Нұрғали Ораз. Шыбын жан көкке ұшқанда
23.12.2020
3117
0

Ұшы-қиырына көз жетпейтін кең далаға қанат жайған қара мақпал түн мына қаланың мың-миллион шамдарынан сескеніп, жұлдызды аспанға қайта көтеріліп кеткендей.

Олар қонақүйдің алдына келіп тоқтағанда, манадан бері қалың ойға шомып отырған Сәруар бір серпіліп:

– Ал, қане, ішке кіріп, ауылдан келген дәмнен ауыз тиіңіз, – деді. – Шын айтам… Сізге арнап әкелгем, бас тартпаңыз…

– Жо-жоқ, – деді Назгүл қысылып. – Кеш болып кетті.

Содан соң екеуінің арасында қолайсыздау бір үнсіздік орнады. Және де бұл – ұзақ жолдың, тағдыр жолының алдындағы үнсіздік секілді екеуіне де ауыр тиді.

 Назгүл оның ертең тағы да алыстап кете баратынын ойлады әрі одан біржола айырылып қалатындай қорқыныш биледі көңілін.

– Жарайды, – деді сонсоң ақырын үн қатып. – Тек бірер минутқа ғана…

Екеуі ішке кірген соң, Сәруар тоңазытқыштан ауылдың дәмін алып, үстелге  қоя бастады. Әлдекімнің ұқыпты қолы мұқият орап салған бір таба нан, құрт, ірімшік, жент секілді тағамдар Назгүлдің елге деген сағынышын оятып, екі арадағы әлгі бір үнсіздіктен кейін тобарсып қалған көңілін қайта жылытып, жан дүниесін жұп-жұмсақ жібек самал желпіп өткендей болды.

–Түу, қандай мырза жігітсіз, – деп күлді.

Сәруар тоңазытқыштан коньяк алып, екі рюмкаға құйды.

– Жо-жоқ, бұл біздің ауылдың дәмі емес!

– Иә. Солай. Бірақ… біз Алматыда отырғанымызды ұмытпауымыз керек.

– Жарайды. Аз-аздап қана…

– Бүгінгі сапарымыз мен үшін мәңгі есте қалатындай ерекше сапар болды. Сізге рақмет!

Хрусталь рюмкалар олардың көңілін көтергісі келгендей сыңғыр ете түсті. «Нартәуекел, – деді Назгүл іштей. – Тіпті болмаса, машинаны осында қалдырып, таксимен-ақ кетермін…»

– Әңгіме айтыңыз, – деді ол бірінші рюмкадан соң Сәруарға қарап.

Жігіт ойланып қалды.

– Не айтсам екен… Негізі мен сол әңгімелерді қалай жазудың қыр-сырын үйрену үшін ертең сапарға шығайын деп тұрғаным жоқ па.

– Айтпақшы, билетке тапсырыс бердіңіз бе?

– Иә. Ертең сағат он бірдегі рейспен ұшатын болдым. Тіпті, тіркеуден де өтіп қойдым.

– Оның бәріне қашан үлгеріп жүрсіз?

– Жаңа… – деді Сәруар стол үстінде жатқан қалтателефонына қарап иек қағып. – Сіз қол жуып жатқан кезде.

 «Қандай епті жігіт» деп ойлады Назгүл оған қызыға қарап.

Қызуын бойына жасырған жұмсақ коньяк екінші рюмкадан соң-ақ Назгүлдің қанын қыздыра бастады.

– Неге Мәскеуге?.. – деді ол Сәруардың жүзіне тесіле қарап. – Қараңызшы, мынау Алматы қандай сұлу қала!

– Иә, расында да, ғажап. Бірақ… менің Әдебиет институтына, Чеховтың ізі қалған қалаға барғым келеді.

– Дегенмен, оның шығармаларында сіз таңғалатындай ештеңе де жоқ. «Хамелеон», «Шенеуніктің өлімі», «Құндақтаулы адам» –  кеше болған, бүгін бар, ертең де өмір сүре беретін жандар.

– Әрине. Өте жақсы айттыңыз. Шындап келгенде, адамзат баласы бір мысқал да өзгермейді. Өзгеретін тек материалдық құндылықтар ғана. 

– Ендеше, әдебиеттің қажеті қанша?..

– Шынымды айтсам… Білмеймін. Бірақ ол өмір үшін күресе беретін өнер. Бәлкім, мынау дүниенің біржола құрып кетпей, әлі күнге дейін сақталып келе жатқаны да соның  арқасы шығар.

Назгүлдің енді бұл тақырыпты қозғағысы келмеді. Іштей: «Ал біз ше?.. Біз… Өзіміз жайлы неге айтпаймыз? –деп ойлады. – Сен… мені… Үлкен белдегі «жазу кабинетінде» неге сүйдің…»

Кенет оның көңіліне үрей кірді. «Мүмкін, Сәруар да әлгі улы кеннің кесірінен… –  Абайсызда шоқ басып алғандай шыңғырып жібере жаздады. – Жо-жоқ. Мүмкін емес!.. –деп қарсыласты ішкі ойы. – Мүмкін емес!..»

 Сәруарға тіксіне қарап:

– Рұқсат болса, мен қайтайын, – деді асығып.

Сәруар да оның ойын сезіп, жігері жасып қалғандай үн қатқан жоқ. Иығына сумкасын іліп, орнынан тез көтерілген Назгүлдің алдында біртүрлі дәрменсіздік танытты. Сосын екеуі есікке қарай беттегенде қуықтай ғана тар дәлізде қысылып, бір біріне бетпе-бет келгені сол екен, демі жиілеп, үздіге қараған жігіттің қолы Назгүлдің беліне оратыла кетті.

– Жаным!.. Мен сізді… Жо-жоқ… – Сәруар ентіге сөйледі. – Мен сені… сүйем…

– Ім-м… – деді Назгүл оның ып-ыстық деміне тұншығып. – Тағы да… тағы да айтшы… Не дедің-ң?.. Мен де… 

Ол өзінің кеудесінен қандай жалынды сөздер шығып жатқанын білген де, түсінген де жоқ. Бірақ ақылмен емес, жүрекпен тіл қатып тұрғанын сезді. Кенет Сәруардың қарулы қолы оны көтеріп, ұша жөнелгендей болды. Екеуі жерден жеп-жеңіл көтеріліп, қалықтап барады… қалықтап барады… Жігіт ертегілерде айтылатын алып самұрық құсқа айналып, Назгүлді керегедей үп-үлкен қанатына отырғызып алған секілді.

Олар сөйтіп,  ұшып-ұшып келді де, аққудың мамығындай жұп-жұмсақ ақша бұлттың үстіне қона кетті…

***

Қара күздің жаңбырлы салқын күндерінде зымыран уақыт жүрісінен жаңылып қалғандай. Қысқы каникулда Алматыға келемін деп уәде берген  Сәруарды оның осы бір мимырт, көңілсіз қадамы кешіктіріп жатқан секілді.

Күндегі әдеті бойынша қызын балабақшаға, Сәкеңді қызметіне шығарып салған соң Назгүл үйде жападан-жалғыз қалып, ешқашан да, ешкімге де бас имейтін тәкаппар уақытқа ренжиді.

Шыдамы таусылып, Сәруарға телефон соғады. Келер жылы қорғауға тиісті диссертациясының жұмысы мүлде тоқтап қалған. Бірақ оны ойлап, бас қатырып жатқан жоқ. Еркіне салса, мынау шабан уақыттың тілін шыр айналдырып, Сәруардың қысқы каникулына апарып бір-ақ тоқтатар еді.

Ол Мәскеуден қоңырау күтіп отырғанда қас қылғандай мына жақтан Сәкеңнің телефон шала қалатын әдеті.

Аллоу, – дейді ыңыранып. Қазір Назгүлге  оның түрі де, даусы да жиіркенішті.

–Ал-лоу…

– Иә, Сәке. Тыңдап тұрмын.»

– Жаңа маған Әнет Исаевич келіп кетті. Сенің диссертациялық баяндамаңды жыл басындағы халықаралық форумның бағдарламасына енгізіпті. Оның ар жағында қорғайтын күн де алыс емес. Так что, поздравляю…»

– Рақмет, – Назгүл өзінің емес, бөтен біреудің баяндамасы туралы сөз болып тұрғандай қинала жауап қатады. – Оған әлі ерте емес пе?

– Жо-оқ! Жақсылықтың ерте-кеші болмайды.

Сәкеңнің даусынан тоқмейілсіген сарын еседі.

– Шынымды айтсам… тақырыбымды әлі толық зерттеп біткен жоқпын, – дейді Назгүл.

– А-а…  Түсінем, түсінем. Ғылымда бір тақырыпқа бір адамның ғұмыры жетпейтін кездер болады. Бірақ… Жә, жарайды. Ол жөнінде кешкілік үйде кеңірек отырып кеңесерміз.

Назгүл телефонды сөндірген соң енді не істесем екен дегендей ернін жымқырып, ойланып қалды да, кенет бір күтпеген жаңалық ашқандай алақанын шапалақтап секіріп кетті. «Маған неге осы… –деді ол қуанып. – Иә… иә, маған неге осы диссертацияны сылтауратып Мәскеуге барып қайтпасқа?..»

***

Күнтізбеге қарап, өз мезгілін күтіп тұрғандай-ақ тұп-тура бірінші желтоқсан күні түнде қар жауды. Таңертеңгілік ауа тазарып, алыстағы дауыстар әдеттегіден гөрі анығырақ естіліп жатты. Назгүл бүгін балабақша көлігінің даусын да, Сәкеңнің қызметтік машинасының даусын да үлкен жолдан бері қарай бұрылғаннан бастап естіді.

Бірінші қабаттағы холлда Сәкеңе құндыз жағалы жылы пальтосын ұсынып жатып:

– Мен бірер күнге Лизаға барып келсем бе деймін, – деді.

 – Қай Лизаға?..

– Мәскеудегі. Быстрицкаяға…

– А-а, анау шашы көзіне түскен ұзын келіншек пе?

– Иә.

– Оның не қажеті бола қалды?

– Сіз білесіз, Лиза екеуміздің тақырыбымыз ұқсас. Біраз нәрсені кеңесіп, ақылдасып алуым керек болып тұр.

– Ә-ә… О шіркін, не білуші еді? Өзіміздің Әнет Исаевич бар емес пе?!

– Иә, бірақ Лиза еврейка ғой.

Есік тұтқасына қол соза берген Сәкең кенет кідіріп қалды. Бұл оның ең осал жері еді. Себебі Сәкеңнің топшылауынша «еврейлер қауымы мына дүниенің барлық құпиясынан хабардар». Сондықтан аз-кем ойланып тұрып:

– Барсаң… барып қайт, – деді еріксіз келіскендей салқындау шырай танытып. – Олардан бір жаңа идея табылып қалар. Бәлкім, кейін диссертацияның ең ұтымды тұсы да сол болып шығуы мүмкін.

«Ур-ра!» деді Назгүл іштей шаттанып. Тіпті, Сәкеңнің көзінше қол шапалақтап, секіріп-секіріп кетуге сәл ғана қалды.

Ол үйден шығысымен Сәруарға қоңырау шалды.

– Алло… сәлем!

– Сәлем!

– Қалайсың, жаным?

– Жақсы.

– Саған айтар бір қуанышты жаңалығым бар.

– Иә?..

– Мен Мәскеуге ұшатын болдым.

– Рас па?

– Әрине.

– Ур-ра!.. Қашан келесің?

– Ертең.

– Қай рейспен?

– Жо-жоқ! Оны айтпаймын. Барған соң өзім хабарласамын. Күтіп аламын деп әуре болма. Сабағыңнан қалып қоярсың. Сәру… сен мені сағындың ба?..

– Әрине, жаным! Сені де, елді де сағындым.

– Ендеше, күт мені!..

***

Назгүл ұшақта отырып:

«Қайран қазақ атам: «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деп қалай дәл тауып айтқан!» деп таңғалды.

Қара жердің үстінде айтылған осы бір қарапайым  сөздің  мағынасын түсіну үшін оған мынау жеті қат аспанға көтерілу қажет болған сияқты.  Назгүл өзін-өзі мұқатқандай көңілсіз ғана езу тартты. Иллюминатордан үңіліп, ақ мақта сияқты қалқыған бұлттарға қарады.

Мәскеуде өткізген үш күн, үш түн ол үшін, расында да, қуанышқа, шаттыққа толы болды.  Өмірінде  алғаш рет өзін-өзі еркін, бақытты сезінді. Сәруар  екеуінің арасындағы құпия махаббат ауылдан,  Алматыдан мыңдаған шақырым алыста қауызын жарып, күнге қарап ашылған гүлдей құлпырды.

Өзен жағасында, үлкен саябақта, қала шетіндегі қалың орманның ішінде қыдырған күндер мен қонақүйде бірге өткізген түндердің ләззаты бұған дейінгі көрген өмірінен мүлде өзгеше,  таңғажайып ертегі сияқты еді.

Осы сапарда Назгүл алғаш рет Чеховтың Мәскеудегі музей-үйін, Лев Толстойдың усадьбасын көрді. Әлемге белгілі «Анна Каренина» романының адам баласы түсінбейтін шимай-шатпақ қолжазбасының алғашқы беттерімен танысты. Суреткер еңбегінің қаншалықты азапты екенін ойлап, Сәруардың алдағы тағдырына алаңдады. 

Ал ол болса, осынау қуанышты күндердің бәрінде де сол баяғы сиқырлы, құдіретті көркем сөз – әдебиет туралы айтумен болды. Алғашында Назгүл ол әңгімелердің бірін тыңдаса, бірін тыңдаған жоқ. Тек Толстойдың қолжазбасын көргенде ғана ойға батып, бір әйелдің тағдыры арқылы бүкіл әлемнің бақыты мен қайғысын қағазға түсірген суреткер шеберлігіне бас иді…

Кеше  «ауыз бастырық» ретінде Лизаны ресторанға шақырып еді. Оған Сәруарды ауылдасым, бауырым деп таныстырды. Қазақ ұлтында туыс та, ағайын да көп болатынын жақсы білетін Лиза сұңғақ бойлы, шымыр денелі әдемі жігіттің Әдебиет институтында оқитынын білгенде ерекше қызығушылық танытты.

Сонсоң онымен бүгінгі әлем әдебиетіндегі әр түрлі бағыттар туралы қызу әңгімеге кірісіп, пікір таластырып отырды.

Лиза әдеби кеңістіктегі жаңа бағыттардың бірін әлі игерілмеген тың кеңістік ретінде сипаттай бастап еді, Сәруар  оған үзілді-кесілді қарсы болып,   өткінші жаңбыр секілді уақытша ғана құбылысқа теңеді. Сонсоң Лиза: «Өткінші болғанымен, рухани дүниемізге нәр беретіні рас», – деп, дипломатиялық тәсілге көшкенде Сәруар өткінші жаңбырдан соң тек саңырауқұлақтар ғана қаптап шығатынын айтты.

– Ол да болса пайдалы, – деп күлді Назгүлдің құрбысы. – Өз басым саңырауқұлақты сүйсініп жеймін.

Лизаның бір жақсы әдеті – әп-сәтте өзгеріп, сол баяғы көңілді қалпына қайта оралатыны. Себебі оған талғам, таным, көзқарас қайшылықтары дегеніңіз, жай әншейін, күнделікті табақ-аяқтың сылдыры ғана сияқты әсер етеді.

Ал Сәруар болса, біразға дейін ойланып, үнсіз отырды. Қоштасарда Лиза бұны оңашалап алып шығып: Сенің бауырың өте талантты жігіт. Болашақта біраз салмақты дүниелер жазуы мүмкін, – деді. – Бірақ табысқа жетуі екіталай…»

– Неге? Назгүл тап бір көріпкел әйелдің алдында тұрғандай қалтырап кетті.

Лиза тағы да оп-оңай құбылып:

– Меніңше, ол сенің бауырың емес, жүрегің секілді, – деп күлді сылқылдап. – Сөз жоқ, та-ма-ша жігіт!.. Шынымды айтсам, мен сендерге қатты қызығамын. Шіркі-і-ін, маған да осындай бір жүректің қандай қажет екенін білсең ғой!..

– Қойшы, Лиза! Не айтып кеттің?! –деп Назгүл бұртиып, шамданған болды.

– Жасырма, жасырма! Жарайсың, Назикеша! Шалдың аты – шал. Бірақ…  оның кілті кішкентай болға­нымен, сейфі үлкен.  Аха-ха-ха-ха!

…«Қызық, – деп ойлады Назгүл иллюминатордан сыртқа үңілген күйі мұңға батып. – Бар шындығын сыпыра сияқты жайып салып, жеке мүддесін емін-еркін илей  беретін осындай жандар да бар…»

Бір жақсысы, мынандай зау биікте ұшып келе жатқаныңда жер бетіндегі  қиын сұрақтардың барлығы да төменде қалып, өзіңді құс сияқты жеңіл сезінесің.

Кім біледі… мынау жарық жалғандағы өлшеулі мерзімі біткен күні көкке ұша жөнелетін қуыс кеудедегі шыбын жан да тап осындай еркіндік

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір