Берік Шаханұлы
Бүгін көрнекті қазақ жазушысы, аудармашы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Берік Шаханұлының туған күні. Берік Шаханұлы 1941 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылында туған. Сарысу ауданының Құрметті азаматы.
Берік Шаханұлының алғашқы әңгімелері «Ақ теке» 1962 жылы «Балдырған» журналында, «Менің ағаларым» 1963 жылы қазіргі «Жас Алаш» газетінде жарияланған. «Ғашықтың тілі» (1973), «Ақ иірім» (1979), «Қаратаудың самалы» (1984), «Ночь в горах» (орыс тілінде, 1987), «Көрген түстей дүние» (1989), «Құса» (1992) атты кітаптары жарық көрді. Берік Шаханұлы Әзірбайжан жазушысы Анардың «Ақ жағалау» атты повесі мен әңгімелер жинағын, Нивхы жазушысы В.Сангидің «Қайырлы маусым» романы мен бір топ әңгімелерін қазақ тіліне аударған. Әзірбайжан Республикасының құрмет «Алтын кітабына» есімі жазылған (1980).
Әзірбайжан Жазушылар одағының төрағасы, халық жазушысы Анар жазушымен достығы туралы былай дейді: «Бірнеше жыл бұрын біз Қазақстан Жазушылар одағының 75 жылдығында Берік Шаханұлымен кездестік, бұл таныстық достыққа ұласты. Берік Шаханұлы пен оның отбасы Әзірбайжан әдебиетін өте жақсы білді. Берік Шаханұлының Әзірбайжан тіліндегі кітаптарын да біздің оқырмандар жылы қабылдады».
Даурен ҚУАТОВ