгілік құбылысқа айналуында жатады екен.

Жәкеңнің барлық мерейтойлық қарсаңында еңбектерінің жинағы, ғалымдардың, зерттеушілердің ізденістері жарық көруде. Бірақ шынын айтсақ, бұл жинақтар асығыс, жылдам, тез даярланумен бірге ақын мұрасын ғылыми тұрғыдан өз деңгейінде таныта алмауда, себебі кеңестік тоталитарлық идеология оның өрісін тарылтты. Әдебиет пен өнерге, ғылымға таптық, партиялық принципті орынсыз тықпалап қақпайлай берудің қажет еместігін Қытай Компартия жетекшілері өз тәжірбиесінен көріп сезінуі себепті Дын Шау Пин: «Әдебиет пен көркем өнер саясатқа тәуелді деген сөз бұдан былай айтылмауы керек. Өйткені бұл ұран әдебиет пен көркем өнерге қисынсыз килігудің оп-оңай теориялық негізі болып шыға келді. Бұл тектес ұрандардың әдебиет пен өнерге пайдасынан зияны көп екені өмірдің өзі көрсетіп берген жоқ па?» – деп өте сындарлы пікір білдіруі өмір ағысынан туындап отырған шындық екенін көріп, сезінудеміз.

«Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» – деп жырлаған ұлы жырау халықтың ғасырлар бойғы көкейінде жүрген арманын өлеңмен жеткізді. Сондықтан да халқымыз Жамбылға «адалдық пен адамгершіліктің, әділеттілік пен ізгіліктің алып жыршысы» деген тарихи бағасын берді. Жамбыл бабамыздың ұшан-теңіз шығармашылық мұрасы – халқының талайлы тарихы мен шынайы өмірінің айнасы. «Қазақтың Гомері» атанған ақынның эпикалық дастандарынан, айтыстары мен жыр-толғауларынан біз ұлтымыздың өзіндік болмысын, өмір салтын, көркемдік дүниетанымы мен арман-мақсаттарын танимыз.

Сөз зергері Мұхтар Әуезов: «Ақындардың ақыны, айдын көлдей ақылы», – деп атаған Жамбыл Жабаев шығармаларына бүгінде терең бойлап, оның әр сөзінің салмағын сезініп, тәуелсіздік тұрғысынан бағамдап келеміз. Жамбыл өмірі – ол халық өмірі, ұлт тарихымен тамырлас тамаша тағдыр. Жамбыл шығармашылығы – Ұлы дала Елінің ұлағатты қазынасы! Жамбыл сынды ұлы тұлғаға арналған биылғы жылы өткізілетін іс-шаралар үлкен ғибратты ой, салмақты ғылыми-танымдық талдаулар болатынына сенімдіміз.

Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

Мемлекеттік сыйлығының иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір