«ҚЫЗ ЖIБЕК»: ЕЛ ЖАДЫНДАҒЫ ЕЛУ ЖЫЛ
04.11.2020
1240
0

Қазақ кино өнерінің қаншама уақыттан бері көрерменмен бiрге өмiр сүрiп келе жатқан және мәңгi жасай беретiн классикалық туынды­сының бiрi – «Қыз Жiбек» көркем фильмінің түсірілгеніне биыл 50 жыл толып отыр. Ол таспа­ланған кезде әлi дүниеге келмеген адамдар түгілі, олардың балалары да қазiр бұл фильм­дi сүйiп тамашалайды. Яғни «Қыз Жiбек» – жас талға­майтын өмiршең дүние. Ұлттық кино өне­рiнiң iнжу-­маржаны қалай экрандалған едi?

Классиктер бас қосса, классика туады

«Қыз Жiбек» атты фильм түсiру ту­ра­лы ой ХХ ғасырдың сонау қырқыншы жыл­дарында-ақ туындаған екен. Қазақ әдебиетiнiң классигi Ғабит Мүсiрепов «Гәк­ку» атты сценарий жазып, киностудияға өт­кiзген. Алайда, қандай себептермен еке­нi беймәлiм, ол сол күйi экрандалмай, сөреде жатып қалады. 1967 жылдың күзiнде «алдағы жылы өндiрiске жiберетiн дайын не бар?» деген сұрақ туғанда, «Қазақфильмнiң» сол кездегi директоры Камал Смайыловтың есiне баяғы Ғабеңнiң сценарийi түсе кетедi. Ол кезде қай іске де Мәскеудің рұқсаты ке­рек, сценарийдің орысша нұсқасын бү­гінде Ресей астанасы саналатын алып ша­һардағы одақтық кинокомитетке апа­рып көрсеткенде, ондағы мамандар оқып шығып, «Өз тарихтарың екен, жақ­сы­лап қойып шыға аламыз десеңдер, қар­сы­лы­ғымыз жоқ, қолға ала берiңдер», – деп құп­тапты. Сценарийдi бекiттiрiп, елге орал­ған директор бiрден Ғабеңе барады. Қуа­нышты хабарды естiген жазушы: «Одан берi қаншама уақыт өттi, мен сценарийдi қайта қарап, жаңалап жазып шығайын», деп екi-үш ай мұрсат сұрайды. Сценарий дайын болған соң, түсiру жұмыстары басталады.


Ғ.Мүсiрепов: «Кино тек Төлеген мен Жi­бектiң махаббатын ғана арқау етсе, көп ме­лод­раманың бiрi болып қалады», – деп, сценарийге елдiң татулығын, тұтастығын сақ­таудың қаншалықты маңызды еке­нiн көрсетер патриоттық сарын қос­қан. Туын­дының негiзгi лейтмотивi – Тө­ле­ген­нiң «Сый­май жүрсек екен-ау, сыйыса алмай жүр­­мiз ғой» деген бiр ауыз наласында жа­тыр. Өзара ру-ру боп қырқысқан халық түбi сыртқы жауға жем болмақ. Мұны авторлар фильмге енбей қалған ақырғы кадр арқылы аңғартқысы келген (өзенге батып өлген Жiбектiң суда жатқан сәукелесiн жау әскерi найзасымен iлiп алып, дар-дар айырады да, қарақұрым қалың қол онсыз да Төлегенiнен айырылып, құса боп жатқан қазақ ордасына тұтқиылдан тиiспек оймен Жайыққа түседi, бiрақ бұл эпизод «жамандық шақырмаңдар!» деген ескертумен цензурадан өтпей қалған). Сондай-ақ, жазушының пiкiрiнше, бұл фи­льм қазақ халқының бүкiл салт-дәс­түр, әдет-ғұрып, этнографиясын көрсе­те­тiн, ұлт тұрмысының панорамасын жа­сай­тын эпикалық дүние болуы қажет едi. Сондықтан орта ғасырлардағы қазақ өмi­рiн бейнелейтiн реквизиттерге өте көп көңiл бөлiндi. Эпоста суреттелетiн сән-салтанатты көш, Сырлыбай мен Базар­бай­дың бай да әсем ауылдары, басты кейiп­керлердiң, олардың серiктерiнiң сәндi де көркем киiмдерi, тарихи жәдiгерлер, бал­бал тастар, тау жақпарындағы ежелгi жазу­лар – бәрiн де экраннан көрсету керек болды. Бұған қарапайым халық та өз үлесiн қосты: бiреу ер-тұрман әбзелiн әкелсе, бiреу киiз үй жабдықтарын, тағы бiрi көне әшекей бұйымдарын киностудияға жолдап жатты. «Қыз Жiбектiң» нағыз халықтық кино болып шығуына осы халықтың ыстық ықыласы да себеп болды-ау деген ойдың жаны бар.
«Қыз Жiбектiң» «ұлттық киноның клас­сикасы» атануының бiр сыры – оның эк­ран­далуына қазақ мәдениетiнiң кiл май­тал­мандары атсалысқан. Бұған көз жеткiзу үшiн мына тiзiмге назар аударсаңыз-ақ жетiп жатыр: Ғабит Мүсiрепов (сценарий авторы), Асқар Сүлейменов (фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасының редакторы), Олжас Сүлейменов (орыс тіліндегі нұсқасының редакторы), Нұрғиса Тiлендиев (фильмнің композиторы), Қадыр Мырза Әли (фильм­дегі әндердің өлеңін жазған ақын), Асхат Әшіра­пов (фильмнің бас операторы), Гүл­файруз Ысмайылова (фильмнің бас сурет­шісі және Жібектің анасы – Айгөздің рөлін орындаушы), Сәбира Майқанова (Қамқа), Фарида Шәрiпова (Кербез), Ыды­рыс Ноғайбаев (Қаршыға), Кененбай Қожа­беков (Сырлыбай), Кәукен Кенжетаев (Базарбай), Қанабек Байсейітов (тұтқынға түскен батыр), Асанәлі Әшiмов (Бекежан), Әнуар Молдабеков (Шеге) – Құдай-ау, кiл классиктер емей, кiмдер?! Осыншама өнер тарланы бас қосып, бiрлесе еңбек ет­кен жерде классика тумағанда қайтедi?.. Ал қазiр өнердегi iрi тұлғалардың басын бiр жоба арқылы бiрiктiру мүмкiн бе? Қай­дам. Егер мүмкiн болса, осы уақытқа дейiн неге «Қыз Жiбек» сынды кесек дү­ние шықпады? Бүгiнде майталмандар бө­лек-бөлек жарқырап көрiнгiсi келе ме, әл­де оларды ортақ iске жұмылдырар тұлға табылмай жатыр ма?..

Алыстан iздеген Жiбек Алматыдан табылды

Алайда басты рөлдерге жас актерлердi табу керек едi. Түсiру тобының ең басы қат­қан жерi де осы болды. «Жiбек бейнесiн сом­дайтын көрiктi бойжеткен керек» деген хабарландыру «Лениншiл жас» (қазiргi «Жас Алаш»), «Ленинская смена» (қазiргi «Экспресс К») газеттерiнiң 1968 жылғы 1 қаңтардағы сандарында жарияланды. Ха­лық бұл өтiнiшке де айрықша ықыласпен атсалысты. «Осы қыз нағыз Жiбек бо­ла алады-ау» деген арулардың суретi ки­носту­дияға қарша борады. 500-ге жуық қыздың арасынан 40 шақтысы сұрыпталып алынып, олардың 15-i киносынақтан өтуге шақырылды. Құрамында Ғабит Мүсiрепов, Сапарғали Бегалин, Мәжит Бегалин, Шә­­кен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Ка­мал Смайылов сынды марғасқалар бар көркемдiк кеңес Жібек рөлінен үміткер арулардың бәрiн қарап шығып, «Жi­бектiң құрбыларын ойнауға жарайды екен, бiрақ Жiбектiң өзi бола алмайды» дес­тi. Содан тағы iздеу басталды. Режиссер Сұл­тан Қожықов (ол туралы әңгiме сәл кейiнi­рек) өз көмекшiлерiн Қазақстанның түкпiр-түкпiрiне аттандырды.
Бiрақ алыстан iздеген ару Алматының өзiнен табылыпты. Осы қаланың №66 мек­тебiнде 10-сыныпта оқитын қарақат көздi, аққұба өңдi, сүмбiл шашты, келбеттi қыз Меруерт Өтекешованы режиссердiң ассистентi киностудияға ертiп келiптi. Тiптi оның жас шамасы да (17-де) сценарийдегi Жiбектiң сипаттамасына дөп келе кетсе ке­рек. Әйтсе де, әуелде «қалада өскен қыз, қазақылығы қаншалықты, сөз жағы қалай, атқа отыруға икемi бар ма, жы­лап-егiлетiн, езiлетiн трагедиялық эпизод­тарда үдеден шыға ала ма?» деген кү­мән-күдiктер туындаған. Оның бәрiне С.Қо­жықов: «Дәл қазiр атпен зулап шаба ал­майды, бiрақ түсiру басталғанға дейiн үйре­темiз, оған ықыласы да, ыңғайы да бар», – деп жауап қайырған. Жасыратыны жоқ, бұл рөлге таныс-туыс актрисаларын тықпалағандар да аз болмаған көрiнедi. Тiп­тi Ғ.Мүсiреповтiң өзi Жiбектi танымал актриса Рая Мұхамедиярованың ойнағанын қалаған екен. Бiрақ режиссер жазушыны «менiңше, Жiбектi өз жасына сәйкес өрiм­дей бойжеткен Меруерттiң ойнағаны жөн» деп көндiрген деседi.
– Киностудия алдынан бiрiнен-бiрi өт­кен керемет сұлу қыздарды көргенде, «мына­дай арулар тұрғанда, мен неменеге келдiм?» деп ойланып қалдым, – деп еске алады актриса Меруерт Өтекешова. – Егер «қойшы, бұлар емес, бәрiбiр мен өтемiн» деп мұрнымды шүйiргенде, iрiктеуден өтер ме едiм, өтпес пе едiм, кiм бiледi… Өнер – өте нә­зiк әлем, ол ешқандай астамшылықты кө­термейдi. Жiбектiң бейнесiн сомдау үшiн тек әдемiлiк қана емес, талант та керек қой. Сол жағынан әлгi қыздардан басымдау түскен болуым керек, режиссер менi таңдап алды…
Төлеген рөлiне үмiткерлер аса көп бол­мапты, оған он шақты ғана адам шақы­рыл­ған көрiнедi. Соның бiрi – кейiн Шеге рөлiне бекiтiлген Әнуар Молдабеков екен. Бұл кезде ол белгiлi актер едi. Режис­сер «Жiбектiң бейнесiн ешкiмге белгiсiз жас қызға сенiп тапсырғасын, Төлеген де соған сәйкес болсын, оны сомдайтын адамды жас жiгiттердiң iшiнен iрiктермiз» деген шешiмге келедi. Сөйтiп, Ә.Молдабековтi Шегенiң рөлiне бекiтедi. Актердiң жары, актриса Баян Имашева бiр сұхбатында: «Фильмге дайындық кезiнде ол домбыра үйренемiн деп сабалап, төрт домбыраны сындырған. Түк шығара алмаған соң Нұрғиса араласты ғой. Фильмнiң түсiрiлуi барысында әуелде Әнуарға Төлеген рөлi, сонан соң Бекежан рөлi берiлдi. Кейiн Шегеге лайық актер табылмай, соған бекiтiлдi. Әнуардың ақынжандылығын әрiптестерi жақсы бiлетiн. Шегенiң рөлiне нәзiк әрi ақынжанды адам керек болғанда, Әнуардың таңдалуы да сондықтан», – дейді.
Ал Төлеген рөлiнен дәмелi оншақты үмiткердiң iшiнен жастайынан аттың жалында өскен көркем жiгiт Құман Тастан­бе­ков таңдап алынады. Ол кезде театр инс­ти­тутында оқитын жас актердiң бойы да, келбетi де өзi сияқты өрiмдей ару Жiбекке өте сәйкес келiп, екеуi жараса кетедi. Бiрақ Төле­ген – қыз iздеген серi жiгiт қана емес, ел қамын ойлайтын ер ғой. Азаматтығын, батырлығын қаншалықты таныта алады? Бұл күмән Төлеген мен Бекежанның ал­ғаш ұшырасып, шекiсiп қалатын тұсында тiп­тi үдей түскен. Асанәлi Әшiмовтiң ойна­уындағы Бекежан әуелде Төлегеннен әлде­қайда мықты көрiнген. Дегенмен, түсiрiлiм барысында Қ.Тастанбеков өжет жiгiттiң образына бiрте-бiрте шындап енiп, рөлдiң кiлтiн тауып, ақырында өте шынайы ойнап шығады.

Экранда – ажыратты, өмiрде – қосты

Төлеген мен Жiбектiң экрандағы махаб­баты көп ұзамай өмiрде де жалғасқан.
– Меруерттi мен алғаш «Қыз Жiбек­ке» актерлер iрiктеу басталғанда, «Қазақфильм­де» көрдiм, – деген еді марқұм актер Құман Тастанбеков бір сұхбатында. – Қарасам, жа­нарының оты бар екен. Iшiмнен «осы қыз өтедi» дедiм. Болжамым дөп келдi. Мен оның бiрден кө­зiне ғашық боп қалдым. Жiбек рөлi­не бекiтiлетiнiне сенгенiм де сон­дықтан. Маған ұнаған қыз ре­жиссерге де ұнауға тиiс деп ойла­дым. Расында да, Меруерт өзi секiлдi сұлу қыздардың iшiнде дарынымен де ерекшелендi. Жi­бек­­тi ойнау үшiн түр де, сым­бат та, талант та, iшкi сезiм де, жан дүниенiң байлығы да қа­жет едi. Осы қасиеттердiң бәрi Мер­уерттiң бойынан табылды.
– Алғашында Құман екеумiз түк те сөйлеспейтiнбiз, – деп жалғастырады М.Өтекешова. – Бiрақ күнде түсiру алаңында кездесiп қалатындықтан, көп ұзамай бiр-бiрiмiзге бауыр ба­сып, жақын араласып кеттiк. Екеу­мiз де жаспыз, екеумiз де әдемi­мiз. Сөйтiп жүрiп ғашық боп қалғанымызды бiлмеппiз.
Қос ғашық 1970 жылдың 6 қарашасында неке қидырған (бұл кезде «Қыз Жiбек» экранға шығып үлгерген-дi, Құман мен Меруерт «Бiздiң Ғани» фильмiнде ерлi-зайыптылардың бей­несiн сомдап жүрген болатын). Жас жұбайлардың тойларында Әнуар Мол­дабеков домбырамен жас келiннiң бетiн ашып, Асанәлi Әшiмов асаба болған. «Кинода қос ғашықты бiр-бiрiнен айыр­ған Бекежан өмiрде, керiсiнше, бiз құр­ған отаудың тұңғыш тойын жүргiзiп, қуа­нышымызға тiкелей қызмет еттi» деп еске алады ұл-қыз өсіріп, немере сүйген жұлдызды жұп. Бiр қызығы, үйлену тойында М.Өтекешова – Жiбектiң, Қ.Тастанбеков – Төлегеннiң, А.Әшiмов – Бекежанның, Ә.Молдабеков – Шегенiң фильмдегi киiмдерiн киiп жүріпті.
О баста сенiмсiздiк танытылған актер­лердiң бiрi – марқұм Кененбай Қо­жабе­ков болыпты. Әрине, тәжiрибелi сахна тарланының талантына ешкiм шәк келтiрмеген, мұндағы күмән оның атқа отырып, көш бастай алатынына бай­ланысты туындаған. Өйткенi, содан бiрнеше жыл бұрын ол көшеде бiреудi бұзақылардан ажыратып алмақ болғанда, әлгi оңбағандар бұған пышақ жұмсап, соның салдарынан актер мүгедек болып қалған едi. Бiрақ режиссер көркемдiк кеңес алдында К.Қожабековтiң кандидатурасын қорғап қала алды. Ардагер актерге арналып, оған ыңғайлы, өзгеше ер-тұрман жасалды. Сөйтiп, ол көш бастайтын көрiнiстерге түсу үшiн ерге еркiн отыра алатын болды. Ақырында Кенекең Сырлыбай рөлiне бекiтiлдi. Бұл – Сұлтан Қожықовтың табандылығы ғана емес, аталмыш образды сомдауға айрықша ықылас танытқан актердi қолдай бiлген азаматтығы да едi.

«Сұлтанға сәлем айтыңдар, мен оған ризамын!»

Режиссер Сұлтан Қожықов – көзi тiрi­сiнде өз еңбегiне сай лайықты баға ала ал­ма­ған талант. Тiптi қайтыс болғаннан кейiн де ол туралы жеткiлiктi деңгейде жазылған жоқ. Сондықтан да, бүгiнгi жас буын ол туралы онша бiле бермейдi. «Қыз Жiбектi» түсiрген Шә­­кен Айманов деп ойлайтындар арамызда әлi де аз емес.
Шын мәнiнде, Сұлтан Қожықов – тек­тi әулеттен шыққан тұлға. Оның әкесi Қоңыр­­қожа Қожықов (1880-1938) – кезiнде Мұстафа Шоқай бастаған Алаш арыстарымен пiкiрлес болған, «Әлiппе» оқулығын жазған ағартушы, ғалым, қоғам қайраткерi, «халық жауы» ретiнде тұтқындалып, ату жазасына кесiлген, 1957 жылы ақталған. Анасы Ләтипа Қожықова – сән және қолданбалы өнер шеберi, КСРО және Қазақстан Суретшiлер одағының мүшесi. 1925-1936 жылдары Қазақ драма театрында, 1936-1958 жылдары Абай атындағы опера және балет театрында қызмет еткен. Қожахмет және Құлахмет есiмдi қос ағасы да белгiлi суретшiлер болған.
Осындай өнерлi шаңырақта 1923 жыл­дың 10 наурызында Таразда дүниеге кел­ген болашақ режиссердiң толық есiмi – Сұлтанахмет екен. Анасы мен ағаларының жолын қуып, сурет өнерiне қызыққан ол Отан соғысынан оралғасын өз туын­ды­ла­рын мерзiмдi баспасөзге жиi жол­дап, каррикатурашы ретiнде таныла бас­тай­ды. Бiрақ Бүкiлодақтық мемлекеттiк кине­матог­рафия институтының режиссерлiк факуль­тетiн тәмамдаған соң (әйгiлi украин киногерi Александр Довженкодан дәрiс алған), кино саласына бiржола бет бұрады. 1952 жылдан бастап «Қазақфильм» киностудиясында ре­жиссер, 1974 жылдан көркемдiк жетекшi болып қызмет iстейдi. Сонда жүрiп өз сце­нарийi бойынша жас ұрпақ тәрбиесi мә­се­лесiн қозғайтын «Ана мен бала» (1955), тари­хи және заманауи тақырыптарда «Бiз Жетiсуданбыз» (1958), «Егер бiздiң әрқай­сы­мыз…» (1961) картиналарын түсiрдi. Үшеуiнiң де сценарийiн өзi жазған. Кейiн «Шыңдағы шынар» (1965), әйгiлi балуан Қажымұқан туралы «Бiздi бiлiп қойыңдар!» (1985) фильмдерiн таспалады.
Алайда оның ең әйгiлi туындысы – «Қыз Жiбек» едi. Ол осындай фильм түсiрудi сонау 50-жылдардан берi армандаған екен. Бiрақ оны С.Қожықовқа сенiп тапсыруға бiраз адамдар қарсы болған көрiнедi. Әуел­де бiр серияға ғана ақша бөлiнiп, кейiн «Қа­зақ­фильмнiң» директоры К.Смайылов республика басшысы Дiнмұхамед Қонаевқа кiрiп жүрiп, қосымша қаражат қосқызыпты (бұл туралы Камал Сейiтжанұлының «Қыз Жiбек» неден басталды?» деген естелiгiнде толығырақ баяндалады). Түсiру жұмыстары кезiнде де кедергiлер көп кездескен. Дайын картинаның өзiн «дап-дала» еткiсi келгендер де аз болмапты.
«Фильмдi тапсырар кезде оған сын қарша борады, – деп еске алыпты бiр сұхбатында белгiлi режиссер, марқұм Дариға Тналина. – «Бұл көркем фильм емес, ғылыми-көпшiлiк фильм болып кетiптi», «бастан-аяқ қазақ­тың киiм-кешек, әшекей-бұйым, тұрмыс жаб­дықтарын көрсететiн этнографиялық шығарма ғой мынау», «әртiстердiң шаш қойы­сы, киiмдерi тарихи шындыққа сәйкес кел­мейдi», «Тiлендиев – композитор емес, кәсiби бiлiмi жоқ, оның фильмге жазған музыкасы – нағыз бұзақылардың музыкасы» деген сияқ­ты «кемшiлiктер» қаздай тiзiлдi. Мұндай «сынның» талайын түсiру барысында-ақ естiп, зәрезап болған Сұлтан жүрек талмасына ұшы­рап, фильмдi тапсыруға келе алмай қалған едi. Нұрғиса маған: «Сен көркемдiк кеңестiң мү­шесi­сiң ғой, бар да, фильмдi қорға!» – деді. Ақы­ры әлгiндей «айыптауларға» шыдай алмай, «Ғылыми-көпшiлiк дейсiздер ме? Сонда не, ғы­лыми-көпшiлiк фильм түсiруге болмай ма? Неге дұрыстап қарамайсыздар?Жiбектiң абайсызда моншақтарды шашып алатын эпизоды – нағыз философиялық көрiнiс қой! Бұл отау iшiнде Төлегенмен оңаша қалған Жiбектiң алай-түлей болып жатқан iшкi сезiм арпалысының нышаны емес пе? Нағыз көркемдiк шешiм осындай-ақ болсын!» деп айтып-айтып тастадым. Менi кейiн көркемдiк кеңестен мүлде шығарып жi­бер­дi, бiрақ «Қыз Жiбек» секiлдi картинаны қор­ғап қалуға үлес қосқанымды мақтаныш тұтамын».
Бастапқыда режиссердiң кей шешiмдерiне көңiлi толмаған Ғабит Мүсiрепов те фильмнiң соңғы дайын нұсқасын көрген соң: «Мен бүкiл түсiрiлiм барысында Сұлтанға оппозициялық көзқараста болып келiп едiм. Ендi, мiне, та­ма­ша фильмнiң дүниеге келгенiн көрiп отыр­мын. Сұлтанға сәлем айтыңдар, мен оған риза­мын!» – дептi (картинаны тапсыруға С.Қожықовтың ауырып, бара алмағанын жоғарыда айттық)…

***
«Қыз Жібек» фильмі – әрі жоғары дең­гей­дегі өнер туындысы, әрі қазақ тарихы мен мәдениетінің экрандағы көркем бейнесі. Мұндай ұлттық үлгідегі туындылар халық жадынан ешқашан өшпейді.

Айтпақшы…

*Фильмді түсіру жұмыстары Семей, Көкшетау, Ақтау өңірлері мен Алматы облысының сол кездегі Күрті ауданында, Жаркент маңында, Іле өзенінің жағалауында жүргізілген.
*Төлегеннің ақсауыты мен Жібектің бүрмелі көйлегі бұл күнде «Қазақфильм» мұрағатында сақтаулы.
*Бішкек қаласының хайуанаттар бағынан киноға түсіру үшін арнайы аққулар әкелінген.
*Түрлі себептермен киноның 500 метрлік лентасы қиылған. Түпнұсқада фильм ұзақтығы 3 сағаттан асады.
*Фильмге сегіз, он, он алты қанатты жалпы саны отыздан асатын киіз үйлер арнайы тігілген.
*Фильмнің бас суретшісі Гүлфайруз Ысмайылова киноны көркем безендіру үшін мың жарымнан астам эскиз жасаған.

Сәкен СЫБАНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір