Дәнеш АХМЕТҰЛЫ. ҚАРАБЕТТЕР КӨШЕСІ
14.12.2020
2274
1

(Әңгіме)

Дәнеш Ахметұлы

 Қыркүйек аспаны тұншыға жылағандай болып, ауық-ауық дым бүркіп, мазаң күй кешкен күңгірт күндердің бірі еді. Алматы – Құлжа  автобусы да межелі уақытында өз тұрағына тұмсық тіреген. Нақ осы шақта манадан бері бері ойы онға бөлініп, санасы сан саққа жүгіріп, мазасы май ішкендей болған, самайын енді-енді боз қырау шалып, маңдай тұсы мен көз аясынан, екі ұртынан әжімнің нәзік өрнегі біліне бастаған,   жадау жүзді, орта жасқа еркін жете қоймаған бір әйел орнынан лып етіп көтеріліп, есікке ұмтылған.  Тысқа шыққан соң да еш кідіріс жасамады,   ап-ауыр қағаз қорапшасын мықшыңдай көтеріп, өңмеңдей алға ұмтылды. Жолсоқты болған, әбден зықы шыққан, шаршаған  әйелдің  көңілінде алаң, көзінде үрей бар, айналасына үрке, сұқтана қарайды.   Арада жарты сағаттай уақыт өткенде   қаланың  солтүстік бағыттағы шеткі көшелеріне де таяп қалып еді.

Әйел Жаңа құлжаның шетіне іліккенде, көше бұрышындағы аялдаманың сыртына тоқтап,  аяқ суытты.

Кенет қалта телефоны шырылдап қоя берді. Телефонмен хабарласып тұрған өзге емес, күйеуі Меркі еді. Әйел амалсыз тілге келген.

– Қалай айтсаң да, бұл жетіскен тірлік емес, – деп төтелей тартып,  морт кетті. – Ата жұрттан, Үлкен үйден сайғақ құрлы сая таппай, шекарадан қайта бері өтті деген не сұмдық?! Иә, не дерің бар, нағыз  сұмдық деген  осы.

– «Жылқы жылы – ілгері, жылтырайды көздерің» депті ғой баяғының бір білгіші, – деп тіл қатты  ері үні жабығыңқы шығып. –  Сол айтпақшы, бұл – көзіміздің жылтырауының басы ғана, әлі қуырдақтың үлкені түйе сойғанда болады.

– Амал бар ма? – деп әйелі күйгелектенді. – Амалың бар ма, ендігі күніміз не боларын бір жасағанның өзі білсін. Басқасы бірдеңе болар-ау, ана қысық көз қытай мен оның ешкі бас қатынына қай бетіммен көрінемін дегенде, жердің жарығына кіріп кете жаздаймын.

– Ол екеуіне де шыдас берерміз, бәрінен де ел бетіне қалай қараймыз. Досқа күлкі, дұшпанға таба болды деген осы.

– Жә, жетер осы мылжыңдағанымыз да, қалғанын басқа жерде айтармыз.

Әйел осыны айтты да, қалта телефонын сөндіріп, ауыр жүктерін тағы да бар күшін салып, мықшыңдай көтеріп, көшенің арғы бетіне ұмтылды. Айта кетсек, бұл  жасы қырықтың қырқасына енді-енді ғана қадам басқан, әлі де бойынан қуат кете қоймаған, сымбатына селкем түсіп, қыры сынбаған дерлік жасамыс әйел еді. Өңі қыр әйелдері секілді, қоңырқай пішінді, бетінің ұшында аздап жел қағып, тотыққан белгі бар. Бұйраланған қолаң шашы иығына төгіліп, нәркес қой көздеріне, жұмсақ пішініне ерекше шырай береді. Әйткенмен де нақ осы шақта әйелдің бойынан пәлендей бір сұлулық, бұла көріністі таба қою қиын еді. Өзгесін былай қойғанда, әйелдің  киім киісі тым қораш, тіптен қарапайым. Басына шымқай көгілдір түсті, шаршы орамалды көзіне түсіре, милықтата көлденең тартып алыпты. Көзіне қара көзілдірік тағыпты.

Әйел көшенің арғы бетіне шыққаннан соң тағы біраз жүрді де, шоқ теректің түбіне табан тіреді.  Майрашқа бұл араның әр тасы, әр бұтасына дейін таныс еді. Таныс аймақ, таныс маң көзіне оттай басылған. Үлкен шаһарды көрмегелі де жылдан асыпты. Әйел  айналасына тамсана да   қызықтай көз тастаған…

 

***

Кімнің болмасын жан сарайында сары алтындай сақтап, бойтұмардай әспеттеген арманы болады ғой. Сол секілді Меркі мен Майраштың да  мақсаты  Үлкен үйге  немесе Қазақияға қалай да тезінен жету еді.  Бәлкім, екеуінің де тағдырын ерте  табыстырған сол Қазақияға деген іңкәр сезім, қаймақшыған қимас көңілдің әсері болар…

Қазақия жайлы әңгіме бұлардың жан азығына айналды.

Бір ауылдың перзенттері саналған қос ғашық мектеп бітіргеннен кейін   үйленіп те алды. Құлжа қаласының шеткі көшелерінің бірінен үй сатып алып, соны қоныс етті. Бұл қытайда «мәдени революция» деген қарғыс атқыр қаралы науқанның әбден шегіне жетіп, ушығып тұрған кезі еді. Меркі істеп жатқан жұмысын тастап, хоңайвындардың шеруіне ілесті.  Үйден екі аяқпен тік жүріп кеткен бейбақ, машина апатына ұшырап, сол аяғы тізесінен төмен кесіліп, ақсақ болып оралды.

Меркі мен Майраш елге жетудің қамалқасына  шындап кіріскен.       Ақыры  тиесілі құжат  та  қолдарына тиген. Қазақияға қоныс аударып, көшіп кетуге болады деген бұл қағаз ерлі- зайыптылардың қара шаңырағына шашу болып шашылған.  Сол күні қоржын тамның есіктері айқара ашылып, дастарқан үсті дәмге толды.

Майраш, бүгін ештеңені аяма, –  деді ері өз-өзінен желпініп. – Бүгін біздің бар ырызғымыз елдікі. Үйде не бар соның бәрін шашу қып шаш, тарынба.

Әйелдің де күткені осы еді. Келісе кетті.

– Өзім де соны ойлап тұрмын. Біз өзге емес, тұп-тура Қазақияға кетеміз ғой. Ал атамекен жолында, дүние түгіл, жанымды құрбан етуге әзірмін.

Айналасы сүт пісірім уақыттың ішінде қоржын там «құтты болсын» айтып келушілерге лық толған. Ыстық лебіз білдірушілер бірінен бірі асыра сөйлеп, жақсы лебіз соңы шырқалған ән мен ырғақты биге ұлсқан…

Ертесі сиыр сәске кезінде «құтты болсын» айтып, қытай достары Ли Ху мен әйелі Лия Хэ барған.    Ескі таныстар есік алдында шұрқырасып табысты.

– Қуаныштарың құтты болсын, менің әзиз достарым! – деп дауысын көтере сөйлеген Ли Ху: – Алла Тағала ұзағынан сүйіндірсін дей келіп, Майраш пен Меркіні кезек-кезек құшағына алған.

Үлкен астан кейін Ли Ху ат басын алысқа салмай тиесілі  шаруасына көшкен. Өздеріне мәлім, бұрыннан айтып жүретін ескі әңгімені қозғаған.

– Менің не дейтінім сендерге түсінікті, – деп сөз аяғын келте қайырды.  – Менің айтарым  сол, үй-жайларыңды, жер телімі мен малдарыңды маған сатыңдар.

– Сатып алу, саудаласу барысында еш реніш болмайды, – деп Ли Ху сөзді кесіп айтты. – Сатылуға тиісті нәрсенің бәрінің де өз бағасы бар. Ол баға маған да, саған да ортақ. Меніңше, бәрі солай болсын.

– Солай болсын.  Бізден қалған дүниенің бәрі сен екеуіңдікі.

– О, жақсы, хау, хау, – деп қуана қол соқты ескі таныстар.

– Айтпақшы, – деп Майраш тосын бір сөзді бастады, – осы сендердің үлкен шаһарда даңғарадай үйлерің, шағын болса да әп-әдемі бау-бақшаларың бар ғой. Ал  біздің жерді сатып алудағы мақсаттарың не?

– Бізге жер керек, – деп сөзін үзіп айтты қасқа бас Ли Ху, – адалын айтқанда, бізге жер керек. Бұл – қаланың ең артта қалған, қараусыз қалған, ескі, лас аймағы. Әрі тар, әрі замана жақсылығынан жұрдай мешеу күй кешкен бұл аула «Қарабеттер көшесі» деп аталады. Мұнда өзге емес, тек осы арадан сыртқа көшіп кетіп, барған жерінде береке таппай, қайта көшіп келген екіжүзділер немесе қос мекенділер тұрады. Ал біздің ондай жандармен қоңсы тұрғымыз келмейді. Қарабеттермен көрші болуды Құдай басқа бермесін… Бізге тек қана жер керек…

 

***

 

Келесі аптаның ішінде Меркінің қоржын тамы, қаладан сәл қашықтықтағы, Үрген сай бойындағы шағын жері, көк шолақ сиыры тегіс заңдастырылып, Ли Худың меншігіне өткен.

Осы бір оқиға басқаға қайдам, жаны нәзік, нәті жұмсақ Майрашқа ерекше әсер етті. Қоржын там, Үрген сайдағы жер телімі, көк шолақ сиырдың сатылуы оған бір түрлі жат, тосын сезілген. Көңілі алабұртып, жан дүниесінің астаң-кестеңі шыққандай болған. Тіпті есіне қай-қайдағы нәрселер түсіп, ауық-ауық жылап та алды. Ас ішпек түгіл, қатықсыз қара суды аузына алмаған шақтары да ұшырасты. Күні кеше ғана дүние репиеті мүлдем басқаша еді. Ал бүгін бәрі де жалқы сәтте өңін өзгертіп алған сықылды. Төбесінде алабота мен сасыр ұйыса өскен бір өңкей тоқал тамдары киімі қырық жамау, сықпыты кеткен мүсәпірдің кейпіне еніп, сұрықсыз көрінетін. Енді бүгін сол жайшылықта жаман деген көзқашты  дүние дүр сілкініп, құлпыра түскендей екен. Әйелге бәрі де соншалықты ыстық, өзгеше керімсал көрінген. Бұрындары өзі соншама жыл ғұмыр кешкен қаланың осы тұстағы төбесі ашық, тоқал тамдары мен салдабасы шыққан есік- терезесінің маңында бұғып жатқан құпия әдемілікті байқамағанына таң қалды. Ісінен береке, тірлігінен мән кетті. Тып-тыныш дүние дауыл ұрған толқынның бетіндей болып, сапырылысып жатты. Түнімен ішегін тартып ит ұлыды. Әр тұстан сиыр мөңіреп, жетім қозы маңырайды. Көк шолақ сиырдың да жортуылы жығылғанға жұдырық болып, әйел жанын тіптен азаптай түскен. Құжаттар тегіс заңдастырылып болған күннің ертесі Ли Ху мен әйелі екеуі бірі жетелеп, бірі айдап, көк шолақ сиырды қала сыртындағы Үрген сай бойындағы қамыс қорасына алып кеткен. Байқұс сиырдың бірінің айдап, бірінің жетектегеніне көнбей, қиянпұрыстанып, жүрмей, төрт тағандап тұрып алғанын көргенде, Меркі жанарымен жер шұқып, Майраш көз жасына ие бола алмай үйге ұмтылған. Жануар мал да болса, иесін таниды екен, жылы тұрағын қимайды екен. Көк шолақ сиыр зорға дегенде ауладан ұзап еді. Майраш болса, өзінің ең бір қимас асылынан айырылғандай болып, ағаш төсектің үстінде ұзынынан сұлап жылап жатқан. Адал малымнан айырылдым, енді қайтып көрмеймін дегені. Қайдам, көк шолақ сол күні-ақ кештете бас жібін шұбалтып, үйге келген. Осы жортуыл талай күнге созылды. Көк шолақ Үрген сайдан қашуын қоймады, ерлі-зайыпты  екі қытай соңына түсіп, өз орнына айдап кетуден тынбады. Жануар ең соңғы рет таң бозында қоржын тамға  тағы оралып еді. Әйнегі сынған жаман терезеге тұмсығын тіреп, өксіп-өксіп, қатарынан әлденеше рет мөңіреген. Майраш асығыс киініп, тысқа шықса, көк шолақ сиыр әудем жер ұзап барып, артына қайырылып тұр екен. Майраш жедел үйге кіріп, азық етіп беретін бірдеңе іздеп әбігерге түскен. Қолына іліккені бүтін таба нан еді. Әйел таба нанды құшақтап, көк шолақтың соңына түскен. Ал  көк шолақ қайырылмаған. Бір мәрте болса да артына бұрылып қарамаған қалпы Үрген сайға жетіп еді. Әйел жүгіре басып кеп, мойнынан құшақтап еңіреп, жылап жберген. Сол еңіреп жылаған қалпы қолындағы нанды жапырақтап үзіп, көк шолақтың аузына тосқан.  Арқасынан қағып, мойнынан сипап, бәйек болған. Майраштың қолы жануардың көзіне тиіп кетіп еді. Жануардың жанарындағы  шыпылдаған мөп-мөлдір жас төгіліп түсуге шақ тұр екен. Әйел тағы еңіреп қоя берген. Майраш сол күні кеш батқанша  ерлі-зайыпты қытайлармен бірге көк шолақ сиырдың қасында болған…

 

***

Бұлардың ата қонысы қазіргі Жалаңаш, Торайғыр тауының алқабы еді. Қорғас шекарасынан өткен бойда Майраш ешқайда бұрылмай  Торайғыр тауын бетке алған.

Майраш осы көгілдір таудың баурайындағы Ақтасты ауылына кеше кештете келіп жеткен. Мұнда өзінің Құлжадағы ескі көршісі Сәрсенбай тұратын.  Қазақияға өтіп кеткеніне он жылдан асса да бірін-бірі еш ұмытпай, үнемі хат алысып, хабарласып  тұратын.     Сәрсенбайдың да әйелі Қатышты ертіп, Құлжа шаһарына үш-төрт рет барып, қонақ болып қайтқаны  бар.

Кешкі ауыл келбеті жолаушы әйелге аса бір ыстық, соншалықты қызық көрінді.   Майраш шеткі үйлердің біріне таянғанда   бұзау айдап келе жатқан әйелге көзі түсті. Бұл – Қатыш  еді. Ол тіпті ештеңені елер емес, дәл қасынан қиғаш өте бергенде Майраш қуана дауыстап жіберген:

– Қатыш, –  деді үні дірілдеп. – Оу, Қатыш!..

Қатыш «бұл кім?» дегендей жолаушы әйелге аңылжып, сәл назар тіктеді де, артынша:

– Майраш,  – деп айғайлап жіберіп, құшақ жая тұра ұмтылды. –Майраш-ау, қайдан жүрсің, жарқыным? Жерден шықтың ба әлде көктен түстің бе? Жаным, Майрашым, сені бүгін көремін деп кім ойлаған…

Екі әйел бірін-бірі құшақтаған күйі үйге бет алған.

Майраш Сәрсенбай көршісінің үйінде бір емес, қатарынан үш күн жатып, ел, жер жағдайымен танысты…

 

***

 

Есікті тапал бойлы, шашын желкесінен қиған, шот маңдай, адырақ көз, орта жастар шамасындағы, қазақи, қара торы әйел ашты. Шолақ жеңді, сарғыш қызыл түсті сырт көйлегінің омырауын ашып тастапты.

– Сізге кім керек? – деді есікті жартылай ашқан қалпы сұқтана қарап. –Кімді іздеп жүрсіз?

– Мен қытайдан келдім, – деді әйел а дегеннен шынын айтып. – Мен Бекіш Сансызбайдың үйін іздеп жүрмін.

– Сансызбай дейсіз бе, ол сізге кім болады?

–  Ол менің ең жақын туысқаным, былайша айтқанда, менің шешем Әлизаның туған бауыры болады. Нағашы ағам ғой, ал мен ол кісіге туған жиен болып келемін.

Майраш имене басып үйге кірді. Өзімен бірге ала келген базарлығын сөмкеден шығарып, үстел үстіне қойып, өзі шеткеріректегі бір орындыққа жайғасты.

Көп кешікпеді, сәлден соң ақ жолақ, шолақ жең жейдесін үстіне іле салған, бойшаң келген, арық, ілмиген сары жігіт қара көрсетті. Бұл Майраштың туған нағашысы Сансызбай Бекіштің  өзі еді.

– Амансыз ба? – деді жайраңдай тіл қатып. – Сізді көргенімізге қуаныштымыз.

Сөйтті де қол беріп амандасу ырымын жасады.

– Сонда сіз қытайда бір кезде дүниеден өткен менің әкпемнің қызы боласыз ғой, – деді Сансызбай. – Солай ма, дұрыс айтып тұрмын ба?

– Дұрыс айтып тұрсың. Мен сенің туған әкпең Әлизаның қызы боламын. Тұңғыш баласының аты Омар еді, ол өмірден озған. Одан кейінгісі менмін. Бір құрсақтан, бар болғаны, сол екі баламыз ғой.

– Жақсы, – деді әлденеге қуанғандай сықпыт танытып. – Әуелі шай ішелік, қалғанын мөрті келгенде айта жатармыз…

Майраштың өзге емес, сонау қияндағы Құлжа шаһарынан жер немесе жеке меншік үй сатып аламын деп келгенін білгенде Сансызбай аяқ асты түлеп, сергіп, серпіліп сала берген.

– Елге көшіп келемін дегендерің тіптен көрім болған, – деді Сансызбай екеуі оңаша қалған оңтайлы сәтте. –  Мұны тегі дұрыс ойластырыпсыздар.

– Енді қайтеміз, біз емес, реті келсе, бар қазақ қопарылып көшкісі келеді, –  деді әйел, – көшіп те жатыр. Сонымен ұзын сөздің қысқасы біз де Қазақияға көшуге бел байладық.

– Оларың жөн болған екен.

– Бұл Меркі екеуіміздің сонау бала кезден армандаған, ойға алған игі ісіміз еді. Ақыры сәті түсіп, «елге көшуге болады» деген қағаз да шықты.

– Бәрекелді, көш көлікті болсын.

– Тана, сен бізге ыстық кофе әкел, – деп әйеліне бұйыра сөйледі. –Әңгіменің түйіні енді шешіліп барады.

Майраш пен Сансызбайдың арасындағы оңаша әңгіме одан әрмен жалғаса түсті.

– Менің пайымдауымша, – деді Сансызбай,  – ол ауылда не қалды, ештеңе де қалған жоқ.   Ал мұнда, – деді сығыр көздерін бағжитып, кеңінен аша сөйлеп. – Дәл қаланың өзінде тұруға тағы болмайды. Қамалып қаласыз, төрт керегенің тұтқыны боласыз. «Енді қайдан орын тебем?» дейсіз ғой. Қаланың іргесінен жай салғандарыңыз жөн.

– Өзімнің де ізгі ойым сол, – деді әйел. – Мен діттеген қиял-мақсаттың  дәл үстінен түстің.

– Енді, былай болсын, – деп Сансызбай төтесінен іске көшкен, – Мен өзімше не істеу керектінің бәрін де ойластырып қойдым. Қаражат жағынан қам жоқ шығар?

– Қаражат жағын уайымдамасаң да болады. Қос үй болмаса да, жалқы үй алуға, қолжетімді жер телімін алуға мүмкіндік бар.

– Жақсы екен. Енді бәрі жөнінде күні бұрын білген де жақсы ғой.

– Дұрыс, дұрыс, құпия әңгіме болмау керек.

– Қалаға таяу үй де, жер де арзанға соқпайды.

– Сонда неше болмақ?

– Қалаға таяу үй де, жер де сол жиырма мың доллардың ар жақ, бер жағынан табылады.

– Е, несін жасырайын, сол шамада қаражат бар.

– Онда жақсы екен, жақсы екен, – деп,   Сансызбай  отырған орнынан ыршып кете жаздады.  –  Бүгін, ертең   үйде болыңыз. Қалғанын өзім реттеймін…

Майраш жедел түрде Құлжамен хабарласты…

Сансызбай сөзінде тұрды. Ертесі қала аралады, жер іздеді.

Көліктің Бесағаштан аз өрлеп, жүргені сол еді, жол тұйықталды.  Өйткені қарсы алдарынан  шетінде «жер сатылады» деген анықтамасы бар алақандай алаңқай шыққан. Сатылымға түскен жердің жоғары жағынан аласа бойлы, тығыншықтай, бітік көз, шикіл сары жігіт төмендеп келе жатты. Бұл әлгінде ғана Сансызбаймен хабарласқан, шын есімі Жапал Айшуақ деген алааяқтың өзі еді. Әккі неме шанда болмаса, өзінің шын аты-жөнін айта бермейтін. Ныспысын  істеген әрекетіне, жүрген жеріне қарай әр қилы етіп, ойдан құрап айта салатын.   Осы жасқа дейін екі-үш рет түрме есігін ашқан, адал кәсіптен қашқан ақсаусақ неме тірліктің әйтеуір бір жеңіл тұсын ойлайтын. Оңай олжаға кенелгенді жаны сүйетін. Әрі соның жолын сары майдан қыл суырғандай қып, тауып та алатын. Осындай ісіне Сансызбайды да ертіп, талай мәрте жемтіктес болған. Ал қытайдан Майраштың келуі бұл екі азғын үшін көктен түскен тосын олжадай еді.

Майраш келген күні-ақ бұл әңгіме Жапалдың құлағына жетіп, не істеп, істі қалай аяқтаудың үлкен жоспары жасалып та қойған. Жер сатушы, Сансызбай, Майраш болып, енді бәрі  сатылатын жерді  зерделеп, қарай бастаған.  Сәлден соң бағасына да келіскен..

Жер сатушы өзімен бірге әкелген құжаттарды шетінен суырып беріп жатты. Жердің кординаты дейсіз бе, актысы дейсіз бе, шешім, рұқсат қағазы дейсіз бе, бәрін де иненің көзінен өткендей етіп, суыртпақтап санап берді.

– Міне, Қойшыбек Қойбағаров деген ағаңыздың, яғни менің бар құжатым осы. – Бүгін бір жақсы күн болды, –  деді жан жағына күлмеңдей қарап. – Бәрінен де сіздің ісіңіз оңға басты.

– Ендеше былай болсын, – деді Майраш. – Қазір тура үйге емес, базарға баралық. Үйлеріңе келгелі де талай уақыт болды. «Қытайдан келді» дейді ғой, келін дәметіп те жүрген шығар. Үйдегілерге жөпшенді базарлық алалық, одан соң  ақ сары бас қой алып, осы қуаныштың жолына құрбандыққа шалалық.

Әйел осыны айтты да, қалта телефонын алып:

– Алло, Меркі, – деп сөзді бастап, болған әңгімені шекараның арғы бетіне лекіте баяндап жатты…

 

 

***

Тосын сауда әркімге әр түрлі ой салды. Майраш екі азғынның алдауына түсіп, оңбай алданғанын білмей, «жер алдым» деп, жар құлағы жастыққа тимей қуанса, Сансызбай «оңай олжаны қайтып бойыма сіңірем?» деп пұшайман болды. Әр нәрсені бір ойлап басы қатты. Қолына он екі мың доллар тигеннен бастап, оның қонақ әйелге деген ықыласы, жан жылуы суына бастаған еді. Сәтке ғана әйелмен сөйлескені болмаса, үй ішінде онша көп қасына жақындай бермейтін.   Ақыры жер телімінің басына үш-төрт адамдық шатыр тікті. Төсек-орын, ыдыс-аяқ дейсің бе, не керектінің бәрін жеткілікті етіп, төгіп тастады. Екі жалдамалы жұмысшымен келісіп, екеуін де шатыр ішіне орналастырды.

Екі жұмысшыға ие болған Майраш сол күннің ертесі жұмыс басына көшіп те кетіп еді.

Қызықтың көкесі келесі аптаның басында басталған.

– Сіздер кімсіздер және мұнда неғып жүрсіздер? – деді тосын келген біреу қатулы өң, қатқыл дауыспен зілдене сөйлеп.

 – Неткен пендесіңдер өздерің?

– Ой, сұмдық-ай, – деген әйел адамның дауысы шаңқ ете түсті. – Мына бетсіздікті қара. Шатыр тігіп, жайғасып алып, біздің жерді қоршай бастапты.

– Сіз бері шығыңызшы, – деп тепсінді сар кідір кісі, – тысқа шығыңыз.

  Кімге не айтарын білмей, есеңгірегендей болып, мазасы қашқан  Майраш лып етіп, орнынан  тұрып, тысқа шыққан. Лезде бойы мұздап сала берді. Өңі қуқыл тартып, аздап сасып та қалып еді. Аясы ашық, қой көздері әлдекімнен жақсылық күткендей болып, жәутең-жәутең етеді.

– Сіздер кімсіздер және не керек сіздерге, мен ештеңені түсінбей тұрмын?– деді тарыға тіл қатып.

–  Сөздеріңіздің сиқын түсінбедім.

– Бар құжаттарың  осы ма? –  деді келген адам әйелге қынжыла қарап.

Әйел бас изеді.

– Егер бар құжаттарың осы болса, онда сіздерді біреу алдап соққан екен. Сіздер біреуге жем болыпсыздар. Әй, әй, әттеген-ай.

– Сіз не айтып кеттіңіз? – деді әйел.

– Мен болған істің шындығын айтып тұрмын. Мынаның бәрі жалған, жасанды құжат деп аталады. Тек жердің координаты ғана дұрыс көрсетілген. Қалғанының бәрі қисынсыз, өтірік құжаттар.Қарындас, енді сіз маған құлақ түріңіз, – деді ер адам. – Бұл жердің нақты, заңды құжаттарын мен сізге көрсетейін.

Сар кідір өңді, сұрқай кісі асықпай, баппен басып барып, жердің құжаттарын алып келді.

– Міне, жер құжаттары былай болады, – деп тиселі құжаттарды шетінен суыртпақтап, көрсете бастады…

  Істің арғы жағы не болғаны белгілі. Дауласушы екі тараптың құжаттары тиісті орында, заң қызметкерлерінің көз алдында компьютерлік сараптамадан өтті. Жер иесімін деген адамның барлық  құжаттары орын-орнымен дұрыс болып шықты да, Майраштың құжаттарының масқарасы шықты. Қара бет болғаны сол, әр қағаздың бетіне «жарамсыз» деген жазуы бар қара түсті бұрыштама басылып, қол қойылды.

Майраш құжаттарын алған бойда қыстыға келе, еңіреп жылап жіберді. Өксіп-өксіп көз жасын төкті.

Майраш қайтар жолда көліктің ішінде отырып та жылауын қоя  алмады. Қолынан қалта телефоны түспеді. Қойшыбектен мүлдем хабар болмады. «Бұл телефон нөмірі тіркелмеген» деген сөз қайталана берді. Сансызбайдың қалта телефоны да өшірулі екен. Тек үй телефоны ғана он шақты рет хабарласқаннан кейін барып, қысқа жауап берді. Сансызбай кеше ғана шет ел асыпты. Қашан келетіні белгісіз сыңайлы.

Жер иесі кетіп қалғаннан кейін де Майраш өзін-өзі тоқтата алмай көп егілді. Нәр татпаған күйі, атар таңды көзімен атырды. Ертесі екі баланың бірі Қали өз жөніне кетті де, Сәрсен шатырда қалды. «Бәрін қатырамыз» деген полициядан да еш қайран болмады….

Әйел амалсыз із кесуші топтың есігін сыртынан жапқан.

Екі апта шатыр ішіне тығылып, уақытын зорға өткізген әйел енді одан арғыға төзбеді. Оның үстіне қалтасы да қағылып, теңге тапшылығы сезіле бастаған. Сансызбайдан мүлдем хабар болмаған. Ал Қойшыбектің телефоны сол тіркелмеген күйі қала берген. Қолынан келер өзге қайыры жоқ, шарасы шайқалған әйелдің ауық-ауық өксіп жылаудан өзге амалы жоқ еді. Ақыры  Сәрсенді риза етіп, шаған күркешені иесіз қалдырып, амалсыз Алматы-Құлжа жолаушылар автобусына билет алған…

Өз-өзінен қыстығып, көз жасын сығып алған әйел екі қорапшаға салған зілдей ауыр жүгін көтеріп, көшенің арғы жақ қапталына шыққан. Екі жағын быдырқай шашылып өскен келіншек тал көмкерген,  қиранды үйлер тізбегінен құралған көшенің қиылысына жеткені сол еді, оң жағында әудем жерде, төбесін алабота, бауырын жабайы ермен көмкерген қоржын тамы да көрінген.  Қоржын тамды көргені сол еді, бойына тосын қуат дарығандай болған. Тұла бойын ыстық леп шарпып өткендей күй кешті. Әйел сәтке болса да серпіліп, сергіп сала берді. «Үйде екі көзі жәудіреп, Меркі отырған шығар, – деді іштей толқып. – Мына хабарды естіп есеңгіреп отырған болар кемтар неме. Жә, Меркі, ренжіме маған. Мен қолдан келгеннің бәрін істедім. Алайда еш айла таппадым.  «Аяғыңды етік қысса, дүниенің кеңдігінен не пайда» деген бар. Сол айтпақшы, Қазақия ұшқан құстың қанаты талған, жүгірген аңның тұяғы тозған ұланғайыр территорияға орналасқан. Сол шексіз де шетсіз жерден ұлтарақтай жер тимеген соң сорыңның қайнағаны сол емес пе?! Израил деген ел шеттен барған қандастарын айналдырған 4-5 сағаттың ішінде азаматтығын беріп, ақшасын да беріп, заңды тіркеуден өткізеді екен. Немістер отандас азаматтары бармай тұрып, олардың бар құжаттарын заңдастырып, үйін дайындап, өз мамандығы бойынша істейтін жұмысын да түгендеп қояды екен. Ал Қазақияда ше, ол жерде біз секілді сырттан барғандар, кем дегенде, 4-5 жыл тентіреуі керек екен. «Келімсек», «оралман» атанып, қағытпа күй кешуі қажет сықылды. Әне, көрдіңіз бе, тіршілік қай жерде қалай-қалай құбылады. Ренжіме, Меркі, Құлжаның ең шетіндегі кіл жаман тамдардан тұратын, жарықсыз да жылусыз Қарабеттер көшесінде сайын даладан сая таппай, сандалып  қалған мен ғана емес. Қазақияға барып, кім көрінгенге жем болып, көрінген иттің талауына түсіп, ең соңында ішерге асы, жерге наны қалмай, қалтасы қағылып, қаңғып-қаңғып келгендер теп-тегіс бір қаланың шеткі көшесін толтырып отыр. Біз сол көптің бірі ғанамыз. Ештеңе жоқ, әлі бұл тұрлаусыз, даңғаза дүние де өтеді. Сандалбай саясат құрып, жаңа дүниенің таңы атады. Әне, біз жаңа Қазақияға сонда көшетін боламыз…»

 

 

 

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 26.10.2021 | 00:30

😭😭😭😱Обал ай, елім деп еңіреп келгенде, тегін дер берсе де болушы еді өкімет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір