«Абай» сериалының жүгі
22.02.2021
2921
0

«Медресені жауып, оны түрмеге айналдыру қылмыс емес пе?!»

«Сонда мұсылман мешітінің тағдырын архиерей шешетін болғаны ма!»

 «Мешіттің заңын шіркеуге, шіркеудің заңын мешітке таңуға болмайды.»

6 бөлімді «Абай» сериалын көріп отырып, Абай мен генерал-губернатордың арасында болған диалог пен Құнанбайдың аузынан шыққан осы сөздерді естіп туындының астарында жатқан зілді салмағын бірден аңғардым. Жалпы, бұл сериалдың көтерген жүгі өте ауыр. Тұшынып, түсініп, астарына үңіліп қараған адам көп нәрсенің байыбына барар еді. Ең әуелі бұл – көркем туынды. Ұтқыр тұстары да жоқ емес. Көркем шығармаға тән кейіпкерлер бейнесі де сәтті өрілген. Осыдан бір жыл бұрын сценарийімен танысып, кем-кетіктерін толықтыруға кеңес беріп, жақсы тұстарына көңілім жібіген еді. «Біткен іске сыншы көп» дейді қазақ. Үлкен шаруаның қаншалықты қиындықпен, қаншалықты жанкештілікпен жүзеге асатынын ескермей, үйдей пәлені үйіп, тырнақ астынан кір іздеп, қанға сіңген әдетімізбен міней кететіндерге онша қайран қалмайтын күнге жеттік. Бұл енді басқа әңгіме… Ал енді туындының көтерген жүгі қандай? Алдымен осыған назар салғанымыз дұрыс болар еді.

Әуелі Абайдың әлемін тану үшін ол өмір кешкен заманның саяси-әлеуметтік астарына мән бере қарағанымыз жөн. Міне, осы тұрғыдан мен көркем сериалдың ең үлкен екі арнасына айрықша тоқталғым келді. Туындының астарында жатқан үлкен екі арнаның өзегі өте салмақты. Бір арнасындағы мәселе – қазақтың рухани бодандығы, ділінен, дінінен айырылуының алғашқы сатысы яғни империяның шоқындыру саясаты. Ал енді екінші арнасындағы тартыстың өзегі – елді ала тайдай бүлдірген болыстық биліктің зардабында жатыр. Міне, екі тақырыпқа үңілсең, екеуінің де мақсаты қазақты бүлдіруде, басыбайлы бодандыққа итермелеуде жатыр. Осы жағдайды көркемдік тұрғыдан сәтті көрсете алған. Бір назар аударарлық мәселе – патша үкіметінің 1865 жылғы «Обрусительная палата» деп ашқан мекемесінің қазақтарды шоқындырып, орыстандырудың бір көрінісі – «Приходская школа» маңында жинақтауын туындының бөлекше жетістігі деп қарасақ болады. Мешіттерді жабу, Абай оқыған Ахмет Риза медресесінің жабылу тарихи үкімінің қазақтарды орыстандыру, христиан дініне шоқындыру жолындағы әрекеттері өте орынды көрсетілген. 1865 жылы 5 шілдедегі Екінші Александр патшаның қолымен ресми саяси құжат ретінде жазылған раскриптіге сүйене отырып, екі нәрсеге айрықша назар аударылды. Оның бірі – қазақтардың бәрін бірыңғай билеп-төстеудің жаңаша жүйесін жасап, яғни «жаңа низам» деп аталатын ережені 1867 жылдан бастап өмірге нақтылы ендіру мақсаты көзделді. Екіншіден, сериалдағы детальдар қазақтарды православие дініне ендірудің бар мүмкіндіктерін қарастыру арқылы көзделген орыстандыру саясатының түпкі мақсатын меңзейді. Талай сырды бүгіп жатқан тарих қатпарларына үңіле қарар болсақ, патшалы Ресей империясы өз қоластына енген көп тілді бұратана халықтардың ғасырлар бойы тұтынып келе жатқан жазуы мен діни нанымын істен шығарып, мүлде шоқындырып жіберу саясатын тым ерте күннен бастағанын XIV ғасырдағы шуваш, мордва, коми халықтарының тарихынан көреміз. Мысалы, коми халқынан шыққан священник Стефан 1383 жылы епископ дәрежесіне көтерілді. Ол орыс графикасы негізінде коми алфавитін жасап, миссионерлік қызмет атқарды, немесе XVI ғасырдағы Ресейдегі Қасым хандығының соңғы мұрагері Сайын Болатханның шоқынып, өз атын өзгертіп Самсон атанғаны да тарихтан белгілі жәйт. Бұл – шоқынған бұратана атаулының ата-анасы қойған есімі міндетті түрде өзгертіліп, оның аты мен фамилиясын орысшалап қоятын дәстүр сол тұста-ақ қалыптасқанын аңғартады. Ресей патшалығының ең сенімді идеология майданының аса белсенді тобы – миссионерлердің бар амал-айласы, күш-қуаты татар халқын шоқындыруға жұмсалғаны тарихтан мәлім. Бұл мәселені түпкілікті жүзеге асыруды миссионер ғалым Ильминский қолға алды. Осы күрес үстінде ол кертартпа ресми педагогиканың өкілі ретіндегі өзі жасаған педагогикалық миссионерлік жүйесін татарларға ендірді. Ильминскийге дейін-ақ 1802 жылы қарулы күшпен шоқындырылған он мыңдаған татар православие дінінен бас тартып, өз дініне қайта бастады. Ал 1803 жылы Святой синод татарларды қайта шоқындыруға бұйрық берді. Дағыстандықтарды шоқындыруға шетел миссионерлері келіп араласты. Ал Ильминский болса шетелдік миссионерлердің осы тұрғыда жүргізген саясатының тәжірибесін үйреніп, үлгі алу үшін шетелдерге жіберілді. Өйткені бұл кезде патша үкіметінің дінге ендіру, орыстандыру ісі күшіне еніп, бүкіл Сібір, Кавказ, Волга бойы халықтарын тұтас қамтыды. Ендігі әрекет өрісінің ауқымында алдымен қазақтар, артынша Орта Азиялық халықтар тұрды. Бірақ бұл өлкені орыстандыру, шоқындыру үрдісі жағдайға, уақытына қарай бағдарланып, халықтың діни наным мен салт-дәстүріндегі ерекшелігіне орайластыра жүзеге асырылды. Әсіресе миссионер ғалымдар алдымен қазақ елінің рухани болмысы мен өткендегі тарихи жолын, психологиясын, мінез-құлқын, салт-сана дәстүрінің ерекшелігін, билеу жүйесін, яғни өздеріне қажет буынды да ұрымтал тұстарын терең зерттей отырып, миссионерлік саясатының стратегиялық негіздері мен тактикалық әдістерін, мақсаттарын анықтап отырды. Қазақтың мінезін әбден зерттеген миссионерлер басқару жүйесінде түбегейлі зерттеп, болыстық жүйені енгізді. Міне, қазақтың бүлінген тұсы осыдан басталады. Бұл ауқымды тақырып сериалдың тұтас мазмұнын, мақсатын айқын көрсетіпті.

Жұрт арасындағы пікірлердің кейбіреу­леріне тереңдей назар сала қарағанымда байқағаным – көпшілік фильмнің астарындағы жоғарыда кеңінен қаузалған мәселеге мән бермеген тәрізді. Егер бұл деректі фильм болса, онда жөн-жобасы да басқаша болар еді. Ал көркем туындының аты – көркем туынды. Кейбір кіші-гірім элементтерге шұқшиып, фильмнің масштабындағы идеяға назар салмай, ала-құла пікір айтушыларды байқадым. Фильм Абай заманын тұтастай қамтыған. Абай бейнесі өзгеше. Халыққа жақын, ел арасында жүрген, адами болмысы, пенде ретіндегі тыныстары да көрініс тапқан. О баста сценарийді оқығанымда Абай мен Шоқанның кездесіп, сол заман болмысында орын алған саяси-әлеуметтік мәселеге қарым-қатынасын, жаңаша талап деңгейін суреттеуі автордың шығармашылық табысы деп бағалаған едім, өкінішке қарай, ол тұсы фильмде көрсетілмепті. Ал енді Құнанбай образы өзгешелігімен көзге түсті. Бұрыннан таптаурынға айналған образдан бөлек. Ақталғаны, жаңа көзқараспен бағамдалған әділетті Құнанбайды көрдім. Дәл осындай өзгеше сомдалған тағы бір кейіпкер – Оразбайдың тұлғасы. Тұтастай алғанда сюжеттік желіде Оразбайдың салмағы да басым. Оның да өз шындығы бар. Соншама тайталасқа түсіп жүрсе де, кісілігін көрсете алатын қазақтың мінезі байқалды. Оразбай образы да жаңашылдығымен қуантты. Осы секілді Жиреншеге де, Бөжейге де тоқталуға болар еді. Образдардың барлығы да көңілге қонымды. Жалпы алғанда, тарихи тақырыптағы шығарма хроника мен дәйек­ке ғана сүйенсе, оның әсері көрерменге соншалықты ықпал ете қоймайды. Фильмде көркемдік шешім молынан қамтылған. Күңіреніп, қыр басында отыратын, адам ретіндегі Абай бейнесі ұтымды шыққан. Ақынның құсалануы, қапалануы, фильмнің финалында сәтті берілген. Оның арман-тілегінің «Ақ кемемен» ұштастырылуын да ерекше атап көрсететін көркемдік шешім деп бағалауға болады.

Шығарманың басты мақсаты – тарихта болған оқиғаны баяндап беру ғана емес, тарих арқылы бүгінгі санаға ықпал ету. Сол мақсат­ты орындаған туындының бірі екені сөзсіз. Теледидар саласында жуырғы жылдардан бері тарихи тақырыптардағы көркем сериалдардың шет жағасын көріп, байқап жүрмін. Прогресс байқалады. Президент мақаласында да: «Тарихи тақырыптардағы туындыларды көбірек түсіру керек», – деген жақсы ой айтылды. Алашорда тарихын арқау еткен «Тар заман» сияқты тәп-тәуір телефильмдер көбейе түссе, ұрпақтың ұлттық санасын оятуға қадам жасағанымыз болар еді. Абай әлемін көркем туындыға арқау еткен шығармашылық топтың да ізденісі көп. Жоғарыда айтқан тарихи телефильмдерді бұған дейін де түсіріп, қалың көрерменге ұсынған екен. Демек, көшке жол ортадан қосылғандар емес. Абай әлемін, Абай образын тану үшін әлі де талай жұмыстар атқарылады ғой, Хәкімнің 175 жылдығына арнап, ұлттық арнаның халқына үлкен тарту жасағаны тәуелсіз сананың бір мысқалы болды деп қарауға болады.

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ

абайтанушы ғалым,
филология ғылымдарының
докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір