Қайсар Әлім. Оралу
23.11.2020
876
0

(Соңы. Басы өткен санда)

ОТБАСЫН ОСЫЛАЙ САҒЫНДЫ-АУ…

– Үйден, Алматыдан шыққаныма айдан асып барады, – деп Марат iнiшегiм күрсiнгенде көкiрегi айырылып, төсегiнде төрт бүктетiлiп қалады. – Балаларымды сағындым, аға! Келiнiңiздi де, шынымды айтсам…

Маратқа, сағыныштың сағымында күнде ерiп, күйзелiңкiреп бара жатқан iнiшегiме ойлы көзбен қараймын да «Мiржақып та осылай отбасын сағынған шығар» деп, қиялға берiлемiн… Отбасын сағынып, сарғайып күн кешкенi анық қой оның. Сағыныш өртiн қалай басты екен? Жар махаббатын, бала иiсiн аңсаған асыл жүрек, қайтiп қана сабасына түсе алды екен?

 Бiздiң мына сағынышымыз ертең басылатын, сонысымен тәттi сезiмге бөлей түсетiн сәттiк аңсау, армандау секiлдi болып көрiнедi маған. Ал өмiр бойы сағынып өтуге белдi бекем буған адамның сағынышынан артық жан азабы жоқ шығар, түге. Ондай сағыныш – ерлiктiң белгiсi де.

– Менi келiнiңiз Мiржақыптан қызғанады, – дейдi Марат дөңбекшiп.

– Иә, солай. Қазiр ойланып отырсам, ғылым қуып отбасын ұмытатын кездерiм көп екен. Мен расында да Мiржақыпқа ғашықпын ғой…

Мiне, Марат осы сәт маған нағыз сағына бiлетiн ыстық жүректi адам болып көрiнедi.

Сағыныш сағынышты түртедi екен. Үстел үстiндегi Мiржақыптың суретiнен көз айыра алсамшы… Мiржақыптың шаш қойысынан аса бiр талғампаздық аңғарылады. Сол жақ шекесiнен оңға жарып қайырған екен. Қасы қою да, сұйық та емес. Тiке қараған мейiрiмдi көзiнен iшкi сезiмнiң шиыршық атқаны байқалады. Көзқарасынан әлдебiр паңдықтың, тәкаппарлықтың нышаны аңғарылады. Ернi толық, әдемi сызылған… Мiржақыптың жылы жүзiнен бөлменiң шырайы кiргендей. Бұл сурет бірер күннен соң, сәтiн салса, елге қайтатын мәшинемiздiң маңдайшасына iлiнбекшi…

Сағынышты iркуге болмайды. Марат маған Мiржақыптың төл жазуын көрсеткенде қайран қалдым. Хат 1914 жылы Орынборда жазылған екен. Қаламұшпен көрiктi етiп, сұлу жазыпты. Әрiптерi таза, мөлдiреп, әсем тiзiлiп түскен. Ойлары да анық, қарапайым. Өмiрбаянын баяндапты. Мұғалiмдерi жайлы айтады. Бiр жерiнде М.Тоқтабаевтың аты-жөнi келтiрiлiптi.

Ұлы адамның қай мiнезiне, қарекетiне, бәрi-бәрiне таңдана, сағынышпен қарағанның несi айып? Ұлылық сонысымен де құдiреттi ғой. Дәл осындай маржан жазулар амандығын, арманын, ыстық тiлек-сағынышын арқалап осы Сосновецтен елге де талай жөнелген кездерi болды ғой.

Әкесiнiң көп хаттары Гүлнәр апайдың қолында сақтаулы. Соларды көрген сайын қыз жүрегi егiлмейдi дейсiң бе? Сағыныш деген сол, әне, шексiз бiр әлем. Гүлнар апай сағына бiлгендiктен де көз майын тауысып, әкесi жайлы кiтап жазып жүр. Оның үзiндiлерiмен танысып та үлгердiк. Қазiр есептеп отырсам, Гүлнар апайдың Торғай қаласында жатқанына да он жетi күн болыпты. Мараттың айтуынша, жай жатпаған көрiнедi. Әкесi жайлы бастаған  кiтабын көңiлдiң күшi, жүректiң үнi, көздiң жасы дегендей әрi жылжытып жатса керек. Әкеге тартқан бiртуар мiнездiң қарымы қуантар түбi. Соған сенейiкшi.

…Мен де тап қазiр Мiржақыптың сағынышындай iңкәрлiгiмдi тежей алмай елге, түу алыс Арқалықтағы отбасыма Сосновецтен амандығымды айтып, хат жаза бастадым…

                                        

ЖҮРЕКТЕСIҢ, КАРЕЛИЯ!

 Келем деген, көрем деген жер ме едi бұл? Дәм жазған екен, жетi күн болдық өзiңде. Торғайдан шыққан мәшине келiп жеткенше бiр тыным таппай Сосновецтiң Мiржақыпқа қатысты жерлерiн араладық. Тойымсыз көңiл мүлде тояттауды қойды, бәрiн, кез келген құбылысты Мiржақыпша көрiп, сезгiң келедi. Поселкенi орай аққан Выгтың айдынына төнiп, оның қызыл қоңыр суынан өзгеше бiр сыр ұғуға талпынамын… Айдынға ұласатын ГЭС-тiң каналы бойымен буырқанған толқын лекидi. Таза емес, бетiнде күн сәулесiмен мың құлпырған дақ-теңбiлдерi бар. Кешегi тұтқындардың суша аққан қанынан шiмiркенген Выг, мына заманның экологиялық ауруы зардабынан май iшiп, жүрегi айнып, лоқсып жатқандай ма? Әрегiрек көз салсам, қалың жынысты тоғай көкпеңбек мұнартып, сол белден асып түссе, Ақтеңiз – Балтық каналының төбесiнен топ еткiземiн деп, жетелейтiндей.

Каналды тұңғыш көруiм ғой. Оған жеткенiмше, жолай жақпар тастардың бойын қуалап, үңiрейген үңгiрлерден үрейiм ұшып баяғыда Мiржақыптардың қайламен қашап, қаппен тасып салған каналына да iлiктiм-ау. О, Тәңiрiм, канал дегенiмiз – бiздiң ауылды сипай ағатын Қоңыраулы дерсiң. Енi де шамалас, тек мұның тереңдiгi өзеннен әлдеқайда таяз болып шықты. Бiздiкiнiң жақтауы құлама жар болып келсе, каналдікi тайпақтау, тастан қашалғаны көрiнiп тұр. Қолында қайласы, алдында арбасы бар Мiржақып канал қазып жатқанда өзi шомылған Қоңыраулысын еске алмады деймiсiң?! Сол дана баланың есiнде қалған, Қоңыраулы, бүгiнгi күйiң нешiк?

Буылтық-буылтық бөгеуден арының азайып, қаһарыңа мiнiп таси  алмай, арнаң ортайып бiр жүдесең, кәрiстердiң жағаңа талғамай салған бау-бақшасынан аққан улы зәрден суың ластанып жатқаның, әне. Жұрт жаппай ынтығып тартатын темекi қорабының сыртына Ақтеңiз-Балтық каналының суретi салынғанын Мiржақыптардан бастап бiз де көрiп келемiз ғой. Насихаттың күшiне не жетсiн? Сондағы каналың осы ма?! Ендi ғой менiң еркiме жiберсе, айналайын Қоңыраулыны бүгiнгi бiр темекiнiң безендiруiне себеп етер едiм-ау!

Каналдан қайтарда баяғы тұтқындар қарғып, қойша қырылып өлетiн тоғыз көпiрден өттiм. Ұзындығы тоқсан метр тұзақ көпiрi әлi күнге қанды қақпандай жүрек қариды. Есiме Беломорск қаласында болғанымызда республикалық «Северный курьер» газетiнiң меншiктi тiлшiсi Н.Волкова айтқан, зәренi алар мына әңгiме сап ете қалғаны… Каналдың Ақтеңiзге құяр сағасындағы шлюздi қайта жөндеу кезiнде экскаватордың шөмiшiне адам сүйектерi толып шыққан ғой. Сонымен қоса құжаттар да iлiксе керек, солардың iшiнен Махмұт тектес есiм бе, әлде тегi, әйтеуiр шығыс халықтарының ныспысын айғақтайтын дәлел қағаздар бар екен. Көмусiз қалған ол қандай қандасымыз екен? Жалпы, Сосновецтiң кез келген жерiн тереңiрек түртсе сүйек шықырлайтынын екiнiң бiрi бiледi бұл жерде. Соғыс тұсында аэродром салу кезiнде де қаншама мүрденi тып-типыл етiп тегiстеген. Н.Ф.Серегин қарттың өз аузынан естiдiк, картоп қазып жатқанда он екi адамның сүйегi iлiккен ғой күрегiне.

Тұтқындардың сүйегiмен ойнаған солақай саясаттың түпкi көздегенi орындалып, канал бiр жыл жетi айда iске қосылды. Күре су жолының Ақтеңiзге қосылуынан сол кезде халық шаруашылығына қисапсыз пайда келгенiн пайымдаймыз. Бiрақ өзектi өртейтiн тұспалымыз және жоқ емес. 1966 жылы А.Солженицын «Архипелаг ГУЛАГ»-ті аяқтасымен Ұлы Ақтеңiз каналына әдейi барып, жайын көрмек болады ғой. Сонда сегiз сағат iшiнде өздiгiнен жүретiн бiр баржа ғана өтiптi каналмен. Бұған таңғалған жазушы «Елiмiзге қасқалдақтың қанынан бетер керек болған, Ұлы канал, мына қимылсыз күйiңе не жорық?» – деп, бiр жағы мысқылдап, бiр жағы ажуалап қатты налыса керек. Сол қыбырсыздыққа сол жолы бiз де таңырқадық. Кемелер шабан өтедi екен, таситын жүктерi жоқ дей ме, қайдам. Асарлап салынған каналдың күйкi тiрлiгi осындай. Соның бар ғой суына көз салсам, қан ағып жатқандай шошынам, жағасындағы жақпар тастарды тұтқындардың сүйегi ме деп қалам…

Соқыр, таяз саясат не iстетпейдi? Соның басты иелерiнiң бiрi – Кировтың да Сосновецтегi ескерткiшiнiң жетiсiп тұрмағанын көрдiк. Басында шәпкесi, үстiнде шинелi, оң қолында шиырлап ұстаған газетi бар «жалынды революционер – шешеннiң» сол қолына шұрқ тесiк еркек сандалын iлiп кетiптi, онысы желмен шайқалып салбырап тұр. Мiне, мазақ, орынды мазақ. Халық қаһарына iлiккен саясаткердiң қазiргi сықпыты осы. Жаңа тұрмысты уағыздап, ұрандатқан «жалындының» Мiржақыптай талай боздақтың өмiрiн қиғанын тарих, сiрә, кешiрмес.

Елде көлiк келгенше қарап жатпадық. Екi жарым мыңдай халқы бар шағын Сосновецтiң экономикалық-әлеуметтiк ахуалына тереңiрек бойлағың келедi. Бастапқы байлығы ағаш екендiгi бөренеден қиыстырған үйлерiнен, текшелеп жиған қайың-отынынан байқалады. Тағы бiр несiбесi балық десек те, дүкендерiнен соның бiр қалбырын көре алмай дал болдық. Етi, сүтi, қант, наны удай, сыртқа еккен картобы үшiн кезектесiп күзет қойған ашқұрсақтау ел екен. Әйтеуiр, орманның қып-қызыл жидегiн нәпақа қылып, жексенбi күндерi отбасымен өре көшiп терiп, онысын шетелге бұлдап Финляндияға тауарға айырбастап қажеттерiн шығаратын жанкештi еңбекқор адамдарын көрдiк. Өз жерiнде карель деген аты бар да үлесi шамалы, тiлi де бiздегiдей шырайы ашылмаған ел екен, бiр ғажабы адамдары қазақы мiнезді дерсiң. Мiржақыптың мүрдесiн әкетуге қимайтындай… әйтсе де осы iске етене араласып, тайлы-таяғымен жөңкiлiп жүрдi.

Тек жатпай, мұнда талай кездесулер өткiздiк. Орта мектептегi жүздесуге поселкелiк кеңестiң төрайымы С.Ф.Фролова бастап барды. Марат әрiден қозғап, қазақтың тарихын желiлеп таратып, зиялыларымыздың орыс интеллигенциясымен арақатынасын безбендеп, Мiржақыптың сан қырлы еңбегiне тоқталып, мұнда келуiмiздiң мәнiсiн айтқанда шәкiрт пен ұстаз бiткен мейiрленiп тыңдады әңгiменi. Сыртқа шығып бара жатқанда бiр оқушының: «Ей, сен  бiлесiң бе, бiз осындай Сосновецте тұрып жатыр екенбiз ғой», – дегенiн естiдiм. Бұл кездесуден бiр түйгенiм – мұндағы жас ұрпақ әлi де болса өз өлкесiнiң тарихын, кезiнде осында атақты тұтқындар өмiр сүргенiн жөндi бiле бермейдi екен. Байқаймын, жүздесулерге қатысқан мұғалiмдер де осындай ой түйiп, өз қызметтерiндегi осал буынға сын көзбен қарағандай жетiлiп, шыңдалып қалғанын сездiм.

Бұл жүздесуден көп нәрсе ұтқанымызды ендi шамалаймын. Бiрiншiден, бұрынғы орталықтың әмiрiнсiз қазақ, карель халқын жақындастыра түскендеймiз. Екiншiден, адамгершiлiк, рухани, мәдени өркениет үлгiсiнде достық пейiл еселенгендей едi. Мың сөзден бiр iс артық, ендеше Мiржақып қабiрiн осыншама жыл мәпелеп күткен халықтың өнегесiнен айналмассың ба? Үшiншiден, Мараттың: «Балалар, әкелерiңнен Сосновецте кiмдердiң тұрғандығын сұрап қалыңдар», – деуiнiң өзi үлкен сабақ iспеттi едi.

Мен кездесу соңында мектеп директорына Торғай облысындағы «Қызбел» кеңшарында жабдықталған М.Дулатұлы мұражайының мекен-жайын жазып қалдырдым.

Сегiзiншi қыркүйектiң кешiнде төрт жiгiтiмiз Торғайдан алтыншы тәулiк дегенде аман-сау жетiп, мәре-сәре болып қауыштық.

…Тоғызыншы қыркүйек. 9 сағат 40 минөт. Зират маңы қарақұрым халық. Мен қазылып жатқан Мiржақыптың қабiрiне қобалжи қарап, бүгiн Ерлан арқылы Санкт-Петербургтен «Егемен Қазақстанның» редакциясына телефакспен берiлетiн мақаламды асығыс сүйкей бастадым.

 

 

ТҮЙІН

                                     

Құдайдың қолдауы да, қазақтың асыл ұлы Мiржақып Дулатұлына туған топырағы бұйырып, оның мәйiтi 1992 жылдың 18 қыркүйегiнде Жангелдин ауданындағы өз есiмiмен аталатын кеңшар орталығына қайта жерлендi.

«Жаза гөр топырақты елден, Алла!» деп жалбарынғанындай, аузына бұл сөздi Құдай салды ма екен, арманы орындалды. «Әкемнiң сүйегiн көзiмнiң тiрiсiнде елге әкеп жерлесем» деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Гүлнәр  апай парызын өтеп, уһ деп демiн алғандай. Жалпы, бұл оқиғаның сәттi түйiнделгенiне халық сүйсiнiп жүр. Сыртта қалған ұлының сүйегiн егемен елiнiң арқасында ғана әкеле алған мемлекеттiң бұл қадамы да құптарлық. Әйтпесе бұрын қайда қалыпты? Бұл – бiле-бiлгенге адамгершiлiктiң жарқын өнегесi, ежелден бауырмалдықты, қайырымдылықты, мейiрiмдiлiктi ту еткен атам қазақтың байырғы дәстүрiнен жаңылмағандығының нышаны.

«Бақытсыз Жамалдың» (роман) трагедиясын жырлаған қайран Мiржақып! Өзгенiң бақытын құтайтамын деп, күллi қазақтың мұңын шағамын деп, бүгiнгi елдiктiң туын желбiретемiн деп, «халық жауы» атанып қиыр шетке айдалып кетiп едiң, бақытсыз мұңлық күйiн кешiп едiң. Сол жаланың күйiгi, мiне, көрген түстей өттi де кеттi…

…Осы оқиғаның ортасында жүрген күндерім көз алдымда үнемі керіліп, жатып алғандай болады.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір