Қайсар Әлім. Оралу
1992 жылғы қыркүйектiң алғашқы он сегiз күнiнде он екi мың шақырымға «еңку-еңку жер шалып» дегендей, Алаш баласының алақанына салған асыл ұлы Мiржақыптың мәйiтiн сонау Карелиядан әкеп, кiндiк қаны тамған жер бесiгiне қайта бөлегеннен соң недәуір тым-тырыс жатып алғаныма қысылатын да едiм. Иә, бұл бiр оқырмандар алдында ақталу, сылтау iздеу немесе жауапкершiлiктен жалтару емес едi, сенсеңiз әрұдай күй кешкенім имандай шыным едi. Журналистiк осы ғұмырымда iссапардан оралысымен iле қолыма қалам ұстай алмай, ақ қағаздан жерiнiп, мең-зең күйде, «Бұл өзi, қандай iс болды?» деп бiр ысынып, бiр суып, төбем көкке жетiп, алмағайып сезiмге бөгiп жүрiп алдым емес пе? Сенiңiз, сенбеңiз, сондай сезiм әлдиiне бөлеген тағдырыма разымын.

Суретте: Зайыбы Ғайеижамал, қызы Гүлнәр және Міржақып Дулатұлы. Орынбор. 1923 жыл.
ҚҰДАЙ-АУ, БҰЛ ӨҢІМ БЕ?
Қазiргi түйгенiм, ендi қайталанбайтын осындай оқиғадан соң қайта қыбырлап, ояну, өзiңше түлеу, сабаңа түсу үшiн де уақыт керек екен. Мiне, сол шекарадан ендi өте бастадым ба деймiн…
…Қалай болып едi, өзi? Тамыздың iшiнде мiржақыптанушы, алматылық ғалым Марат Әбсеметұлын Торғай қаласынан кездестiрiп, жүрiсiнiң мән-жайын бiлгенiмде «бұл iс кiмге де болса арман-ау» деп бойым ысып, жүрегiм бұлқынып кеткен едi. Содан бертiнде Торғайға Мiржақыптың қызы Гүлнәр өтiптi дегендi естiп ойым онға бөлiнiп, сол жаққа құлағымды тiгiп, тәттi қиялға берiлетiнмiн… Қиырдағы Карелияның Сосновец поселкесiндегi ескi зираттан 1990 жылы маусымда Мiржақыптың қабiрiн тапқан әлгi Марат едi ғой. Содан берi екi жылдан астам уақыт өтсе де «мәйiттi әкелiп елiне жерлейiкшi» деп ықылас танытқандар қатары саусақпен санарлықтай болатын. 1991 жылы дүркiреп өткен Ахаң мен Жақаңның тойында Гүлнәр апай ғана мiнберден шырылдап жатқаны есiмде. Кейiн «Егемен Қазақстан» газетi «Мiржақыптың мүрдесi елге қашан әкелiнедi?» деп қоғамдық пiкiрдiң дауылын өршiтуге дем бергенi мәлiм. Содан берi қарай жел оңынан тұрып, шөп басы қыбырлай бастаған сияқты. Ендi апай мен ғалымның келiп жатқаны да тегiн болмағаны-ау!
Әгәрәки, Торғай жақтан алыс сапарға экспедиция шыға қалса, даяр тұрайын деп, облыс басшыларының қолдауымен демеушiлер тауып, өзiмше қамданғаным мұндай жақсы болар ма, Гүлнәр апайдың: «Нағашыңның бұл мiндетiне өзiң де аралас, сауабы тиедi», – деген ақылынан кейiн жолға асығыс жиналдым.
…Қыркүйектiң дәл 1-i күнi Марат екеумiз Арқалықтан Мәскеудi бетке алып ұштық. Бiзден кейiнiрек РАФ мәшинесiмен жолға шығатын төрт адам Сосновецке келiп жеткенше ондағы түрлi даярлық, ұйымдастыру жұмыстарымен айналыспақ ойымыз бар. Ұшақ жерден бауырын көтердi. Қасымдағы Марат iнiмдi иығыммен түртiп:
– Құдай-ау, бұл өңiм бе, әлде түсiм бе? – деймiн бiр үлкен оқиғаның жалына жармасқанымды ендi ғана сезгендей. Ол ой құшағында екен…
БУТЫРКАДАН СОСНОВЕЦКЕ ДЕЙIН
Мәскеуден кешқұрым мiнген пойызымыз ертеңгiсiн түс әлетiнде Карель Республикасының астанасы Петрозаводскiге кiдiрiсiмен Мурманск бағытын бетке ұстағалы тұрған екiншiсiне ат ауыстырғандай отыра қойдық. Көлiгiмiз орнынан лықси қозғалғанда Марат:
– Ендi, тұтқындарды баяғыда жаппай жөңкiле айдаған жолына түсемiз, – деп менi сергектiкке шақырғандай болды.
Қос қапталдан жарысқан қою орманды үңги түсiп тартып келемiз. Күн көзiнiң жетiспейтiндiгiнен бе, бiрте-бiрте шырша-қайың селдiрленiп, алаңқайлардан жарқабақты-жартасты дөң-төбелер көзге шалына бастады. Мүктi тастардың қожыр-қожыр теңбiлдерi ақ тарихтың бетiне әдейi баттастырып жаққан қара күйелеш таңбадай сескендiредi. Ендi солар iзiнше айдын-алқа көлдерге ұласқанда нiлдей көк бояуымен көңiлдi өсiрiп, балаша мәз қылады.
Бұл жолдың бойымен осыдан алпыс жылдай бұрын, мүмкiн одан да ертерек болар, қазақтың талай боздақтары өткен шығар. Кеше Мәскеуде Бутырка түрмесiн сыртынан қарап, оның тас камераларында кiмдердiң шаш ағартқанын әңгiме етiскен едiк. Мiржақып Бутыркаға 1929 жылдың маусым айында келiп түсiп, сонда ақырғы жазасы кесiлгенше алдымен атуға бұйырылып, содан он жылға тартылғанша отырған екен. Сол азап көрiнен 1931 жылдың ақпанында шығып, Соловки лагерiне айдалған ғой. Сонда осы жалғыз темiржолмен жүрмей қайттi дейсiң.
Бутырка түрмесiнде онымен бiрге Татарстанның халық суретшiсi Бақи Орманшы отырғанын тарихи құжаттардан бiлемiз. Ал Сосновецте татар жазушысы Махмұт Будайли мен қазақ қайраткерi Мырзағазы Есболовтың Мiржақыпты өз қолдарынан жерлегенiне де естелiктерiнен қанықпыз. Сол ардақты азаматтар да көз сүзбедi дейсiз бе, мына бiз телмiрген табиғатқа?!
Петрозаводскiден шығысымен купедегi картадан құмырсқадай құжынаған станса бiткендi көшiрiп алып едiм, соларды түстеп, оқыған-тоқығанымыз бойынша әрқайсысын жыға тануға талпынып бағамыз. Мiне, Медвежегорск стансасы. Алдымыздан Мiржақып шыға келетiндей көзiмiз бұлдырап қоя бердi. Мұнда ол 1934 жылдың басында фельдшерлердiң орталық курсында оқыған. ГУЛАГ-тің Карель бөлiмшесiнiң астанасы атанған тұтқындардың бұл апанында талай қазақ атпалдары да мүжiлген шығар, кiм бiлген?!.
Кешкi сағат 19-да Майгуба стансасында 19 минөт аялдадық. Қайран Мағжанның жаралы жылдарын жұтқан қаралы жер деп тепкiлегiң келсе де, жердi-елдi тiлдеп даттауға дәтiң жетпейдi. Жер емес, оның елi емес қызыл жалаулы кеңестiң қанқұйлы саясатына лағынет айту жарасар. Бiрақ та сен, Майгуба, Мағжанның отты жырларын жадыңда сақтап қалғаныңмен де ыстықсың-ау. Әр ағашың қазақ өлеңiнiң бiр-бiр жолындай ма, буынындай ма едi?
Бәтiр-ау, бұл жол Мiржақыптың зайыбы Ғайнижамал мен ұлы Әлiбектi де Сосновецке (1934 ж.) тәттi қиялмен тербеп әкеп, қауыштырып, көрiстiргенi қайда?! Арада ай өткен соң, әттең-ай, сол ыстық құшақтарды ажыратып, көздерiнен улы жасты сорғалатып, бөлiп әкеткен де, осы жол едi-ау.
Белiң үзiлгiр, темiржол, арманды арманға жалғап, iзiнше шорт кескенiң қалай? Талай қазақ баласын тарыдай шашып тастадың-ау маңайыңа. Әне, дөңкиген мүктi тастар – Мiржақыптың, Мағжанның және тағы басқа арыстардың берiш болып қатып қалған жүрегi дерсiң.
Бутырка түрмесiн көрiп, Мәскеуден Сосновецке дейiнгi темiржолмен шайқалақтаған жолаушының ойына нелер келiп, нелер кетпес?!
– Сосновецке таядық, – дедi жолсерiк ескертiп.
Бiз қалбалақтап тез жиналдық. Мiржақыптың қабiрi жатқан поселке үстiн қою қараңғылық тұмшалай бастаған екен. Жерге түскенде баяғыда Мiржақыптың бетiн өпкен жұмсақ жел «Ғұламаның елiнен келдiңдер ме?» дегендей аймалап қоя бердi…
ҚАБIР БАСЫНДАҒЫ ОЙ
Сосновец стансасының темiржолынан елу метрдей жердегi орман iшiнде ескi зират бар екен, сондағы Мiржақып қабiрiнiң қасында тұрмыз. Марат әруаққа Құран бағыштады. Қойылған белгi маңайындағылардың ешқайсысына ұқсамайды, тым ерекше екен. Лагерь мұнарасы iспеттес айқұш-ұйқыш темiр белдiктердiң ұшар басындағы шарға бес жұлдыз бекiтiлiптi. Көнекөздердiң айтуынша, бастапқыда мұсылмандық ғадетiмен ай бейнеленбек екен, онысын кейбiреулер артық көрiп, «коммунисше» кеткен ғой. Және қабiр белгiсi құбыла жаққа қаратып қойған мәйiттiң дәл бас жағына орнатылуының өзi (карельдерде аяқ жағына қояды) осыдан екi жыл бұрын Марат пен Нұрлан Сатыбалдиевтiң көзiнше қазып, ашқан табытта Дулатұлының сүйегi жатқандығына да бұлтартпас дәлел болса керек.
Зират маңын асықпай аралап, ондағы ескерткiш белгiлердi сараптап қарап, шым-шытырық ойға берiлдiм. Бұған дейiн Мараттың аузынан естiгендерiм бар, осында келгелi поселке тұрғындарынан тартқан сыр-естелiк және көп, ойға тамызық жетiп жатыр едi.
Бiрiншiден, Марат Әбсеметұлы мұнда жел айдаған қаңбақтай кездейсоқ келе салмаған. Академик Д.С.Лихачевтiң шақыруымен сталиндiк қуғын-сүргiн титықтатқан бұрынғы тұтқындар жиналған Соловки форумына қатысқан ол Л.Кижло, И.Русинов және басқалардан Мiржақып туралы әңгiмелер естидi. Олардың айтқандары қолындағы 1935 жылдың 5 қазанында Сосновецте толтырылған Мiржақыптың өлiмi туралы № 533-актiнiң мәлiметтерiмен сайма-сай келiп тұрған болатын. Ал Сосновецте қабiрдi дөп басып көрсетiп, ешқандай күмәнсiз дәлелдермен негiздеп берген адамдардың бiразымен өзiм де бұған дейiн жолығып, сөйлескен едiм.
Мiржақыптың қабiрiн 57 жыл бойына мәпелеп күтушiнiң бiрi Мария Ивановна Соколовамен тiлдескенiмдi қалай ғана ұмытармын. Оның шешесi көзiн жұмарда қызын қасына шақырып алып: «Ескi зиратта қазақтың фельдшерi жатыр, менi соның қасына қойыңдар. Қос қабiрдi бөле-жармай күтерсiң», – деп өсиет айтыпты. Ана парызын адал ақтаған Соколова қабiрдi екiншi рет ашып, Торғайдан әкелген табытқа мәйiттi салып жатқанда көзiнiң жасын көл етiп, егiле жылағанда сай-сүйегiмiз сырқыраған. Немесе қаусаған шал Д.Ф.Ильиннiң ағаштан шауып өрген екi қабат ескi үйiне барып, бiр кезде Мiржақыптың әйел-баласымен үшеуi бiр ай тұрған бөлмеге бас сұғуымыз – ерiккендiктен емес едi. Бұған Мiржақыптың Сосновецтен әйелiне жолдаған хаттарындағы сол күндердi сағынышпен еске алып, үйдi айналсоқтап шықпай қоятыны жайлы үздiге жазғандары (хат Гүлнәр апайдың қолында) да дәлел болса керек-тi.
Үйiнiң төрiне шыққан бiздi тамаққа тойдырып болып: «Қарындарың ашады, мейманханаға картоп ала кетiңдершi» деп жалынатын зейнеткер К.М.Стенниковадан естiгенiмiз – өз алдына бiр сала әңгiме. Ол кiсi де ертеден «қазақ дәрiгерi Давлетов» дегеннiң қабiрiн бiлiп өскенiн айтады. Гүлнар апайдың қолында осы Сосновецтен жiберiлген бiр құжат бар. Онда Мiржақыптың көз жұмған соң елiне қайтарылған алпыс заттың тiзiмi келтiрiлген. Соның iшiнде төменгi алмалы-салмалы тiсiнiң бiр үлгiсi де қоса жiберiлген ғой. Табыттан бас сүйектi көтерiп алғанда, шынында да, төменгiсi протез екендiгiне көзiм жеткен едi.
Мiржақыптың Сосновецте ғана емес, күллi Карелия аймағындағы тұтқындар арасында беделдi, ғұлама, бiлгiр, әр ұлттың тiлiн таба бiлген iрi саясаткер екендiгiн бейнелейтiн құжаттарды аудан орталығы Беломорскiдегi мұражайдан көрiп, атамызды соны бiр қырынан танығандай болдық. Санкт-Петербургтiк кинорежиссер В.Б.Мелейко «Сталин атындағы канал» кинохроникасын түсiру барысында тапқан төрт кадрды мұражай қорына сыйлаған екен. Оның бәрi де бiзге бұрыннан таныс көрiнiстер болғанымен, Мiржақыптың жүрген ортасындағы кесек тұлға-бiтiмiн өзге сипатынан паш етуiмен құнды едi.
Әлгi режиссер сонымен бiрге өз әрiптестерiнен Мiржақыптың ақжелең киiп, фельдшерлiк мiндетiн өтеп тұрған сәтiн бейнелейтiн кадрдың бар екендiгiн де естiптi. Оны iздестiрiп табу, сөйтiп ұлы өмiрдiң ақтаңдақ тұсын байыту, әрине, келешектiң iсi ғой.
…Мiржақып жүрек демiкпесiнен қайтыс болды… Көзбен көрген лазаретте емделiп жатқан тұтқындарды айуандықпен атып, азаптап өртегенiнен шошып ояныпты. Сұмдыққа нәзiк те аурушаң жүрегi шыдамады. Оның ұлы жүрегi тек «халқым, елiм» деп соғатын, сыздайтын. Ол осындай қиырда жүрiп-ақ әр адамды ұлтына, нәсiлiне қарап алаламастан сөзiмен, жүрегiмен емдедi. Дәрiгерлiк қызметiндегi ғажап емi әркiмдi көрегендiкке, бiрлiкке, мейiрiмдiлiкке үндеген шырайлы сөзi болды. Халық оның бiр ауыз лебiзiне тәк тұратын, оны ішiрткiдей қабылдап, тұмардай тағатын мойынына. Сондықтан да оның қабiрiне өз тұрғыластары көз қиығын салып жүрдi. Қабiрiнiң өзi соңында қалғандарға әсер, күш берiп, болашаққа үмiттендiрiп отырды. Оны бiлетiндер немесе олардың ұрпақтары Мiржақып қабiрiне әлi күнге тағзым етiп, әруағына табынады екен. Осыны көзiмiз көрдi.
Есiме кешегi бiр кездесу сәтi түстi. Онда Сосновец поселкелiк кеңесiнiң төрайымы С.Ф.Фролова бiзге М.Дулатұлының ескi зиратта жерленгенiн растайтын арнаулы комиссияның ресми құжатын көрсеткен едi. …Мiржақыптың қабiрi өзгелерiнен ерен, бөлек нобайымен дараланып, көңiлдi бiртүрлi мұң торлайды…

Қ.Әлім мен Н.Ф.Серегин 1934 жылы М.Дулатов 1 ай отбасымен тұрған үй жанында. Сосновец, 1992 жыл.
ПОЙЫЗ ДҮРСIЛI
Ертелi-кеш, күн-түн демей құлаққа пойыз дүрсiлi тынымсыз келiп жатады. Пойыздар Сосновецтi баса-көктеп Қиырға, Қиыр Шығыстан батысқа жөңкiлiп жатыр. Бұрын да солай болған шығар, қазiр де сонысынан жаңылыс таппағандай. Осыдан елу жетi жыл бұрын Мiржақыптың құлағына жеткен пойыз дүрсiлi ендi менiң жүрек қылымды шертiп жатқандай. Саған не жорық, әншейiн дүрсiл емес пе, дерсiз. Жо-жоқ. Сол дүрсiлге Мiржақыпша құлақ қойғым келедi.
…Дүрсiл оның сағынышын еселей түседi. Елден хабар әкелдi ме екен? Әлде, тағы бiр тұтқынның аяқ-қолын матап, домалатып тастап кетер ме? Кешегiдей едi-ау, сол дүрсiлдiң: «Ғайнижамалың мен Әлiбегiң келдi» деп сүйiншi сұрағаны… Сағынады, аңсайды сол дүрсiлдi елжiреп. Жастыққа басы тигенде тағы бiр құрама өттi бiлем, төңiректi өзiндiк ырғақты дүрсiлiмен тербеп оятып, маңайына әлдилей жан бiтiрiп бiрте-бiрте алыстай бердi. Әне, соның сәт санап әлсiрей үзiлген, тұншыққан дүрсiлiнен жаны шошып, денесi түршiктi. Себебi сол дүрсiлмен бiрге қасында бiр ай болған аяулылары көзден тасаланып, шермендi жүректердi жалғаған сүйiспеншiлiктiң асыл тiнiн әне-мiне үзердей, жанды қинай түсiп ұзап бара жатқан-ды. Оларды қауыштырарда тәттi дүрсiл ең, әкеткенде құрғыр-ай, ащы дүрсiлге ұластың ғой. Сол ащы да қатыгез дүрсiл Мiржақыптың өмiрiндегi ең жақұттарын ұрлап кетуiмен қорқынышты едi…
Ендi несi қалды? Сол дүрсiл бұған елден де хабар әкелмейтiн болды, мұның хабарын елге де жеткiзбейтiн болды… Сөйтiп, Мiржақып үшiн пойыз дүрсiлi әбден құрып, құлағынан мәңгiлiкке өшкен… Тағдырға не шара? Сол дүрсiл бiрақ оның қабiрiн елу жетi жыл бойы темiржолдың iргесiнен елу метрдей жерде тербетiп жатыпты.
Ендi сәтi түссе, сол дүрсiлден безiнiп, елiне, туған жерiне жамбасы тиiп, мәңгiлiкте, шын мәнiсiндегi мәңгiлiкте тыныш жатар…
Мiржақыптың туған жерiне пойыз жолы әлi тартыла қойған жоқ. Туған жерiнiң жүрек лүпiлi – дүрсiлi ғана тербетiп, мәпелейдi оны. Азапты дүрсiлдi оның ұрпақтарына ендi естiрте көрмесiн. Сенiң қайғы-зарыңды, мұң-налаңды, алты алаштың баласы-ау, бiр Мiржақыбың нардай көтере бiлдi ғой. Соны ұмытпағайсың.
…Көрпемдi тарс тұмшалап жатсам да құлағыма пойыз дүрсiлi жетедi. Мiржақыпша елеңдей түсемiн… сенiммен, үмiтпен елеңдеймiн.

М.Дулатовтың бейітіне жиналған тұрғындар мен экспедицияқұрамындағы азаматар. Сосновец, 1992 жыл. Қыркүйек
ТҰМАНДЫ ЖАРҒАН КҮН
Таң. Выг өзенi тұманға тұншығып тұр екен. Ағаш басын көкмұнар шалып, ауыр сұлбасын өзен арнасына малып-малып алғысы келгендей жөңкiлiп, тұтаса көшкен қалың тұман табиғат ажарына кiр-қожалақ қолын қасақана салып, оның жалынан жабысып, айырылар емес.
Мен бой жазу жаттығуын жасап болғанша тұман үдей түсiп, тiптi қоюланып кетiптi. Выгтың айдынды кең қолтығының садақтай иiлiп барып күрт солға қисайып кететiн тұсы, қарсы жағалаудағы тұтасқан орман бойы, әрiрек қапталындағы Ақтеңiз-Балтық каналының 14-шлюзiнiң еңсесi, одан берiректегi көпiр пошымы, тiптi қолсозым жердегi дөң-қырат, мұның қолтығында жасырынып, төбесi ғана қылтиып тұрған ГЭС-тiң зорайған бейнесi көзге әрең-мәрең шалынады. Тұман сiресiп, нығыздалып, қою түтiндей шұбатыла сұстанып, маңайына көңiлсiздiк пен көзсiздiктi үйiрiп, сәт санап билiгiн бекiте түстi осылай…
…Бiр сәт қарасам, әлгi тұман селдiреп, өзен аңғарынан үрке қашып, кейiн серпiлiп, ағаш бастарындағы жезтырнағын босатып, әуелей көтерiлiп, демi бiткендей божырап, тоз-тоз түтiлiп, қойны- қонышын үрлеген желден сұсы қашып, дiрдектеп, ауаға сiңiп, сейiлiп бара жатыр екен. Сол-ақ екен өзен бойы, аймағы аршыған жұмыртқадай әппақтанып, бозамығы сәулеленiп, жылтырай бастады. Мен ендi ерiксiз күн мен тұманның аспандағы (көкжиектегi десем дұрыс болар) тайталасына, бәсекесiне, күресiне араша болуға бекiнiп алған екенмiн. Бұған, әрине, едәуiр уақыт та керек болды.
…Е, сәт, үмiтiмдi демей гөр! Төменнен табаны тайған тұманның жоғары ыдыраған сайын әл-дәрменi, қуаты құрып, абдырап, сұрқы қашып, тiптi күннiң күш ала қоймаған әлсiз қызуымен таласарлық қауқары қалмағанын сезiп тұрмын. Күндi қызуы көтерiлiп, бұла күштенбей тұрғанда-ақ тұсап-матап тастайыншы дегенiмен ойы жүзеге аспай, санын соғып қалды. Қайта, өзi құрдымға терең батып кете барды. Күн, әне, сызатын ашты, әлеуеттi жарығымен Тұманды тескiледi. Алабажақ селдiр матаның арғы жағынан жарық сәуле түсiргенде қандай сурет көрiнушi едi, дәл сондай болып Тұманның берекесiз бейнесi көрiндi. Тұман ыдырап, күн жарқ еттi! Сонау көктен «Оян, қазақ!» жасыны сорғалап түскендей болды:
Көзiңдi аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткiзбей қараңғыда бекер жасты!..
немесе
Адасып қараңғыда сорлы қазақ,
Ай тумай, күн һәм шықпай, тұр таң атпай?!.
Оянған қазақтың алтын күнi мәңгiлiкке жарқырай берсiн!
(Жалғасы бар)