Күй тілімен сөйлеген…
23.02.2021
1046
0

Тәкен Әлімқұлов

Қазақ әдебиетінде әңгіме жанры сөз болғанда әуелі есімізге Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Бейімбет Майлин, Ыбырай Алтынсарин, тағы басқалары түседі. Сөз жоқ, олар әңгіме жанрының ұсталары һәм алғашқы қарлығаштары. Ал  олардан соң бұл жанрға қалам тербегендер, әңгіменің әрін келтіргендер болды ма? Болғанда қандай? Тәкен Әлімқұлов, Сайын Мұратбеков, Тынымбай Нұрмағанбетов, Қалихан Ысқақов, Дулат Исабеков, Қарауылбек Қазиев, тағысын тағылар болып жалғасып кете береді. Сол толқынның арасында таңғажайып теңеулерімен, тапқыр ойларымен, сөз ойнатудағы ерекше мәнерімен Тәкен Әлімқұлов топтан суырылып алға шыққандай көрінеді маған.

         Тылсым Тәкен шығармашылық жолында 2 роман, 7 повесть, алпысқа жуық әңгіме жазыпты. Сол туындыларда нендей тақырып қозғалмады десеңізші. Өнер, өндіріс, қала мен ауыл тіршілігі, бәрі-бәрі қамтылды. Қай тақырыпты алса да Тәкен бір қазыққа байланып қалмайды, ол ең алдымен өмірдің өзін, адамдардың өмірін, іс-әрекеттерін, мінез-құлықтарын, ішкі тебіреністерін суреттейді. Суреткердің кейіпкерлері – өзіміз күнде көріп жүрген таныс та бейтаныс адамдар. Пенде шіркіннің басынан нелер оқиғалар өтпейді, сүрінесің де тұрасың, қайғы-мұңға батасың да жадырайсың, күлесің де жылайсың. Кейбір адам бойында оғаш  қылық, түсінбес түйсік бар. Жазушы қызықты хикаяттарды көркем, келісті тілмен баяндағанда кейіпкерлерімен біте қайнасып, араласып кете барасыз. Шығармада өткір әжуа, жеңіл әзіл де бой көрсетіп тұрады. Мұның барлығы қазақтың бойында бар мінездер. Жоғарыдағы оқиғалар, сюжеттер, характерлер тұтаса келгенде адам жанының неге шөліркейтінін аңғарғандай боласыз.

         Әрине, көркем әдебиеттің негізгі тіні (обьектісі) – Адам. Оның рухани дүниесі. Соларды жарқыратып көрсету арқылы тәрбие деген Тәңірге табындырады, бас идіреді. Түптеп келгенде Тәкен Әлімқұлов – өнер адамдарына, олардың өнергершілік өміріне айналып соға берген қаламгер. Бұған оның туған жері, оның өнерлі өрендері де әсер еткені анық. «Сарыжайлау», «Қараой», «Телқоңыр», «Көк қаршыға», «Сейтек сарыны» секілді әңгіме-повестерім  мен «Қобызшы Қорқыт» романтикалық дастаным өзіме ұнайды», – депті Тәкендейін текті қалам иесі. Осы шығармалардағы Махамбет, Тәттімбет, Ықылас, Сүгір, Ақан, Сейтек қазақтың – біртуар шаңқанбоздары. Асекең, Асқар Сүлейменов ағасы Тәкен творчествосы туралы толғанысында «Тәкеннің шаңқанбоздары» деп текке тоқталды деймісіз.

         Оқырманның кейде араға уақыт салып сөреден суырып алып бір кітапты қайталап оқығысы келетіні бар. Мұндайда мен көбіне Тәкен ағаның туындыларына қайта айналып соға беремін. Мені қаламгердің шығармаларына шырмап қойған қандай күш? Бүгінде парасат биігінен ойлап отырсам, Тәкеннің тартылыс күші – сыршылдығы мен шыншылдығында екен. Оның қай шығармасынан да жалғандық немесе ақиқаттан ауытқу таппайсыз. Сендіреді. Иландырады. Сонымен бірге көркем тіл, образды ой-жүйесі үндестігінің үрдісін мүлде үзіп алмайды. Сөз, сөйлемге келгенде шашау дүние таппайсыз. Аз жазса да саз жазады. Соның өзінде кейіпкерлерінің ішкі иірімдерін жан-жақты ашып, күрделі психологияға толы көркем бейнелер жасай алады. Өрелі қалам өнер адамдарын көп толғады дедік. Әрине, өнер адамдары кірпияз, шікәмшіл, болмайтын жерде байыпсыз байбаламға барып, күтпеген мінез көрсететін немесе «ішімдегіні тап» деп тымырайып отыратыны жасырын емес. Осы характерлер қақтығысын түрлі штрих-детальдармен қолмен қойғандай етіп көрсете білу кез келген жазбагердің пешенесіне жазыла бермесі тағы  анық. Оған сезімдер сапырылысы, көңіл мен табиғат тылсымы астасып, күрделі картина көз алдыңызда тұра қалады.

         Тәкаппар да тылсым Тәкен «Сапар», «Жазғы жаңбыр», «Боз жорға» атты үш поэзиялық жинағын шығарған ақын болатын. «Жұмбақ жанда» ол сарабдал, сыршыл сыншы ретінде танылды. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан көркем прозаға ден қойды әрі тарлан тартқанын танытты.

         Әлімқұлов әлемін шарлағанда оның әңгіме жанрына мейлінше мұқият болғанын пайымдаймыз. Пайымдағанда оның күй тіліне тым шебер екенін көреміз. Тәкендейін тарланның домбыра шертіп отырғанын көрмедім. Бірақ күмбір күйдің не сөйлеп, нендей гәпті шертіп жатқанын бар жанымен, шын тінімен түйсініп, түсінгеніне туындылары куә. Созақтың сар даласында сыршыл суреткер Сүгірден бастап Төлеген, Файзулла, Генерал, Жаппас сияқты талай тарландармен тоқайласып, сырласқаны белгілі. Олар туралы көркем әңгімелер жазды. Солардың ішінде Сүгірге деген сүйіспеншілігі ерекше болғанын «Кертолғау» атты әңгімесінен байқаймын. Сүгірдің күй тудырар алдындағы көңіл сазы, сезім тербелістері Қаратаудың қарбас желіндей аласапыран, ала құйын. Қаратау сияқты күйшінің де басынан қаншама бұлт көшпеді дейсіз. Тұңғыш перзентінің шетінегенін еске алып қамыққан күйші құлыны өлген биенің жан әлемін туындысына арқау еткісі келеді. Туашақ күйдің дірілдей дөңгеленетін бунағы қуалай соққан қоңыр желді елестетсе, қайырмасы сол желдің уілдеген уһіліне ұқсайды.  Өкініштің ләззаты жүректі әлдилейді. Сүгір қанша толғанса да тұтас күйдің бас-аяғын жинай алмай алас ұрады. Көңілі күпті. Ой-санасы қиыр кезіп кеткен. Жазушы Сүгір күйшінің осынау арпалысты сәтін сенімді суреттейді. Жалпы, Тәкен күй тілімен сөйлегенде көсіліп сала береді. 

         «Күйші атаулыда басыр түйсік болмақ. Сол түйсік Сүгірдің кеудесінде оқыс оянды. Оның сезімтал саусақтары домбыраның сағасына шоршып түсті де тың дыбыстар шығара бастады. Енді шертіс те, шымшыс та өзгерді. Өкініштің орнын уаныш басты. Домбыра аңырамай, еркелеп шыға келді. Бейне қу шанақтан қызыл құлын кісінегендей болды. Жіңішке, әсем әуез төгілді. «Тәйри-тәйри-тәйри-тай» деген нәзік те ерке дыбыстар сағалықтан бұғалыққа қарай өрлеп, бара-бара құлшына кісінеп кетті. Жансыз ағашқа жан бітіп, ыңқылдады. Пернелер иіп, екі ішек еңірегенде көк бие қоса еңіреді. Артынша осқырынып, еміренді. Қоңыр құлынды иіскегенде жәудір көзі жасқа толып кетті.

         Бие иіді..

         Күйші бусана балқыды…»

         Оқып отырсыз, әңгіме қалай-қалай көсіледі. Шебер де шымыр сөз күй тіліндей көсіліп те шешіліп тұр емес пе? Көзге ұрар бірде-бір көмескілік көрінбейді. Бұл әңгімеде де табиғат, жылқы, адам тағдыры астасып, алапат бір сезімді бастан өткересіз. Әңгімеден қарадүрсінділікті таппайсыз. Болмысқа көңіл көзімен үңілген қаламгер оқырманын ой орманына орап, өзімен бірге ілестіріп отырады.

         Талғампаз қаламгердің қай туындысын алып қарасаңыз да тұнып тұрған сырға бай. Мәселен, «Көк қаршыға» әңгімесіндегі Ақанның тоғышар топтан бойын аулақ салып, Ыбан атты мылқау баласымен оңаша қалуы оқырманды бей-жай қалдырмайды. Сырт көзден оқшау жүрген Ақан серінің өз-өзімен бетпе-бет келуі ішкі толқын-толғаныстарын қоздатады. Ал  көркемдік шешімге келгенде жазушы шебер де шыншыл.

         Түптеп келгенде Т.Әлімқұлов туған жерінің жыршысы. Оның «Ақбоз атынан» бастап «Күрең өзен», «Тұлпарлар тағдыры», «Ел мен жер», «Замана екпіні» сияқты кітаптарының кейіпкерлері – Теріскей топырағының адамдары. Азды-көпті жасымызда солардың бірқатарын көзіміз көрді, үзеңгі қағыстырып бірге жүргеніміз де болды. Сондықтан ба, Тәкен ағаның туындылары мен кейіпкерлері маған тонның ішкі бауындай жақын.

         Тағдырлың тартуына тәнтімін. Осынау талғампаз да тылсым жазушымен Теріскей төскейінде талай тоғыстым. Ол аға болды, мен іні едім. Алғашқы туындыларымның бірін «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялатуға себі тиді.

         1984 жылы «Замана екпіні» атты кітабын (новеллалардан құралған роман) Тәкен ағаға алып бардым.

         «Сабырбек ініме! Екпінді жазушы бол. Бірақ сыршылдықты қала! Тәкен. 2.ІХ. 84 ж», – деп қолтаңба жазып берді. Сондай-ақ «Ел мен жер» атты кітабына естелік жазып ұсынды. Осы кітаптар ең қымбат қазынам ретінде үйімнің төрінде тұр.

         Тәкенді тұшынып та, таңырқап та осы күнге дейін үзбей оқып келемін. Қоңторғай күйімді көрген кей достарым: «Жазушылық бүгінгінің жолы емес», – деп қаншама қайталаса да, қаламымды қару етіп бір сәулелі үміттің соңынан ілбіп келем.

         Бәріне қолымды бір сілтеп, кәсіпкерлікке кетіп қалғым келген күндерім де болғанын несіне жасырам енді. Бүйірден соққылайтын сыншылар да табылады. Сондайда түнеріңкі Тәкен аға түсіме кіреді.

         «Сабыр, батыр, сабыр! Атың Сабыр еді ғой», – деген бір үн құлағыма келеді.

         Тәкен аға, Сіз көрсеткен жолмен жүре алсам ғой, шіркін! Рухыңызбен желеп-жебеп жүргейсіз.

 Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір