Жаратқаннан тіледім!..
16.02.2021
986
0

Нұрлан ОРАЗАЛИН, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

 «Көпке қорлық жүрмейді…»

                                      Абай

ДҰҒА

 

Сыбырласып терек пен тал, құрағым,

Қара түнде көшіп өтті бір ағын.

Жерлеуіне бара алмаған жандардың

аруағынан кешірімді сұрадым.

 

Тірлік шарты…

Өмір салты өзгерді…

Алты құрлық аласұрды. Көз көрді.

Ғарыш…

Ғалам…

Қылкөпірде тұрғандай,

Айла жетпес, ақыл алмас кез келді.

 

Бір ұлы Күш айналдырды ұршықты.

Айналымға кімдер кіріп…

Кім шықты?

Есебінен қайтқандардың жаңылдық.

Ұлы Ғалам қасыреттен тұншықты…

 

Мәре-сәре қуанышқа тоймаған,

Қалды күндер ат шаптырып тойлаған.

Боздақтарын жоқтап үнсіз Боз Дала,

қайғы-шерден көз ашпай бір қойды Адам?!

 

Жүгін жиып үлгермеген жас үйдің

қаншауының қабіріне тас үйдің?!

Ей, ағайын!

Жан-Азада болмаған

Аруақтардан кешу сұрап, бас идім.

 

Намыс ойнап бір сұрапыл қанымда,

Нәлет айтып Ібіліс пен Залымға,

Арыстарға бағыштадым Дұғамды,

Жанып кеткен Тажал атты жалында.

 

Оймен үзіп, шамырқанып көгенді,

Сөзбен үзіп шектеу менен шегенді.

Жаратушым!

Қадыр түнгі қабыл ал,

Өлгендерге бағыштадым Өлеңді!

 

Ұйқы көрмей…

Күлкі көрмей түнедім…

«Лә-Иллаһи! Ил-Алла!» деп түледім.

«Жер, Тіршілік оралсын!» деп қалпына

Жаратқаннан тіледім!..

                                   Қадір түні.

                                   19 мамыр, 2020 жыл.

 

ТАҢҒЫ ДАУЫС

Күз салқыны сергітіп бой, денені,

алуан-алуан бұл басқа ой келеді.

Таңғы самал кезеді көкті шарлап,

адамдардың күлгені, сөйлегені…

 

Тыңдап мұңын жүрегім көк пен жердің,

жетеді үні азап-мұң шеккендердің.

Тірілердің өкпесі, назы келмей,

келеді үні бақиға кеткендердің.

 

Жұртыма аян:

Әу бастан қалағанмын,

Тағдырымды өлеңге балағанмын…

Бата берген ақсақал қарттарым мен

келеді үні әкемнің, жан анамның.

 

Жасанды жыр… Келмейді сөз жасағым…

Әр өлеңім, әр ойым – өз жасағым.

Тілдесемін жерменен, ғарышпенен,

қара түнде төгіліп өзге сарын…

 

Дала…

Ғалам…

Бір бүтін, сыр, ұғынам,

Ойлар босап шығардай құрығынан.

Қалың аруақ сыбырлап құлағыма,

қалқитындай көгімде ұлы қыран.

 

Таңның нұры себездеп тау ұшынан,

Күн менен Түн ауысып, ауысып ән.

Ұлы Дала болады оянғандай

мың-мың жылғы бабалар дауысынан.

 

Тыңдап мұңын шер-қайғы шеккендердің,

Жырлап үнін жүрекпен көк пен жердің,

«Тірілерді қолдай көр!

Жебей көр!» деп,

Атын айтып ояндым кеткендердің!

 

Атын айтып ояндым Көк пен Жердің!

 

АСАУ ТАҒДЫРЫМ

Алла берген Өлеңім!

Сен арқылы теңеместі теңедім.

Қуанғанда – қанат болдың ұшатын,

Мұңайғанда – жігер қостың, жебедің.

 

Құшағында ағынның

Өмір сүрдім…

Күйдім…

Жандым…

Сағындым…

Мәртебеңді биіктету үшін мен,

қара түнде ақ қағазға таңылдым.

 

Сезіп ойдың, салмағын,

Жыр-теңіздің көк айдынын жалдадым.

Тірлік атты тұңғиықта тұншығып,

Салдым сүрең…

Еңістедім…

Самғадым…

 

Азаймады мұң, қайғым…

Өмір өтті…

Еңіретті…

Ұлғайдым…

Біреу үшін диуанамын сөз баққан,

Біреу үшін көз талатын шыңдаймын!

 

Көп пе? Білмен?.. Аз ба күн?

Аллаға аян алда қанша маздарым?

Бір Ақиқат:

Кесімді сәт біткенше

көрем елмен Тәңірімнің жазғанын…

 

Өзіңменен Өлеңім!

Бәрін…

Бәрін…

Бірге жүріп көремін.

Сен жаңылма,

Менің асау тағдырым!

Соңғы сағат соққанынша…

Жебегін!

 

Алла берген Өлеңім!

 

***

Жер де…

Көк те…

Қаз-қалпында кешегі…

Көкала бұлт кешегідей көшеді.

Тау да, тас та, көк өзен де қалпында,

толқын атып, жағалауды еседі.

 

Аршалы сай, бұйра бел де – кешегі,

салқын самал сайды қуып еседі.

Бусап жатыр кешегідей табиғат,

қыздың жиған бейне сәнді төсегі.

 

Көркем дала шертетіндей бір күйді,

сұлу ғалам жүрегіме жыр құйды.

Кешегідей таңды оятып, бұлбұл құс,

жетім шынар шың басында үрпиді…

 

Көне сурет…

Көңілді арбап қыр, дала,

Күн көрінді бұлт ішінен ұрлана.

Көк тұманның арасынан көрінді

құла ат мініп, қой қайырған бір бала.

 

Кешегідей…

Кешегідей…

Қыр…

Дала…

Күн көрінді бұлт ішінен ұрлана…

 

ЕСКІ ҚОРЫМ

Ескі бір ән есетіндей,

ескі сарын көшетіндей;

естен шыққан ескі қорым

көлеңке боп өсетіндей.

 

Сай-саладан арман ескен,

ескі шарбақ қалған естен,

ескі қорым,

мың сан жұлдыз

тіл қатардай жанған-өшкен.

 

Үретіндей қара күшік,

қалың тырна барады ұшып…

Естен көшкен ескі жұрттың

аспанынан тамады шық.

 

Ән қуалап көп күзді естен,

(Жүрек тулап, от, сыз кешкен).

Өткен өмір көлеңке боп,

көшетіндей жеткізбестен…

 

Сапырып түн көмескі ойды.

Дала сұлық…

Жел еспейді…

Ескі қорым арасынан

Өзге дәуір елестейді…

 

ЕРКІНДІК

Өртім – сертім…

Өртім – дертім…

Өртім – мұң…

Өмір сүрдім. От орандым. Серпілдім.

Жастық шақта бәрі, бәрі жарасты.

Ойым – еркін!

Сөзім – еркін!

Еркінмін!

 

Құсым да еркін қонатын-ды көліме,

Түсім де еркін, нұр сыйлаған шөліме.

Көктем – еркін…

Жазым – еркін…

Күзім де…

Қысым да еркін қар жауатын беліме.

 

Тауым – еркін…

Бауым – еркін…

Көк – еркін…

Жұлдыз жауып, әнін еркін себер түн.

Бозбала күн… Бозала таң себездеп,

боздайтұғын сай қуалап жел еркін.

 

Атам еркін, әжем еркін өсірген,

еркелікті әкем, анам кешірген.

Өтті күндер жалаңаяқ су кешіп,

достарменен еркін тауды көшірген.

 

Хиялымда – қамшы басып, өскен жер,

жүгін теңдеп өшкендер мен көшкендер.

Ғасыр қалды…

Асыр салды ішімде

Еркін дәуір – тебісіп, тел өскендер.

 

Еркін айлар…

Еркін жылдар – ертегі…

Өртім…

Сертім…

Шанақты кеп шертеді…

Немеремнің сүйдім үнсіз маңдайын:

Өмір неткен көркем еді!..

Өрт еді!

 

Еркіндігім тамырымды өртеді.

Еркіндігім шанақты кеп шертеді…

 

***

Түн қараңғы. Аңыраған күздеймін.

Сыртта жаңбыр. Әлдекімді іздеймін.

Көбі кетіп, азы қалған өмірден,

үнсіз тынып, үмітімді үзбеймін.

 

Қара жаңбыр сабап жатыр ауланы,

Найзағайдың жетеді үні таудағы.

Қазан ұрды…

Қарақазан тірліктің

сезіледі көкжиекке ауғаны.

 

Күндер қайда омыраулы, саялы?

Бөтен ойлар…

Неге құшақ жаяды?

Басы жалын, өрті қалың жалғанның…

Енді, міне…

Қара жаңбыр – аяғы…

 

Жаңбыр!…

Жаңбыр!

Басылатын еместей…

Жүрек төрін тербейді бір көмескі ой.

Жастық шағым тіліп өткен аспанды

жарқ-жұрқ еткен найзағайлы елестей…

 

Ұлиды жел…

Бір адам жоқ сырды ашар.

(Сәттер қайда көңіл демін бір басар?)…

Ауладағы күрсінердей кәрі емен…

Достар қайда?

У да-шу боп қырды асар?!

 

Түн қараңғы… Бір адам жоқ сырласар…

 

ҚҰДАЙ – ӘДІЛ!

                            «Түн қанша қараңғы болғанымен,

                            таң атып, Күн шығуын тоқтатпас…»

                                               Қытай мақалы.

 

Жаңылдың ба тіршіліктің шартынан?

Көріп тұрмын: Жанарыңда бар тұман…

Өмір өтер. Өтер-кетер желтоқсан,

келер көктем қаһарлы қыс артынан…

 

Бұлғап қолын қызғалдақты төбелер,

бұлақ күліп, сай-салада шөп өрер.

Ұлы ғалам ұйқысынан оянып,

ұлы таулар, ұлы қырлар көгерер.

 

Сұлу ғалам қайта түлеп, бұлқынар,

сұлу қала сылаң қағып, құлпырар;

сұлу қыздың жанарында от ойнап,

сырлы ақынның жүрегінде жыр тұнар.

 

Ашынғанның үні қатты – көк тесер,

тасынғанның сөзі қате – от кешер;

басылғанның жүйкесі жүн – жығылар,

ел жадынан елін сүйген кетпес ер.

Дүниенің басы – шаттық, арты – мұң,

Көріп тұрмын: Сөйлеп отыр шалқып ұл…

Түбі…

Түбі…

Елін сүйген жеңеді,

Онсан ғасыр, мың жылдардың салты бұл!

 

Артық айтсам…

Тәңір кешсін!

Кеш күнім,

Жер бетінен есіл ерлер көшті мың.

Қалу, қалмау – пешенеден…

Бұйрықтан!

Өзі де өлмес, сөзі де өлмес естінің.

 

Жаңылдым деп, тіршіліктің шартынан,

Жабықпағын!

Қарашада – қар, тұман…

Қамықпағын!

Адам – мәңгі… өлмейді,

Дәуір туар дәуірлердің артынан!

 

Құдай – әділ!

Жаңылмайды шартынан.

 

ҚАЛЫҢ ДҮБІР

                «…И ты, Брут?!»

                            У.Шекспир

 

Айыпты кім?

Айыпты?..

Өзің ғана!

Өтті бәрі…

Желге ұшты. Сезім – нала.

Ойың…

Ісің…

Өртенді – күлге айналды.

Өсектеді пенделер көзіңді ала.

 

Адам еді қимайтын «жамандарға»,

бірге талай ұмтылған «қамалдарға»,

Тобыр талап жатқанда міз бақпастан,

қарап тұрды шіркін ұл…

Амал бар ма?!

 

Асау жылдар, ұзады жалынды жыр,

көрдің заман көзінен сағымды құр.

Өмір өтті кешегі көз алдыңнан,

Өтті…

Кетті…

Ұзады қалың дүбір…

 

«Кешегі дос – бүгін жау…»

Есіруде…

Есіріп ап, кірісті көшіруге.

«Болмадыны болды қып» аттандасып,

Ақиқатты кірісті өшіруге.

 

Көрді бәрін шыққыр көз, қарашығың,

жалт бұрылды тағы бір «жанашырың».

Сенім – көзсіз… Шайқалды туын ұстап,

сақтамақ боп ақырғы жарасымын.

 

Бәрін үнсіз басқарып «ісі мығым»,

Адалдығың, қор болды кісілігің.

Әділдігің «бұлбұлдай көзден ұшты»,

Тізгін алды «тобырлық»…

Түсін, інім!

 

Қозғап, ырғап іштегі бекіністі.

Отқа түсті. Өртенді оты күшті.

«Троянның атына алданғандай…»

Алданды жұрт…

Алданды!

Өкінішті!..

 

***

Сақта, Құдай!

Ұлы өзендер тасуда,

арнасынан асуда;

ақтарылып мұхиттар,

ақ көбігін шашуда;

таулар мініп ашуға,

қалаларды басуда,

төңкеріліп мұздықтар

жағалаулар қашуда…

Көктің тіліп жебесі,

Қара жердің көбесі

жатқандайын сөгіліп,

жиырылып денесі…

Таудың құлап төбесі,

қозғалғандай жер өсі,

кезіп, шарлап жүргендей

заманақыр елесі…

Осы ма еді көресі?!

Тақағандай тірліктің

Ақтық сәті…

Мәресі…

Сақта!

Сақта!

Демеші!

Есті түзе!

Ей, Пендем,

Көк қозғалса, Жер өсі…

Қорғай алмас, ұмытпа,

Нұқтың да Ұлы Кемесі!

 

Сақта, Құдай!

*осы тақырыптағы жетінші өлең.

 

ҚАРАЛЫ ШІЛДЕ. ҚАРА ІНДЕТ.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың

сөзімен айтқанда, «түсініксіз пневмония»

елді қаусатып барады.

Жақсы хабар есту – мұң болды…»

(«Іштегі ойлар», күнделіктен, 20 шілде, 2020 жыл.)

 

Қаралы хабар бүктірді,

Құдайдың барын ұқтырды.

Қазақтың көгі аңырап,

қайғыдан көзге шық тұрды.

 

Буғандай түзді кешке мұң,

жұлдыздың көрдім өшкенін.

Тәңірім берген өмірдің

әп-сәтте көрдім көшкенін.

Пенделік тынды. Қалды айып,

Арман өртенді…

Ән-ғайып…

Үміттің жібін үздірмей,

Өмірді…

Қайтып жалғайық?!

 

Сабыры – салқар, тосатын,

қосылмастарды қосатын,

Құдыреті күшті Тәңірім,

қиналған елге қос ақыл!

 

Тұншықты шерден көп ойым,

Тығылды. Үнсіз көмейім.

Қаралы хабар шөктірген

азалы жұртқа не дейін!

 

Ұрлап кеткендей отымды Ай,

Қара түн болды тоқымдай.

Қаралы жиын болды ұмыт,

Жан-Аза қалды оқылмай…

 

Қайғырды қала… көшелер…

Қапыда кетті кешегі ер…

Салынбай қалды топырақ…

Адастық біздер…

Кеше көр!

 

Қаралы хабар бүктірді,

Құдайдың барын ұқтырды.

Кеше көр!

Алла, пендеңді!

Қайғыдан көкке шық тұрды!

 

ТҰР БЫЛАЙ!

Жүректі үңгіп бұрғыдай,

Ызыңдай берме!

Тұр былай!

Пендесің сен де…

Пендемін!

Жаратқан бізді бір Құдай.

 

Тау ма едің биік?

Көк пе едің?

Өртеп кететін от па едің?!

Тергейтін сонша кім едің?

Кергі ме!

Тақ па текке мін!

 

Келеді адам, кетеді…

Бір күндік қызық өтеді.

Байлық та, бақ та – Алладан,

Бергені…

Тәубә!

Жетеді!

 

Күлем бе? Тынып жүрем бе?

Өзгеше өмір сүрем бе?

Жазылған бәрі маңдайға…

Құдай емессің…

Шіренбе!

 

Жүректі қажап бұрғыдай,

Жүйкеге тиме!

Тұр былай!

Сені де, мені жаратқан

Құдыреті күшті бір Құдай!

 

Тұр былай!

 

ЕЙ, ЖҰМЫРБАС!

Шайқап ойдың кемесін,

Ақ толқынмен жағаласып келесің.

Дәуір – теңіз…

Ақырып тұр айдыны,

жетегіне ап заманалар елесін.

 

Қалың аруақ…

Елес-өмір…

Елес-үн…

Түнгі оттардай бір жанып, бір сөнесің.

Тамырыңды билеп-төстеп уақыт,

күйіп-жанып, киіп жарып келесің.

 

Бөтен сарын…

Бөгде дауыс көшеден

естілердей,

есіңді алып пешенең.

Табынасың…

Бағынасың «Жазуға»

Тәңір жазған әке менен шешеден.

 

Жер тәртібі:

Жеңілесің!

Жеңесің!

Бірте-бірте айдауына көнесің.

Көбейтесің елестердің қатарын,

Періште едің…

Пенде болып өлесің…

Ей, Жұмырбас!

Шайқап жүріп

Дүниенің кемесін!

 

ҒАРЫШ ҮНІ

«Господи! Напоминай мне,

что сердце часто

спорит с рассудком.»

Экзюпери, «Жалбарыну»

 

Беу, Құдырет! Бұйрығыңнан жоқ асқан:

Қалды күндер тұлпар мініп, дөң асқан.

Жан мен Тәнді салып тез бен қадаға,

шақырды үнсіз қалың жұлдыз, көк аспан.

 

Сезім – бөрі…

Ой – атылар барыстай…

Жыр туар ма аламанда жарыспай?!

Қу жүректі қажытты індет жұлмалап,

қара түнде шақырды үнсіз ғарышқа Ай…

 

Жалған менен жалғап бақи арасын,

қара орман мен күрсінді тау, қара шың.

Құбыладан жетті талып бір сарын –

ұлып қалған,

құрықталған Жарасым.

 

Шақырды Көк…

Күн шыққанда, батқанда:

Жазда…

Күзде…

Ақпанда…

Тұтқыны боп құрсаулаған сұрақтың,

күй кештім мен түскен аңдай қақпанға.

 

Ала қашып, армандарды бар ізгі,

Өткен өмір ескен желдей қара үзді.

Қара түнді, күңірентіп даланы,

Көшті Ғалам…

Көшкен дәуір тәрізді.

 

Әлде – жұмақ… Естен шыққан таныстай…

Әлде – дозақ… Қалың қорыс, қамыстай…

Арасынан мына алапат тажалдың

қолын созып, шақырды үнсіз ғарышқа Ай…

 

Өзгенікі секілді боп өз демім.

Өртте қалдым…

Қауқарсызбын…

Көзде – мұң…

Қара індеттен құтқара көр, Жаратқан!

Кең дүние кебін киді өзгенің…

 

Жырға айналды көргенім мен сезгенім…

 

***

Өтті жылдар. Өртендім. Дүбір кештім.

Өз тағдырым…

Өз үнім…

Жырым – көшкін…

Өз өмірім.

Өз сөзім.

Тәубә!

Тәубә!

Өз мінезім.

Өзгермей ғұмыр кештім.

 

Өзіме аян!

Сірә, сор? Сірә, бағым?

Өлең болды Тәңірден сұрағаным.

Ғұмыр кештім Жүректің бұйрығымен,

жалған мұң мен жалған сөз құрамадым.

 

Досым – өлең…

Досым – ой…

Досым – арым…

Бар байлығым, қазынам – осы барым.

Сенем анық – кеудемде бір дәуірдің

Жел, дауылға алдырмас қосы барын.

 

Тау, даланы, аралап сахараны,

Атар әні…

Өмірдің батар әні…

Біздің дәуір бітпейді, жалғасады,

Бір биікке түбі Жыр апарады.

 

Жырым – ғалам…

Жырым – үй…

Жырым – көшем…

Кең Дүние!

Кеудемде дүбірле Сен!

Адалдықтың таратып ақ сәулесін,

Соңғы демім біткенше дүбір кешем.

 

Кең Дүние!

Кеудемде дүбірле Сен!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір