СӘРУАР

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, жазушы Нұржан Қуантайұлы ердің жасы елуге толды. Қаршадайынан қалам ұстап, сөз өнеріне, әдебиетке адал болған қаламгер туралы аға буынның пікірлері мен ой-толғамдарын назарларыңызға ұсынамыз.
Оқырман сенімін күмән өлтіріп, үміт алға жетелейді. Адамгершілік мұраттың құндылықтары құлдырап, ізгілік пен зұлымдықтың, парасаттылық пен надандықтың, имандылық пен залымдықтың, адалдық пен сатқындықтың шекарасы жойылуға жақын қалған қоғамда үміттің нәзік сәулесін өз замандастарыңның шығармаларынан ғана емес, табиғатының тазалығынан да іздейтініміз рас. Бір жағынан ол заңдылық та. Өйткені, атқан таңның арайынан жақсылық күтпеген әдебиеттің ғұмыры – қысқа, болашағы – бұлыңғыр. Ал, ақиқаттың ақ семсеріндей қынабынан суырылған сөз құдіреті небір нәубат замандар келіп, басына қандай қиындықтың қара бұлты төнсе де, ар-ұят үшін күресіп, күдіктің құшағында тұншығып өлмей, үміт отын жағумен келеді.
ӨНЕРДІҢ ҮМІТІ – ТАЛАНТ
Өнердің киесі – халық, сенім артатын үміті – талант. «Балағының биті бар» ұл-қыздарын дер кезінде танып, мәпелеп өсіріп, қолқанатына айналдырған халық қана келешекте осы істерінің жемісін көріп, өркениетке бағыт сілтейтін игілікке қол жеткізеді. Талай рет айтылып, көкейімізде сайрап тұрғанымен, өкінішке қарай, біз жылдан жылға, үміт арқаны әдебиеттің қазығына байланған ақындардың шығармаларын талдап, бағасын бере алмай барамыз. Әрине, оның әр түрлі обьективті себептері мен субьективті сылтаулары көп. Әдебиет әлеміндегі кез келген құбылысты қалт жібермей қадағалап, таза шығармашылықпен айналысуға тіршілік қамыты мойын бұрғызбайтын өлара мезгілде, таланттарымызды құмнан алтын сүзгендей іздеп отыратын мүмкіндіктің қолы байланғанын несіне жасырайын.
Бүгінгі ұрпақтың көзіне мүлде басқа планетада болған қиял-ғажайып ертегідей елестейтін өткен ғасырдың сонау сексенінші жылдары жасы елуге келген ақын-жазушылардың жетістіктері, шығармашылық табысы, жаңалығы мен жеткен биігі жөнінде жанашыр ағалары салиқалы сөз бастап, соңынан ерген інілері қостап, мақалалар жазылып, дүние дүркіреп жататын. Тәуелсіздіктен кейін «балапан басына, тұрымтай тұсына» кетіп, біз осындай әдемі үрдістен көз жазып қалдық. Керісінше, дүниенің тегершігі кері айналып, адамды қабілеті мен біліміне емес, қолындағы билігіне қарап бағалайтын әділетсіз қоғамда өмір сүрудің соры пешенемізге жазылған қиын заманға тап болдық.
Ұлы Абайдың соңынан ерген шәкірттері Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтарлар бастаған алыптар тобынан кейін де, рух алаңындағы парасат майданы толастамай жалғасып келеді. Сөз өнеріміздің дәурені дүрілдеп тұрған алпысыншы, жетпісінші жылдардағыдай болмаса да, сертіне берік, аманатына адал жандар бүгін де арамызда бар. Соңынан жақсы сөз ерген, сондай сегіз қырлы, бір сырлы замандасым – көрнекті ақын әрі талантты жазушы Нұржан Қуантайұлы.
Адамгершілік мұраттарды жырлау үшін қыр қазағына тән қоңыр дауысымен, биязы мінезімен, өнерге үлкен дайындықпен келген ол лирикалық жырларымен жарқ ете қалып, елге алдымен ақын болып танылды. Сезімі мөлдір бұлақтай тұнық, айтар ойы анық, ұлттық бояуының нәші қырғауылдың қанатындай құлпырған жас жігіттің тырнақалды туындылары аға буынды да, бір итжейдені бұрынырақ тоздырған замандастарын да, тай құлындай тебіскен құрдастарын да бірден елең еткізді. Мүмкін, мұның себебі, «өлең деген күре тамырдай даңғыл жолға өз соқпағымен келiп қосылған» жігіттің көбіміз елемей жүргенді аңғарып, көрмегенді байқап қалатын елгезектігінде ғана емес, арзан сөздің алданышын қуып кетпей, көңіл-күйіндегі аласапыранды көркемдік шындықтың тілімен жеткізе білетін суреткерлік шеберлігінде де жатқан шығар. Білмеймін. Білетінім, Нұржан поэзияға бірдеңе үйрену үшін ғана емес, үйрету үшін де келген – мінезді ақын.
Сiре, сiре, сiре қар,
Сiре қарда кiм оңар.
Сiрi қалған мына бiз,
Сiз табыңыз бiр амал.
Қара түннiң қаймағын
Айқай бұзбас, ой бұзар.
Орманды сөздiң аймағын
Омбылаған ой бұзар.
Алаңдаған көңілдерге ой саларлық салмақты өлеңдерімен «культурасы зор ақын» екенін танытып, халық ауыз әдебиетінің қайнар бұлағынан қанып ішіп, жаңашылдықтың желек жапырақтарымен жайқалған Нұржан поэзиясы ұлттық ұғымнан ажырамай, әдебиетке табиғаты бұзылмаған шыныдай таза қалпында жеткенімен бізге қымбат. Ежелгі аңыздардан бастау алып, жыраулар поэзиясымен жалғасып, Абай, Мағжан, Ілиястар өрісін ұлғайтып, Мұқағали, Жұмекен, Төлеген, Сырбай, Кеңшілік, Жұматайлар жаңаша түрлендірген ұлттық поэзиямызға өз бояуының нақышын қосқан ақын өлеңдері оқушыларын магнит өрісіне бірден тартып әкетті.
Сөзді темірдей балқытып, қандай тақырыпты жырлауға да Нұржанның қабілет-қарымы мен тіл байлығы жетеді. Алайда, ол аз күндік дүрмектің қызығын қуып кетпей, алыс сапарға ұшатын құстай қамданып, бір шумақ өлеңді жазу үшін ұзақ толғанып, оқырманын ынтықтырып, айтқысы келген сөзін қайта-қайта ой көрігінің сынынан өткізіп барып қана қолына қалам алып, өте сараң жазатын – талғампаз талант. Өкшемізді басып келген замандасымның осы ерекшелігін аса көрнекті ақын Темірхан Медетбек те аңғарып, ақ жол тілеп, батасын беріпті: «Нұржан Қуантайұлының тағы бiр менi сүйсiнткенi өзiнiң бiр шыққан биiгiнде қалып қоймай, өзiне де, өзгеге де тосын, өзiне де, өзгеге де белгiсiз тың өрiстерге шығуға құмарлығы. Бұл ретте ол оқыған көзге де, естiген құлаққа да оқшау көрiнiп, тiптi оғаштау естiлетiн образдар мен сөз тiркестерiнен де қашпайды».
ЖЫР ҚУАТЫНЫҢ ӘСЕРІ
Өлеңдерін оқу барысында көзіміз жетті, Нұржан ең алдымен көзімен көргендерді көңіліне түйе алатын – суреткер ақын. Әйткенмен, оқырманға ұмытылмас әсер мен эстетикалық ләззат сыйлайтын екі қасиет – шынайылық пен тазалық жоқ жерде жадағай суреткерлік талабы биік көңілдерді көншіте алмайды. Сондықтан да Нұржан өлең жазудың жоспарын орындауға білек сыбана кірісіп кететін «ақындықтан» бойын да, ойын да аулақ ұстап, көңіл қазынасының қоймасындағы шын асылды тапқанда ғана, Аллаға жүрегін ашқан тақуадай жан сырын ақ параққа ақтарып, мұңын шағады. Міне, сондықтан да шынайылығын жоғалтпаған, тазалығына кір жұқтырмаған, өлеңнен өлеңге өсіп отыратын ақынның көру аясының көкжиегі кеңейіп, танымы тереңдеп, ой-өресі биіктей түседі.
Неге сені ұнатам, неге, неге, сары күз,
Көңіл шіркін жетті ме кенереге, сары күз,
Таусылмас деп жүргенде алаңғасар бәріміз
Опа бермес өмірді орталаппыз, сары күз.
Ұрттап-ұрттап өмірден шала мас боп қалыппыз,
Сүйтсек, айналайынды несиеге алыппыз…
Бұлықсыған бұла күн буырқанып өтті ме,
Қос самайға із тастап жастық шағым кетті ме,
Айтшы, айтшы, сары күз, қайда кетті сол күндер,
Қайырылып қарасаң, біреу бар ма көрдім дер?
Жо, жо, жоқ. Нұржан өмірден көрген қиындығын қой санағандай тізіп, пәтерінің жоқтығын, бала-шағасының көптігін айтып, зарлап қоя беретін жылауық ақындардың сойынан емес. Барлық уақытта да оның мұңы қоғам қайғысымен, ұлт қасіретімен ұштасып, ол өз жанының ақиқатын арзан айғайдың емес, көркем шындықтың тілімен оқырман жүрегіне жеткізуге ұмтылады. Және, қалай әдемі де, әсерлі жеткізеді десеңізші.
Торғайы ұшқан сор далам,
Толғамалы найза толғатар ердей қомданам.
Тұтам емшектей ту бие үшiн нар бабам,
Тұттай баланың тұрмысы үшiн нар бабам
Басы қайда қалмаған?
Салқар тарихты сайына тығып сар далам:
«Қараша жұрттың қай сөздерiн қарманам»,
Қадiрi қашқан, қаһары асқан заманда
Қазағым қайда аумаған.
Маған Нұржанның әдебиетке жан-тәнімен берілген жанкештілігі, сөзді құбылтып, ойды ойната білетін шеберлігі ғана емес, ақындық жанының сәруар тазалығы ұнайды. Өйткені, ол «жаны таза адамдардың ғана сұлулықты туғыза алатынын» (Глинка) жақсы біледі. Нұржан Қуантайұлының өнердегі жан тазалығы туралы жақсы өлең көрсе жаны қалмай балаша қуанып жүретін, күні кеше ғана өмірден өткен ақын ағамыз Аманхан Әлімнен асырып айта алмайтын шығармыз, сірә. Талантты інісіне жазған бір хатында ақын ағамыз былайша ағынан ақтарылыпты: «Сендегі, яғни, бойыңдағы маған ұнайтын қадыр-қасиет: салмақтылық, сабырлық, шүкірлік, сосын, кеуде керіп, бұтқа толмай айналаңа, ортаңа барынша қарапайым адами-азаматтық тұрғыда қарайтындығың. Көпке жақындығың, көпті жатсынбайтындығың. Бұл сыршылдық пен шынайылыққа, жан тазалығына, яғни, орыстың классик ақыны Николай Рубцовша айтқанда «поверте мне: я чист душой!» немесе «пусть она останется чиста,// До конца…» дегеніне саятын қадыр-қасиет! Мен сенің солай екендігіңе, солай болып қалатыныңа сенемін! Ал, ақындығыңды менің ұстазым – поэзия ақсүйегі, кірпияз, шығармашылық және азаматтық-адами қарым-қатынаста жан тазалығын жоғары қоятын шікәмшіл Қуан ағам, Қуандық Шаңғытбаев бағалаған. Поэзияңдағы тіл көркемділігі, образдылығы, музыкалық саздылығы қаншалықты төл топырағымыздан өрген болса, сол шығармашылық қадыр-қасиеттер прозаңда да соншалықты байқалып, көрініп, сезіледі. Бұл сенің нағыз көркем поэзия мен көркем прозаның өкілі, яғни, ұлт ақын-жазушысы екеніңді көрсететін құбылыс».

«ҚАРАӨЗЕК»
Әдебиетке ақын болып келгенімен, бір қызығы мен Нұржанның прозасын оқып, алдымен оны жазушы ретінде таныдым. Прозасы болғанда да әңгімесін емес, Совет одағы күйрегеннен кейін жолайрықта қалған жоғалған ұрпақтың тағдырын кескіндеген кесек туындысымен танысып, қатты сүйсіндім. Шығармашылығымен, сыртынан таныстырған ақын досым Әмірхан Балқыбек болды.
Жақсы дүниені елден бұрын оқып қоятын ол бір күні маған Нұржан Қуантайұлының «Қараөзек» романын мақтап, ынтызарлығымды арттырды. Бірақ Алматының кітап сататын сауда орындарын табанымнан таусылып аралағаныммен, досым мақтаған автордың шығармасын таба алмадым. Ақыр соңында оны Әмірханың өзінен әзер сұрап алып, бір демде оқып шықтым. Кітапқа алғысөз жазған, рухани кеңістігіміздегі болып жатқан жаңалықтардың бәріне сергек сезіммен қарайтын әдебиетіміздің мэтрі Герағаң ғана (Бельгер) бұл туындының ерекшелігін жақсы талдап, жоғары баға беріпті: «Қазақ әдебиетінде бұрын-соңды сондай дәлдікпен, нақтылықпен, шынайы деталь-көріністермен бейнеленген кеңестік дәуірдегі түрме өмірінің қыртыс-қалтарыстарын нанымды және жан-жақты ашып суреттеген көркем шығарманы тұңғыш рет оқығаным. Есіме әрдайым Достоевскийдің «Записки из мертвого дома» деген романы түсіп отырды…. «Қараөзек» – қазіргі күрделі өміріміздің бет-пердесін жұлып тастап, жан-жақты ашып, айқын суреттеп, ащы шындықтың көріністерін әшкерелеп, тартысты һәм әсерлі бейнелеген роман екеніне көзім жетті. Жас адамның зеректігіне, ойлылығына, байқампаздығына тәнті болдым, сүйсіндім».
Кеше «Қараөзек» романын қайтадан оқып шығып, Герағаңның осы сөзінің растығын мойындамасқа амалым қалмады. Шығармада Хақназар есімді жас жігіттің аянышты өмірі арқылы тәуелсіздік алғаннан кейінгі өліарада өмірден өз орнын іздеген тұтас бір ұрпақтың тағдыры шебер суреттелген. Романды оқып отырғанда Нұржан Қуантайұлының алған тақырыбын тиянақты зерттеп, жан-жақты ізденгеніне дән риза болдым. Басы артық детальдар мен сюжеттер атымен жоқ. Тілді жақсы білгендіктен емін-еркін сілтеп, көсіліп-көсіліп жазады. Алайда тілді жақсы білетінін көрсету үшін көпсөзділікке ұрынбайды. Жазушы оқырман көңілін магнитше тартып әкете алатын ситуация жасай біледі. Шығармадағы кейіпкерлердің мінез-құлқы түрлі ситуация барысында ашыла түседі.
Романды оқып отырғанда Нұржанның тақырыпты түбін түсіріп тұрып зерттегенін бірден байқадым. Кейіпкерінің де өмірден алынған адам екеніне еш шүбәм жоқ. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған Хақназардың іс-әрекеттері соншалықты нанымды, адамдық сезімі соншалықты табиғи суреттелген.
Шығармадағы жағдайлар өз заманының оқиғасы, өзі куә болған дәуірдің көрінісі болғандықтан роман өте шынайы шыққан. Жалпы, кез келген жазушы ең алдымен өз заманының суреткері болуға тиіс. Өмір сүріп отырған қоғамның шындығын көрсете алмаған адамнан нағыз жазушы шықпайды.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары әр түрлі жағдайлар болды ғой, елімізде. Әсіресе, өліара кезеңде, 92-96 жылдары. Романды оқи отырып, солардың бәрін қайтадан көзбен көргендей, сол уақыттың суық лебін арқаммен тағы бір сезгендей ауыр әсер алдым.
Батыстың алдыңғы қатарлы жазушыларында ғана кездесетін стильдік, формалық ерекшіліктерді Нұржанның бұл шығармасынан көп кездестірдім. Яғни, жазушы романды жазуға отырар алдында әлем әдебиетінің классикалық туындыларын қайта-қайта парақтаған. Олай дейтін себебім, Нұржан Қуантайұлының шет ел жазушыларының көптеген прозалық шығармаларын қазақ тіліне өте сәтті аударғанын жақсы білемін. Бұл – үлкен дүние. Америка жазушылары Эрнест Хемингуэй мен Альберт Мальцтың «Үндіс ауылы», «Ойын», орыс жазушылары Варлам Шаламов пен Владимир Набоковтың «Жидек», «Үрей», көпшілік жыға тани бермейтін испан жазушысы Фернандес де ла Регераның «Жалғыздық», түрік жазушысы Сейфеддин Омердің «Прогресс», Сирия жазушысы Үлфат әл-Идлибидің «Кек», жапон жазушысы Сюгоро Ямомотоның «Улану – қиын нәрсе» т. б. суреткерлердің классикалық әңгімелерін ол ана тілімізде сөйлетті.
Жалпы, аударманың жазушы адамның шығармашылық шеберлігінің шыңдала түсуіне тигізетін пайдасы көл-көсір. Өйткені аудармамен айналысқан қаламгер өзі тәржімалаған жазушымен рухани бәсекеге түскендей болып, шығармашылығын жетілдіре түседі. Міне, осындай жан-жақты дайындықтың да романның сәтті шығуына зор пайдасы тиіпті.
Романда әрқилы жағдайлар баяндалатын эпизодтар, оқиғалар бар. Біресе өмірді автор хат арқылы көрсетеді. Мысал үшін, романның өзі Хақназардың досы Құрмаштың хатынан басталады. Жазушы хат арқылы қоғамның шындығын боямасыз суреттейді. Кейіпкердің жан күйзелісін де хат арқылы әдемі сипаттайды. Оқиғаны бірінші жақтан баяндай келіп, жазушы бір кезде жымын білдірмей екінші жаққа көшіп кетеді.
Романда қолданылатын түрме терминдері сырт көзге елеусіз ғана нәрсе болып көрінгенімен, кейіпкерлердің табиғатын ашуда үлкен қызмет атқарып тұр.
Өз басым «Қараөзек» романын тәуелсіздіктен кейінгі жылдары дүниеге келген классикалық туындылардың қатарына батыл қоса аламын. Сонау алпысыншы жылдары әдебиетімізді дүр сілкіндірген Әбіш Кекілбай, Мұхтар Мағауин, Сайын Мұратбеков, Тынымбай Нұрмағамбетов, Төлен Әбдікұлы.., сексенінші жылдардың орта шеніндегі Несіпбек Дәутайұлы, Рахымжан Отарбаевтар, берідегі, тоқсаныншы жылдардың басындағы Нұрғали Ораз, Жүсіпбек Қорғасбектердің шығармаларынан кейін, соншалықты қарапайым, соншалықты шынайы, соншалықты көркем жазылған туындыны бірінші рет оқып отырмын. Бұл романның алдағы уақытта әдебиетіміздегі өзіне лайық бағасын алатынына бек сенімдімін.
«Қараөзек» – тақырып қуып жазған көп шығармалардың бірі емес. Бір жігіттің тағдыры арқылы бүкіл ұрпақтың трагедиясын көрсеткен кесек туынды. Ремарктің «Үш дос» деген романы бар ғой. Біздің әдебиетіміздегі сондай классикалық туынды бұл.
АмангелдіКЕҢШІЛІКҰЛЫ,
сыншы

«Нұржан Қуантайұлы өлеңдерінің мені тұщындырған бір қасиеті – оралымды, көркем тілі мен көңіл кілтін тап басатын бейнелеу тәсілдері болды. Бұл – оның шебер ақын болатынының жақсы кепілі. Мен дарынды жас досыма инемен құдық қазғандай ерінбей, жалықпай еңбек етуді тілеймін»
Қуандық Шаңғытбаев,
1991 жыл.
«Қараөзек» романы – төрт құбыласы түгел дүние. Бас көтертпей, тартымды оқылады. Өмір шындығы шебер суреттелген детальдары тазалығымен күмістей сыңғырлап тұр. Кейіпкерлер тегіс көкейде қалады. Олардың тағдыры толғандырады».
Әзілхан Нұршайықов,
2001 жыл.
«Қараөзек» романы – қазіргі күрделі өміріміздің бетпердесін жұлып тастап, жан-жақты ашып, өтірік-жалғансыз айқын суреттеп, ащы шындықтың көріністерін әшкерелеп, тартысты Һәм әсерлі бейнелеген роман екеніне көзім жетті. Жас адамның зеректігіне, ойлылығына, байқампаздығына тәнті болдым, сүйсіндім. …Психологиялық тұрғыдан да, кейіпкерлердің жан дүниесін бейнелеп көрсетуде де, қоғамдағы қым-қуыт тартыс оқиғаларды нанымды, шынайы таңдауда (сұрыптауда) да романның дөп шыққан тұстары аз емес.
Нұржан Қуантайұлы есімді жазушының барлығына қуандым. Оның «Қараөзегін» қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар роман деп бағалаймын».
Герольд Бельгер,
2007 жыл.
«Нұржан ақын – қиядағыны қапы жiбермейтiн байқағыш қана емес, сол көргенiн қаршығадай қағып түсетiн алғыр ақын. Өлеңдерінің бәрi қазақ жанына жақын. Ұлттық колоритке бай. Нұржан Қуантайұлының тағы бiр менi сүйсiнткенi: өзiнiң бiр шыққан биiгiнде қалып қоймай, өзiне де, өзгеге де тосын, өзiне де, өзгеге де белгiсiз тың өрiстерге шығуға құмарлығы».
Темірхан Медетбек,
2008 жыл.
«Мен Нұржан Қуантайұлының поэзиясын алғаш, оның Алматыға оқуға түсуге келген кезінен бері оқып, ақынның әрбір жақсы өлеңіне қуанып келе жатқан оқырманы әрі аға әріптестерінің бірімін. Оның поэзиясындағы ТІЛ, ОБРАЗ, МУЗЫКА (ТОМ), жалпы көркемдік пен суреткерлік мені қатты қызықтырады. Нұржанға менің ардақты ағам әрі ұстазым Қуандық Шаңғытбаев бата беріп, оның жас та болса, тілді сонша игергеніне таң қалып, тамсана айтқанына да, жазғанына да куә болғанмын. Бұ мәселеде Қуан ағам Есенғали мен Нұржанды қатты бағалайтын».
Аманхан Әлім,
2003 жыл.
(Тақырыптың жалғасын мына сілтемеден оқыңыздар)