…САҒЫНЫШТЫҢ ЖЫР ҚАМЫТЫН КИГЕНДЕ
13.11.2015
1900
0

стихи-про-любовь-1378881710_56Гүлбақыт ҚАСЕН

ӨЛЕҢГЕ СЫР

Жанымды ұғар дәл өзіңдей кімім бар?

Сен болмасаң өліп кетер түрім бар.

Мұңайғанда қарс айрылар жүрегім,

Ей, Өлеңім, мені қуант, тілімді ал!

 

Қуануға қақы бар-ау иеңнің,

Киелі Өлең, саған басты иемін!

Менің бүкіл тағдырымды, қайғымды,

Сен түсіндің, сол себепті сүйемін!

 

Қу жанымды шүберекке түйгенде,

Бір басыма қайғы бұлтын үйгенде.

Қол созасың тек сен ғана,

Өлеңім, …сағыныштың жыр қамытын кигенде.

 

Пана болмай салқар дала, көк аспан –

Жарық күнде жол таба алмай адасқам.

…Ей, Өлеңім, сен төзіммен жеңесің,

Тек өзіңмен армандарым алға асқан.

 

Қиын сәтте мені ұлықтап, демедің –

«…сені ұқпадым, түсінбедім» демедің.

Барым да сен, Арым да сен, Өлең-жыр,

Сен болмасаң менің қанша керегім?

…ең болмаса, сезім қалса деп едім,

Сен аман бол, сен аман бол, Өлеңім!

 

КҮН ҰЛЫ

…Мен – Күн ұлы, көзімде Күн нұры бар.

Мағжан.

 

«Мен келемін, мен пайғамбар – Күн ұлы!»

Күн ұлының мәңгі болар ғұмыры.

Жырын оқып көкте ме деп қаламын,

Тұран текті тұлпарлардың тұғыры.

 

Қызылжарда қыран мінез, текті елім,

Сен өлеңнің Рухыменен көктедің.

Жар саласың Күн елінен әлемге,

Қарсы аласың ұлы Мағжан көктемін.

 

Қыран шолған алысқа да, жақынға,

Не айтайын Мағжан шайыр хақында.

Хош болмайды соны ойласам көңілім,

«…Дос болмайды адамзаттан ақында».

 

Ол – Күн Ұлы, қара әлемді аластар,

Түсірмеген ақыл-ойды таласқа.

От боп ойнап, жер жүзіне нұр құйды,  

Жырларымен қуат берді Алашқа.

 

«Күннен туған, гүннен туған пайғамбар» –

Күпір айтар Хақ жолынан тайғандар.

Зарыққанға күмбір күйді сыйлайды,

Жарық таңға жапырағын жайғандар.

 

Жырын оқып жаным талай толқыды,

Кірпігімнен маржан үздім сол түні…

Басылмады жыр-тамырдың солқылы,

Сен не дейсің, ерке Есілдің толқыны?..

 

Ашылғанда қара түннің түндігі,

Жер-Ананың кесілгендей кіндігі.

…Жыры маржан, сәуле құяр сезімге –

Ұлы Мағжан көзіндегі күн нұры.

 

***

Сезбеймін сиқырын ғаламның,

Тағдырым ұшында қаламның.

Тұтқыны боп өтем өлеңнің –

Жарымын Жыр атты қағанның.

 

Сөзімнен соғамын жыр мүсін,

Бедерлеп ұлылық үлгісін.

…Мен мәңгі берілдім Музаға,

Сен мені таба алмай жүрмісің.

 

Адалдық танытам жырыма,

Қанық бол тұңғиық сырыма.

Жүректі шыңдаймын болаттай,

Төзуге тағдырдың сынына.

 

От емес күйдірер сын деген –

Ажал да емес ол, сұрмерген.

Жаныма араша ар-намыс –

Қаныма жат қылық сіңбеген.

 

…Мен Айға ұмтылам қалайда,

Сен мені іздеме жарай ма?..

Нұр болып оралам бір күні –

Айналғам сәулелі арайға.

 

Өлең-жыр – өмірім, ардағым,

Жеткізер бақытқа арманым.

Тәуба деп оянам әр таңда,

Сүйікті құлымын Алланың.

 

ӨМІР-АЙ, ӨМІР…

Өмір-ай, өмір –

өзен-көл болып тасыған,

құралғандайсың құралай көздің жасынан.

Жамандықтың да, жақсылықтың да іздері

сіңгендей құмға,

…толқының шайып жасырған.

 

Тағдыр-ай, тағдыр –

таулардай биік, құзар шың,

қарсы алған жанды қиын белесің, ызғар сын.

Сәулеге зәру әділдік ойдың жартасы,

сең болған мұздан табаны тайып ұзар шын.

 

Жалған-ай, жалған –

ғарыштың көгі, аспаным,

жолаушы жандар жолында көпір аспалы.

Тіреусіз көкте қарманар бұлт па, ауа ма,

сезімнен қорқам

…ғайып боп кетер қас-қағым.

 

Дүние базар –

тылсым күш ғажап тартатын,

тұңғиық түбің, кімдер бар сенім артатын?..

…Арманым болмас еді ғой келер күн үшін,

қалдырсам жазып намыстың жырын, ар хатын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір